Постмодернизм және еуразияшылдық

Сайт Әкімшілігі - 20.02.20202313

Бүгінде зияткерлікке құрылған постмодернизм ағымы  әлеуеті дамыған батыс қоғамында стандартталып, өмір сүру стиліне айналып үлгергенімен, Қазақстанда немесе посткеңестік елдердің көпшілігінде фобиялық тенденция ретінде қалыптасып келеді. Адам өзіне түсініксіз дүниеден қорқатыны секілді тиянақталған нақты анықтамасы жоқ бұл ағымға қатысты айтылған  айыптаулар – толассыз ақпараттанған қоғамдағы қорғаныс иммунитеті қалыптаспаған, ұлтшылдық комплексі әсірежоғары кеңістікте басым.

   Нұр-Сұлтан – біз үшін модернист қала, Астана – сәйкесінше постмодернист. Өзін бәрінен абсолютті биікпін деп есептейтін жүйеге қарсы бұл ағымды қазіргіден кейінгі немесе модерннен кейінгі толқын деп тануға болады. Яғни еуропоцентризм мен шовинизмге қарсы зияткерлік бағытқа жол салған постмодернизмді түсіндіруге талпынған барлық құлшынысымыздың дені қас қағымда модернизмге айналып шығуы ғажап емес. Себебі постмодернизмді оның қатпарлы шиеленісіне байланысты түсіндіру әсте мүмкін емес, сәйкесінше сана шыңырауына шындап бойлар болсақ, бұл жөнінде үнсіз қалуға тағы болмайды. Ол жоқ және бар. Сол үшін де көптеген дәстүрлі классикалық кеңестік танымдағы консерватистерге үрей тудырып, фобияға айналуы заңдылық. Ақпараттанған дәуірдің жаңа мәдениетіне айналған көпсалалы постмодернизмді архитектурамен, кескіндеме өнерімен бағамдағанмен, нақты кесіп ештеңе айта алмаймыз. Дегенмен еркіндік іздеу жолында жүйкелік дағдарысқа ұшыраған батыс қоғамындағы постмодернизм ағымының негізгі өкілдері Гваттари мен Делөздің «Номадалогия туралы трактат» атты еңбегіне сүйенсек, көшпенді халықтардың өмір сүру салтын қазіргі өркениеттің мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтеретін құбылыс ретінде сипаттайды. Ал Лиотар көшпенді халықтардың еркіндік сүйгіштігіне тамсана қалам тербесе, Леви-Строс этникалық мәдениеттерді зерттеуді жаңа гуманизмнің озық түрі етіп көрсетеді.

                      Постмодернизм деген не?

     Постмодернизм – күрделі ғылым. Оған қойылатын анықтамалардың көптігіне байланысты арнаулы теорияға жүгініп, мәнін толық ашып бере алмаймыз.  Өйткені постмодернизм ағымының пайда болуы тек әдебиет пен философияда ғана емес, сонымен қатар тұтастай лингвистика, экономика, медиа, саясат, коммуникация секілді салаларды қамтиды. Кейде модернизмнің ұмтылыстарына қарсы шықса, кейде оның ұстанымдарын тереңдетеді немесе түгелдей жоққа шығарады. Модернизм революциялық мәнерде ескілік пен таптаурынға қарсы келетін болса, постмодернизм, керісінше, ескілік пен жаңалықтың өз табиғатын ашуға талпынып, оны жіліктеп талдап, оған жаңа форма жасап, өзге қалыпқа келтіреді.

   Постмодернизм ағымының Қазақстанда таралуына айтарлықтай еңбек еткен мәдениеттанушы Әуезхан Қодар «Постмодернизм дегеніміз – шектен тыс ақпараттанған адамзаттың мәдениеті» немесе «мәтіндік-таңбалық  өнер туындыларымен айналысатын ой машығы», «классикаға да, классика емес нәрсеге де өзін қарсы қоятын «қазіргіден кейінгі» құбылыс» деген анықтамалар береді. Сондай-ақ олардың көнеліктерге қарсы шықпайтынын, керісінше, оларға сілтеме беру арқылы классикалық мәнін ашатынын айтады.  Әрі ол постмодернизм туралы кіріспесінде итальяндық жазушы Умберто Эконың «Әрбір дәуірдің өз постмодернизмі бар» атты сөзін негізге ала отырып, Абайдың шығыстың назира дәстүрін бұзып, оның қалыптасқан жазу шартын өзгерткенін мысал етеді. 

