Бас прокуратура Қордай оқиғасына байланысты мәлімдеме жасады

Есдәулет Қызырбекұлы - 12.02.20201361

Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев Масаншыдағы жанжал кезінде жалған ақпарат таратып, елді ұлтаралық араздыққа шақырғандар жөнінде мәлімдеме жасады.

«2020 жылдың 7-ші ақпанында Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай төбелес болды. Қазір кінәлілерді заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартатын бірнеше іс қаралуда. Жекелеген адамдар осы оқиғаны пайдаланып, жалған ақпарат таратып, ұлтшылдықты негізге ала отырып, заң бұзушылықтарға шақыруда», - делінген мәлімдемеде.

Дембаевтың сөзінше, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде аймақтың және мемлекеттің ұлтаралық тұрғақтылығына қауіп төндіретін жаңа бейне және аудио жазбалар тарауда. Олардың кейбіреуінің Қордай оқиғасына қатысы жоқ.

«Құқық қорғау органдары жазбаларды таратқан азаматтардың кімдер екендігін анықтады. Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Алматыда 1990 және 1987 жылғы азаматтар «Facebook» желісінде ұлтаралық қақтығыстар мен зорлық-зомбылыққа шақырған. 2020 жылдың 9-шы ақпанында Тараз қаласында 1983 жылғы азамат «Whats App» мессенджері арқылы дәл осындай ақпараттар таратқан. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 272 бабының 3 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», - деді Дембаев.

Бұдан бөлек, бас прокурордың орынбасары қазақстандықтарды жалған ақпарат таратпауға шақырып, Қордай оқиғасына байланысты ақпараттардың барлығы БАҚ пен ресми орган сайттарында жарияланатынын айтты.

Фото: Ашық ақпарат көздерінен.

Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.