Жоба кезінде бәрі жақсы – жаман үйді кім салады?

Сәтжан Қасымжанұлы - 11.02.20201907

   Бүгінде көзді-ашып жұмғанша көп қабатты үй тұрғызып, баспана зәрулігі өткен жұртқа көлденең тарта қою атқарушы билік үшін «түк те қиын емес» болып барады. Құрылысты қолына алатын мердігер компаниялар арасында жеребе тастағандай тендер ойнатып жіберіп, артынша әкімдікке жаққан «күлшелі баланың» бәсін арттыруға барын салады. Халықты баспанамен қамту жолында «бармақ басты, көз қысты» таныстықтың да мұндайда рөлі зор. Содан ары қарайғысы белгілі: сырты көздің жауын алатын тұрғын үйдің алдына кезекте тұрған көп балалы аналарды, тағы да басқа әлеуметтік деңгейі әртүрлі қараша халықты жинап, бір-бір пәтердің кілтін ұстатады. Нақ осы сәттегі көріністер көз алдау екенін іштей ел жақсы білгенімен, биліктің сойылын соғатын БАҚ өкілдері ұлық біткен тегін үй үлестіріп жатқандай таласа жариялап жатады. Біртіндеп дабырасы басылып, әркім арендалық немесе ипотекалық төлем арқылы қарызға берілген үйлеріне қоныстанған соң, көп кешікпей жарылған қабырға, шатырдан аққан суды көргенде барып, қайда барып шағымданарын білмей алашапқын әлекке түседі.

   Жасыратыны жоқ, қазір қай қалада болсын, мемлекеттік бағдарламаға сай көп қабатты үйлер қарқынды салынып жатыр. Пайдалануға беріліп, тұсауы кесілгендерінің қарасы одан да көп. Тіпті, сыртқы көрінісі сан түрлі бояуларымен көз арбап сала бергенде бірінен-бірі өтеді. Алайда, ішкі сапасының сын көтермейтініне жұрт жан-жақтан дабыл қаққанда көзің жете түседі. Нақты мысалмен айтсақ...

   Зейнеткер шатырға кімді шығарарын білмей жүр

   Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауылы (аудан орталығы) Жандосов көшесі 24 үйге көшіп келгеніне бірер ай енді болған Ырысхан Қойлыбаева пәтеріне кіріп-шыққан сайын үрейі ұшады. Өйткені, 3 млн.теңгеден астам қаражатына толықтай сатып алған баспанасының шатыры маңдайшадан қауіп төндіріп тұр. Яғни, көпқабатты үйдің шатырына шығаратын есік сатысыз орнатылғаны өз алдына, есік ашылған сайын төбеден құлағалы тұрғандай әсер қалдырады.

-Жазда шатырдағы шаң-топырақ, құстардың саңғырығына дейін есікті ашсам болды сауылдап түседі. Оны айтпаған күннің өзінде шатырға шығаратын есікті пәтердің маңдайша тұсына есі дұрыс адам сала ма, айтыңызшы?! Жалғызбасты анамын. Кіргенде үйдің жылы екенін көріп қуанып қалып едім, сапасыздығын енді біліп жатырмын. Жанымдағы пәтерлерге тоқ көздері таралатын электрощиттің тура есігімнің артына орнатылғанын көрмейсіз бе? Оқыста сым тұйықталып қалып өрт шықса, кімді жауапқа тартарымызды білмейміз. Өйткені, мұнда өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған жәшік те жоқ дәліздегі қабырғада. Ал, қабырғаның сиқы анау жарықшақтар пайда бола бастаған,-деп күйінеді зейнеткер-ұстаз Ы.Қойлыбаева.

   Расында қос подьезді, төрт қабатты тұрғын үйдің кетеуі кете бастағаны көрініп тұр. Алайда, зейнеткерден өзге жанайқайын айтып шағынар жан табу қиынға түсті. Дегенмен, сапасыз салынған үйдің қалайша қолданысқа берілгендігін анықтамақ болып, Үржар ауданы әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбековке хабарласқанымызда, оған тап қазір жергілікті атқарушы билік жауап бермейтін сыңайын байқадық.