                 Еуразияшылдық идеясы және постмодерн

     Орыс тіліне сүйеніп өмір сүретін қазақ қоғамы постмодернизм туралы түсінікті санасына толық қалыптастырып үлгерген жоқ немесе ғылыми тұрғыдағы жүйелі талдауларды қажет етеді. Себебі әлемдік, кейде тіпті отандық маңызды ақпараттардың өзі Ресей ақпарат құралдары арқылы таралып жататыны өтірік емес. Бұл түрлі жасырын әрі ашық идеологиялық жобалардың жүзеге асу барысындағы баспалдақтары екені анық. Сондықтан түрлі мәдени-танымдық ақпараттарды мейлінше тек бір тараптың көзқарасындағы аудармада емес, түпнұсқалық күйде түсінуге талпыныс жасауға тура келеді. Бұған  Қазақстандағы Ресей телеарналарының жаппай идеологиялық таралу мазмұнын меңзеуге болады.

     Сөзді еуразияшылдық идеяға бұрайық. Еуразияшылдық идеясын таратуда белсенді жұмыстар жүргізіп жүрген идеолог – Александр Дугин. Ал постмодерн тақырыбына қатысты орыстілді ақпараттарға шолу жасайтын болсақ, бірден аталған ағымды терістейтін көптеген дерек көздеріне тап боласыз. Оның қайнары өзін абсолютті биік санайтын еуразияшылдық идеяға келіп тіреледі. Дегенмен оның түбіне терең үңілетін болсақ, Александр Дугиннің Познерге берген сұхбатындағы «ұлы орыстық» шовинизмді дәріптеу саясаты жатады.  Дугин еуразияшылдық идеясын 90-жылдардан бері насихаттап келеді. Аталған идея Қазақстан билігі үшін де пайдасыз емес. Мәселен, сол тұстағы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «еуразияшылдығын» Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде Ресейге жасаған алғашқы мемлекеттік сапарында, яғни 1994 жылы көрсетті.  Назарбаев посткеңестік мемлекеттер одағын құрып, оны Еуразия экономика одағы деп атау туралы ұсыныс айтты. Қазақстанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрылуында да еуразияшылдық идеясы көрініс береді. Бүгінде бұл университет қабырғасында «Еуразияшылдық: теориясы және тәжірибесі» деген пән оқытылып, жастарға белсенді түрде насихатталып жатса керек.

      Еуразияшылдық идеясына еңбек еткен А.Дугин еуразияшылдықтың солшыл социалистік позицияға келетінін сөз етеді. Өзінің «Завтра» газетіне берген сұхбатында ол еуразияшылдық идеясы маркстік, атеистік идеяларға емес, социализмге жақын екенін алға тартады. Дугин Ресейдің саяси-әлеуметтік құрылымын сөз ете келе, ұлттардан тұратын республика құрудың (Ресейде)  қажеті жоғын, сондай-ақ Еуроодақтың моделіндегі азаматтардың құқықтары шектелмейтін азаматтық қоғам құрудың да қажеті жоғын атап өтеді. Сондай-ақ ол өзіне социализм идеясының жақын екенін ашық білдіреді. «Көпполярлық идеясының (Еуропада қарсылыққа тап болған) үдесінен шыға отырып, біз Назарбаевтың көпполярлы валюта идеясын, яғни әлемнің әр аймағының өз валютасы болғанын қолдаймыз. Біз доллардың үстемдік құруына қарсымыз», – дейді.

     Дугиннің шовинистік һәм асыра ұлтшылдығы «Орыстар қай жерде де орыс тілінде сөйлесін, сөйлейді де. Ал Ресейдегі өзге ұлт өкілдері орыс тілінде сөйлеуге міндетті» деген сөзінен-ақ байқалады. Қазақстан Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл деп бекітілсе де, әлі күнге дейін орыс тілі үстемдік етеді. Әрі ел аумағындағы өзге ұлт өкілдерінің басым көпшілігі қатынас құралы ретінде қазақ тілін емес, орыс тілін таңдаған. Назарбаев «Қазақстанда азамат орыс тілінде сұрақ қойса, жауабын да міндетті түрде орыс тілінде алуы керек» деп, орыс тілінің «ресми» статусы барын ескертті.

    Енді «постмодерн мен еуразияшылдықтың алты аласы бар ма» деген сауал туындайды. Бар. Дугин де солай деп есептейді. Дугин постмодернге «ұлы пародия» деген айдар таққан әрі модернді, яғни жаңаны жоққа шығарды. Оның сөзінше, постмодерн хаосқа, суицидке, үлкен соғыстарға түрткі болады. Және постмодернге иек артпай, қандай өзгеріс пен жаңалық болса да, «біз» «консервативті революционер болуымыз қажет» деп есептейді. Яғни жаңа заман келсе де, «мәңгілік құндылықтарды талап етуге міндеттіміз». Бірақ Дугин бұл идеясының қаншалықты өміршең екеніне назар салмаған сияқты. 

