ҚОРДАЙ ОҚИҒАСЫ: Қақтығысқа билік кінәлі ме?

Сайт Әкімшілігі - 13.02.20201105

Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Масаншы, Сортөбе, Қарасу секілді бірнеше елді мекенде жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығыстан 10 адам қаза тауып, 36 үй, 11 коммерциялық нысан, 44 автокөлік өртенген. 170-тей адам емханаға қаралса, 44 адам әлі ем алуда. Ақпарат көздері 4500-ге жуық ел тұрғындары Қырғызстанға босып өткенін хабарлады. Олардың кейбірі Қазақстанға кері орала бастаған. Қазір ауылда үкіметтік комиссия  жұмыс істеп жатыр. Олар өртенген үйлердің қалпына келтірілетінін, жанжалға жауапты адамдардың жауапқа тартылатынын уәде етті.

ҚАҚТЫҒЫС НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

Оқиғаның мән-жайы ақпарат көздерінде жиі айтылды. Жергілікті ауыл тұрғындары дүнген этносы өкілдерімен бұған дейін де бірнеше мәрте қақтығыс болғанын, бірақ соның көбі «бармақ басты, көз қыстымен» жабылғанын жеткізуде. Осы жолы 80 жастағы қария мен оның екі ұлын соққыға жыққаны айтылды. Оқиғаның тұтануына негізгі себеп сол деген болжам бар.  Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл нұсқаның да қарастырылып жатқанын, алда әлі де түбегейлі зерттеу жүретінін жеткізді.

ТЕК ҚАНА «ӘЛЕУМЕТТІК КИКІЛЖІҢ» БЕ?

Елімізде мұндай оқиғалар жыл аралатып бұған дейін де талай мәрте болды. Соның бәрін билік өкілдері «этносаралық қақтығыс емес, әлеуметтік кикілжің» деумен жылы жабуға тырысты. Әрине, бұрынғы ұйғырлар мен қазақтар, шешендер мен қазақтар, түріктер мен қазақтар, өзбектер мен қазақтар т.б. оқиғаларға назар салсаңыз, көбінесе мемлекетті құраушы ұлттың өзге халықтармен қақтығысы негізінен әлеуметтік теңсіздіктен туындайтынын білу қиын емес. Бұған басты себеп ретінде өзге ұлт өкілдері жиі шоғырланған ауылдарда қазақтардың  әлеуметтік жағдайы өзімен ауылдас өзге ұлттардан төмен екенін және кез келген этносаралық кикілжіңді шешуде жергілікті биліктің бұра тартып, әділ тергеу жүргізбейтінін, қылмыскерлердің тиісті жазасын алмайтынын айтушылар көп. Сарапшылар талай жылдан бері «ынтымағы жарасқан» елдің «көркем моделіне» нұқсан келтірмеу үшін биліктегілер үнемі қазақтарды кінәлі етуді үйренгенін, соның соңы осындай оқиғаға әкеліп соққанын айтып отыр. Бұған Шелек, Моловодныйдағы оқиғаларды мысал етеді. Демек, оқиғаның бір ұшы «әлеуметтік теңсіздікте» жатса, екінші ұшы жемқорлық пен жалпақшешейлікте, әділетсіздікте жатыр.

Назарбаев құрған жүйе тәуелсіздік жылдары күн-түн демей «бірлік пен ынтымақты» жыр етумен келді. Саясаттанушы Андрей Чеботарёвтің пікірінше, «мұндай оқиғалардың туындауының бір себебі жергілікті халық ішкі істер органдарына сенбегендіктен, өз беттерінше шешуге ұмтылады».

«Жергілікті әкімдік өкілдері қоғамдастықтар арасында жиналыстар өткізіп, халықтардың өзара түсінісуіне, бірлікте өмір сүруіне тиісті шаралар ұйымдастыра алмайды. Ол үшін ауылдық және қалалық елді мекендер тұрғындарының өздері құрған, оларға есеп беретін және жергілікті жағдайды реттеуге қабілетті жергілікті өзін-өзі басқару тетігін қалыптастыру қажет», – дейді саясаттанушы.


МӘДЕНИ ОРТАЛЫҚТАР ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕС

Бізде Назарбаевтың «новаторлық» бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы жұмыс істейді. Әдетте биліктегілер бұл ұйымды «Кіші БҰҰ» деп мақтануға бейім. Этносаралық кикілжіңдер кезінде үнемі көпшілік сол ассамблеяны «олар қайда қарап отыр» деп сынайды. Шындығында, жыл сайын «гүлденген, дамыған» елдің барлық жетістігі «берекесі ұйыған қоғамымызда» екенін айтып, алқалы жиындар, мерекелік шаралар өткізетін, әр ұлттың мәдени орталықтарын құрып, олардың тілі мен салт-дәстүрін дәріптеуге барын салатын билік өкілдері «ассамблеяның негізгі міндеті – ұлтаралық келісімді нығайту» деуден танбайды. Бірақ дәл осындай кикілжің кезінде олардың ашық пікір айтып, елден бұрын пікір білдіргенін байқамайсыз. Әдетте мемлекеттік тілді білетін ондаған өзге ұлт өкілін үкілеп, солардан сұхбат алып, жарнамалап жататын телеарналар бұрынғы әдеті бойынша тағы сол мемлекеттік тілді білетін бір-екеуін сөйлетуден арыға аспайды.

