Қордай қорытындысы: Ассамблеяны тарататын уақыт жетті

Сайт Әкімшілігі - 13.02.20203977

«Жас Алаштың» өткен санында Қордайдағы қақтығысқа байланысты біраз мәселені айттық. Жаңа деректерге сүйенсек, қазақ пен дүнген арасындағы жаппай төбелес барысында 10 адам көз жұмған. Жараланған полицейлердің арасында Алматы облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары да бар. Бірнеше сағатқа созылған қақтығыста осынша адамның қаза болып, 100-ден астам кісінің жараланғанына қарағанда, Қордайда кескілескен шайқас болғанға ұқсайды.

Негізінен, қазақ пен дүнгендердің арасындағы текетірес бұрыннан болған тәрізді. Ол туралы жергілікті тұрғындар қазіргі Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесуде де айтты. Масаншы, Сортөбе ауылдарында тұратын дүнгендердің қазақ тұрғындарға қысастық көрсеткені, бұрыннан әлімжеттік жасап жүргені туралы ақпарат әлеуметтік желіде өте көп таралуда. Әрине, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Егер екі тараптың арасында бұрыннан келе жатқан дау болмаса, мұндай деңгейдегі қақтығыс болмайтыны анық еді. Демек, 6 ақпан күні «бір-біріне жол бермей, артынша 80 жастағы қарияны ұрып-соғу» тек қана сылтау болған. Себебі бұдан тереңде болса керек.

Бұл мәселеде кім айыпты десек, бірінші кезекте билік органдарын атауымыз керек. Біріншіден, қазақ пен дүнгеннің арасында осындай даудың барын, кикілжіңнің болып тұратынын басқа емес, полиция мен арнаулы күштер білуі тиіс еді. Білген де болар. Бірақ оны шешудің жолын қарастырудың орнына мәселені кейінге ысырып, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып отырған. Екіншіден, қақтығыстың басы 6 ақпан күні болған. 7 ақпанға дейін ресми ақпарат көздері бұл туралы аузын ашпай, ләм-мим демеген. Егер халықты уақытында ақпараттандырып, болған жайды жасырмай, мәселенің мәнісін айтқанда, мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Оның орнына биліктің аузына қарап отыратын мемлекеттік БАҚ қақтығыс аяқталып, қантөгіс орын алған соң ғана жаңалық тарата бастады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев блогерлерді айыптап, солармен алысқанша, өзінің саласын бірінші кезекте реттегені жөн еді. Үшіншіден, қақтығыс басталған тұста полиция қызметкерлері қайда қарады? Әдетте бір адам пикетке шықса, бірнеше полиция жетіп келіп, адамды тұтқындай жөнелетіні белгілі. Ал бұл жолы сол полиция қызметкерлері қайда болды? Неге жаппай төбелес басталып жатқанда оқиға орнынан табылған жоқ? Төртіншіден, Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы тиімсіз әрі қажетсіз екені осыдан байқалды. Халық арасында бірлікті жарастырамыз деп жүргендердің үні шықпай қалды. Жұмыстарының өнімсіз, нәтижесіз екенін көрдік. Олардың тоғыз депутаты қайда жүр? Тым болмаса біреуі барып, екі тарапты бұрыннан табыстырмай, не қарап жүр?

Осы қақтығыстан соң Жамбыл облысының әкімі Мырзахметовтің отставкаға кетуі, облыстық және аудандық полиция басшылығының орнынан алынуы биліктің өз кінәсін мойындағанын көрсетеді. Бірақ бұл тек қана облыстық деңгейдегі басшылықтың қатесі емес. Бұл тұтастай саяси жүйенің кемшілігі екенін көріп отырмыз. Неге екенін таратып айтайық.

Егер тереңінен қарайтын болсақ, Қазақстан халқы ассамблеясы дегеннің өзі отау ішінен отау тігу болып табылады. Олардың парламентте тоғыз депутаты бар. Қазақстан Конституциясына сәйкес, бір адам бір дауысқа ие болуы тиіс. Ал ассамблея өкілдері екі рет дауыс беріп, өздерінің атынан депутат сайлау құқығына ие. Былайша айтқанда, бұлар өздері бір парламент сияқты органға айналған. Өздерінің атынан депутат сайлау көбінесе федерациялық құрылымы бар елдерде болады. Мысалы, Ресейде федерация кеңесі бар. Оған әрбір аймақтан, автономиялық республикалардан сенаторлар сайланып жіберіледі. Ал Қазақстанда ассамблея атынан сайлау да сол сияқты дүние емес пе? Ассамблеяға мүше болып отырған орталықтардың барлық өкілдері Қазақстан азаматтары емес пе еді? Олай болса, бұлардың атынан депутат сайлап не қажеті бар? Жалпыұлттық сайлауға барып, дауыс беріп, басқа азаматтар сияқты парламенттегі өкілдерін сайласын.

