Абайтанудың бір түйіні үзілді

Сәтжан Қасымжанұлы - 11.01.20203146

Күллі қазаққа белгілі қазыналы қарт, шешен тілді шежіреші Бекмұхамед (Бекен) Исабаевты Абай елі соңғы сапарға шығарып салды. Саналы ғұмырында Мұхтар Әуезовтің туған жері Бөріліде  жазушының музей үйінің қазақ руханиятының темірқазығына айналуына аянбай еңбек сіңірген қаламгердің қажырлы ісі баршамызға мәлім. Шыңғыстауға жолы түскен белгілі тұлғалардың дені Бекен қарияның шаңырағына аялдамай кетпейтіні бір аңыз.

Қабырғасы қайыса жиылған жұрттың қайғысына ортақтасқан басшылар, зиял қауым өкілдері сөз алды. Ауыл ақсақалы Амантай Мұқатаев ұстаздықтан басталған ардақты жанның үлгілі жолына тоқталды. Абай елі атынан аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров та ел, жер тарихын түгендеуге сүбелі үлес қосқанын айта келіп, қалдырған мұрасы ұрпаққа тәрбие  болып қалатынын атап өтті.

Қарияның қазасын естісімен келген жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай тебірене шер толғады.

- Осы Абай еліне келгенде арнайы сәлем бере келіп,әңгімесін тамсана тыңдайтын аға буындағы асылымыз еді. Абай, Мұхтар өміріне қатысты тың әңгімелерді тереңінен қозғайтын. Ескі қора кейпіне түскен Әуезов үйін музейге айналдырудағы еңбегі ұшан-теңіз. Біз Бекен ағаны Абайтанудың білгірі ретінде таныдық. Абайтануды жалғастыра білген түйініміздің бірі еді. Сол түйін бүгін үзілді. Елдің ендігі ақсақалдарына Бекен ағаның жолын жалғастыру салмағы түсіп тұр, - деді Т.Жұртбай.

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімов Бекмұхамед қарияның отбасына көңіл айтып, қайғысына ортақ ойын да егіле жеткізді. Шежіреші қаламгердің қазасына орай Әуезовтер әулетінен, облыс әкімі Д. Ахметовтің, Президент аппаратынан жолданған жеделхаттар оқылды.

Бекен қарияның сүйегі Бөрілідегі қорымға қойылды.

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.