Жаланың жазасы 18 жыл

Сайт Әкімшілігі - 26.03.2020780


Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың назарына

Марат Әжімолдаев  «Сервис ГазТеплоКотломонтаж»  мекемесінде  жұмыс істеп жүріп, жаламен 18 жылға сотталамын деп өмірі ойламапты. Өзегін жарып шыққан ұлының  өзгенің  ала жібін  аттамайтын адалдығына  сенгендіктен шығар, арадан бес жыл өтсе де,  әлі күнге әділдік іздеумен  келеді. 

 Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасының жедел уәкілдері мен тергеушілерінің баласына жасаған қиянатын  жасырып-жабу мақсатында  қолдан  қасақана    ұйымдастырып, таққан айыптарының  мынандай  жарымжан  қалпында  прокуратура табалдырығынан  кедергісіз аттап,  соңғы нүктені қоятын соттан қамшы салдырмай өте шыққанына әлі күнге  қайран қалады. Әңгіме түсінікті болу үшін  рет-ретімен баяндайық.  

 Мараттың әкесі Сайлау Әжімолдаевтың айтуынша,  басында «қоғамдық орында темекі шеккені үшін» деген  желеумен әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылған  баласы ішкі істер басқармасына жеткізілгеннен кейін полиция қызметкерлерінің соққысына жығылған.  Расында да, іске Марат Әжімолдаевқа қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып,  күш қолданған   полиция қызметкерлерінің  үстінен  қылмыстық  істің  қозғалғаны туралы  облыстық прокуратураның  ескертпесі де қоса тігілген. Алайда    полиция шенділері   күні ертең  осы  заңсыз әрекеттері әшкере болып,   үстерінен  іс қозғалып, жауапқа тартылып жатса, абыройдан айырылатынын алдын ала  сезіп, жәбірленушіге қарсы  амалдар ұйымдастыра бастаған.  Қан дағы жұққан  киімдері мен денесіне түскен  жарақаттарына  дер кезінде сараптама жүргізілмегендіктен,  қозғалған   іс   дәлелдің  аздығына байланысты  өндірістен  қысқартылғаннан кейін тәртіп сақшылары  көптен  ашылмай тұрған   бірнеше қылмысты Марат Әжімолдаевтың мойнына  іліп жіберіп, әп-сәтте оны  айыпкер етіп шығара салған.

