Үржарда Отыншы Әлжанов «қар асап» тұр

Сәтжан Қасымжанұлы - 08.01.20202481

Шығыс өңірдегі Үржар ауданында қар басқа аудандармен салыстырғанда шамадан тыс қалың түседі. Дегенмен, биыл жылдағыдан аз түскеннің өзінде аудан орталығындағы көше бойын қардан арылтуға жауапты сала салғырт қарап отырғандай әсер қалдырады. Көліктер қарама-қарсы бағытта бір қатардан ғана өткенімен, жолдың екі жағы ақ түйелер келесімен келіп шөккендей көзге қораш көрінеді. Автобекетпен иін тіресе орналасқан «Қуаныш», «Оралхан» базарларынан азық-түлігін, керек-жарағын алған жұрт көлігіне жеткенше үйілген қарды айналып, итәуреге түсіп жатқан сәтіне куә болдық.

«Осы Үржардың ішімен 2, 3-бағыттағы автобустар онсыз да сағаттап күттіріп әрең келетін еді. Кешелі бері тоқтап қалған сияқты. Екі сағатқа жақындап қалды әлі жоқ. Өтіп бара жатқан көлік мен тұратын «Хуторкаға» қарай кездессе жақсы, 50 теңгеге апарып тастайды. Ал, жалдасаң, ауданның шет жағына 300 теңге сұрайды. Жалақысы 38 мың теңгеден аспайтын менде оған шама қайдан болсын. Тұрғаның өстіп қыста қалтырап, жазда ыстыққа қақталып. Базардың түбін өзіміз «аялдама» етіп алғанбыз. Әйтпесе, қарсы беттегі қисайып тұрған аялдама болмаса, мына жақ бетінде халық қардың арасындағы осы қуысқа кептеліп тұрады», - дейді Айгүл атты аудан тұрғыны.

Айгүлдің сөзін жанында тұрған Базархан есімді жігіт те қостады.

«Бұл мәселені ауылдың да, ауданның да әкімінің өткізген жиналыстарында айтып-айтып болғанбыз. Қайта қар биыл жақында ғана жауды. Ал, біз айтқан жайды жаңа естіп жүрген жоқ. Көргісі келсе, әкімдік те осы көшенің бойында тұр ғой. Жоғары қарай өрлесе, халықтың қалай мезі болып жүргенін көрер еді. Қардан әкімдік алды тазартылса болды оларға. Автобусты өз басым жаңа жылдың алдынан кешегі күнге дейін көргем жоқ», - деді ол.


Аудан орталығындағы тұрғындардың жергілікті атқарушы биліктің жұмысына көзқарасын білуге тырысып, қанша сұрасаң да айтудан қашқақтайтынын байқадық. Базар маңынан ауылдарға баратын кісі күтіп тұратын такси жүргізушілері үйілген қардың арасына көліктерін қойып, әңгіме көркін қыздырғанымен, аты-жөнін айтудан бас тартып шыға келеді. 

«Ертең келіп осы тұрғанымызды көріп, шағым айтқанымыз үшін қысым жасайды. Ал, шын мәнінде осы жауған қар көктемге дейін жатады. Қар шығаратын техникалар бұл жерге келмейді. ДАГ күреп өткен соң, тұратын орынды өзіміз ыңғайлап алдық»,-деп әрең жауап берді атын айтпаған бір таксист.

Тұрғындар айтса айтқандай, аудандық әкімдіктің алды әбден тазаланыпты. Тегінде шенеуніктер қызметтік көліктерін жақын маңға қаңтара салып, күрелген алаңды жылдамдата басып өтіп, жылы кабинеттеріне асыға жетуге ыңғайлап қойғандай. Әкімдікке қарай аяңдап келе жатқанымда, Алаш қайраткері Отыншы Әлжановтың ескерткіші көз тартты. Анығында, ескерткіш емес, қайраткер бейнесінің қарға көміліп басы-мойыны қылтиып тұрғаны назарымды аударды. Сірә, қайраткердің кеудесін басқан қарды алып тастауға шенеуніктердің не ақылы, не батылы жетпей қалса керек...


