«Әдебиетте оқиға ұрлау, образ ұрлау, ой ұрлау – ҚОРАДАН ҚОЙ ҰРЛАҒАНМЕН БІРДЕЙ»

Сайт Әкімшілігі - 06.03.20203706

«Жас Алаштың» бүгінгі қонағы – қазақ зиялы қауымының көш басында жүрген  халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов. Бүгінгі әдеби орта, жазушылар арасындағы қарым-қатынас, ар мен адамгершілік әңгімемізге арқау болды.  


 – Қабдеш аға, әңгімені өзіңіз құрметтейтін адамнан бастасақ. Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романын елімен қауыштырдыңыз. Биыл Қажекеңнің туғанына 95 жыл толады. Осыған байланысты Жазушылар одағында тағдырлы қаламгердің кітабын шығару, мерейтойын атап өту  жөнінде не тіршілік бар?

Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы Семей облысы Үржар өңірінде дүниеге келген. Жеті жасында үй ішімен Шәуешекке өткен ғой. Ашаршылықта елдің бәрі босып жатқан кез. Содан кейінгі өмірі арғы бетте өтті. Сексеннен асып барып, 2011 жылы Шәуешекте қайтты. Біздің жоғарыдағыларға екі рет хат жазды. «Қытайда қырық жыл түрмеде болған, көп кітап жазған адаммын. Он томдық шығармаларымды дайындап қойып отырмын. Өз жеріме барып жатқым келеді. Маған екі метр жер беріңіздер, өзімнің атақонысымнан» деп жазды. Хат алдымен Жазушылар одағына келді. Біз өңдеп, қазіргі әріпке көшіріп, діттеген  жеріне табыс еттік. Бірақ одан ешқандай қозғалыс болмады. Өлгеннен кейін де сүйегін әкеліп жерлейік деген талап болды. Бірақ атажұртына өзі де, сүйегі де жете алмады. Шәуешектегі мұсылмандар зиратының бір шетінде жатыр. Қажығұмар үлкен жазушы еді. «Қылмыс» романының  алты томдығын мен осы елде қайта  бастырдым. Оның екі томы бұрын ана жақта шыққан. Қалған төрт томы түрмеде жазылды. Қолжазбаларының бізге жетуінің өзі бір хикая. Туристердің, ағайыншылап келген елдің қоржынында келді. Көшпен бірге теңнің арасында келді. Қысқасы, неше түрлі контрабандалық жолмен маған жетті. Бірден алты томды басып шығару оңай шаруа емес. Төтеншеден кириллицаға көшіріп, оны компьютерге түсіріп, қатесін түзеп, кейбір терминдерін осы жаққа бейімдедік. Қолжазба Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасында үш жыл бойы сейфте жатты. Қауымдастық басшысы  Талғат Мамашев Қажығұмар мұрасына салғырт қарады. Жазушының бағына Мұхтар Құл-Мұхаммед мәдениет министрі болып келе қалды. Үкімет атынан алты томға ақша бөлдірді. Қысқасы,  Мұхтар Құл-Мұхаммедтің көмегімен алты томдық «Қылмыс»  романы жарыққа шықты.

– Қажекең көзі тірісінде Алматыда басылған сол кітаптарын көрді ме екен?

Көріпті. «Жас Алаш» газетінің қызметкері Ерік Рахым деген азамат  Шәуешекке арнайы  барып, жасырып апарған кітабын Қажекеңе көрсетіпті. Ерік айтады, «еңкілдеп жылады» дейді кітабын көргенде. «Апыр-ай, кітабым елге жеткен екен ғой. Кітабыма қамқор болған азаматтарға  рақмет» деп қатты разы болыпты. Бес жылдан кейін Қажекеңнің туғанына 100 жыл толады. Жазушылар одағы келер жылы Қажекеңнің мерейтойын атап өтеді.

–Жазушылар одағы демекші, Нұрлан Оразалиннің кезінде басқармамен айтысып қалушы едіңіз. Қазіргісімен қалайсыз? Сөзіңіз өте ме? Жұмысы көңіліңізден шығып жатыр ма?

