Алтынбектің орны ойсырап тұр

Сайт Әкімшілігі - 13.02.20201715

Кез келген елдің тарихында «осы оқиғаға дейін және одан кейін» дейтін кезең болады. Қазақстанның соңғы 30 жылғы тарихын «Алтынбек Сәрсенбайұлына қастандыққа дейін және одан кейінгі кезең» деп бөлуге болар еді.

Алтынбекке дейін бұл билік Заманбек Нұрқаділовқа «үш рет оқ атқызғаны» рас. Алматының экс-әкімінің өлімін билік «өз-өзін өлтірді» деп, шындықты жасыруға тырысты. Негізгі ресми қорытынды да солай. Бірақ Алтынбектің өлімі өзгеше сипатта болды. Оның өзін ғана емес, көмекшісі Бауыржан Байбосынды және жүргізушісі Василий Журавлевті бірге атты. Тапа тал түсте. Ешбір шімірікпестен, ешкімнен қорықпай көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін өлтіріп кетті. Және бұл қылмысты көшедегі баскесерлер жасаған жоқ. Алтынбек пен оның көмекшілерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы жасағының жауынгерлері өлтірді. Бұл фактілердің өзі Алтынбек Сәрсенбайұлы өлімін мемлекет тарапынан жасалған «саяси террор» деп бағалауға толық мүмкіндік береді.

Бүгін, 11 ақпан күні, Алтекеңнің қандықол жендеттердің қолынан қаза тапқанына 14 жыл толды. Егер тірі болғанда, биыл небәрі 58 жасқа толар еді. Сенімдімін, егер қазақ халқы Алтынбегінен айырылып қалмағанда, осы 14 жылдың ішінде елдегі жағдай басқаша болар ма еді. Кемінде елдегі ең мықты оппозициялық күштің ұйытқысы болып, жұмысын жүргізер еді. Ал дәл сондай күш қазіргі жағдайда ауадай қажет. Әсіресе Назарбаев де-юре қызметінен кетіп, халықтың ашу-ызасы қайнап, авторитарлы биліктен қалың жұртшылық ығыр болған тұста. Өткен президент сайлауын алыңыз. Сол додаға, аман болғанда, әрине, оппозицияның басты үміткері ретінде Алтынбек Сәрсенбайұлы түсер еді. Алтекең тірі болғанда, Қосанов сияқты сайқымазақ саясаткерлердің сайлауға түсуі тіпті мүмкін болмас еді. Ал сол сайлауда Назарбаевтың «қуыршағы» іспеттес болып отырған Тоқаев жеңе ме, әлде Қазақстанды қалай дамыту керегін білетін, терең ойлы, білімді, демократ Алтынбек Сәрсенбайұлы алда келер ме еді? Әрине, халықтың ықыласына бөленген Алтекең. 58 жастағы тұлға бүгіндері нағыз ұлт көшбасшысы болар еді.

Әрине, өз-өзімізді жегідей жеп, бордай тоздыру мақсат емес. Бірақ 2006 жылы 11 ақпан қасіретін болдырмағанымызда, онда Жаңаөзен қырғыны да болмас па еді, кім білсін?!  Себебі билік Алтынбектей арысын қорғай алмаған халыққа тағы да күш көрсетуге болады деп шешті. Артынша бейбіт мұнайшыларға оқ жаудырып, азаматтарды қырып салды. Тағы да қан төкті. Бұл жолы оқ атқан ҰҚК емес, полиция қызметкерлері еді. Оқ атып қана қоймай, жараланып, жерге құлағандарын шоқпармен сабап, тепкінің астына алды. Тірі қалған қанша мұнайшыны тергеушілер мен оперативті қызметкерлер азаптады, ұрды, соқты. Сенбесеңіз, азапқа түскен мұнайшы Роза Төлетаеваның айтқанын оқыңыз. Тепкінің кесірінен денсаулығынан айырылып, түрмеден шыққан соң қайтыс болған мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтің тағдырын қараңыз. Мұндай жауыздықты жаудың әскері де кейде жасамайды. Ал мыналар өз халқына өздері көресіні көрсетті.

