Сапарбаев жұмыссыздық жөнінде: Жатудың уақыты өтті

Сайт Әкімшілігі - 06.01.20201580

Бердібек Сапарбаев жұмыссыз қазақстандықтарға қатысты пікір білдірді. Ол бұл жөнінде Tengrinews.kz басылымына берген сұхбатында айтты.

Премьер-министр орынбасарының сөзінше, шетелдіктер жұмыс істейтін кәсіпорындарды тексеру барысында көптеген заң бұзушылықтар анықталған. Көбінесе еңбек заңы мен жалақыға қатысты талаптар бұзылған.

«Халықты толғандыратын мәселелерді біз Бас прокуратура, жергілікті және құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып тексердік. Шетелдіктердің қатысы бар кәсіпорындардан көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Қазір оларды жөнге салуда», - деді Сапарбаев.

Сапарбаевтың айтуынша, 2018 жылдан бері үшінші және төртінші категориядағы шетелдік мамандарға берілетін квоталар қысқартылуда. Шетелдік компанияларға олардың орнына қазақстандық мамандарды дайындауға ұсыныс жасалған.

«2019 жылы 49 мың шетелдік азаматқа квота берілген. 2020 жылы бұл көрсеткіш 29 мыңға дейін азаяды. Төртінші категорияны нөлге дейін, үшінші категорияны айтарлықтай қысқартамыз. Біз шетелдік компанияларға айтамыз, «егер сіздер 10 шетелдік маманды жұмысқа шақырсаңыздар, 3-5 жылда 10 қазақстандықты дайындап, жұмысқа алыңыздар» деп. Еңбек талаптары мен жалақы мәселесіне келетін болсақ, олар тең болуы тиіс. Тамақ, киім, тұрмыстық жағдай, баспана балығы бірдей болуы керек. Қазір біз осы олқылықтардың орынын толтыруға жұмыс істеп жатырмыз», - дейді премьер-министр орынбасары.

Бұдан бөлек, Бердібек Сапарбаев жұмыссыз жүрген қазақстандықтарға қатысты да пікір білдірді. Оның сөзінше, барлығы адамның өзіне байланысты. Жатудың уақыты өткен.

«2019 жылы Жаңаөзенде екі рет болдым. Оларды шақырасың, жұмыс ұсынасың, ешқайсысы келмейді, барлығы мұнайшы болғысы келеді. Бүкіл Жаңаөзенге бір ғана «Өзенмұнайгаз» компаниясы. Онда 9 мың адам жұмыс істейді. Ал қалада 158 мың адам тұрады. Егер 80 мың теңге айлық ұсынды ма, содан баста. Жақсы жұмыс істесең ертең 100 мың аласың. Сол сияқты ары қарай кете береді. Барлығы адамның өзіне байланысты. Жұмыс істесең жалақы аласың. Жатудың уақыты өтті», - деді Сапарбаев.

Фото: Спутник Қазақстан.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.