"Ауылды мұнай қалдықтарымен улап жатыр"

Арай Сатыбалдықызы - 08.01.20201071

Жаңаарқа ауданының Мұқажан Жұмажанов ауылы тұрғындары жер, суымыз ластануда деп дабыл қағуда. Бұл туралы «Жас Алаш» сайтының Қарағандыдағы өңірлік тілшісі хабарлайды.

Тұрғындардың айтуынша, ауылға бес жүз метрдей қашықтықтағы жер қоршалып, мұнда желтоқсан айынан бастап "АспектСтрой " фирмасы қалдықтарды төге бастаған. Ауылдағы жұрт мұны  мұнай қалдықтары болуы мүмкін деп топшылайды. Бүгінде ауылдың үстін жағымсыз иіс басып кеткен. Мұндағы жұрт "ертең осы маңға жайылған малымыз не болады,судың жағдайы не болмақ" деп дабыл қағып отыр. Осы қоқыс алаңына жақын маңайда жұрт су ішіп отырған құдық бар екен. Өткен жылы маусым айында Жаңаарқа ауданы әкімшілігінің мамандары ауылда қоғамдық тыңдау өткізіпті. Онда елді мекеннің жанынан қоқыс алаңы ашылатынын жариялап, рұқсат сұраған.
«Егер бұл шынымен мұнайдың шламдары болса,бәрібір жер асты суларына қосылып кетеді ғой. Сонда біздің ішіп отырған суымыз не болады? Жаздағы қоғамдық тыңдауға мен қатысқанмын, аудан әкімінің орынбасарына қарсы екенімді айтқанмын. Мұнда көп ауыл тұрғындары келе қойған жоқ. Келген тұрғындардың біразы үлкен кісілер, олар не болатынын аса түсіне қойған жоқ , шенеуніктердің айтқанына бас шұлғи салды. Қарсы болған үш төрт адамды есепке де алмай шешім қабылдай салған. Бірақ мұнда қандай қалдықтың төгілетінін  ешкім ашып айтқан жоқ, керісінше бұдан ешкімге зиян болмайды деген болатын», - дейді ауыл тұрғыны Тән Өскембаев.
Тұрғындар жел тұрған кезде елді мекенде мұнайдың исі мүңкіп кететінін айтып, денсаулыққа залалы болар деп қауіптенеді.
Жаңаарқа ауданы әкімі Юржан Бекқожин ауыл тұрғындарының көтеріп отырған мәселесіне қатысты "АспектСтрой" ЖШС бастығымен кездесу өткізіп, сөйлескенін мәлімдеді. Айта кету керек, бұл Мұқажан Жұмажанов ауылында "АспектСтрой " ЖШС-нің мұнай қалдықтарын  қайта өңдеу зауыты бар. Бұл зауыт 2019 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап жұмысқа кіріскен. Мәселе осы зауыттың тастаған қалдықтарынан шығып отыр. Жаңаарқа ауданы әкімшілігінің «Жас Алаш» сайтына берген мәліметі бойынша, бүгінде зауыттың жұмысын жағдайды анықтап алғанша уақытша тоқтатқан. "АспектСтрой" ЖШС бастығы Мерлен Мұхамедияров жұмыс барысында ауаны және суды ластамау мақсатында барлық қауіпсіздік тәсілдерін ұстанғанын мәлімдеді.
Алдағы уақытта Жаңаарқа ауданы әкімшілігі өкілетті органдармен бірлесіп сараптама жүргізетін болады.

Фото автордікі.

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.