Бүгінгі Жазушылар одағының жұмыс бастағанына бір жыл ғана болды. Жаңа басшы келді. Жаңа тірлік бастап жатыр. Келгеннен бері біраз жұмыстар істелінді. Бір кездері Әнуар Әлімжановтың тұсында Азия-Африка жазушыларының конференциясы өткен, 1973 жылы. Жас кезіміз ғой. Өзіміз қатысқанбыз. Зыр жүгіріп қызмет істегенбіз. Содан кейінгісі былтыр өткен Азия жазушыларының форумы. Бұл да Жазушылар одағының қызметі.   Алматының жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаев жазушылармен  кездесті. Мен де қатынастым, сөз сөйледім. Өте керекті жиналыс болды. Қалалық әкімдік тарапынан Жазушылар одағына өте үлкен көмек берілетін болды. 40-50 жазушыға стипендия тағайындамақ.  Жазушылар үйін жөндеп бермек. Дәл қазір Жазушылар одағына көмек  қажет-ақ.

Қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелерге, айталық  былтыр  бірнеше қалада өткен митингілерге, көпбалалы аналардың мәселесіне одақ құрамындағы 700 жазушыдан бірнешеуі ғана үн қатты. Қалғаны үнсіз. Ұлт жазушылары ұлттық мәселеге қашан араласады?

Үнсіз жатыр деуге болмайды. Белсенді жазушылар бар, басын бәйгеге тігіп жүрген. Мен де араласамын. Темірхан Медетбек те бар. Үн қату бар да, оның жариялануы, үніңнің шығуы деген бар. Жазушылар үн қатпай жатқан жоқ. Үні шығатын өріс жоқ. Бір-екі газет қана бар. Телеарна мүлде жоқ.  Сайрагүл деген қыз туралы мақала жаздым. «Жас Алаш» жариялады. Күйеуі мен екі баласына қосылуға келген қауқарсыз қызға біз пана бола алмадық. Ақыры айдаладағы Швеция ие болды. Нобель сыйлығын беретін ел қанатының астына алды. Тағы бір мақала жаздым, «Біздегі билікке арқа тірек, сүйеу болатын халық па, әлде қарулы жасақ па?»  деген. Тағы да «Жас Алашқа» шықты. Үн қату ма? Әрине. Митингілерді неге қуамыз? Еуропа елдерінде бірнеше мың адамдық ереуіл күнара болып тұрады. Одан олар бүлініп кеткен жоқ.

    Содан кейін мына бір нәрсені айта кетейін. Мен шекараны көп зерттеген адаммын. Шекара туралы романдар жаздым. «Тағдыр» – шекараның қалай құрылғаны туралы шығарма. Сол романға 1990 жылы Мемлекеттік сыйлық алдым. Шекара әскері кезінде КГБ-ға қарады. Бұлардың құқы сондай – әрі-бері көшіп өткен адамдарды сотсыз, заңсыз қырып тастап отырды. Банды деген бір-ақ аты бар. Аштықтан арып-ашып, бұралып әрең өтіп бара жатқан талай көшті  қанға бояды. Тарбағатайдың асуларында адам сүйегі деген бада болып жатыр. Сол КГБ-ға қараған шекара әскерлерінің үстемдігі әлі күнге дейін сақталған. Соған бір мысал. Осыдан 4-5 жыл бұрын «Әріп пен Сара» деген кітабым шықты. Сол жылы Үржардың әкімі мен ауданның мәслихаты  Алматыға жиналысқа келе қалыпты. Мен Үржар, Тарбағатай, Аягөз, Зайсан аудандарының құрметті азаматымын. «Әріп пен Сараның» 15 бумасын, яғни 150 кітапты әлгілердің машинасына салып бердім. «Мектептер мен кітапханаларға, ауыл ағаларына, көзі ашық ақсақалдарға таратыңдар»  деп. Обалы кәнеки! Таратыпты. Ел жапатармағай оқып жатқанда бір жұмадан кейін ауданның ҰҚК-сы атқа мінеді. Жаңағы кітапты қайта жинап алады. Жай ғана оқуға тыйым салса бір жөн, кітаптарымды керосин шашып өртепті. Аудан әкімі мен әлгі мәслихаттың басшысы өздері алып барған кітапқа араша түсіп, бір ауыз сөз айта  алмапты.  

    Өртейтіндей осы кітаптың ішінде не бар дейсіз ғой? Үш тарихи повесть, он шақты әңгіме, қалғандары өзің сияқты тілшілерге берген сұхбаттарым. Содан сұрастырдым. Олар облысты нұсқайды, облыс аспан жақты көрсетеді. Мен ақыры қылмысқа кім нұсқау бергенін  таппадым. Өртеген адамдардың тізімін алып қойдым. Олар тарихта қалуы керек.