Тағы бір маңызды мәселе мынада. Қарап отырсақ, Қордай ауданында тұрып жатқан дүнгендердің басым көпшілігі барлығынан оқшау өмір сүреді. Былайша айтқанда, өз қазанында өзі қайнайды. Өз тілдерінде сөйлейді, араласатын ортасы да өз ұлтының өкілдері. Қазақстан дүнген бірлестігінің басшысы Хусей Дауровтың әлеуметтік желідегі парақшасына қарасаңыз, жазатыны Қытай жаңалықтары. Көрші ел басшысы Си Цзиньпиннің айтқанын таратып, Бейжің жаққа қарап «ұлиды». «Үш мың дүнген студенті Қытайда білім алды» деп кеудесін мақтаныш кернеп те жазады. Тіпті Қытайдың жаңа жылымен де құттықтап отыр. Сонда бұл адамның Отаны қай ел? Өзі тұратын Қазақстан ба, әлде Қытай ма? Тура сол дүнгендердің өкілі Қытайға барып, сол жақтағы телеарналарға сұхбат беріп, қытай тілін үйрену мәселесін көтерген. Бұл не сұмдық, сонда? Міне, осы мәселені билік неге қарамайды? Дабыл қағып, мемлекеттік, ұлттық мүддені неге көтермейді? Ал енді осындай басшысы бар Қазақстандағы дүнгендердің ойлағаны не? Соны зерттеген, ойлаған адам бар ма?

Жалпы, бұл мәселенің шешімі жоқ емес, бар. Ол – Қазақстандағы барлық этникалық топтарды қазақ халқына жақындастыру. Ол үшін не істеу керек? Мемлекеттік тілді үйретуден бастау қажет. Балабақшадан, мектептен мемлекеттік тілді үйретіп, азғана уақыттың ішінде Қазақстанның барлық жастары қазақ тілін білетіндей жағдай жасау керек. Әрине, жасы келгендерді үйрету қиын да болар, бірақ өсіп келе жатқан барлық бүлдіршіндерге мемлекеттік тілді үйретейік. Тіл арқылы жақындастырып, табыстыруға болады. Қазақ мектептерінің санын арттыруды да ойлау қажет. Қарап отырсақ, бізде өзбек, тәжік, ұйғыр мектептері бар. Олардың мектептерін ашудың не қажеті бар? Әрине, үйренем, білем десе, олар өз ана тілдерін меңгерсін. Факультатив курстар ашып, жағдай жасайық. Бірақ тұтастай мектептің не керегі бар? Олар мектеп бітірген соң Қазақстанда оқуын жалғастырса, осы елде өмір сүрсе, бірінші кезекте қазақша білуі керек емес пе?

Өзбекстанда тәуелсіздік жылдары 100-ден астам қазақ мектебі жабылған. Себебі қажеттілік жоқ. Қазақ балалары сол елде тұрғандықтан, өзбек мектебіне барып, бұл елдің мемлекеттік тілінде білім алады. Ал біздегі этникалық топтар неге солай жасамайды? Балаларын қазақ мектебінде оқытып, мемлекеттік тілде білім алсын. Орыс мектептеріндегі мемлекеттік тіл сағатын көбейтіп, оларды да қазақ тіліне үйретуге күш салсын. Бір тілде сөйлейтін халықтың бірлігі  күшейеді. Қордайдағыдай қақтығыстар да болмайды. Ал барлығымыз жік-жікке бөлініп, әрқайсысы бұра тартып, депутат сайлап, әр тілде сөйлеп жүрсе, қандай бірлік болуы мүмкін?

Қордайдағы жағдай бір нәрсені анық аңғартты: егер Қазақстанда күтпеген жерден ши шықса, мына билік тыныштықты сақтап тұра алмайды. Шағын ғана Қордайдағы қақтығысты әрең тоқтатып, басты. Ал бұл жағдай, құдай сақтасын, үлкен қалада болғанда қайтер еді? Биліктің оны тоқтатуға шамасы жетер ме еді? Күмән көп. Ал оның ақыры мемлекеттігімізге үлкен қатер төндіреді. Тәуелсіздігімізге қауіп болады. Сондықтан осы тұста ойланып, стратегиялық бағдарламалар қабылдап, ұлттық саясатты мықтап қолға алатын кез жетті. Түйеқұс құсап басты құмға тығып, «бұл тұрмыстық кикілжің» деп отыруға болмайды. Себебі оның ақыры жақсылыққа апармайтыны анық.

Фото: Азаттық радиосы.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.