Бәрі – кінәлі, бәрі – паразит

Сайт Әкімшілігі - 12.02.20202165

Көптен күткен «Оскар» жүлдесінің жеңімпаздары анықталды. Оңтүстіккореялық кинорежиссер Пон Чжун Хо «Паразит» фильмі бойынша төрт аталымда («Үздік фильм», «Үздік шетел тіліндегі фильм», «Үздік режиссер», «Үздік түпнұсқа сценарий») топ жарды. Бұл Азия кино тарихында болмаған оқиға. Сондай-ақ аталған кинокартина 2019 жылы Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағын» және «Алтын глобусты», АҚШ киносыншылары ассоциациясының жүлделерін жеңіп алған болатын.

Су толы аузы бекітілген бөтелкені теріс қаратып көргендер біледі. Бөтелкенің ішіндегі су бүлк ете қалады, қақпағын ашып жіберсең, лақылдап жерге төгіле бастайды. Корей режиссері Пон Чжун Хоның «Паразит» фильмі де дәл сол су толып, ақыр соңында лақ етіп жерге төгіліп, ішінде түгі қалмаған бос бөтелке іспетті. Бөтелке – қоғам, оның қай қоғам екеніне бас қатырудың қажеті шамалы. Ал лақ етіп төгілген су қоғамның сыпырылып түскен бетпердесі іспетті әрі сіз сеніп жүрген елестер мен күнде көк жәшіктен еститін, я радиодан тыңдайтын ертегілер. Бөтелкедегі суды төгіп тастасаң, ішінде түк те қалмайды. «Паразит» қоғамдағы ертегілер мен елестерді дәл бөтелкедегі судай жерге лақ еткізіп төкті де, бөтелкенің бостығын көрсетіп, оны қоқысқа тастай салды. Енді сусағанда ішетін су жоқ.

Ескі аудан, тар үй, тар көше мен мықшыңдап тірлік кешкен адамдар. Уайльдтің тілімен айтсақ, «ақша жайында байлардан да көп уайым жейтін кедейлер» тұратын бұл аудан көрер көзге тым жұпыны, бірақ қайнаған тірліктің ортасы болып көрінеді. Бір үйлі жан сасық жертөледе күн кешіп, табан асты пайда бола қалатын аз-кем жұмыстарды жасап, табыс тапса да – жетпейді. Ар жақта қарсы параллель. Сеулдің ең бай аудандарының бірі, зәулім жекежай, кең аула, ішер тамағы мен киер киімін ойлап бас қатырмайтын ауқатты Пак әулеті. Кино әдеттегі сценарийге құрылған секілді. Тіпті фильмнің қалай аяқталатынын болжап қойғандай боласыз. Бірақ режиссер көрерменді ойлағанындай емес, күтпеген бетбұрыстарға жетелейді. Кедей ауданда тұратын Ким әулетінің ұлы Ки У бай Пак әулетінің қызына жалған құжат жасатып, оқытушы болып жұмысқа тұрады да, өзінен кейін әпкесі Киджонды да осы үйге таныстықпен жұмысқа тартады. Артынан әкесі мен шешесін де кіргізіп, тұтас бір отбасы Пак әулетіне қызмет ете бастайды. Бірақ өздерінің бір отбасының адамдары екенін жасырады. Осылайша фильм шым-шытырық оқиғамен жалғаса береді.

«Паразит» «Оскар» жүлдесінде «Үздік түпнұсқа сценарий» аталымында да жеңіске жеткен еді. Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» мен «Оскардың» төрт бірдей жүлдесін еншілейтіндей «Паразит» несімен мықты шықты? Бүгінде байлар мен кедейлердің бір ортада кездесуі өте сирек құбылыс. Бұл туралы Пон Чжун Хо өзінің бір сұхбатында әңгімелей келе, фильм желісіндегі бай Пак әулеті мен кедей Ким әулеті кездескен тұсты алға тартады. Олардың үстінен кедейліктің жағымсыз иісі мүңкиді. Төртеуі бір-бірін танымайтан бейтаныс адам рөлін сомдаса да, бір иіс олардың бір ауданнан, бір таптан, тіпті бір отбасының адамдары екенін анықтап бергендей-ақ. Пак әулетінің ханымы иісті сезсе де, олардың бір отбасы екенін сезбейді. Режиссер осы тұста иісті «баяндауыш» ретінде қолданғысы келгенін жасырмайды. Оның сөзінше иіс – жеке дүние, оны адам көпшілікпен бөлісе бермейді (әтір мен гүлдің иісін есепке алмағанда). Бірақ фильм барысында иіс ортадағы таптық бөліністі айқын ажыратып берді.