– Сұрақ жазушылардың белсенділігі туралы еді...

Сөзімді бөле бердің ғой... Жазушының бәрі үн қатуы шарт емес. Мұндайда қайраткерлер мен тұлғалар ғана бас көтереді. Одақ құрамындағы 800 жазушының 600-інің қайдан, қалай кіріп кеткенін білмеймін. Бұның алдындағы басшының кезіндегі былық. Кейде газеттерде 60-қа, 70-ке келді деп бір қаламгерлерді  құттықтап жатады. Мен білмейтін адамдар. Сонан соң,  жазушылардың бір тобын сарай жазушылары дейміз. Сарай жазушыларының көбі Астанада. Олар ешкімге  сын айтпайды. Есесіне  жайлы үй, жақсы қызмет соларда.

– Зейнолла Сәніктің «Қабанбай батыр» туралы деректі романын оқыдыңыз ба?

Ол кім? Зейнолла Сәнік дегенді оқымаған адаммын. Оқуға тұрмайды деп есептеймін. Өйткені ол өзінің азаматтық, кісілік бейнесі құрметтеуге тұрмайтын адам. Бір күні теледидарды ашып қалсам, бір төбенің басында кесене тұрғызылып жатыр. Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртазалар жүр. Астаналық мансапты жазушылар. Маңдайшада «Қаракерей Қабанбайдың кесенесі» деген жазу тұр. Маған айтпай,  құпия жасалып жатыр. Қабанбай  өмірін ұзақ жыл зерттеген, оны ғылыми айналымға түсірген Қабдеш Жұмаділовтен жасырған. Бір қарасам, жаңағы Зейнолла тұр. Ол өзін Қабанбайдың тікелей ұрпағымын деп жүреді. Сәнік – оның төртінші ме, бесінші ме, атасы. Үкіметтегілер мені қағып тастап, бір жақтан Зейнолланы тауып әкеліпті. Зейнолла сөйлеп тұр: «Дәл осы біздің бабамыздың  жатқан жері». «Аталарымыз, әжелеріміз бізге айтып кеткен. Аталарыңның зираты Есіл бойында деп құлағымызға құйып кеткен» деп соғып тұр.  Орамалға түйіп алған топырақты кесененің түбіне сеуіп жатыр. Мен соны көріп түңіліп кеттім. Мен  арғы бет пен бергі беттегі Қабанбайдың ұрпақтарын аралап, дерек жинаған адаммын. Шекара бойында Қабанбайдың жеті ұлынан тараған үрім-бұтағы аз емес. Кіші баласы Әліден тараған сегіз ұлдың да ұрпағы жеткілікті. Сол қарт ақсақалдардың  ешқайсысы  батырдың сүйегі Арқада  жатыр дегенді айтқан емес.

–Соңғы жылдары  сіздің шығармаларыңызға  «жиендік» жасайтындар  көбейгенін естігеніміз бар. Біздің оқырмандарға  соның мән-жайын айта кетсеңіз.   

Әдебиетте тың тақырыптарға жол ашатын көшбасшы жазушы бір көрнекті шығарма жазса, соған іліктеген  «спутник»  шығармалар туатыны  үйреншікті  нәрсе. Оның жөні басқа. Мәселе  тікелей ұрлыққа баратындар жайында.  Мысалы, Жанат Ахмәди «Есенгелді би» деген роман жазыпты. Қытайдағы қызайлар мен Қабанбайдың құдалығы туралы. «Дарабозда» менің  қиялымнан туған сондай бір тарау бар-тұғын. Жанат  соны түгелдей  көшірген де  қойған.  Міне, бұл тарихи  факті болса бір жөн.  Бұл факті емес қой. Әдебиетте оқиға ұрлау, образ ұрлау, ой ұрлау қорадан қой ұрлағанмен бірдей. Тағы бір  мысал, менің «Құзғынның өлімі» дейтін әңгімем бар. Құзғын мың жасайды. Қазақ даласындағы өзгерістерді сол құзғынның көзімен беремін. Ақтабан шұбырындыны, 32-жылғы аштық – бәрі бар. Міне, содан кейін аспанда жүріп ойланатын құс көбейіп кетті. Сәбит Досановтың да ақбас бүркіт дейтін құсы бар. Торғай даласындағы біраз оқиғаларды сол  құстың көзімен береді. Көшіру деген – осы. Асқар Алтай деген тәп-тәуір жазушы. Ол да менің қорама түсіпті.  Менің «Сәйгүліктер» атты  повесімде майданға әкетіп  бара жатқан жылқыдан  қозыкүрең дейтін айғыр Еділден өтерде қайта қашады, үш айда арып-ашып елге жетеді. Содан 15 жылдан кейін жазылған  Асқар Алтайдың  «Қараштың қарасы» атты әңгімесінде  тура сол Еділ бойынан әскерге айдап бара жатқан ат қашады. Ол да  арып-ашып Алатауға келеді. Оның жылқысы да  қозыкүреңді қайталайды.      

