Бізде қанша Абай бар?

Ырысбек Дәбей - 11.02.20201306

Өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, 2020 жылы қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтетіндігі айтылған. Биыл жыл басында мемлекет басшысының «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы да жарияланды. Аталмыш мақалада президент: «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек», – деді. Осы мерейтойға орай, елімізде және шетелдерде түрлі шаралар өтіп жатыр.

Ұлы ақынның еліміздің кейбір қалаларында, шетелдерде тұғырына қонған ескерткіштері көңілден шыға ма? Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Шаттық Батанның айтуынша, Абайдың әр қалада қойылған ескерткіштері әртүрлі, бірізділікке түспеген. 

«Абай ескерткішіне қатысты пікірлер баяғыдан айтылып келеді. Совет Одағы кезінде танымал тұлғалардың нақтылы портретін Суретшілер одағы жасайтын. Кейінгілері де нақтыланған портреттен көп айнымайтын. Алматы қаласындағы Абай ескерткішін Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші Хакімжан Наурызбаев сомдаған.  Мүсінші ақынның ескерткішін жасау барысында М.Әуезовтің кеңесі бойынша Шыңғыстауға барып, ақынның жерлестері, туыс-туғандарымен жақын танысып, олардың мінез-құлқын, бет әлпеттерін зерттеп, көп дерек жинаған. Сол бойынша сомдалған портрет сәтті шықты. Әрине, басқа мүсіншілер Абай ескерткішінің композициялық құрылысын, басқасын әртүрлі етіп жасай берсін. Бірақ портретте бірізділік болуы керек қой. Жоқ, біз олай істеп жатқан жоқпыз. Бір портретке бір портрет ұқсамайды. Суретте де сондай. Кезінде конкурс жариялап, көркемдік кеңестер арқылы шешілген Абайдың бейнесі бар. Тәуелсіздіктен кейін осы дәстүр бұзылды. Министрліктер конкурс өткізбейді. Өткізсе де, мүсіннен, суреттен хабары жоқ адамдар өнердің тағдырын шешеді. Таныс-білістікпен  тендер ұтып, ойына келгенін жасайды. Кәсіби адамдармен санаспайды. Сөйтіп, Абайдың мазақ болатындай әртүрлі портреті пайда болды. Бұл мәселе Абайға ғана қатысты емес, қазақтың өзге тұлғаларын сомдаған өнер туындыларынан да байқалады», – дейді суретші.

Естеріңізде болса, 2014 жылы Өскеменде орнатылған Абай мен Евгений Михаэлиске арналған ескерткіш әлеуметтің наразылығын қозғап, алынып тасталған болатын. 2009 жылы Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібекке қойылған ескерткіш те жарамсыз деп танылып, бір жылдан соң басқа ескерткіш қойылған. Суретші Шаттық Батан: «Хакімжан Наурызбаевтың «Абайындағы» портретті қалдыру керек. Жұмақын Қайрамбаевтың да «Абайы» көңілге қонымды. Бізде Абайдың фотосуреті де бар. Не үшін әртүрлі бейнелер сомдаймыз? Бұл салаға ешқандай білімі жоқ адамдар араласпауы керек. Мұны суретшілер ғана емес, жалпы қоғам болып жөнге салмаса ұят нәрсе. Әдебиетте, мәдениетте жүрген және абайтанушылар, ақсақалдар бірлесе отырып комиссия құрып, Абайдың, басқа да тұлғалардың портретін бірізділікке келтіру керек деп ойлаймын. Биыл, бұйырса, Абайдың портреті жаңбырша жауатын жыл болғалы тұр. Әр облыс, қалаларда конкурстар өтіп, жүздеген, мыңдаған «Абайлар» пайда болады. Оның бәрін жан-жаққа тықпалайды. Жаңа стильдегі өнерпаздар бар, олардың не жасайтынын бір Құдай білсін. Абайды әспеттейміз деп жүріп, мазаққа қалуымыз мүмкін. Әркім көрініп қалғысы келіп, әліден тықпалап жатқан дүниелері көп. Бұл тіпті заңмен бекітіліп (Абай портретін айтады – ред.), жауапкершілік қузастырылатын дүние болуы керек еді. Өкінішке қарай, ондай қадам жасалып отырған жоқ», – дейді.

Суретші Шаттық Батан өркениетті елдерде тұлғаларға қатысты мұндай дүниелердің ертеден бірізділікке түсіп, сол бойынша жұмыс жасалатынын айтады.  

«Абайдың елімізде, шетелде бой көтерген ескерткішін интернеттен қарап көріңіз, әртүрлі бейнені жолықтырасыз. Мысалы, тура солай Пушкинді іздеңіз, әйгілі адам болған соң, түрлі түсті картиналар кездеседі. Тіпті әжуалап салған портретінің өзі бір-біріне жақын, бәрібір Пушкин екенін танисың. Ал Абайдың әртүрлі портреттерін жазуына қарамасаң, танымайсың», – дейді суретші.

Коллаж: Жас Алаш.

Мақала авторы:

Ырысбек Дәбей

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.