Ахметовтың "тегін маскасы" бір-бірден ғана беріледі

Сатжан Қасымжанұлы - 25.03.2020473

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семейге келген сапарында коронавирус инфекциясынан қорғану мақсатында «Семейспецснаб» пен «Ук Юникс» ЖШС-не маска шығаруды жеделдетуді тапсырған болатын. Бұл туралы өңір басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында да үсті-үстіне жариялағанын жұрт күнделікті көріп отыр. Дегенмен 16 наурыздан бастап күніне 100 мың маска шығару міндеттелген кәсіпорындардан бір жетіге дейін дәріханаларға маскалар жеткізілмей жатқан соң, себебін білмекке асықтық.

 Алайда Семей қаласының шетіндегі «Семейспецснаб» кәсіпорны басшылығымен тікелей тілдесудің сәті түспеді. Бірі орынбасар екенін айтқанымен, аты-жөнін айтудан бас тартты. Екіншісіне сілтесе, ол әлдеқайда асығып бара жатқанын айтып, көлігін көлденеңдетіп жөніне кетті. Дегенмен тігін цехының ішіне кіруімізге қарсылық білдірген жоқ.

    Цех ішіне кіргенімізде жұмыстың қауырт жүріп жатқаны бірден байқалды. Мұрнынан шаншылып, алдындағы тігін машинасына қадалған әйел қауымынан көз сүрінеді. Жанталаса қимылдап, бетперде тігуге қызу кіріскенімен, өздерінің аузы-мұрны ашық. Үлкен өндіріс орнында сақтық шарасы қалайда қажет екенін басшылық ескермеген тәрізді.

–Қазір әрқайсымызға күніне 500 дана маска тігу міндеттелген. Қию цехынан жеткізілген маталардан үсті-үстіне алып, жұмысымызды істеп жатырмыз. Жұмыс уақыты сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін. Тез арада аяқтау тапсырылған. Ал өндірген бетперделеріміздің қай жаққа, қалай, қашан жеткізілетіні туралы бейхабармын. Тігіп болғанда жинап әкетеді, басқа ештеңе айта алмаймын, – деді осы өндіріс орнында 15 жылдан бері істеп келе жатқан Гүлжан есімді ана.

  Мұнда негізгі цехтан бөлек, екі қосымша цех жұмыс істейді екен. Барлық жиыны 250 адам жұмыспен қамтылған. Қажетті материал Өскемен арқылы Ресейден жеткізілетін көрінеді. Негізгі цехта 64 адам жұмыс істеп жатқанына куә болдық. Мұндағы маскалардың бір артықшылығы – бірнеше рет пайдалануға болатындығы.

Тағы бір айтар жайт, өндіріс орнында жасы шамамен 20-35 аралығындағы әйел заты жоқ. Себебін сұрастырғанда білгеніміз – қазіргі қыз-келіншектер мұнда келіп 60-65 мың теңге көлеміндегі жалақыға жұмыс істеуге құлықсыз. Оның да іштей бірер себебін түсінгендей болдық: жұмыс орны қала сыртында, қоғамдық көлікпен таңғы сағат сегізден жетудің өзі машақат. Жалақы жайы «жыртыққа жамау болар» шамада ғана.

 Осындай мәселесіне қарамастан, жанкешті іске бел шеше кіріскен жұмысшылар қауымына қарап бір сұрақ туды: масканы тез арада, тапсырылған уақытында аяқтап берген «Семейспецснаб» жұмысшылары осы үшін сыйақы ала ма? Алайда бұл сұрағымызды аты-жөнін айтудан қашқақтаған цех бастығына шегелей қойғанымызбен, жауап «мен қайдан білеміннен» арыға ұзамады. Ал білетіні – жұмыс мемлекеттік тапсырыс аясында өндіріліп жатыр.

 Хош, сонымен, коронавирустан қорғану үшін «мемлекеттік тапсырыс аясында» маска тіктіруді басты шаруаға айналдырған өңір басшысы уәдесінде тұра алды ма?!


  94 мыңнан – 470 мыңға дейін


   «21 наурыздан бастап облыс бойынша бірнеше мәрте қолдануға болатын 94 мың масканы тегін соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, І, ІІ, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балаларға таратамыз. Одан кейін атаулы әлеуметтік көмек алатын, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тегін береміз».