– «Дарабозда» қазақтың өзге батырлары ғана емес, тіпті Абылай хан да екінші планға түсіп қалғандай. Осының  мәнісін  түсіндіріп берсеңіз.

Жаңсақ пікір. «Дарабоз» – қос томды шығарма.  Хан кеңесінен басталады. Әбілмәмбеттің тұсында. Абылай ол кезде Орта жүздің ханы. Әбілмәмбет –  үш жүздің ханы. Романда  Абылай мен Қабанбай кезекпе-кезек көрініп отырады. Бірақ бас кейіпкер – Қабанбай. Бүкіл оқиға соның төңірегіне көгенделіп берілуі керек.  «Дарабоз» деген атты қойған кісі – Абылайдың өзі. Шыңғыстаудағы атақты шайқаста бекініп алған қалмақтың қолына ешкім батпай тұрғанда ақбоз атпен дара шауып  топ жарады. Биікте тұрған Абылай: «Анау жалғыз кеткен дарабоз кім?» дейді. Кейін қараса, ол Қабанбай болып шығады. Сонда Қабанбайға алтын тон жауып марапаттайтыны бар. «Ұраның – Қабанбай. Ал менің қойған атым Дарабоз болсын», – дейді Абылай.

     «Дарабозда» қаншама би бар. Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би бар. Әйтеке жоқ, ол кезде  қайтыс болып кеткен. Кейбіреулер 26-жылғы Ордабасындағы жиынға Әйтекені де отырғызып қояды. Бірақ ол 20 жыл бұрын қайтыс болған. Төле би «Ақтабаннан»  кейін 12 жыл бойы Қалден Сереннің атынан Тәшкент уәлаятын билеп тұрды. Онда бүкіл оңтүстік жоңғарға қарап тұрған кез. Кейбір  ұрпақтары «біздің бабамызды  Қалден Сереннің қызметкері қылып қойыпсың» деп менімен  қырғиқабақ. Шын мәнінде бұл – Төле бидің ұлылығы, мәмілегер, дипломаттығы. Өз елін босқын қылмай,  Қалден Серенмен тіл табысып отыру Төле бидің ғана қолынан келген.  «Дарабозда» Төле би – үлкен образдардың бірі.

Әдебиетте бас кейіпкер дейтін бар. Күллі оқиғаны  соның маңайына топтастыруың керек.

– Сіз әр сұхбатыңызда осыдан алпыс жыл бұрынғы көшті бастағаныңызды, Мәскеуге хат жазғаныңызды, келісім жасағаныңызды айтасыз. Осы деректер, яғни 1962 жылғы ұлы көшті бастағаныңыз хатқа, құжатқа түскен бе?