      Постмодернизм ағымы туралы орыстілді ақпараттардан тыс, түпнұсқа тілдерден аударып, «Модерн. Постмодерн. Мәдениет» атты кітапты жарыққа шығарып, постмодерннің Қазақстанға қажеттігі туралы алғаш айтқан қазақ философының бірі – Бекет Нұржанов. Ол өз кітабында: «Қазақстан үшін постмодернизмнің көкейкестілігі, бәрінен бұрын, егер біз әлемдік қауымдастыққа кеңестік державаның залалды бір сынығы емес, толыққанды мүшесі санатында енгіміз келетін болса, бізге әлі постмодернизмді өткеруіміз, оны меңгеруіміз әрі игеруіміз, сондай-ақ Қазақстандағы әлеуметтік үдерістерді талдауға пайдалануымыз керек», – деді. Тағы экономикамызды индустрияландырып, оны постиндустрияландыруымызға, саясат пен қоғамдық болмысты демократияландырумен қатар, мәдениетті модернизациялау мен постмодернизациялауға аса керектігін баяндайды. Әрі  «постмодерн» мәдениеттің жаңа қалпын яки өзге түрін, заманауи адамның соны дүниетанымын, коғамның жаңа кезеңін айғақтайтынын сөз ете келе, постмодернизмнің ешқашан өзектілігін жоғалтып ескірмейтінін, медиа коммуникацияны «желілік қоғамды» интернетті, ұлтшылдықты талдағанда ең басты тақырып болып қала беретінін айтты.

     Бекет Нұржановтың философиялық кітабын заманауи, құнды классикалық туынды ретінде бағалап,  ондағы зияткерлікке құралған мазмұнды ойларын құнттап зерттеп, еліміздің өзіндік ұстанымын қалыптастыруда пайдалануымыз тиіс.

    P.S. Біз көшпенді өркениетті қоғамнан советтік отырықшы қоғамға алмасып, постсоветтік авторитарлы қоғамда симуляцияға, яғни түпнұсқасы жоқ шындықтың көшірмесіне айналған «демократиялық» зайырлы республикада өмір сүреміз.  Еліміз тәуелсіздігін алған сәттен бастап өзімізді батысша модернизациялауға тырысқанымызбен, ақыры конституциялық құндылықтарымызды  әлсіретіп, авторитарлы жүйеге жол салдық. Елімізде орта табы қалыптаспаған екі үлкен шекаралы кеңістік пайда болды. Мемлекетіміз өркениетті ел болып қалыптасуға дайын болмай шықты. Діндердің күш алуы өз алдына қордаланып келе жатқан мәселе. Мәдени әлеуетіміз тойдың деңгейінен көтеріле алмай, академиялық өнер биліктің қолбаласына айналды. Әдебиетте аударма мен жанрлық жаңалықтар дамудың орнына әсіредәстүршілдер мен кландық топтардың ықпалына байланып, кері кетудің жаңа формасын жасады. Енді жаңарудың жаңа кезеңі келетіні секілді өмірден постжаңалықты, яғни қазіргіден кейінгі Қазақстанды  асыға күтеміз.

Тілек Ырысбек

Коллаж ЖА 

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Түркістан облысында коронавирустан қайтыс болған кім екені белгілі болды

Сайт Әкімшілігі

Түркістан облысында коронавирустан қайтыс болған кім екені белгілі болды

Оразада ауыз ашар беруге тыйым салынуы мүмкін

Сайт Әкімшілігі

Оразада ауыз ашар беруге тыйым салынуы мүмкін

Бас санитар дәрігер: Коронавирустан көз жұмғандардың сүйегі туыстарына берілмейді

Калибаев Нурсултан

Бас санитар дәрігер: Коронавирустан көз жұмғандардың сүйегі туыстарына берілмейді

Дәурен Абаев: COVID-19-ға қарсы адамдарда иммунитет жоқ

Сайт Әкімшілігі

Дәурен Абаев: COVID-19-ға қарсы адамдарда иммунитет жоқ

Орынбасар олқылығын түзепті

Сәтжан Қасымжанұлы

Орынбасар олқылығын түзепті

Уәлихан ҚАЛИЖАН, «Жас Алаш» ұлттың рухани ұстазы болды

Сайт Әкімшілігі

Уәлихан ҚАЛИЖАН, «Жас Алаш» ұлттың рухани ұстазы болды

Қазаққа күйік болған не?

Сайт Әкімшілігі

Қазаққа күйік болған не?

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Нұр-Сұлтанды "әскер" дизенфекциялап жатыр (видео)

Сайт Әкімшілігі

Нұр-Сұлтанды "әскер" дизенфекциялап жатыр (видео)

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Сайт Әкімшілігі

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Сайт Әкімшілігі

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Сайт Әкімшілігі

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

Сайт Әкімшілігі

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

"Халық көшеге тонауға шығуы мүмкін" (видео)

Сайт Әкімшілігі

"Халық көшеге тонауға шығуы мүмкін" (видео)

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

Сайт Әкімшілігі

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

БІз кімге сенеміз?

Сайт Әкімшілігі

БІз кімге сенеміз?

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Сайт Әкімшілігі

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Біз қожайын болудан қалыппыз

Сайт Әкімшілігі

Біз қожайын болудан қалыппыз

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным

Сайт Әкімшілігі

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным