Алты миллиардтық жоба ағаш отаумен аяқталды

Жанар Қожанова - 10.12.20191755

Ақтөбеде өзен арнасын кеңейтеміз деп  талдарды кескен мердігер компаниялар енді сот алдында жауап беріп жатыр.  Үш мердігер компнаияның үстінен қылмыстық іс қозғаған прокурорлар тендер ұтқан мекемелер  қызыл кітапқа енген ағаштарды жаппай отаған деп айыптап отыр. Бір қызығы алты миллиардық жобаны республика көлемінде мақұлдатып, мердігер компнаияларға  тапсырысты  берген қалалық әкімдік сотқа жәбірленуші тарап ретінде қатысып жатыр.

Ақтөбедегі сегіз өзеннің арнасын тазарту жұмыстарын төрт мердігер компания бастаған болатын. Алайда бұл жобаны мақұлдамаған халық әу баста-ақ билікке  қарсы шыққан еді. Кейін мердігер компаниялардың жұмысын тексерген прокурорлар өзен жағасындағы талдарды оңды- солды отаған мекемелерді анықтап, үстерінен қылмыстық іс қозғап, тіпті миллиондап айыппұл да салған болатын. Бүгін солардың бірі «Берекелді» ЖШС ісі сотта қаралды.

«Берекелді» ЖШС 17-ші қаңтардан бастап Бұтақ өзенін кеңейту жұмыстарын жүргізген.  Алайда келісілген жобада ағаштарды кесу көрсетілмеген. Соған қарамастан басшыларының айтуымен талдарды заңсыз кескен. Оның ішінде сирек кездесетін, қызыл кітапқа енген отыз жеті күміс терек кесілген.  Келтірілген шығын көлемі 332 593 теңге», - деді мемлекеттік айыптаушы Әсел УТЕНОВА.

 Алайда «Берекелді» ЖШС-нің басшысы прокурордың бұл тізбектеп берген айыбына келіспейді. Сарыағаш ауданында тұратын компания директоры  мұндағы жасалған жұмыстардан да кесілген ағаштардан да  хабарсызбын деп отыр. Сөзінше ол  Ақтөбеге бүгін бірінше рет келіпті.

«Ағаш кескені жайлы естіген де көрген де жоқпын. Мен елде болдым. Бұл жақта прорабтар болған. Түс көргендей күйдемін», - дейді Берекелді» ЖШС директоры Нұрдин УСИПОВ.

Алайда бүгінгі сот тез басталып, тез аяқталды. Себебі үстінен қылмыстық іс қозғалған мердігер мекеменің басшысы орыс тілін жетік білмейді. Сол үшін іс қағаздары толық қазақшаға аудару үшін сот отырысты кейінге қалдырды. Естеріңізге салсақ, Ақтөбедегі сезіз өзеннің арнасын кеңейту үшін республикалық бюджеттен алты миллиардтан астам ақша бөлінген болатын.

Фото автордікі.

Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.