"Жала жапты" деп айыпталған ұстаздың судьяға қарсылығын сот қанағаттандырмады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.02.2020139

11 ақпанда Түркістан облысы Ордабасы аудандық соты Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" бабы бойынша айып тағылған мұғалім Гүлдана Шотаеваның судьяға қарсылық білдіретіні туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Сот ісіне Қайнар ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлдана Шотаеваның "мектеп директоры Ділбар Сапарымбетова ұстаздардан ақша жинап, курсқа жібермей, оқығаны жөнінде сертификат берген" деген мәлімдемесі себеп болған. Шотаеваны "жала жапты" деп айыптаған Сапарымбетова оны сотқа берген. Бұл іс бойынша сот тыңдауы 4 ақпанда басталған.

Сейсенбідегі сот отырысына Шотаева мен оның оннан аса жақтаушысы, жәбірленуші мен оның адвокаты қатысты. Істі қарап жатқан Ордабасы аудандық сотының судьясы Жанар Кенжебаева ашық сот отырысына журналистердің қатысуға рұқсат еткенімен, фото және видеоға түсіру мәселесін талқылауды кейінге қалдырды.

Айыпталушы Гүлдана Шотаева өзінің үстінен мектеп директоры Ділбар Сапарымбетованың берген жеке шағымын "заңға сай емес болғанына қарамай өндіріске қабылдаған" судьяға қарсылық білдіретінін мәлімдеді.

- Шағымда қылмыстың сипаттамасы, дәлелдемесі, жасалған орны мен уақыты көрсетілмеген. Солай бола тұра Сапарымбетованың арызын сот өндірісіне қабылдаған, - дейді Шотаева.

Айыпталушының қарсылығынан соң судья үзіліс жариялады. Бірнеше сағатқа созылған үзілістен кейін сот Шораеваның суьяға қарсылық білдіру туралы талабы қанағаттандырылмайтыны туралы хабарлады. Соттың келесі отырысы 20 ақпанда жалғасады.

Жәбірленуші Ділбар Сапарымбетова іс бойынша қандай да бір комментарий беруден бас тартып, өзін фото, видеоға түсіруге қарсы болды.


Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Қазақстанды "Жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауға бұрыннан шақырып келеді. Былтыр Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекстегі "Жала жабу" бабын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстыруға уәде еткен. Кей сарапшылар биліктің ұсынысын "жартыкеш шара" деп сынға алған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.