"Нұр Отан" мүшелеріне 6 млн тг төлеуге міндеттелген белсенділердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 25.01.2020352

Алматы қалалық соты "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесіне алты миллион теңге төлеуге міндеттелген белсенділердің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұл ақпаратты 24 қаңтарда кешке Vlast сайты хабарлады.

Сот "үкімді заңсыз деп тануды сұраған" белсенділер Әлнұр Ильяшев, Марат Тұрымбетов және Санавар Закированың келтірген дәйектерімен келіспеді деп жазды сайт. Әлнұр Ильяшев 24 қаңтарда алдағы уақытта БҰҰ-ның Адам құқығы комитетіне шағым түсіретінін айтқан.

"Сот үкімін заңсыз деп есептейміз және оны елдегі негізгі партияның саяси мүддесін ескере отырып әділетсіз сот жүйесі шығарды деп ойлаймыз. Судья көптеген қателік жасады, заңды дәйектерге назар аударған жоқ. Ар-намысқа тию - бұл миллиондаған теңгемен өлшенетін нәрсе емес. Бұл істе жеңілсек те, БҰҰ-ға шағым түсіреміз, бұған бірнеше ай, жыл тіпті бір жарым жыл кетуі мүмкін" деді белсенділердің мүддесін сотта қорғаған құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова.

Vlast жазуынша, жұма күні сот отырысына келген белсенділер мен журналистер залға сыймады. Себебі сот тыңдауы басталғанға дейін зал толып кеткен. Басым бөлігі "Нұр Отан" партиясы өкілдерін қолдаған адамдар болған. Ақырында залға белсенділердің жақтастарының бір бөлігі ғана кіре алған. Кейінірек сот залынан белсенді Әсия Төлесова шығарылды. Ол судьядан журналистер мен өзге белсенділерді кіргізуді талап еткен. Oyan, Qazaqstan белсендісі Әсем Жәпішева Twitter желісінде Әсия Төлесованы сот залынан күшпен шығарғанын жазды.

Сот ғимаратында болған белсенділер "Өткіз!", "Әділ сот!", "Масқара!" деп айқайлап, Қазақстан Конституциясынан үзінді оқыған. Сот ғимаратының ішінде арнайы жасақ өкілдері белсенділерді сыртқа қарай тықсыруға тырысқан.

18 қарашада Алматы қаласының Жетісу аудандық соты "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесінің Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетовтің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырған еді.

Сот "Закирова, Ильяшев және Тұрымбетов желіде билік партиясы "Наше право" партиясын құруға кедергі келтірді деп шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты" деп тауып, бұл жазбаларын жоққа шығаруды талап етті. Бұдан бөлек, үш белсендіні шағым түсірушілерге 6 миллион теңге төлеуді міндеттеген. Сот шешіміне сай, айыпталушылар "Нұр Отанның" сотқа кеткен шығындарын (шамамен 150 доллар) да төлеуі тиіс. Үш белсенді сот шешімімен келіспейді.

"Нұр Отан" белсенділер "хайп жасау үшін желіге және БАҚ беттеріне жалған ақпарат" таратты деп санайды. Партия сотқа шағымданғанда үш белсенділер 51 мың доллар моральдық шығын талап еткен. Кейін бұл талаптарынан бас тартып, тек жазғандарын жоққа шығаруды сұрады. Бірақ қарашаның ортасында, сот аяқталып қалған тұста, "Нұр Отанның" төрт мүшесі Тамара Шакирова, Разия Бахибекова, Ержан Медеуов және Дидар Аққұлов сотқа моральдық шығын талап етіп, арыз жазды. Кейін сот "Нұр Отан" мен партия мүшелерінің арызын қанағаттандырды.

Бұған дейін "Нұр Отан" партиясы моральдық шығыннан түскен ақшаны қайырымдылыққа жұмсайтынын айтқан. Айыпталушылар сот көп шағымдарын қарастырмай, істі асығыс қарады деп мәлімдеген.

Қараша айының соңында белсенді Санавар Закирова "айыппұлды төлеуге шамасы жетпейтінін" айтып, Нұр-Сұлтанда "Әзірет Сұлтан" мешіті алдында акция өткізген. Полиция Закирова мен оның жанында болған бірнеше әйелді ұстап, кейінірек әкімшілік жазаға тартқан.

Оқи отырыңыз: "Назарбаевтың партиясына ақша беріңізші". Белсенділер мешітте садақа сұрады

Полиция "Нұр Отан" үшін садақа сұраған белсендіге айыппұл салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.