Қазақстанда қос билік жоқ

Абзал Тілеужан - 27.01.20202499

Ресейдегі билік трансформациясы мен оның Қазақстанмен байланысы. Елде қалыптасқан қос билік туралы және өзге де өзекті саяси мәселелерге байланысты белгілі публицист, қоғам қайраткері Сергей ДУВАНОВПЕН сұхбаттастық.

Қазір барлығы Путиннің Ресей Федерациясының Конституциясына өзгертулер енгізу жоспарын талқылауда. Сіз бұл мәселеде Қазақстанда болып жатқан жағдайлармен байланыс бар деп ойламайсыз ба?

Әрине, мен ол мәселеге біздегі жағдай тұрғысынан қараймын. Менің ойымша, Путиннің «парламенттік басқару жүйесіне» шұғыл бет бұруы оның Назарбаев жолымен жүруге бет бұрғанын байқатады. Сол себепті Назарбаев пен Путиннің іс-әрекетінен ортақ тенденцияны, бүгінгі авторитарлық көшбасшыларға тән шарасыздықты байқаймын.

Көрші ел басшысы мұндайға нақты не үшін барды? Оларға өз қолындағы билікті шектеп, парламент немесе Дума депутаттарына бөліп берудің қандай қажеттілігі бар?

Президенттік билікте үздіксіз отыру, ол биліктен кетпеу ешкімге де абырой әпермейді. Ешкім карикатуралық Ким Чен Ын сияқты болғысы келмейді. Сол себепті диктатор болып көрінгің келмесе, билікті сақтап қалудың жаңа формасын ізде. Осылайша қу автократтар өздерінің билікке құмарлығын саяси жүйені трансформациялау арқылы баспақ.

Бұл трансформация неден байқалады?

Қазақстанда бұл Назарбаевтың жаңа президент пен елдегі жағдайды бақылауында ұстай отырып, ол лауазымнан кетіп, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы болуы. Қазір қос билікке ұқсайтын жүйе қалыптасты. Бірақ ол шын мәнінде олай емес. Десе де, оны институт ретінде бекіту жүріп жатқан сияқты. Менің ойымша, бүгінгі таңда билік иерархиясында президенттің рөлін азайтып, парламентті күшейтуге дайындық басталды. Егер бұл жүзеге асатын болса, парламентте кімнің орыны көп, сол елді басқаратын болады. Ал басымдық «Нұр Отан» партиясында. Яғни елді тағы да Назарбаев басқарады. Себебі ол партияның сөзсіз көшбасшысы.

Осылай болсын делік. Бірақ Назарбаевқа ертең парламентке оның бағытымен келіспейтін депутаттар өтіп кету қауіпі бар жүйе құрудың қандай қажеттілігі бар? Өткен сайлауда билікке қарсы халықтың қарасы көп екенін байқадық. Алдағы сайлауда оның деңгейі бұдан да жоғары болуы мүмкін бе?

Иә, бірақ парламент сайлауы президент сайлауынан өзгеше. Парламент сайлауына қатысу үшін партия керек. Бірақ қазір елде оппозициялық үміткерлерді ұсынатын партия жоқ. Назарбаевтың партиясымен бірге жұмыс істейтіндер ғана бар. Бұл өзгелердің парламентке өтіп кетуіне қойылған негізгі кедергі. Орталық сайлау комиссиясы түріндегі тағы бір кедергі бар. Олар қандай жағдай болса да билікке қарсы үміткерлерді өткізбейді. Бұл жүйе өткен сайлауларда тексеріліп, жұмыс істейтінін көрсеткен.

Парламенттік басқару жүйесіне өтуде Ақордаға ешқандай қауіп жоқ деп есептейсіз бе? 

Қандай жағдай болса да қауіп сақталады және ол уақыт өткен сайын үдейді. Біз қазір сізбен Назарбаев сол қауіптерді азайту үшін билік жүйесін өзгерту арқылы не істегенін айтып отырмыз. Қауіптің екі түрі бар. Біріншісі – оппозиция және халық наразылығы. Екіншісі – Назарбаевтың төңірегінде топтасқандар. Оппозициялық партияларға тыйым салады және сайлау жәшіктерін бақылауда ұстайды, билік қарсыластарын парламентке жібермейді. Бұл бірінші қауіптің алдын алу. Екіншісі - күштік құрылымдарды уысынан шығармау арқылы «жаңа ойын» бастағысы келетіндерге тосқауыл қою. Қазақ авторитаризмінің патриархы барған Қауіпсіздік Кеңесіне билік кездейсоқ берілген жоқ. Бірақ бұл жерде екінші мәселе туындайды. Егер парламент биліктің көп бөлігін өзіне алса, бұны қазіргі кландар мен топтар қара бастарының қамына пайдалануы мүмкін. Бұл қазіргідей тәртіпті, мақұлдағыш парламент болмайды. Ондай жағдайда олигархтар мен үлкен саяси ойыншылар парламентке өз үміткерлерін тықпалайды. Олар «Нұр Отанның» мүшесі болса да, өз қожайындарының күйін күйттейді. Ол парламент «өрмекші толған банкадай» болады. Бұл кландар арасындағы қақтығысқа және бір-бірінің артын ашуға алып келеді. Ал ол өз кезегінде биліктің беделін одан ары түсіріп, жек көрініштілікті өршітеді. Сондықтан, диктаторлар қанша жерден билікті сақтап, қулыққа барса да оның екінші ұшы бәрібір өздеріне қауіп болып тұрады.