-Бұл үй осыдан жеті жыл бұрын, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, пайдалануға берілген. Кепілдік мерзімі үш жыл болған. Яғни, содан бері де төрт жыл өте шықты. Ондағы тұрғындардың барлығы да үйлерін толықтай жекеменшігіне өткізіп алғандықтан, пәтерлердің жөнделуіне өздері жауапты. Өз араларынан сайлаған «старшыйлары» (ПИК басшысы сияқты тұрғын) қажетті жұмыстарды түсіндіріп, ұйымдастыра білуі керек. Егер үлкен проблемалар туындап жатса, әкімдіктен көмек береміз. Бірақ, олар жекеменшік пәтерлерде тұратындықтан, жөндеу жұмыстарын өздері жүргізу тиіс,-дейді Б. Тұрлыбеков.

    Әкімнің орынбасары сондай-ақ зейнеткер шағымданған шатыр есігінің қате салынғанын қарау, дер кезінде тексеру әкімдік құзыретінде қаралмағанын атап өтті. Сөзіне сенсек, «жобалау-сметалық құжатында қалай қаралады, солай салынады» екен...

  Ақауын Ахметов көзіне шұқып көрсеткен үй жөнделіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Үржар ауданына сапарлап барған (31-қаңтар) кезінде де 30 пәтерлік көпқабатты үйдің құрылысы сапасыз салынып жатқанын көріп, көңілі нілдей бұзылды. Қызығы сол мұндағы 30 пәтердің 24-і көп балалы аналарға, 6-ы ата-ана қамқорлығынан тыс қалған жандарға берілуі жоспарланған. Бірақ та жанына аудан әкімі Серік Зайнулдин бастаған жергілікті шенеуніктер мен БАҚ өкілдерін ертіп үйдің құрылыс барысын әдейілеп көрген өңір басшысы терезе жақтауының асты үгіліп жатқанын шенеуніктердің көзіне шұқып көрсетті. Даниал Ахметовтің тап осы сәтте аудан басшылары мен осы нысанды қолға алған «СтройЭлитРиэлти» ЖШС мен көмекші мердігер «PLAZA CONSTRUCTION» ЖШС-ның жұмысын сынға алған бейнежазбасы әлеуметтік желілер арқылы тарап кетті. Шаршы метрі 140 мың теңгеге бағаланған үйге қаражатын салып кірген қараша халықтың алдында ұятқа қалмауын ескерткен Ахметов тап осы жолы өзінің сеніміндегі әкімдерінің қатарынан санайтын Зайнулдинге қырын қабақ танытып кеткені байқалып қалды. Бір жағынан облыс басшысының кәрін төгетіндей жөні бар тәрізді. Құрылыстың іргетасы қаланған күннен бастап қалай жүріп жатқанын аудан әкімі Серік Зинабекұлы бір сәт келіп көрмеген сыңайлы. Бар шаруаны өзінің осы сала бойынша орынбасары Дидар Хамитовке жүктеп қойып, жайбарақат жүре бергендей.

   Ахметов облысқа аттанып кеткеніне бірнеше күн өткенде Үржар ауданының әкімдігі «Облыс әкімінің сын-ескертпелеріне сәйкес, аудан әкімінің тапсырмасы бойынша» көп балалы аналар 30 пәтерлі тұрғын үй құрылысының комиссия мүшелігіне кіргенін «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. Еріксіз езу тартасың: сонда Д. Ахметов келіп сын-ескертпе айтып кетпесе, аудан әкімі тапсырма бермей ме? Әлде, көп балалы аналар көзін жұмып кіре береді деп ойлады ма екен? Бұл, әрине, біздегі құрылыс жұмыстарының көбіне көзалдау әрекетпен салынып жататындығын, тексеру барысында талайы әшкереленіп қалатынын көрсетеді.

  Нақты дерекпен айтар болсақ, қазір Шығыс Қазақстан облысы бойынша, 32 мың адам пәтер кезегінде тұр. Олардың барлығын баспанамен қамтып болғанша, қаншама жыл өтетінін бір Алла біледі. Ал, соның бір ғана бөлігі саналатын Үржар ауданының орталығынан бой көтерген тұрғын үйдің сапа сиқы осылай болса, ел аумағында жүріп жатқан баспана құрылыстарының қолданысқа қай уақытта, қандай күйде табысталатынын елестетудің өзі қиын. 

ФОТО ашық ақпарат көздерінен

 


Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.