Еліміз бойынша дүнген мәдениет орталығы деп тіркелген ұйымдар саны жетерлік. Әдетте жергілікті билік ассамблеяның облыстық  бөлімшелерін «кіші ассамблея» деп атайды. Әр облыста тіркелген мәдени орталықтар  осы кіші ассамблеяға қарайды. Андрей Чеботарёв ҚХА-ның жұмысы түсініксіз, сол үшін этносаралық мәселелермен айналысатын жеке орган керек деген пікір айтады.

«Кез келген деңгейде маңызды мәселелерді анықтауға және ұлтаралық қақтығыстардың алдын алуға баса назар аудара отырып, этноұлттық саясат пен этносаралық қатынастар мәселелерімен жүйелі айналысатын орталық мемлекеттік орган құру маңызды. Орталық және аймақтық ҚХА бұл мәселемен ешқашан айналыспаған және олардың өкілдері қарастырылып жатқан оқиғаларды шешу процесінде ерекше байқалған жоқ. Сондықтан оқиғалардан сабақ алып, байыпты реформа жүргізетін уақыт жетті», – дейді саясаттанушы.

Осы пікірден түйер қорытынды біреу: ҚХА – аты бар да, заты жоқ ұйым. Оның еліміздің бірлігін нығайтуда атқарған рөлі әр ұлттан шыққан белгілі бір азғана отбасылар мен топтардың мүддесін қорғаудан арыға ұзамай отыр.

Айталық, әр ұлт атынан құрылған мәдени орталықтар облыстан тендер алып, мәдени шаралар өткізуден қолдары босамайды. Сенбесеңіз, сол орталықтарды тексеріп көріңіз. Онда жұмыс істейтін бес-алты адам ғана. Олардың дені бір отбасының қолында екенін сол ұлт өкілдерінің өздері айтып жүр. Жергілікті билік үшін мәдени орталықтардың жұмысының мазмұны емес, формасы, содан кейін жиын-тойының есебі ғана керек. Саясаттанушының «этносаралық мәселелермен айналысатын арнайы орган керек» дейтіні де сондықтан.

ОҚШАУ, БҰЙЫҒЫ ЭТНОС

Оқиғаға қатысты видеоларға қарап, дүнгендердің түгелдей орысша сөйлейтіндерін байқаған жұрт «Бұлар неге қазақша сөйлемейді?» деп ашулы жазбалар қалдырып жатты. Олар түгіл, өзіміздің биліктегілер мен қаладағы қазақтардың басым бөлігі орыс тілінде сөйлеуге бейім екендігін барша жұрт көріп отыр. Мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне ие бола алмауы «ұлттың өзін-өзі қор сезіну» комплексін тудырады. Қазақстандағы 130 ұлттың дені орысша сөйлейді, орыс мектебіне барады және оны «Қазақстанда өмір сүрудің ең тиімді тәсілі» деп біледі. Бұл үшін оларды кінәлай алмайсыз. Өйткені еліміздегі саясат, экономика, бизнес орыс тілінде жүреді. Орыс тілі «ұлтаралық тіл» статусынан да жоғары. Бұл – биліктің тілі.

Екіншіден, дүнгендердің басым бөлігі негізінен Жамбыл облысына шоғырланған. Олардың көбі орыс мектептерінде білім алады. Тағы бір ескеретін жайт, дүнгендердің балаларын ЖОО-ларда оқытуға құлықсыздығы. Мектеп бітіре салысымен ауыл шаруашылығымен яки саудамен айналысады. Дүнгендердің бұл ерекшелігі оқшау, бұйығы өмір сүруге итермелейді. Бала туу көрсеткіші ең жоғары ұлт ретінде де дүнгендерді атауға болады. Әр үйде жеті-сегіз баладан кем емес.

Дүнген және орыс тілінде сөйлейтін, өзге этностармен араласуы тым баяу, қыздарын басқа ұлттарға беруді ар санайтын, тұрмыс-салты мен шаруашылығы да бөлек этносты Қазақстанға бейімдеу, қазаққа жақындату үрдісі мүлдем жүрген жоқ. Ал желі қолданушылардың «қазақша білмейді, қазақты менсінбейді» деуі орынды ма? Ұлттық демей-ақ қоялық, мемлекеттік идеология ақсап тұрған елде, мұндай кикілжің өзге ұлттардың да арасында тағы да болса, таңғалмаңыз.

ДҮНГЕНДЕРГЕ «СЫРТҚЫ КҮШ» ӘСЕР ЕТТІ МЕ?