Сіз тағы бір қауіп – Грузия, Украина және Армениядағы сияқты жалпы халықтық қарсылық жөнінде айтпадыңыз. Жоқ әлде сіз бұны жоққа шығарасыз ба?

Әрине жоқ! Бұл бөлек тақырып. Менің ойымша, Ақорданың бұл қауіпке қарсы қоятын ешнәрсесі жоқ. Біздің жағдайда бұл дауыл, сел, су тасқыны сияқты. Ақылды басшы дауылға дайындалып, селдің алдын алып, су тасқынын болдырмауға тырысады. Бірақ Қазақстан билігі бұлай жасамайды. Ақорда да, «кітапхана» да ондай жағдайға дайын емес, тек қорқыныштың итермелеуімен күшке сеніп, «өртсөндіруші» рөлінде жүрген іс-әрекетті біледі.

Қос билік жөнінде не айтасыз?

Қос билік күшін жойды. Мен оның болғанын қалайтындарды түсінемін. Бұл қазіргі оқиғаның өрбуіндегі ең жаман нұсқа емес. Бірақ өкінішке орай, барлығы қулық пен шиеленіске толы болып шықты. Мен биліктің Назарбаевтың қолында қалатынына сенімдімін. Ол елді билік партиясының көшбасшысы ретінде басқаратын болады. Бұнымен қатар, ол Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде бақылаушының рөлін атқарады. Енді ол бұны екі жақтан істейтін болады. Жеке және саяси бағыт сол күйінде қалады. Билікті ол ешкімге бермейді. Бұл анық. Сондықтан, біздің жағдайда қос билік туралы еш әңгіме жоқ. Билік жалғыз Назарбаевтың қолында.

Логика көріп тұрған жоқпын. Онда мына билік трансформациясының қажеті не? Сіздің сөзіңізше, барлығы өз орнында қалады. Олай болса, Қауіпсіздік Кеңесі, жаңа президент, парламент, билік тармақтарын бөлу жөнінде айтудың керегі не?

Олай емес. Саяси ландшафт өзгереді. Біріншіден, президенттің рөлі өзгереді. Ол номиналды қызмет иесіне айналады. Бұл рөл Тоқаевқа дәл келеді. Біз бұны қазір көріп отырмыз. Екіншіден, парламент өзгереді. Оның сайлауы бәсеке мен күтпеген жағдайларға толы болады. Маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау мен жауапкершілік мекен-жайы өзгереді. Соңғы сөзді елбасы айтатын болса да, шешім қабылдауға қатысатындар саны көбейеді. Қауіпсіздік Кеңесі, парламент, үкімет, президент, «Нұр Отан» (олардың барлығы әртүрлі көзқарас пен мақсаттағы адамдар). Барлығы шешім қабылдауға ықпал етеді. Халық түсінігіндегі биліктің бағыт-бағдары жоғалады. Барлығына жауап беретін бұрынғы президенттің орнына шешім қабылдайтын басшылардың саны артады, ал бұл біршама деңгейде билік ішінде түсінбестік туғызады. Кімнің, неге жауап беретіні белгісіз болады. Назарбаевқа деген қарым-қатынас та өзгереді. Оны билікке жабысып алған диктатор деп ешкім қабылдамайды. Ол енді басқарушы болса да, жәй ғана партияның көшбасшысы болады. Оған не деп талап қояды? Иә барлығы жүзеге асқан жоқ, иә репрессиялар болды, иә шкаф ішінде құпия-сырлар бар. Бірақ оның барлығы артта қалған. Көпшілік тек осындай ойда қалады. Ал елде адам құқықтарының бұзылуы, оппозицияның қудалануы, сөз бостандығы сияқты шешімін таппаған мәселелердің оған тікелей қатысы болмайды. Ол үшін жауаптылар санын арттырады. Былай қарағанда, өзіне ғана тіреліп тұрған жауапкершілікті жеңілдетті. Президент, премьер-министр, парламент және мемлекет басшысы тағайындайтын сот бар. Барлығы бір қарағанда демократиялық елдегідей үлгіде. Яғни, демократия «фасады» бар. Билік трансформациясы кезінде демократия жөнінде ешкім ойламайды да.

Ресейді де осындай сценарий күтіп тұр деп есептейсіз бе?

Формасы бойынша өзгешеліктер болады. Іс жүзіндегі алгоритмі дәл сондай. Путин президент мандатының конституциялық мүмкіндіктерінің барлығын тауысты. Президент креслосында қалу - Ким Чен Ын болу деген сөз. Бұл Путинге де қолайсыз. Ол тарихта билікті басып алушы болғысы келмейді. Осы себепті, Путин осындай қадамға барды. Барлығын алдап кеткісі келеді. Бірақ, түбінде, бұл оның қолынан келмейді. Басқаның да қолынан келмейді.

Әңгімеңізге рахмет!

Фото: azattyq.org

Сұхбаттасқан Абзал Тілеужан



Мақала авторы:

Абзал Тілеужан

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.