Баталовтың қарамағындағы әкім мерейтойдан шықпайды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 09.12.2018210

Үнемі мерейтойда жүресің! Бұл сөзді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Қарасай ауданының әкімі Жандарбек ДАЛАБАЕВҚА арнап айтты. Дәлірек айтқанда, он айлық есептік көрсеткішке орай аймақ әкімінің есебін тыңдаған өңір басшысы: «Мұндай әкім болған кімге керек?» деп әкім жауабына күйіп кетті. Облыс әкімінің бұлай қатты ашынуына бірінші кезекте – мемлекет басшысының «7-20-25» бағдарламасының аймақта адымы ашылмай, кібіртік күйде жүруі себеп болды. Мәселен, президенттің кіндік қаны тамған ауданда аталған мақсат аясында бүгінге дейін 10-ақ пәтер өткізіліп отыр. – Бағдарлама қашан басталды? «7-20-25» – Керемет мүмкіндік! Дайын болмаса да, сен бірге барып бақылауың керек еді. Міне, нәтижесі. «Президенттік бағдарлама ғой, жеделдетейік, мына адамдарды мұнда орналастырайық, жыл аяғына дейін рәсімдейік» деуің керек қой. Азаннан кешке дейін мерейтойлатып жүресіңдер. Талдықорған қаласы әкіміне берілген тапсырма 300 адам, ал сенікі жүз адам. Мен сенімен сөйлеспеймін де тіпті. Үшінші қаңтарға дейін барлық құжат, арыздар дайын тұратын болсын. Мен қайтадан үйретейін бе Елбасының бес әлеуметтік бастамасын? Мұндай әкім болған кімге керек? – деді облыс басшысы. Осы ретте, аудан әкімінің де аталған мәселеге өз «уәжі» айтылды. Ол аталған бағыт бойынша істеліп жатқан жұмыстарға ненің қолбайлау болып отырғанын жеткізіп көрді. Сөз бе – сөз айтқанда, өзін, жоғарыда айтылғандай, мерейтойлардан көп ұшыратқан басшысына қарата: –Амандық Ғаббасұлы, енді кішкене қиындық тудырып тұрғаны банк саласынан кедергі болып отыр. Көп адамдардың жалақысы жетпей тұр, – деді Жандарбек Далабаев.  «Көп адамдардың жалақысы жетпей тұр». Сөз дәл осы тұсқа келгенде өңір әкімі мұндай жалақысы төмен деп қол қусырып отырудың бекершілік екенін, ауданда ол үшін берілуі тиіс квартираның да молдығын (114 квартира – аудан әкімінің сөзінен.), тіпті, аймақта оған сұраныс тудыратын адам санының да шоғыры көп екенін атап өтті. Сұраныс демекші, осы жиында өңір басшысы аудан әкіміне тағы: «Мен саған айтам: бір жерден сатып алсаң да 30 квартира бересің» деп талапты тіке қойды. Бұл – шарасыздықтан шарт қоюдың әлпеті секілді көрінді бізге. Ол қандай шарасыздық дейсіз ғой? Атап айтсақ, Алматы облысы дәл осы маңызды бағыт бойынша республикада оныншы орынға әрең іліккен еді. Ол  жайлы сайтымызда жарияланған «Масқара: екі айда екі клиенттің өтініші қабылданды» атты мақаламызда жазған болатынбыз. Онда да «Халық банкінің» Қарасай ауданындағы филиалының басшысы Бақыт ИБРАЕВА ауданда аталған бағдарламаның тым баяу жүру себебін халықтың жалақыларының төмендігімен түсіндіріп баққан еді. P.S. Осылайша, бір ауданның он айлық есебінде бір облыстың жалақы саясатындағы «кедейлігі» екінші рет ашылып қалды. Ол шындықтың бетін ашқан тағы Қарасай ауданы болды. Яғни, екі айда екі-ақ адамға пәтер беріп шын «ерлеген» аймақ он айлық есепте 10 пәтермен «шу» көтерді, сөйтіп...  ҚАЛЫС ТАҚЫРЫП Ең қызығы, есептік кездесу аясында аймақтың «тасып» тұрған табысын көрсетпекке тырысып, ауданның жетістігін ондағы «Магнум» мен «Апорт» сауда орталықтарын түгендеуден бастаған Ж. Далабаевты Амандық Баталовтың өзі: «Аудандағы жетістіктің бәрін мен білемін. Бәрін айтып не қыласың? Онан да халықтың игілігі үшін қаржы бағытталуы тиіс салаларды, түйіткілді мәселелерді айт!» – деп тиып салды. Нәтижесінде, Қарасай ауданында қордаланып келген халық көмейіндегі біраз түйткіл облыс әкіміне жеткізілді. Атап айтар болсақ, балаларды білім ошақтарымен қамту мәселесі,  «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде 1200 орындық мектеп пен 315 орындық балабақша салуға, Белинский, Әзірбаев, Ғабдуллин атындағы және басқа да бірқатар мектептерге күрделі жөндеу жүргізуге тиісті қаржылық көмек сұралды. Сонымен бірге аудан басшысы, аймақтағы демографиялық өсімнің оң  нәтижесіне орай, Қаскелең қаласынан емханасы бар жаңа аурухана салу үшін, жергілікті жерлердегі ауруханалар мен дәрігерлік амбулаториялардың орнына жаңа нысандардың құрылысын бастауға қажетті құжаттамалар әзірлеуге қаржылық қолдау көрсетуін өтінді. Сондай-ақ, жиын барысында өзге де күрмеулі мәселелер көтеріліп, оның біразы келесі жылы атқарылуы тиіс маңызды жобалардың қатарына енгізілді. Айта кетейік, ауданда өткен 10 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 203 млрд. теңгеге жетті. Ал биылдың аяғына дейін негізгі капиталға тартылған инвестиция 113,5 млрд. теңге болады деп жоспарланған. Бұдан бөлек,  биылғы жылда ауданда тұрғын үй салу көрсеткіші 179 мың шаршы метрге жетуі тиіс. Ауданда есепті кезеңде 2093 жаңа жұмыс орны ашылған. Фото: facebook.com

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.