Әлеуметтік желілерде «дүнгендерді қазаққа қытайлар айдап салды» деген пікір де айтылды.  Бұл жаңсақ пікір дер едік. Себебі Қытай дәл қазір Қазақстандағы өзге ұлттарды өзіне тартуға «қауқарсыз». Бірақ...

Соңғы жылдары Қазақстандағы Қытай елшілігімен жұмыс істейтін дүнгендердің бірнеше ұйымы бар екенін қоғам белсенділері жиі айтып жүр. Олар Қытаймен қандай байланыс орнатқан? ҰҚК-нің жіті назарға алатын шаруасы осы болса керек. Әдетте балаларын оқытпайтын дүнгеннің жастары соңғы жылдары Қытайдан білім алуға әуестеніп кеткен. Бұл туралы Тұрдыбек Құрметхан атты қолданушы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. «Қытай елшілігі және консулдығының аса қамқорлығына ие дүнгендердің бірнеше ұйымы бар және олар өздерін Қытай диаспорасы ретінде санайды. Түркілердің наурызын, қазақтың Тәуелсіздік күнін тойламайтын олар Қытайдың жаңа жылын тойлайды. Қазақтар Қытайдың елшілігі мен консулдығына арттағы ағайынның қамымен барса, дүнгендердің де өз есебі болды. Олар соның нәтижесінде, әсіресе Шыңжаңдағы ұйғырлардың жағдайынан (2009) кейін Қытаймен саудадағы ырықты орынға шықты. Қытайдан келетін тауардың майлы жілігі осылардың қолында болды. Алматы базарлары мен сауда-саттық транзитті иемденді. Сондай-ақ бұған дейін жоғары білім алмайтын жастарын шетінен Қытайға оқуға жіберді. Осылайша 200 жыл бұрын шекарадан екі аяғымен өткендер соңғы 20 жылда бір аяғын тағы Қытайға салды», – дейді ол. Оның пікірінше, осындай жүйелі экономикалық (саяси) қолдаудың нәтижесінде дүнгендер экономикалық жақтан мығым орынға ие болған. Әсіресе Қытайдың қырғыз арқылы өтетін сауда-саттығына  дүнгендер иелік етіп отыр.

Біз мақала жазу барысында «барахолкада» сауда істейтін кісілермен де сөйлескенбіз. Орталық Азиядағы ең үлкен базардың бірі саналатын «барахолканың» көтерме саудасына (оптом) негізінен дүнгендер иелік ететінін айтады. Олар құрылыс материалдарын, ыдыс-аяқ, киім-кешек, жиһаз тауарларын меншіктеп алған. «Барахолкадағы көтерме сауданың 70 пайызы солардың қолында. Қытай мен Қырғызстаннан тауар әкеліп сатады. Өте ұйымшыл. Маусым бойынша 30-40 адам бірігіп жұмыс істейді. Олармен саудада бәсекелесу мүмкін емес», – дейді сатушы Елшат есімді жігіт.

ҚАЗАҚТАР ЕМЕС, ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ КІНӘЛІ

Қордайдағы оқиға Қазақстанда қоғамның дегредациялық күйге түскенін айғақтайды. Бұл – сарапшылардың пікірі. Бұрынғы оқиғалармен салыстырғанда бұл жолғы қантөгіс мүлдем бөлек болды. Халық бір-бірін өлтіріп, қару кезенді. Дүнгендер мен қазақтардың қақтығысын бүкіл әлем жарыса жазып, «озбырлыққа» теңеп жатыр. Себебі оқиғадан жапа шеккендердің ішінде бейкүнә азаматтар да мол.

Еліміздегі кейбір сарапшылар ұзақ жылдар бойы әділетсіздікке тап болған, биліктің өтірігі мен алдаусыратуына әбден ызаланған халықтың өшін өзгелерден алуы деп те түйіндеді. «Егер Назарбаев жүйесі еркін де әділетті, демократиялық принциптерге сай қоғам құрса, бай мен кедей арасындағы алшақтық шектен шықпаған болса, мұндай оқиғалар болмас еді». Әлеуметтік желілерден мұндай пікірлердің сан-мыңын кезіктіруге болады. Еуропада министр болған тұңғыш қазақ, қазір Чехияда тұратын қандасымыз Джамиля Стехликова өз пікірінде: «Бұл қантөгіске менің ұлтым – қазақтар емес, демократиялық сайлау өткізбеген, құқықтық мемлекет құрмаған, әлеуметтік теңдік орнатпаған Қазақстан билігі кінәлі. КСРО ыдырағаннан кейін билікті қолына алғандар халықтың қайғы-қасіретінен пайда көреді. Олар қымбат виллалар сатып алады. Ал болашағынан үмітсіз адамдар мемлекет пен полиция жұмыс істемейтін ауылдарда бір-бірін өлтіреді», – депті.

Мұндай оқиғалар екінші рет қайталанбауы үшін біздің бүгінгі жүйе не істеуі керек? Не істей алады?

Автор: Қадыр АРҒЫНБЕК

Фото: Әлеуметтік желіден.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.