Бүгінге дейін осы көш ақтаңдағы айтылмайтын құпияның бірі болып келді. 1961 жылы  Шәуешекте  жүрген кезім. Мен хатты екі адреске кезек жазатынмын. Өзім басымда «қалпағым» бар, аңдудағы адаммын. Соның үшін хатты нағашым Шәріп Ақышұлының атынан жіберіп тұрдым.  Адрес нақты: Москва. Кремль, КПСС-тің бас секретары Никита Сергеевич Хрущев жолдасқа. Екінші  хат: Кремль. Жоғарғы Совет президиумының председателі Климент Ефремович Ворошиловқа. Біреуі болмаса біреуі тиеді дейміз ғой. Кереметі сол – хаттар тиіп жатыпты. 1961 жылы қарашада осы хаттардың рас-өтірігін  анықтау үшін  Құлжадан  консул келді. «Барып тексер, аздаған топтың ісі ме, әлде халықтың жаппай қозғалысы ма?» деген ғой. Консул бір жұмадан артық жатып, Шәуешекте елді қабылдады. Қабылдауда мен де болдым. КазГУ-ды  әлі бітірмегем. Студенттік билетім мен зачетный книжкам қалтамда жүретін. Соны көрсеттім. Консул бәрін көріп шығып,  «Сізге жол ашық қой. Кез келген уақытта өте беруіңізге болады. Мына құжаттар сізді қорғайды» деді. Мен айттым, «Жеке өзім баяғыда кетер едім. Халық қозғалып тұр. Сол халықтың атынан арыз ұйымдастырған адам – менмін. Халық  көшуге дайын» деп. Консул  «беталыстарың дұрыс» деп қабылдаған  рай танытты.  Содан не керек,  көктем туысымен, 10 сәуірде көш басталды да кетті. Ең алдымен шекараға жақын ауылдар өте шықты. Совет Одағы бес заставаны ашып қойды. Жұрт ағылды. Аттылы-арбалы, түйелі көш, жастар жаяу-жалпы шұбырды. Құлжа жақтан аз өтті. Алтай қозғалмады. Оларда көш бастайтын серкелері болмады. Біз халықты қыс бойы дайындағанбыз. Соның нәтижесінде жиырма күнде  200 мың қазақ  атажұртқа келіп қосылды. Бұл тың көшін бастап келген адаммын. Мен өліп бара жатсам да,  соны ойлап жатып разылықпен көз жұматын шығармын.     Ал жазылған хаттар  Кремльдің  архивінде жатыр.        

Былтыр ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталдыңыз. Әдетте  зиялы қауым өкілдері  орден алғаннан кейін бір-ақ сәтте сарай жазушысы болып шыға келуші еді. Орденнің өтеуін сұрағандар болған жоқ па?

Олай болмайды ғой. Ол үшін Жұмаділов қайта тууы керек. Қырық жасымда жұмыстың бәрін тастап, шығармашылыққа кеткен адаммын. Бір сөзім бар: «Өмірі үш кісінің үстінен қарап көрген жоқпын» деген. Жиырма жылдай жұмыс істеп, қатардағы аға редактордан ары өспедім. Одан жоғары қызметке жібермейді. Өйткені арғы беттен келгенім бар, оның үстіне араздасып тұрған елден келдім. КГБ деген мекеменің адамдары бізді жоғары қызметке қоймайды екен. «Соңғы көшті» жазып, сигналды нөмірі қолыма тиген соң, министр  Шерияздан Елеукеновқа арыз жаздым да, тартып отырдым. «Жазушылық атағым мен қызметім бір-біріне сай келмеді». Оның үстіне «Соңғы көш» 40 мың таралыммен шығып тұрған кез. Қаламақы екі есе төленеді. Бес балам болса да, тәуекел дедім.

    Қиыншылық  кездің өзінде тапсырыспен кітап жазған емеспін. Тоқсаныншы жылдардың басында қиын кезең болды ғой. Бір байлар іздеп келіпті: «Ата-бабамыз туралы кітап жазып берсеңіз» деп. Әзірше «10 мың доллар бермек. Қалғанын кітап шыққан соң көрмек». Аз ақша емес. Мен бірден бас тарттым.  Үкіметтің тапсырмасын орындамаған адаммын. Жеке адамның  шежіресін  жазсам,  онда Жұмаділов деген фамилия тұрса, өз тегімді қорлағаным болып шығады ғой.  

      Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанаға шақырып, «Барыс» орденін берді. Мемлекеттің сыйлығы. Ешкімнің қалтасындағы сыйлық емес. Мен оған өзімді лайықпын, еңбегім сіңді деп есептеймін. Сол үшін кішірейіп, билікке барып иілетін жағдайым жоқ. Ол – халықтың берген марапаты.   

– Ұлтына сыйлы, ұрпағына өнегелі, зиялылардың көш басында жүрген жомарт жансыз. Көптеген қатарластарыңыз атақ-даңқын пайдаланып, ұл-қызын қызметке тықпалап жүреді. Сіз де еңбегіңізді, атақ-даңқыңызды пайдаланып, балаларыңызды тәуір жерге жұмысқа орналастыруға болар еді. Алайда ондайыңызды байқамадық. Тіпті отбасыңыз туралы аса көп тіс жара бермейсіз. Жұрт осы жағын көбірек білгісі келеді.

