ҚДП: Билік Қытайдан қорқады

Есдәулет Қызырбекұлы - 09.12.20193329

Бүгін Алматы қаласындағы адам құқықтары мен заңдылықты қорғау бюросында Қытайдан Қазақстанға заңсыз өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Қазақстан демократиялық партиясын құрушы бастамашыл топ өкілдері Төлеген Жүкеев, Жанболат Мамай және Ырысбек Тоқтасын қатысты.

Жанболат Мамайдың сөзінше, Қастар мен Мұрагерді Қытайға қайтару мәселесі қоғамның ашуын туғызатын дүние. Себебі Қытайдағы қазақ мәселесі қазір қызып тұрған мәселелердің бірі.

«Қазір Қастер мен Мұрагерді қорғау өте қарқынды жүріп жатыр. Біз оларды Қытайға қайтару қоғамның ашуын туғызатын, жанды жеріне тиетін мәселе деп ойлаймыз. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Себебі олар қайтадан Қытайдың қолына түсетін болса, онда олар өлім жазасына кесілуі мүмкін. Бұл біздің саяси позициямыз ғана емес, осыған байланысты біз құқық қорғаушылармен де сөйлестік. Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі конвенциясының 12 пунктінің 31 бабында «егер қандай да бір азаматқа (шекараны заңсыз бұзып өтуіне қарамастан) азаптау, қинау, өлім жазасы қауіптері төніп тұрған болса, ол кері қарай берілмеуі керек» деп, тайға таңба басқандай жазылған. Бұл заң Қазақстанда да ратификацияланған. 1951 жылғы БҰҰ-ның конвенциясында «егер азаматтар мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, бірден мемлекеттік органдарға барып, өзі келген елде оған қауіп төніп тұрғанын мәлімдейтін болса, олар түрмеге де қамалмауы керек. Қамалған күннің өзінде аты-жөнін анықтау үшін бірнеше тәулік қана ұсталуы қажат» деп көрсетілген. Ол заңды Қазақстан қолдаған. Яғни Қастер мен Мұрагердің ШҚО абақтысында отыруының өзі заңсыз... ҰҚК неге осы азаматтарды Қытайға береміз деп отыр? Өйткені біздің билік Қытайдан қорқады. Тоқаевтың (Неміс толқынына – ред) берген сұхбатын алып қарасақ, бұны құлдық психологиядағы сұхбат деп айтуға болады. Қытайдың бодандығындағы ел сияқты мәлімдеме жасау, Тәуелсіз мемлекеттің басшысына тән мәлімдеме емес. Сондықтан біз бұған үзілді-кесілді қарсымыз. Қазақ азаматтарын Қытайға беру мемлекет тарапынан жасалған қылмыс деп санаймыз. Бұл екі азаматтың Қазақстаннан басқа баратын жері жоқ. Сондықтан ол екі азаматты қорғау, өмірін аман сақтап қалу азаматтық қоғамның, мемлекеттің үлкен борышы міндеті. Қазір Қытайда болып жатқан бассыздықтар мен консантрациялық лагерьлер туралы Батыс пен АҚШ-тың құқық қорғау ұйымдары мен БАҚ құралдары «Қытайда мұсылман жұртшылығына қарсы мәдени геноцид болып жатыр» деп ашық мәлімдеп отыр. Осыған байланысты Қазақстан үкіметі арнайы мәлімдеме жасауы керек», - деді Мамай.

Саясаткер Төлеген Жүкеев пікірінше, бұл Шыңжаң қазақтарының ғана мәселесі емес, жалпы қазақ халқының алдында тұрған проблема. Себебі ұлттық, мәдени, діни құндылықтарды жоғалту қауіпі бар.

«Бұл Шыңжаң қазақтарының ғана мәселесі емес, жалпы қазақ халқының алдында тұрған проблема. Ұлттық, мәдени, діни құндылықтарды жоғалтып алу қауіпі төніп тұр. Қытайлықтар терроризммен күресті желеу етіп, өзінің ұлттық құндылықтарын сақтап қалғысы келетіндермен күресуде. Біз барлығы үшін араша бола алмаймыз. Бірақ, біздің сол жақтағы қазақтарға араша түсуіміз тарихи және моральдық міндетіміз. Егер оларды қазір қорғай алмасақ, онда өз өзімізді ешуақытта қорғай алмаймыз. Биліктің қазіргі іс-қимылы өте ұят дүние. Бұл бірінші жағдай емес. Бұған дейін Сайрагүл Сауытпай кетті. Иә, оның отаны Шыңжаң. Бірақ оның нағыз отаны Қазақстан. Адамдар жақсы өмірден шекара аспайды. Олар өздерінің тарихи отанынан қорған сұраса, біз оларды қорғауымыз керек. Өкінішке орай біздің билік бұны істей алмай отыр. Оларың қорқақтығында шек жоқ. Мені Тоқаевтың соңғы сұхбаты таң қалдырды. Адамның жеке саяси мәселелері, кітапхана басшысымен қарым-қатынас проблемалары болуы мүмкін. Бірақ бұл өзінің жеке мәселелерін шешу үшін мемлекетті бейшара күйге түсір дегенді білдірмейді. Егер ол президент болғысы келсе, бұндай мәлімдемелер жасамауы тиіс. Өз өзін сыйлайтын кез келген саясаткер бұндайға жол бермейді», - деді саясаткер.

