"Қытайдан қашқан" екі қазақтың сотында дау шықты

Есдәулет Қызырбекұлы - 06.01.20205289

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында шекарадан заңсыз өтті делінген Қастер МҰСАХАНҰЛЫ мен Мұрагер ӘЛІМҰЛЫНЫҢ соты болды.

Сот процесіне екі азаматты қолдап Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен, Шымкент және тағы да басқа қалалардан белсенділер келген. Белсенділер Қастер мен Мұрагерді босатуды және соттың әділ өтуін талап етті.

Сот барысында Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Қытайда өздерінің және туған-туыстарының қысым көргендігін жеткізді. Олардың сөзінше, өздерінің Қазақстан шекарасын заңсыз бұзып өтуден басқа амалдары қалмаған. Себебі Қытай билігі төлқұжаттарын 2014 жылы жинап алған.

Судья адвокат пен белсенділердің талап-тілектеріне қарамастан сот отырысын 21 қаңтарға қалдырды. Айыпталушыларды қолдап келген белсенділер мен адвокат судьяның бұл шешімімен келіспейтіндіктерін және осыған байланысты жоғары сот пен президентке шағымданатындықтарын айтты. 

Соттан кейін белсенділер пикет өткізді. Олардың сөзінше, билік өкілдері белденділерге сот процесіне қатысуға кедергі келтіру мақсатында істі кейінге қалдырған. Өйткені Зайсан қаласы шалғайда болғандықтан сотқа келу белсенділер үшін өте қиын. Бірақ жиналған азаматтар судьяның бұл шешіміне қарамастан келесі сотқа бұдан да көп адам болып келуге уағдаласты. 

Естеріңізге салайық, желтоқсан айының 5-і күні ҰҚК шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекарадан заңсыз өткен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын сот процесі аяқталғанан кейін Қытайға қайтаратындықтарын мәлімдеген. Кейіннен бұл мәселе әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде қызу талқыланып, көпшілік өзінің наразылығын білдірген.

Осыдан бірнеше ай бұрын БАҚ беттерінде Қытайдан Қазақстанға заңсыз өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімқұлы жөнінде ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" мәлімдеген. Осыдан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті екеуін "шекараны заңсыз кесіп өтті" деген айыппен ұстап, ертеңінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткен.

Қазан айының 30-ы күні ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекараны заңсыз бұзып өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын және бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын мәлімдеген.

Фото: Әлеуметтік желіден. 

 

Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.