Осы орайда, «Паразитке» қатысты бірқатар отандық киногерлердің пікірін білген едік. Мәселен, режиссер Ербол Жұмағұл «Паразит» фильмін Канн жүлдесін 2018 жылы жеңіп алған «Дүкен тонаушылар» фильмімен ұқсас екенін айтады. «Дүкен тонаушыларда» әртүрлі отбасы өздерін бір жанұяданбыз деп көрсетсе, «Паразитте» керісінше», – дейді режиссер. Ал Пон Чжун Хо «Паразиттің» сценарийін 2013 жылы жазып қойғанын тілге тиек етеді. Кезекті бір сұхбатында Понның «Паразит» картинасы жапондық режиссер Хирокадзу Корээданың «Дүкен тонаушыларына» қарағанда Джордан Пилдың «Біз» картинасымен ұқсас екенін журналист атап өтті. Пон Чжун Хо Джордан Пилдың «Біз» фильмінен жанрдың метафораны мейлінше салмақтырақ еткенін байқаған, ал өз фильмінде ол барокко мен абсурдизмге бас ұрмапты. Сөзінше, оған сюрреализм мейлінше жақын. Е.Жұмағұл Пон Чжун Хоның Netflix алаңына шыққан сериалдарын да көрген. Режиссер «Паразит» киносын асыра бағалап жіберді деген пікірлердің көп айтылғанын, алайда бұл «нағыз жеңіске лайық кинотуынды» екенін алға тартты.

Кинотанушы, киносыншы Дана Әмірбекованың пікірінше, «Паразит» кез келген қоғамда бар әлеуметтік тартыстың бейнесін ашып бергенімен, оған қатысты «мораль» оқымайтындығымен ерекшеленеді. «Фильм ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық іспеттес қарама-қайшылықтардың аражігін ашуға тырысып, адами құндылықтар жайлы сөз қозғамайды, режиссер өзіне ақылгөй рөлін алып, көрерменге мораль оқымайды. Пон Чжун Хоның әлемінде кінәлі немесе бейкүнә жақ қалай жоқ болса, дәл солай, әрқайсысы  кінәлі әрі бейкүнә», – дейді кинотанушы.

Фильмде үш отбасы бар. Бай Пак және кедей Ким әулетінен бөлек, Пак әулетінің жертөлесінде күн кешетін тағы бір жарлы ерлі-зайыпты. Жертөледе тұратын отбасының әйелі Мунгван бұрын Пак әулетінде үй шаруасына жауапты болып жұмыс істеп, жасырынып жатқан жұбайына ас-ауқат тасып, күн кешкен. Аяқастынан пайда бола қалған өздері секілді жарлы Ким әулеті мұнда жұмысқа тұрғаннан кейін әйелді қасақана жылы орнынан тайдырады. Тағы бір жарымжан кейіпкер қалай өмір сүрерін білмей дағдарып қалады. Ендігі сұрақ:  кім паразит? Бай әулетке жұмысқа тұру үшін мұнда күнін көріп жүргендерді қулық-сұмдықпен айдап шыққан Ким әулеті ме? Әлде қарызға белшесінен батып, ақыр соңында әйелі тірнектеумен қарызын өтеп жүрген, өздері бай отбасының жертөлесінде тұратын отбасы ма? Немесе жарлыларды жалдап, оларға азын-аулақ ақша төлеп, шалқып өмір сүретін бай Пак отбасы ма? Режиссер көрерменге осы сұрақты қояды әрі паразиттің кім екенін анықтауды көрерменнің өз таңдауына тапсырады.

