Коронавирус біз ойлағаннан қауіпті

Асхат Асан - 12.02.20201958

Коронавирустың инкубациялық кезеңі бұрындары хабарланғандай 14 күн емес, 24 күн екені белгілі болды.  Бұл кезеңде індетті жұқтырған ауыру адамнан сырақттың  ешқандай белгілері байқалмайтын көрінеді. Кәзіргі күндері 42 мыңнан астам жұқтырған, оның алты мыңы ауыр халде жатыр, мыңнан астам адам көз жұмды.

Коронавирусты анықтау үшін жасалған сынақ тесттердің 50 пайызы жалған көрсеткіш береді. Демек, ауыру жұқтырғандардың жартысы карантинге алынбаған болып шығады.

Бұл мәліметтер ҚХР Мемлекеттік комитетінің сараптама комиссиясы жүргізген зерттеулердің нәтижесінде белгілі болып отыр.  Қаңтардың 1-нен 29-ына дейін жүрген зерттеу барысында Қытайдың 31 әкімдік-территориялық ауданындағы 552 ауыруханадағы 1000-нан астам ауыру қамтылды. Белгілі болғаны –  инкубациялық кезең, орташа есеппен, жалпы 3 күнге созылып, ең арғысы 24 күнге дейін барады екен. Зерттелген 1099 пациенттің тек 1,18% ғана жабайы табиғатпен тікелей қатынасқа түскен. Олардың үштен бір бөлігіне жуығы Уханьда болып қайтқан, ал,  71,8% сол Уханьнан келген біреумен араласқан. Бұл вирустың адамнан адамға оңай жұға беретінін көрсетеді.

Ал, кеше басталып, бүгін жалғасып жатқан Женевадағы жаңа коронавируспен күрес саласындағы зерттеулер мен инновациялар бойынша жаһандық форум аясында өткен брифингте  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Фадела Шаиб «Біз әлі де бұл вирусты тани қойған жоқпыз, бастапқы кезеңінде жүрміз. Ол қалай жұғады, ошағы не, инкубациялық кезеңі, қаншалықты қауіпті дегенді әлі толық анықтау қиын. Инкубациялық кезеңін біз 1 – 14 күнге дейін деп отырмыз, бірақ, әлі де зерттеп жатырмыз» деп  мәлімдеді.  

ДДСҰ-ның деректері бойынша, кешегі күнге дейін, Қытайда 42 708 сырқат тіркеліп, 1017 адам қайтыс болды. Қытайдан тыс жерлерде ауыруға шалдыққандар саны 393 (24 мемлекет), бір адам көз жұмды.

ФОТО ашық ақпарат көздерінен

Мақала авторы:

Асхат Асан

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.