Бірақ Алтынбекті өлтіргенімен, оның идеясын өлтіре алған жоқ. Алтекеңнің идеясы – әділдік, бостандық және демократия қазір жаңадан қарқын алуда. Оның көзі тірісінде айтқаны мен жазғаны әлі күнге дейін өзекті. Мысалы, мына айтқандарына зер салыңыз: «Тәуелсiздiк жағда­йында ғана ұлттық идеялар мен мүдделерiмiздi жүзеге асыруға толық мүмкiндiк алдық. Ал ендi екiншi мәселе ретiнде айтатын болсақ, ол бiздiң ұлттық мүддемiздiң бiреуi – iшiмiзде отырған басқа ұлт өкiлдерiмен денi дұрыс бәсекелес бола алуы­мыз, олардан кейiн қалмауымыз. Ол үшiн не iстеуi­мiз керек? Ол үшiн бүгiнгi қазақ халқының алдында тұрған ұлттық идеяның, ұлттық мүдденiң бiреуi – ол қазақ халқын қалаларға шоғырландыру. Халқымыздың 60 пайыздан астамы ауылда отырғанда бiз iшiмiздегi халықпен, сыртымыздағы халықпен, дүниежүзiмен бәсекелес бола аламыз, алға қарай жүре аламыз, бүгiнгi мына ғаламдастықтың қойып отырған сұрақтарына жауап берiп, жаңа технологияға ұлтымызды жақындастыра аламыз дегенге мен сен­беймiн. Мемлекетке, бүгiнгi үкiметке күш сала отырып, әртүрлi мүмкiн­шiлiк­терiмiздi пайдаланып, бiздiң ұлтты қала тұрғыны жасап, сол арқылы оны бүгiнгi жаңа технологиялар­ға iлiндiрiп, сол арқылы оны алдымен Қазақстан iшiндегi басқа, бiзден өнер­кәсiптiк шеберлiгi дамыған ұлттың алдына оздырып, көршi аймақтағы елдердiң алдына шығарып, сол арқылы ертең ғаламдық немiстен, голландықтан, американдықтан, шведтен кем түс­пейтiн кәсiпкер жасайық». Салиқалы саясаткердің ойы. Өз ұлтының қамын жоғары қоятын, ешкімге бас идіргісі келмейтін тұлғаның пікірі.

Кешегі Қордайда болған жағдайды алайық. Неден болды бұл? Әрине, оның сылтауы жетерлік. Бірақ басты себебі неде? Әлеуметтік теңсіздіктен. Ауылда отырған қаймана қазақ айналасында не болып жатқанын көріп отыр. Билігі – жемқор, күштік құрылымдары – өктемшіл. Жұмыс жоқ, алға басу жоқ, отбасы қиын жағдайда. Ашынған кезде адам не істемейді? Ат төбеліндей топ миллиардтап байлықты ұрлап жатқанын көруде. Ал өздеріне тиын-тебен әрең бұйырып отыр. Көпбалалы аналар 21 мың теңгесіне зар болуда. Әлеуметтік жарылыс болмағанда, қайтсін? Алтекең соны дөп басып айтып отыр. Ұлттық идея деген даңғаза жобалар мен миллиардтаған ақшаны құмға сіңген судай қылған ЭКСПО-лар емес. Ұлттық идея – білім мен ғылым, жаңа технологиялар, даму. Ал ол қайда бар? Қалада, әрине. Қазақ тілінің мәселесін қалай шешеміз деп 30 жыл жүрдік. Алтекең оның шешімін бір мақаласында айтып отыр. Қазақ білімді, ғылымға жақын, жаңа технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті ұлт болса, оның тілінде кім сөйлемейді? Бәрі сөйлейді! Кешегі Қордайдағы дүнгенің де үйренеді, солтүстіктегі орыстар да судай сөйлейді. Себебі қазақ тіліне қажеттілік туындайды. Қазақ қалаға көшіп, білім мен ғылымды меңгерсе, қазақ тілі технологияның, кәсіпкерліктің тіліне айналады. Ал ол тілде кім сөйлемейді? Мемлекет басшысынан бастап, қатардағы саудагерге дейін үйренеді. Бұл қоғамдық өмірдің заңдылығы. Бұл сөзінде Қазақстанда демократияны қалай орнатамыз дегенге де жауап дайын. Неге десеңіз, ғылымды меңгерген, технологияны үйренген, кәсібі бар, табысы жоғары адам авторитарлы жүйеге, әділетсіздікке төзбейді. Орта таптың пайыздық үлес салмағы өскен сайын демократиялық процестер жылдамырақ жүреді. Алтекең мұны да қоғамға айтып отыр.