Азаматтық белсенді Ырысбек Тоқтасын Шыңжаңда мұсылман азшылығына жасалып жатқан қысымдарды «геноцидтік саясат» деп есептейді. Себебі қайта тәрбиелеу орталығы деп аталатын құрылым шын мәнінде түрмеден де ауыр жер.

«Қытайда болып жатқан дүниелер біз айтпасақ та барлығыңызға мәлім. Қытай үкіметінің Шығыс Түркістандағы өзінің атамекенінде тұрып жатқан мұсылман азшылығына көрсетіп жатқан қысымын геноцидтік саясат десек, артық айтқандығымыз емес. Себебі қайта тәрбиелеу орталығы деп аталатын құрылым шын мәнінде түрмеден бетер жер. Қазір сол жазалау лагерьінде 1 миллионға жуық мұсылман азшылық қамауда отыр. Соңғы уақыттары Қазақстан үкіметі мен халықаралық ұйымдарының араласуы әсерінен қазақтарды белгілі бір дәрежеде босатқандай болды. Бірақ сол жердегі туыстарын кепілдікке алып қалу арқылы оларды уақытша ғана жіберіп отыр. Көптеген аудандарда бұл мәселе әлі сақтаулы. Ол лагерьлер әлі жабылмаған. Онда қазақтар әлі бар. Қастар мен Мұрагердің қашып келуі ол жайдан-жай емес. Қытайда қазір қылмыс жасамасаң да, кім ұлтшыл, кім кәсіпкер, кім белсенді соларды негіз етіп, қамауда. Өйткені олардың барлығы ұлттық сорпа бетіне шығар азаматтар. Бұл екі азаматтың да еті тірі, ұлт жанды екендігі көрініп тұр. Олар да сол жақта ұлттың сөзін сөйлеген. Сол үшін бұған дейін де қудалауда болған. Бұлар өздерін кезекті түрме жазасы күтіп тұрғанын білген. Содан ауылдарына бармай бергі бетке өтіп кеткен. Бейбіт заман болса, бала-шағасын, отбасын тастап қаша ма? Олардың басына өлім қауіпі төніп тұрды. Содан Қазақстанға қарай бас сауғалап, пана іздеп келді. Бұл осы екі жігіттің басындағы жағдай емес, сол жақтағы қазақтың басындағы мәселе. Көп адамдар қашып келудің жолын таба алмай отыр. Егер жолын білсе ешқандай қазақ қалмас еді мына жағдайда», - деді Тоқтасын.

Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты қорғау бюросының өкілі Инга Иманбайдың сөзінше, Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Қазақстан аумағында заңсыз жүрген жоқ. Себебі оларға «босқын мәртебесін іздеуші» құжаты берілген.

«ҰҚК мәлімдемесі барлық халықаралық заңдарға қайшы. Себебі олардың қазірдің Қазақстан аумағында ресми статусы бар. Босықан мәртебесі Қазақстанда өмір сүруге арналған статус болса, босқын мәртебесін іздеуші дәл сондай статус. Бұндай мәртебе қазір Қастарде де, Мұрагерде де бар. Сондықтан оларды Қазақстан аумағында заңсыз жүр деп айтуға келмейді. Олар ең алғаш келгенде өздері барып, босқын мәртебесін іздеуші статусына құжаттарын тапсырды. Екі аптаның ішінде босқын мәртебесін іздеуші статусын алды», - деді Иманбай.

Естеріңізге салайық, желтоқсан айының 5-і күні ҰҚК шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекарадан заңсыз өткен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын сот процесі аяқталғанан кейін Қытайға қайтаратындықтарын мәлімдеген. Кейіннен бұл мәселе әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде қызу талқыланып, көпшілік өзінің наразылығын білдірген.

Осыдан бірнеше ай бұрын БАҚ беттерінде Қытайдан Қазақстанға заңсыз өткен Қастар Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімқұлы жөнінде ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" мәлімдеген. Осыдан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті екеуін "шекараны заңсыз кесіп өтті" деген айыппен ұстап, ертеңінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткен.

Қазан айының 30-ы күні ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекараны заңсыз бұзып өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын және бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын мәлімдеген.

Фотоны автор ұсынды


Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.