Нұр-Сұлтан тұрғыны әкімдік ғимаратында жалғыз адамдық пикет өткізді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 14.01.202096

Кәмелетке толмаған үш баланың анасы, жастайынан жетім өскен Роза Бақтығалиева биліктен өзін "жалдау ақысыз әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етуін" сұрап отыр.

44 жастағы Бақтығалиева әкімдік фойесінде "20.04.2018 жылы шыққан сот шешімінің орындалуын талап етемін" деген жазуы бар плакат жайып тұрды.

Оның айтуынша, 2012 жылы әкімдік оған 19 жыл баспана кезегінде тұрған ата-анасыз адам ретінде бес жылға жалға пәтер берген. Екі жыл өткен соң қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалып, баспананы жалға алу құнын өтей алмай қалған.

2017 жылы жалға беру мерзімі аяқталған кезде әкімдік Бақтығалиеваның үстінен сотқа шағым түсіріп, оны бала-шағасымен баспанадан шығарып, 193 мың теңге көлемінде қарызын өтеуді талап еткен.

Ол сотқа қарсы шағым түсіріп, жастайынан ата-анасыз өскен адам ретінде жалға алу құнын төлемей, қарызға баспана беруді талап еткен. Сот оның шағымын қанағаттандырған. Әйелдің пікірінше, әкімдік бұл сот шешімін орындамай отыр.

Шамамен бір сағаттан астам уақыт өткеннен кейін әкімдіктің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Данияр Балтин плакат жайып тұрған әйелдің жанына келді.

Ол Азаттық тілшісіне Бақтығалиева қарызын төлегеннен кейін әкімдіктің онымен қайтадан бес жылға жаңадан келісім-шарт жасасуға дайын екенін жеткізді. Балтин 2018 жылы шыққан сот шешімін әкімдіктің апелляцияға бергенін, шағымның сотта әлі қаралып жатқанын айтты.

Шенеунік әйелді басқармаға барып, жаңа келісімге қол қоюға үгіттеді. Бірақ Роза Бақтығалиева әкімдік шарттарымен келіспеді. Роза Бақтығалиеваның сөзіне қарағанда акция жұмыс күні аяқталғанға дейін жалғасқан.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.