«Бақсақ бақа екен» дегендей, қызықтың көкесін 1979-1989 жылғы Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер құрметіне қойылған мәрмар тасқа келгенде көрдік. Айналасы аласа шарбақпен қоршалған мәдени-көпшілік орын ішіндегі сәкілердің шеті әрең көрінеді. Қар әбден басып қалған. Ал, осы нысанға таяқ тастам жерде тұрған әкімдік алдындағы Қабанбай батыр ескерткішінің айналасы айнадай жалтырап тұр. Сонда Отыншы Әлжанов пен интернационалист жауынгерлердің тарихи мәртебесі Қабанбайдан кем түскені ме?.. Бәлкім, оларды да орнатылған жерден әкімдіктің қарсы алдына көшіріп әкелсе ғана, қардан аршып отыратын адам табылып қалар ма екен?..

Осындай сауалдар және кездескен тұрғындар айтқан жайлар жетелеп, Үржар аудандық әкімдігіне бас сұқтық. Аудан әкімі Серік Зайнулдин орынында жоқ екен. Әкімнің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласына жауап беретін орынбасары Дидар Хамитовтың қабылдау бөлмесі кіріп-шығып жатқан әкімқаралардан бір босамағандықтан, тілдесудің сәті түспеді. Есесіне, Үржар аудандық автомобиль жолдары және ТҮКШ бөлімінің басшысы Серік Тілемісовтің сөзінен жауған қардан ешқандай проблема жоғын білдік.

«Шын мәнінде Үржардай үлкен ауданда жолдарды қардан уақытында тазартып отыру тұрақты жүргізіледі. Тіпті, кейбір қалалардың ішінде мұндай үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Ең шалғай ауыл тау ішіндегі Қарабұйратқа дейінгі жолдарды тазартып отырамыз. Мына жағы Ақшоқы, Бақтыға дейін барсаңыз да жол ашық, ешқандай проблема жоқ. Ал, базар маңы, таксистер тұрған жерді алсақ, ол «прилегающи территория» деген бар. (Өз сөзі -автор). Яғни, базар, таксистер тұрған жер жекеменшік аумаққа жатады. Мысалы, бізден «Артур» сауда дүкені кәсіпкерлік саланы дамыту мақсатында қарын күреп беруге қолғабыс жасауын сұрайды. Ал, біз  «Автомобиль жолдары туралы» заңды басшылыққа аламыз. Онда негізгі трассаны қардан тазартқан жағдайда жекеменшік аумақтарға кірмеу жайы анық жазылған. Яғни, трассаға дейінгі жер кәсіпкердің өз иелігінде болғандықтан, ол жерді қардан арылтуға өзі жауапты. Демек, жекеменшік нысандардың, сауда дүкендерінің, базардың алдын тазартуға иелері жауапты. Мұны өздері де жақсы біледі», - дейді Тілемісов.

Бөлім басшысының айтуынша, көпшілік мәдени-орындар Үржар ауылдық округінің теңгерімінде болғандықтан, ол жерді қар құрсауынан босатуға ауылдық әкімдік жауапты. Тілемісовтің сөзіне сүйенсек, «Батырлар аллеясы», Ауған соғысы жауынгерлеріне қойылған тақтатастың айналасын тазарту қол күшімен атқарылады. Алайда,ол жерде қолына күрек ұстаған пенде баласы көзге шалынбағанын айтқанымызбен, «өткенде күреп жүрген» деп құтылды. Ал, Үржар ауылының әкімі Сайлауғазы Шарықбаевқа хабарласқанымызда ұялы телефоны өшіп жатты.

Фото автордікі.

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Сайт Әкімшілігі

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Сайт Әкімшілігі

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Сайт Әкімшілігі

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

Сайт Әкімшілігі

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

Сайт Әкімшілігі

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

БІз кімге сенеміз?

Сайт Әкімшілігі

БІз кімге сенеміз?

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Сайт Әкімшілігі

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Біз қожайын болудан қалыппыз

Сайт Әкімшілігі

Біз қожайын болудан қалыппыз

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным

Сайт Әкімшілігі

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным