Өскеменде екі әкімнің жұмысын бір ақсақал атқарып жүр

Сәтжан Қасымжанұлы - 06.01.20203208

Шығыс өңірдің бас шаһары саналатын Өскеменнің айналасындағы елдімекендер мен кенттердің жағдайы жақын арада оңалар түрі жоқ. Олар қала құрамына енгенімен, қайсына болсын, әкімдік шенеуніктерінің жергілікті тұрғындармен кездеуге барып, мәселесімен танысуы сирек. Мәселен, қала шетіндегі Ахмерово ауылының халқы үшін орталыққа келіп-кетудің өзі бір қиямет. Себебі, мұнда қатынайтын 55 бағыттағы автобусты аяз кәріне мініп тұрғанда сағаттап күтуіне тура келеді. Келетін қоғамдық көліктің өзі 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың ішін аралап өтпей, бір-екі тұсына тоқтап, жиылған жұртқа бұйырған орынына әрең сыйдырып кетіп қалады.

Осы Ахмерово ауылының жай-күйімен, проблемасымен он жылдан бері айналысып келе жатқан Қадылбек ақсақалды осындағы жас-кәрінің бәрі танып құрметтейді. Өйткені, өзі көшіп келген он жылдың ішінде Өскеменді басқарған әкімдердің бәрінің алдынан табылып, қараша халықтың қиналысын жеткізіп, жарығын, суын тартқызып, қала билігінің назарын аудартудан тартынып қалған емес.


-Қазір тәубе әрине, жарығы тартылып, ауыз сумен қамтамасыз ету жайы шешілді. Қаланы Қасымжанов, Тұмабаев басқарып тұрғанда қайта-қайта барып жүріп, әлеуметтік қажеттіліктердің шешілуіне түрткі болдым. Оны міндетсініп отырғам жоқ. Әңгіме әкім атаулының, оны қойғанда қатардағы шенеуніктердің де мұнда келіп, проблемамен танысуға салғырт қарайтынынан шығып отыр. Қаланың қазіргі әкімі Жақсылық ОМАР Ахмерово деген ауылдың барын білгенімен, келіп, жұртпен жүздесіп көрген емес. Бізді қинап тұрғаны осында келетін автобустың жайы.  55 бағыттағы автобусты сағаттап күтеміз. Енді келді-ау дегенде ішіне адам сыймай, бірінің сөмкесі кетіп өзі қалып, енді бірінің аяғы қысылып, алып үлгермей құлап та жатқан кездер болды. Қосымша автобустар керектігін айтып бардым. Әкімдіктегілердің берген жауабы «Автобус жетеді бізде. Бірақ, жүргізуші жоқ» дейді. Биыл шілде айына қарай 80 автобус сатып алғалы отыр екен. Сол кезде барып, қосымша бағытта автобустар шығаратынын айтты. Мектеп салынып бітті, бірақ, пайдалануға берілуіне біраз уақыт бар, - дейді Қадылбек СЕРІКБАЕВ ақсақал.

Ауылдастарының жанына батқан жайдың бірі – аурухана ғимаратын табу еді. Қарияның ширақ қимылдап, тынымсыз шапқылауының нәтижесінде бір ауқаттының қос қабатты коттеджін сатып алуға 23 миллион теңге қаражат бөлініп, жақын күндерде пайдалануға берілетін көрінеді. «Бұл да болса, дәтке қуат. Енді ауыра қалсақ қалаға итшілеп барып, әуреге түспейтін болдық»,-дейді ақсақал.

Ахмерово ауылы қаламен қанаттас жатқан Меновное кентіне қарайды. Аралай жүріп байқағанымыз – шағын ауыл емес, ірі елдімекен. Яғни,  мұнда жергілікті атқарушы билік өкілі, тіпті, кәдімгідей ауыл әкімі қызметі өте қажет. Аялдамада тұрған адамдардан сұрастырғанымызда Меновное ауылының әкімі кім екенін де ешкім білмейді. Ал, Жақсылық Омарды қала әкімі ретінде білгенімен, осы жерде бетпе-бет кездесіп көрген пенде баласы жоқ. Атын айтудан қашқақтаған қарт ана Ертілек деген әлдекімді әкімдіктің адамы ретінде естігенімен, нақты қызметі қандай, қайда отыратындығынан бейхабар екендігін айтып ақталды.

Түптеп келгенде жыл сайын үйлер салынып, қанатын жайған Ахмерово ауылына ауылдық округ статусы сұранып тұр. Алайда, қалда әкімі Жақсылық Омар бастаған шенеуніктер ауылдың атын білгенімен, жұртының түрін көрмей отырғанда, проблемаларын жылдамдатып шешуге атсалысатын шенеуніктің табылуы қиын тәрізді. Ал, қазір осы ауыл тұрғындары өздері әзілдеп «Ахмеровоның әкімі» атап кеткен Қадылбек ақсақалға ғана арқа сүйеп отыр. Тоқетерін айтқанда, Меновное кенті мен Өскемен қаласы әкімінің міндетін Қадылбек ақсақал атқарып жүр. 

Фотолар автордікі.


Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.