Тағы бір сөзінде А.Сәрсенбайұлы былай дейді: «Ал енді таққа мұрагерлікке келсек, егер «таққа мұрагерлік» басқарудың ең тиімді жолы болатын болса, дүниежүзі елдерінің монархиядан бас тартып не әуресі бар? Ол заман әлдеқашан келмеске кеткен. Билік саяси көзқарастардың тартысынан туындауы керек. Және билік басына кім келсе де, сол адам жетекшілік ететін саяси партияның көзқарасы үстем болуы керек, билік соның негізінде құралуы керек. Сонда ғана билік тұрақты болады. Сонда ғана билік пен халықтың қарым-қатынасы дұрыс болады. Ал егер кез келген бір билікті кез келген жолмен билік басына әкеліп, қондырғы құсатып қоя салсақ, ондай билік қанша жерден мықты болса да, орнықты бола алмайды. Өйткені  оның халыққа қатысы жоқ, халықтың оған қатысы жоқ. Бұл жағдай, түптеп келгенде, мемлекеттің болашағына кері әсер етуі мүмкін». Алтекең мұны сонау 2000 жылдардың басында емес, күні қазір айтып тұрғандай. Назарбаев пен Тоқаевқа қаратып, «бұл жасап отырғандарың тиімді болмайды, халық оған сенбейді» деп тұрғандай. Расында да, қазіргі Тоқаевқа қараңыз. Саяси ерік-жігерінің, табандылығының көрінбей тұрғанын айтпағанның өзінде, қоғамда да қолдауы аз екені көрініп тұр.

Президенттік билікке келіп, де-юре мемлекет басшысы болғанымен, бірде-бір күрделі реформаны жүзеге асыра алмады. Билікке келіп, үйдей уәдені бергенімен, бірде-бір өзгеріс болған жоқ. «Саяси партиялар туралы» заң өзгеріссіз. Тоқаев президент болғалы бір жаңа партия тіркелді ме? Жоқ. «Сайлау туралы» заң мүлдем қозғалмайды. Бейбіт жиындарға рұқсат беру түгіл, қазір заң одан да қаталданып жатыр. Саяси тұтқындар әлі де абақтыда отыр. Алтекеңше айтқанда, Тоқаев «қондырғы құсап отыр». Бірақ халықтың мүддесінде, халықта шаруасы жоқ. Себебі бар билік сол бұрынғы басшысының қолында. Ал бірақ мұның арты жақсылыққа апармайтыны түсінікті. Себебі халық мемлекеттік органдарға сенбейді. Биліктің айтқанына нанбайды. Оның уәдесінде тұрмайтынын, ұлттық мүддені ойламайтынын біледі. Ал биліктің қадірі кеткенде, мемлекеттік органдарға деген сенім жоғалғанда, арты жақсылыққа апармайтыны түсінікті.

Тағы да сол Қордайды алайық. Құртақандай елді мекенде болған қақтығысты бүкіл мемлекеттік органдар жабылып жүріп әрең басты. Ал ғайыптан тайып ондай жағдай үлкен қалада болғанда ше? Мемлекетке қатер төнбес пе еді? Былайша айтқанда, Қордайдағы жағдай «қондырғы құсап отырған» биліктің тікелей қателігі. Неге бұл қақтығыстың алдын алмады? Неге алдын ала сол жерде тұратын халықтың ой-пікірін зерттемеген? Полицияға қол көтеретіндей, оған бағынбайтындай есіртіп жіберген кім? Алтынбек біліп айтқан, артында қолдаушысы жоқ, халқы жоқ биліктің ертеңі де болмайды. Сол үшін билікке бір адамның қалауымен ешкім келмеуі керек. Билікке миллиондаған халықтың қалауымен, қалың көпшіліктің қолдауымен келуі керек кім болса да. Сонда оған сенім болады. Ал қазіргідей билікке қандай сенім болуы мүмкін?