«Паразиттің» кім екенін іштей әркім әрқалай бағамдар, әр кейіпкерді түсінуге тырысар. Алайда ешкімді айыптай алмаймыз. Ақиқатында, біздің қазақ қоғамына да бұл кинотуындының желісі жат емес. Байлар мен кедейлер арасындағы таптық күрес, өмір сүру үшін тірнектеу немесе тірнектегеніңе өмір сүру болмаса қарсы параллель – биік-биік жекежайларға темір қақпа орнатып алып, сырттағының бәрінен құлақты бітеп, қымбат маркалы көлікті тізгіндеп жүйткіте айдау, сосын шексіз көкқағаздар мен сатып алулар. Біздің қазақ қоғамы, әлеуметі бүгінде дәл осындай бір-біріне қарсы әрі жат әлемде өмір сүруде. Ең қорқыныштысы – мұны «Паразитті» көріп те түйсінбейтіндердің бары. Кинотанушы Ерлан Сұлухан: «Кафкашыл, нағыз Шығыс Азия мейрамхана дәміндей «ащы-тәтті» оқиғаға құрылған қазақи шытырман. «Кафкашыл» сөзіне зер салуға сал болып қалған қазақ көрерменіне сай келмейтін фильм: арманын «бір кредит, екі қатын, үш галстукқа» арнаған бес тиындай қарапайым қазақ көрмей-ақ қойғаны абзал», – дейді.

Бірақ режиссер Пон Чжун Хо одан да сұмдығын айтады. Оның сөзінше, шектен шығып кеткен өндіріс қарқыны, тұтыну артсын немесе артпасын енді  мемлекет өз азаматтарына қамқорлық танытуды доғарады. «Егер әр адамның қолында үш смартфон көрсек, оны прогресс деп атаудың қажеті жоқ». Пон Чжун Хоша айтқанда, әркім енді тек өзіне сене алады, өзіне иек артады. Мұның сұмдығы неде? Бұл «паразиттікті» арттырмаса, кемітпейді. Сонда Жер шарын көктен бақылар болсақ, бәріміз паразит болып көрінеміз бе?

Фильмнің соңында Ким отбасының оқытушы болып жұмыс істеген ұлы қолын қанға малып, Пак әулетінің мырзасын өлтіріп, қазір сол үйдің жертөлесінде жасырынып жатқан әкесіне әйтеуір бір күні осы жекежайды сатып алып беретініне уәде етеді. Шынымен сатып алып берер, сосын әкесі еркіндікке қауышар деген үміт те жоқ емес. Бірақ режиссер Пон Чжун Хо олай болмайтындығына тағы сендірді. «Біз ересек адамдармыз: ол жігіттің қолынан бұл үйді сатып алу келмейді. Басқалардың қолынан да келмес еді, біздің де. Тіпті арифметикалық орта шамасын есептесең де, бұл жекежайдың иесі болу үшін оған 547 жыл жұмсау керек. Сенесіз бе?»

«Хрущевкалар» мен еңселі, көрікті қабырғалар бір ауданда бой көтермейді, Guссi-дің табаны тиген сарайларға қара бәтеңке қалай аттасын?! Ал iPhonе-ды сатып алуға болады. Оның екі жолы бар: біріншісі – қолма-қол қомақты ақшаға, екінші жолы – айлап төлейтін несие арқылы. Біз таныған ақиқат осы. Әрі ол өзгерген емес. Себебі біз «мәңгілік ел» болуға бел байлағанбыз. Оның қанша уақыт екенін ешкім де білмейді. Ең өкініштісі – біз оның арифметикалық ортасын да шамалай алмаймыз. Ал «Паразиттің» «Оскар» сыйлығын алғанынан бұрын, бар әлем көзі жеткен я көзі жетпеген шындыққа қауышуын бағалы дер едік.

Авторы: Сафина Ақтай

Коллаж: Жас Алаш.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.