Қарағандыда салынып бітпеген тұрғын үйді қайта құлата ма?

Арай Сатыбалдықызы - 24.01.20202700

Қарағанды қаласында құрылысы салынып бітпеген коммерциялық тұрғын үйлерге қатысты шу шықты.  Волочаевская көшесіндегі 20 қабатты тұрғын үй салынып бітпей жатып дау -дамайға негіз болды. Бейресми деректертерге сүйенсек былтырғы жылы осы көшенің тұрғындары 20 қабатты үйдің салынуына қарсы болып билікке шағымданған.Тұрғындар қарсы болған соң мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасы тексеруге кіріскен еді. Үйдің құрылысына көңілдері толмаған басқарма мамандары құрылыс салушының үстінен сотқа шағымданды. Мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылау  басқармасы салынып жатқан тұрғын үй сүрілуі тиіс деген талап қоюда.
«Қазіргі уақытта  мамандандырылған экономикалық сотта бұл іс қаралып жатыр. Әзірге сот жүріп жатқандықтан қандай да бір болжамды мәлімет айту қиын. Кімдікі дұрыс, кімдікі қате екенін сот анықтайды», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының Мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылау басқармасының бөлім бастығы Әлібек АЙТЖАНОВ.
Бұл үйдің құрылысын салушы  "Евразия Билдинг" ЖШС-нің  Волочаевская көшесіндегі үйден  басқа да уақытында салынып бітпей тұрған коммерциялық  үйлері де бар екен.

«Бұл үйлердің құрылысы неге кешікті» деген сауалды облыс әкімі аппараттық жиналыста қала әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВКЕ жолдады.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында Мұз сарайының жанында салынып жатқан "Комфорт үйі 1" және "Комфорт үйі 2 " тұрғын үйлеріне қатысты мәселе көтерілген болатын. Бұл екі үйдің құрылысы жылдың аяғына дейін аяқталып пайдалануға беріледі. Ал Волочаевская көшесіндегі үйге қатысты, мұнда сот өтіп жатыр әрі тұрғын үй құрылысына қатысты сараптама жасау көзделіп отыр»,- дейді қала әкімі Нұрлан Әубәкіров.
Дегенмен қала белсендісі журналист Ботагөз ОМАРОВА "аталмыш құрылыс салушы фирма әкім қаралар айтқандай үш үй емес, жеті үйдің құрылысын кешіктіріп отыр" деп мәлімдейді.
«Евразия Билдинг» ЖШС директоры Айдос МҰХАТАЕВ тек Волочаевская көшесіндегі бір үйдің ғана құрылысы кешігіп тұрғанын айтады.
«Басқа үйлер келісім шартта көрсетілген уақытта пайдалануға беріледі. Тек Волочаевскаядағы үй сот процестерінің кесірінен тоқтап қалған.Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қарағандыда құрылыс жұмыстарына тексеріс көп жасалады сосын қалай жұмыс тез бітеді. Бірнеше рет тексерген бірақ біз өзіміздің жұмысымыздың дұрыс екенін дәлелдедік. Бұл үй Бұқпа өзенінің арнасынан 70 метр қашықтықта тұр. Барлық қауіпсіздік шаралары жасалған. Біз бұл үйге 2 миллиард ақшамызды салдық. Қауіпті жерге үй салып ақшамызды әдейі желге ұшырмайтын шығармыз, бәрі заңды»,- деп мәлімдеді «Жас АЛАШ» сайтына сұхбат берген Айдос Мұхатаев.
Дегенмен бұл істің ақ қарасын сот шешетін болады.

Фото автордікі. 

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.