Тағы бір сөзінде Алтекең былай деді: «Өз еркiмен кету демекшi. Халықтың бiр адамнан шаршайтынын ескермеуге болмайды. Бiртектiлiктiң бiрың­ғайлыққа ауысқанынан жерисiң. Бiр адамның билей бергенi халықты қажытады. Жемқорлық пен жалғандыққа белшесiнен батқан оның айналасы жирендiредi. Халық үлкендi-кiшiлi шенеунiктердiң күнделiктi озбырлығын қолдай ма?» Осы сөз тікелей Назарбаевқа айтылып тұрғандай. Бірақ өзінің саяси қарсыласының пікіріне елбасы, әрине, құлақ аспайды. Билікті қолымда ұстап тұрмын, уысымнан шығармаймын деп отырар, бәлкім. Бірақ олай болмайды. Оны Алтекең түсінетін адамға тайға таңба басқандай етіп айтты.

Үштаған туралы айтқанын қалай ұмытасыз? «Бiздiң өзiмiздiң үштағанымыз бар. Үштаған – ошақтың үш бұты сияқты, қазiргi режимнiң тiректерi. Бiрақ әрқайсысы өз ойына келгенiн iстеуде. Өздерiнiң дүниетанымдарына қарай. Өздерiнiң мәдени өресiне, халыққа деген көзқарастарына орай. Қоғамға, елге қарым-қатынасына қарай. Қазақстанның қандай болатынын көргiсi келетiндiгiне қарай. Мәселен, 10, 20 жылдан кейiн.

Отбасының билеп-төстей бергiсi келедi...

Бүгiнде Назарбаев балалары мен әулетiнiң бизнеспен айналыспайтынын дабырайта айтып қояды. Солай-ақ болсын. Бұған өзiмiздi күштеп сендiруге тырысайық. Дариға депутаттық айлығымен күн көредi делiк... Айталық, әрбiр азамат ұлттық телеарнаны қарағанда Дариғаны ойламасын. Ал автокөлiк иелерi қымбат бағалы бензиндi құйғызып жат­қанда олардың иесiнiң тағы бiр күйеубала екендiгiн есiне түсiрмесiн. Қош делiк. Егер олардың ешқайсысы бизнеспен айналыспайтын болса, онда бiр отбасында  төрт саяси партияның болуын сiз немен түсiндiрер едiңiз?» – деп, орын-орнына қойып берген еді Алтекең. Сол «Үштаған» әлі күнге дейін билік төрінде отыр. Ал А.Сәрсенбайұлы марқұм болды.

Он төрт жыл өтсе де, Алтекең мен оның серіктерінің қазасы ашылмай келеді. Тіпті заңдық жағынан президент ауысса да, жабулы қазан жабулы күйінде қалуда. Бұл шындықты жасырып, жауып отыруға болмайды. Алтынбек Сәрсенбайұлы өлімін зерттейтін арнайы комиссия құрылуы тиіс. Тоқаевтан соны талап етіп, шарт қою – қоғамның міндеті. Егер шартты орындамаса, онда тарихта халық талабын орындай алмаған қауқарсыз басшы болып қалады. Қазірдің өзінде анық, бұл қылмысқа тікелей қазіргі саяси билік жүйесі кінәлі.