  Бұл – өңір басшысы Даниал Ахметовтің Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасы. Мәтіннің өз аузымен айтқан бейненұсқасы да бар. Осылайша алғашқы лектегі маскалардың қандай категориядағы адамдарға тегін таратылатындығын мәлімдеген облыс әкімі 22 наурыздан бастап зейнет жасындағы адамдар үшін әр данасы 170 теңгеден «Қазпошта» бөлімдерінде сатылатынынан да хабардар етіпті. Алайда бір адамға тек төрт маскадан артық сатылмайды.

 Арада екі күн өткенде Даниал Кенжетайұлы облыс бойынша жалпы саны 470 мың адам тегін маскамен қамтамасыз етілетінін айтты. Бұл аз ба, көп пе, жұртшылық өзі бағамдай жатар. Ал, бірақ, қазір жұртқа жеткізілуі «жырға айналған» масканы күтіп төзімін тауысқанша, көз майын тауысып масканы өздері-ақ тігуге кірісіп кеткендер де жоқ емес. Солардың алғашқы шоғыры Үржар ауданы Мақаншы ауылында тұратын көпбалалы аналардан шыққаны да атап өтер ақиқат.
 Семей ақпараттық орталығының хабарлауынша, 13 090  адамның 9972-сі бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер болса, 213-і – жетім бала, 2635-і – тыл еңбеккерлері, соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген 270 адам бар.

Алайда қала тұрғыны Ерлан Шаяхметұлы маска таратуда қоғамдық санитарлық тазалықтың тасада қалғанын айтып, өз наразылығын білдірді.

–Менің жарым әлеуметтік салада істейтін маман. Жұмыс орнының тапсырмасымен ол да тегін маскаларды таратуға шықты. Бірақ та, білесіз бе, ол әр үйге бір маскадан ғана таратып жүр. Тіпті кейбір үйдің тұрғындары «Осы бір маскаға бола есік қағып жүрсіз бе?» деп күліпті. Есітіп отырып ызам келді. Бір үйге кемі төрт маскадан берілу керектігі түсінікті. Ал жалғыз масканы қолына алып ап, әр үйдің есігін қағып, жаяу аралап келген еріктілердің қауіпсіздігін кім ескерді?! «Жаман айтпай – жақсы жоқ», Нұр-Сұлтан мен Алматы 22 наурыздан бастап жабылатынын ести сала қаншама адам сол қаладан осында ағылды. Маска апарып жүрген үйлерде сол қалалардан келген адамдар да отыруы әбден мүмкін ғой. Тегін масканы таратудағы әрекет дұрыс ұйымдастырылмаған. Әкімдіктің бір ісі бір ісіне кереғар. Сонда бір үйдегі бірнеше адам жалғыз масканы кезек киіп шыға ма?! Әлде қалғанын өздері сатып алсын дегені ме?! Не онысын түсіндіріп айтпаған. Сонда коронавирустан адамдардың денсаулық деңгейі сәт сайын алаңдатып тұрғанда масканы бір данадан таратып, «маскарад» жасап отыр ма? – деп күйінеді Е.Шаяхмұлы.

Тегін маска таратумен мәселе түбегейлі шешіліп кетпейтіні және түсінікті. Ең ауыры «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, интернет арқылы маска сататынын жарнамалап, артынша аңғалдардың ақшасын аудартып, өзін сазға отырғызып кететін алаяқтардың да ортамыздан шыға бастағаны өз алдына, қолданыстан шығарылып, қоқысқа тасталғандарын теріп, пайдаға кенелмек болған адамды да әлеуметтік желіден көзіміз шалды. Құдай коронавируспен қатар келген адам ниетінің бұзылуынан сақтасын дегеннен өзге не амал?


Мақала авторы:

Сатжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Уәлихан ҚАЛИЖАН, «Жас Алаш» ұлттың рухани ұстазы болды

Сайт Әкімшілігі

Уәлихан ҚАЛИЖАН, «Жас Алаш» ұлттың рухани ұстазы болды

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Нұр-Сұлтанды "әскер" дизенфекциялап жатыр (видео)

Сайт Әкімшілігі

Нұр-Сұлтанды "әскер" дизенфекциялап жатыр (видео)

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Сайт Әкімшілігі

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Сайт Әкімшілігі

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Сайт Әкімшілігі

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

Сайт Әкімшілігі

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

Сайт Әкімшілігі

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

БІз кімге сенеміз?

Сайт Әкімшілігі

БІз кімге сенеміз?

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Сайт Әкімшілігі

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Біз қожайын болудан қалыппыз

Сайт Әкімшілігі

Біз қожайын болудан қалыппыз

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным

Сайт Әкімшілігі

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным