Қабатов Назарбаевты әжуалады

Қанат Тілеухан - 10.01.202040570

Танымал КВН ойыншысы Тұрсынбек ҚАБАТОВ экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сөзін мазаққа айналдырды. Және ол сөзі Nur Otan партиясына қарайтын республикалық «Astana» телеарнасының эфирінен көрсетілген.

Сонымен Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫНЫҢ қай сөзі күлкіге айналды? 2019 жылдың ақпайын айындағы бес қыздың өлімінен кейін, елде көпбалалы аналардың қарсылық акциялары көбейген-ді. Сол жылдың 21 тамыз айында Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «әйелдер бала табарда мемлектепен ақылдасқан жоқ» еді ғой деген-ді.

«Әлі есімде, бас кезінде қиын болды. Жұмыс жоқ, жалақы жоқ, дүкен сөрелері бос тұрды. Сонда бәрі «бер, бер» деп отыратын. Мемлекетте ақша жоқ болса, қайдан береміз? Бірақ, қазір сол 30 жыл бұрын болған ұрандарды көтеріп жүр. «Маған бер, балаларым көп» дейді, «жалақым аз, тағы бер» дейді. Бас кезінде нені ойладың? Бұл – сенің проблемаң. Сен мемлекетпен ақылдасқан жоқсың ғой», - деген Назарбаев.

КВН ойыншысы өз монологында бұл сөздердің авторы министрлер мен депутаттар деп соғады. Жалпы квн-шілердің президенттерді әжуалауы бұрынан бар. Осы ойынның (КВН) отаны Ресейде Семен СЛЕПАКОВ Владимир ПУТИННІҢ алдында саяси батыл әнімен ел есінде. Бәлкім біздің Қабатов украиналық әріптесі Владимир ЗЕЛЕНСКИЙ  (ол да КВН ойнаған) сияқты билік партиясының басшысын сынау арқылы саясатқа бет алмақшы ма? Бірақ Қабатовтың Nur Otan партиясы төрағасы, Қауіпсіздік кеңесі төрағасы, Елбасы, Халық қаһарманы Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫН сынайтындай жөні жоқ. Билік партиясы Қазақстандағы КВН-ге демеушілік жасап келеді. Қабатовтың концерттеріне Алтай КӨЛГІНОВ сынды әкімдер, нұротандық депутат Бекболат ТІЛЕУХАНДАР келеді. Сондықтан да Тұрсынбек пен билік партиясының арасы ушығатындай дәнеме жоқ.

Әңгімеміздің басы болған Қабатов әзілінен ауытқып кетіппіз. Монолог жиылған жұрттың езуін тарқызыпты.

«Бізде 6 бала болды. Мен бұны түсінемін. Бірақ, кейбір депуттар, министрлер «сіздер бала жасағанда бізбен ақылдассаңдаршы» деп жатыр. Мен таң қаламын негізі. Ондай сәтте ешкіммен ақылдаспайсың ғой енді. Қалай ол? Ондайда «бас істемей» қалады емес пе?.. Мысалы, әйеліңді әдемі етіп киіндіріп алып, агенттік пе, әкімдік пе, министрлік пе... біреуіне ерте барып: «Сәлеметсіз бе?» - деп тұрсаң, ондағылар: «Сіздерге не керек?» - дегенде: «Ештеңе керек емес. Жай... ақылдасайық деп едік...» - десең, «Ақылдасқаны қалай?» - дегенде, «Ендііі... Қалай айтсам екен... Кешке жоспар бар еді негізі... Сол туралы сізбен ақылдасайық деп едік... Бола ма, болмай ма, жалпы?..» - дегенің ыңғайсыз ғой, иә?» - деп күлдірді КВН ойыншысы.

Айтпақшы, Тұрсынбек Қабатов 2019 жылдың қараша айында кәсіпқой боксер Мейірім НҰРСҰЛТАНОВ екеуі Nur Otan партиясының қатарына кірген. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан БАЙБЕК өз қолымен партбилет берген.

Коллаж: zhasalash.kz     


Мақала авторы:

Қанат Тілеухан

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Saniya 10 Қаңтар, 2020

Сынаса несі бар екен?

Жауап беру