Осы орайда, Еуропаның соңғы диктаторы атанған Лукашенко билігіне қатысты мәселені қозғайық. 2019 жылдың қыркүйек айында «Дойтче Велле» редакциясына Юрий Гаравский (Белоруссияның арнаулы күштерінің экс-офицері) келеді. Оның айтуынша, 1999-2000 жылдары ол Лукашенко билігінің қарсыластарын өлтіруге тікелей қатысқан. Жоғары биліктен түскен тапсырмаға сәйкес, ол елдің бұрынғы ішкі істер министрі Захаренконы, орталық сайлау комиссиясының экс-төрағасы Гончарды және оппозицияға қаржылай қолдау білдірген кәсіпкер Красовскийді тапсырыспен өлтірген. Ол Белоруссияның экс-ішкі істер министрі Захаренконы өлтірместен бұрын, бір жарым апта бойы аңдығанын, оны алдымен ұстауға, кейін атуға өзінің командирі Павличенконың тапсырыс бергенін ашық айтады. Артынша сол Павличенконың үстінен қозғалған қылмыстық іс құжаттарын Белоруссия мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері қолдарына беріп, оны өртегенін де журналистерге баяндайды. Түптеп келгенде, белорус оппозиция жетекшілерінің өліміне күштік құрылымдардың басшылары тікелей қатысты деген сөз. Ал олардың бұл қылмысты ел президенті Александр Лукашенконың рұқсатынсыз жасауы мүмкін бе? Жоқ, әрине!

Ал енді Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына оралайық. Жоғарыда айтқанымыздай, бұған ҰҚК арнайы жасағының жауынгерлері тікелей қатысты. Тура Белоруссиядағы сценарий қайталанып тұр. Сенаттың бұрынғы аппаратының жетекшісі Өтембаев тапсырыс беруші ретінде сотталды. Кейін Алтекеңді атқан Рүстем Ибрагимов «тапсырыс беруші – Рахат Әлиев» деп куәгерлігін өзгерткен соң, Өтембаев босап шықты. Сараптайтын болсақ, тапсырыс берушілер де, орындаушылар да мемлекеттік қызметкерлер. Сонда осының бәрі елдің сол кездегі президенті Назарбаевтың назарынан тыс қалуы мүмкін бе? Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін, танымал оппозициялық саясаткерді, партияның теңтөрағасын ҰҚК сарбаздары өлтіріп жатқанын Қазақстан басшылығы қалай көрмей қалды? Міне, зерттейтін, зерделейтін нәрсе жетерлік. Бір анығы – бұл қылмысқа саяси жүйе басшылығы тікелей жауапты.

Неге өлтірді деген сұрақ та туындайды. Себебі Алтынбектің саяси потенциалынан, білімінен, ақылының тереңдігінен және болашақта ұлт көшбасшысы болу мүмкіндігінен қорықты. Өткен ғасырда Сталин қазақ халқының лидерлерін қынадай қырды. Тәуелсіздік жылдарында дәл сол саясат жалғасын тапты. Халықтың көшбасшысы бола алатын Алтынбек Сәрсенбайұлын сол үшін өлтірді. Алтынбектің орны әлі күнге дейін ойсырап тұр. Сондықтан 2006 жылы жасалған қылмыс Алтекеңнің отбасы мен әулетіне ғана емес, бүкіл қазақ халқына қарсы жасалған қылмыс болды. Уақыты келер, 11 ақпан тәуелсіздік жылдарындағы Саяси террор құрбандарын еске алу күні болатыны анық.

Қазіргі елдегі жағдайды зерттейтін, әсіресе ұлттық саясатты, қоғамдық қатынастарды, көршілермен, әсіресе Қытай мен Ресей сияқты алпауыт елдермен байланысты зерделейтін, сараптайтын тәуелсіз институт ауадай қажет. Осы орайда, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы Саяси зерттеулер институтын құру қажеттігі туралы идея туындайды. Яғни мұндай институттың құрылуы оның саяси мұрасын жалғастырудың бірден-бір жолы екені анық.

Автор: Жанболат Мамай, саясаткер.

Фото: Азаттық радиосы.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Сайт Әкімшілігі

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

Сайт Әкімшілігі

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

«Сабыр түбі – сары алтын»

Сайт Әкімшілігі

«Сабыр түбі – сары алтын»

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Сайт Әкімшілігі

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Сайт Әкімшілігі

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Сайт Әкімшілігі

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

Сайт Әкімшілігі

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Сайт Әкімшілігі

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Сайт Әкімшілігі

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Сайт Әкімшілігі

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Сайт Әкімшілігі

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Қарағандыда атыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қарағандыда атыс болды

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?

Сайт Әкімшілігі

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?