Бес балам бар: төрт ұл, бір қыз. Үлкен ұлым Арман – тарихшы. Қазақ ұлттық университетінде сабақ береді. Бірнеше жыл декан болды. Одан кейінгі ұл – Дәрмен. «Болашақ» бағдарламасымен ең алғаш шетте оқығандардың бірі. Америкада оқып, докторантураны бітіріп, содан кейін БҰҰ-ның Венадағы штабында жиырма жылдай қызмет істеді. Былтыр денсаулығына байланысты елге қайтып келді. Үшінші ұлым Дәулет – филолог, журналист. Ол Лондондағы Би-Би-Си-де он жыл қызмет  істеді. Қазақша бірінші болып хабар ашты. Балам жұмыс істеп жүргенде сол Би-Би-Сиге бардым. Қала ішіндегі қала іспетті.  Бүкіл дүниеге  қырық тілде хабар таратады екен, менің балам 41-ші болып хабар ашып еді.  Он жылдан кейін жабылып қалды. Ұлыбританияның  кінәсінен емес, өзіміздегі биліктегі біреулер қажетсінбей,  сұраған толқындарын бермеді.  Дәулет үш тілде бірдей, қазір  ағарту саласында қызмет істейді. Төртінші ұлым Жәнібек те «Болашақпен» Америкада оқыды. Бала-шағасымен қазір Вашингтонда тұрады. Бір корпорацияның вице-президенті.  Келінім Мәриям Вашингтондағы әлем банкінің қызметкері. Үйдің кенжесі – Ерке деген қыз. Ол да «Болашақпен» оқыды. Қазір Семей жаққа барып, сондағы бір  компанияда  ағылшын тілін үйретеді.  Осылардың ешқайсысына жүгірген жоқпын. Бәрі өздері оқыды, өздері жұмыс тауып істеп жүр.

Әңгімеңізге рақмет.

Жарас Кемелжан  



Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Түркістан облысында коронавирустан қайтыс болған кім екені белгілі болды

Сайт Әкімшілігі

Түркістан облысында коронавирустан қайтыс болған кім екені белгілі болды

Оразада ауыз ашар беруге тыйым салынуы мүмкін

Сайт Әкімшілігі

Оразада ауыз ашар беруге тыйым салынуы мүмкін

Бас санитар дәрігер: Коронавирустан көз жұмғандардың сүйегі туыстарына берілмейді

Калибаев Нурсултан

Бас санитар дәрігер: Коронавирустан көз жұмғандардың сүйегі туыстарына берілмейді

Дәурен Абаев: COVID-19-ға қарсы адамдарда иммунитет жоқ

Сайт Әкімшілігі

Дәурен Абаев: COVID-19-ға қарсы адамдарда иммунитет жоқ

Орынбасар олқылығын түзепті

Сәтжан Қасымжанұлы

Орынбасар олқылығын түзепті

Уәлихан ҚАЛИЖАН, «Жас Алаш» ұлттың рухани ұстазы болды

Сайт Әкімшілігі

Уәлихан ҚАЛИЖАН, «Жас Алаш» ұлттың рухани ұстазы болды

Қазаққа күйік болған не?

Сайт Әкімшілігі

Қазаққа күйік болған не?

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Нұр-Сұлтанды "әскер" дизенфекциялап жатыр (видео)

Сайт Әкімшілігі

Нұр-Сұлтанды "әскер" дизенфекциялап жатыр (видео)

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Сайт Әкімшілігі

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Сайт Әкімшілігі

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Сайт Әкімшілігі

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

Сайт Әкімшілігі

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

"Халық көшеге тонауға шығуы мүмкін" (видео)

Сайт Әкімшілігі

"Халық көшеге тонауға шығуы мүмкін" (видео)

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

Сайт Әкімшілігі

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

БІз кімге сенеміз?

Сайт Әкімшілігі

БІз кімге сенеміз?

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Сайт Әкімшілігі

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Біз қожайын болудан қалыппыз

Сайт Әкімшілігі

Біз қожайын болудан қалыппыз

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным

Сайт Әкімшілігі

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным