Дариға Назарбаеваны журналистерден алты күзетші қорғады

Қанат Тілеухан - 24.01.20208246

Журналист қызметіне кедергі келтіруге ешкімнің де құқығы жоқ. Алайда, халық қалаулыларымыз дейтін депутаттар ордасы парламент қабырғасында барлық депутаттарға сұрақ қоюға болмайды екен. Кеше Азаттық радиосының тілшісі Әсемгүл МҰХАТҚЫЗЫ сенат спикері Дариға НАЗАРБАЕВА сұрақ қоймақ болған еді. Бірақ күзетшілерінің бірі журналисті бас салып, ауызын жапқан. 

«Менде Дариға Назарбаеваға деген жалғыз сұрақ болды. Оның ұлының айтқандарына қатысты пікірін білгім келген еді. Өздеріңіз білесіздер Айсұлтан Назарбаев бірнеше БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «анамнан қауіп төніп тұр» деп айтты ғой. Солай айтуына не түрткі болды дегім келді. Бірақ барлықтарыңыз  видеодан не болғанын көрдіңіздер. Менің сұрақ қоюыма кедергі жасалды. Яғни журналисттік қызметіме кедергі келтірді. Олай істеуге ешкімнің құқығы жоқ.  Әдетте Дариға Нұрсұлтанқызының қасында екі адам жүретін. Кеше спикер алты күзетшісімен жүрді. Спикердің шығатын есігі мен лифтіге баратын тұс бес-ақ метр жер. Күзетшілері дәліз жасап  Дариға Назарбаеваға ешкімді жолатқан жоқ. Мен сауалымды алыстан қоймақ едім. Қасындағы күзетшісі бірден тап берді. Бұрын да осыған ұқсас жағдайлар болған. Арнайы адамдар сенат басшысына жақындатпай денелерімен қалқалайтын. Бұл жолы ауызымызды жапты», - деді Азаттық радиосының тілшісі  Әсемгүл Мұхатқызы.

Журналист әзірге қандайда бір органга шағымданбапты.
22 қаңтар күні экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жиен немересі фейсбук әлеуметтік желісіне бірнеше пост жазған еді. Ол өзінің туған әкесі Рахат ӘЛИЕВ емес, Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫ екенін және анасынан қауіп төніп тұрғанын жазған еді. Артынша 2008 жылы Қазақстанда сырттай 25 жылға сотталған ҰҚК-нің экс-басшысы Әлнұр МҰСАЕВ әлеуметтік желіде «Айсұлтан Рахат Әлиевтің ұлы» деп мәлімдеп және дәлел ретінде арнайы құжаттарды жариялады.

Фото: mir24.tv


Мақала авторы:

Қанат Тілеухан

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.