Биыл оралмандарға квота азайды

Әйгерім Жетпісова - 27.01.20201586

Биыл оралман қабылдауға арналған өңірлік квота азайды. 2020 жылы 1378 адамға ковта берілмек. Былтыр 2031 адамға квота бөлінген еді. Бұл туралы «Жас АЛАШ» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімет бөлген квота шетелден келген қандастарды солтүстік облыстарға қоныстандырады екен.

«Аталған қаулыны қабылдаудың мақсаты ҚР Үкіметі белгілеген өңірлерде оралмандарды оңтайлы орналастыру болып табылады. 2020 жылы квота былайша бөлінді: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы бойынша – 350, Ақмола облысы бойынша – 258, Шығыс Қазақстан облысы бойынша-150, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 120. Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде субсидия беру түрінде қолдау көрсетілетін болады: көшуге – отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (84,2 мың теңге) біржолғы төлем; тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 12 ай ішінде отбасына 15-тен 30 АЕК (36,1-ден 72,2 мың теңге)», - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Ресми ақпаратқа сәйкес 2019 жылы 17, 667 мың қазақ атамекеніне көшіп келген. Ал 1991 мен 2020 жыл аралығында  1 057 280 қазақ Қазақстанға қоныс аударды.

Бүкіләлемдік қазақтар ассоциациясының мәліметінше 45 мемлекетте 5 миллионан аса қазақ этникалық қазақтар өмір сүреді.

Фото: tengrinews.kz

Мақала авторы:

Әйгерім Жетпісова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.