Түркияда қатты жер сілкініп, кемінде 18 адам қаза болды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 25.01.2020357

24 қаңтарда Түркия шығысындағы Элязыг провинциясында қатты жер сілкініп, кемінде 18 адам қаза болды, жүздеген адам жарақаттанды. Тұрғын үйлер мен ғимараттар қирады деп хабарлады жергілікті билік.

Түркияның төтенше жағдай жөніндегі агенттігінің хабарлауынша, 6,8 магнитудалы жер сілкінісінің эпицентр ошағы Сивридж қаласындағы ауданда орналасқан. Жер қатты сілкінгеннен кейін афтершок болған. Агенттік дерегінше, Элязыг провинциясында 13 адам көз жұмған, көрші Малатья провинциясында бес адам өлген. Екі провинцияның әкімшілігі 225 адамның жарақат алғанын хабарлады.

Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу ауданға құтқарушылар тобын жібергенін айтты. Қираған үйінділер астынан адамдарды іздеу жұмысы жалғасып жатыр. Сойлу 533 адамның жарақаттанғанын айтты.

Сойлудың айтуынша, сейсмикалық аймақта орналасқан Түркия алдыңғы апаттардан сабақ алып, бұл жолы жедел реакция білдірген. Министрдің айтуынша, іздеу жұмыстарында дроньдар да қолданалып жатыр.

1999 жылы Түркияның батысындағы Измит қаласында күшті жер сілкінісі болып, 17 мыңнан астам адам қаза болған, шамамен 500 мың адам баспанасыз қалған.

Сирия мен Иранның мемлекеттік арналары да жер сілкінісін сезгенін хабарлады. Ливанның ақпарат құралдары жер сілкінісінің "әсері" Бейрут пен Триполиде де байқалғанын жазды.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.