Марат Әжімолдаевқа ең алдымен  «Қырбалтабай ауылының тұрғыны Тынымхан Есіркенованың  үйіне   кәмелеттік жасқа толмаған Максим Портнягинмен  және «Дики» деген лақап аты бар жігітпен  ұрлыққа түсіп, жәбірленушінің   алтын, күміс бұйымдары мен ақшасын үптеп кеткен» деген айып тағылады. Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі  Л.Боровлевтің  қолымен толтырылған қаулыдағы мән-жайларға сенсек,   2015 жылдың  20 тамызы күні  жасалынған  бұл қылмысқа басқа емес,  кәмелеттік жасқа толмаған Максим Портнягин күдікті деп танылып,  ол жауап алу барысында    ұрлықты жалғыз өзі  жасағанын мойындаған.  Құжатта   Марат Әжімолдаев туралы бір ауыз сөз жоқ. Басында «Тынымхан Есіркенованың үйіне  ұрлыққа  жалғыз өзім түстім» деген  Максим Портнягин  енді Марат Әжімолдаев пен лақап аты «Дики» дегенді  де өзіне  серіктес ретінде қосып, бұдан кейінгі қылмыстарға  да  «Мараттан   қорыққанымнан амалсыз  бардым» деген жаттанды жауап тауып алады. Максим Портнягиннің  бұл сөздері   қаншалықты  қисынды?  Оның мінез-құлқына баға берген орта мектептің психологы Б.Қыстаубаева  сотта берген жауабында «М.Портнягиннің  сабақтан жиі қалатынын, мектепте оқығысы келмейтінін, туған анасының  сөзін тыңдамайтынын, қаңғыбастыққа  үйір, өтірік айтуға бейім, тез ашуланатындығын, сол себептен де кәмелетке толмағандардың арнайы есебіне  алынғанын»  айтқан.  Куәгер Б.Абраманова:  «Ол шешесін анам деп санамайтын, тыңдамайтын, кезбелікке салынып, өтірік айтатын, ұрлық жасаса да, мойындамайтын жасөспірім», –  дейді. Ал анасы И.Портнягина:  «Балам Максим Александрович 3-сыныпта оқыды, жүйкесінің кінәратына байланысты  жергілікті психиатрдың есебіне қойылып, емдеуден өтті», – деп, ұлының мінез-құлқындағы  аурудың ақауын  жасырмай айтқан.  Баланың ақыл-есінің бүтіндігін тексеру үшін тағайындалған   әділет министрлігіне қарасты   сот сараптамасы орталығы №6938 қорытындысындағы  ескертпеде «институтта  кәмелеттік жасқа толмағандардың  өзіне тән ерекшелігін білетін маманның жоқтығына байланысты «Қазақстан Республикасындағы сот сараптамасының қызметі туралы» заңының 79-бабының талаптарына сәйкес,  сарапшы тарапынан жүргізілетін  зерттеу барысында   оның жағдайы мен сөзіне қатысты мәселе емес,  тек психологиялық тұрғыдан қысым жасалғанына ғана баға беріледі»   деп жауап  қайтарылған. Оны сотқа маман ретінде шақырылған Алматы облысының  психикалық  денсаулық орталығының  бөлім меңгерушісі Ғазиза Ешмұратова да  құптаған.  Дұрысы осы болса керек еді. Алайда   сарапшы Ғазиза Ешмұратова  іле-шала бастапқы жауабынан айнып,  жетекші сарапшы  ретінде  А.Анетов және Г.Айбасовамен бірігіп қол қойған   №276 амбулаторлық-психиатриялық сараптамасында   Максим Портнягиннің  жүйке ауруымен сырқаттанбағандығын, жағдайды дұрыс қабылдайтын қабілеті болғанын бекітеді. Сонда Ғазиза Ешмұратованың қай жауабы дұрыс?  Жалған жауап бергені үшін  жауапқа тартылатынын  Ғ.Ешмұратованың білмегені ме? Сарапшының   бір мәселе жөнінде  екі түрлі пікір  білдіруі  қалай?   Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы  Айгүл Қасенованың Марат Әжімолдаевты 18 жылға бас бостандығынан айыруына  бірден-бір  негіз ретінде алынған  осы сот сараптамасы  қаншалықты заңды? 

Былайша айтқанда,  өмірбаяны «таза» емес, жаратылысынан өтірік айтуға бейім М.Портнягиннің тергеу амалдары мен сот отырыстарында берген жауаптарының  ақиқат немесе жалған   екеніне  көз жеткізу үшін заң талабына сәйкес  кешенді сот  сараптамасы  тағайындалып,   нақты баға берілмеген. Жіберілген  кемшілікті  түзетіп, ақиқатқа көз жеткізу үшін кешенді сараптама тағайындау   облыстық прокуратура мен  осы істі қараған  Алматы облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгүл Қасенованың тікелей міндеті емес пе еді? Максим Портнягиннің   жеке мінез-құлқына психологиялық тұрғыдан баға берілмегендіктен, ол  сот үкімі шыққанға дейінгі жауаптарында  бір-біріне қабыспайтын, қарама-қайшылығы  көп  өтіріктерін  жалғастыра берген. Мәселен, Максим Портнягин жәбірленуші Тынымхан Есіркенованың үйіне Марат Әжімолдаевпен және лақап аты «Дики»-мен бірге ұрлыққа түскенін баяндап, олардың асүйдің терезесіндегі бұранданы аша алмағаннан соң,   әйнектерін сындырып, қолдарын жарақаттап алғанын  айтады. Оқиға орнына зерттеу жүргізген ішкі істер басқармасының аға криминалисі Ж.Көбегенова  өз анықтамасында үй ішінен табылған саусақ таңбаларының Максим Портнягинге де, Марат Әжімолдаевқа да, тіпті үй иесі Тынымхан Есіркеноваға да  қатысы жоқ,  мүлде басқа адамдарға тиесілі екенін  көрсеткен. Сонда олар кімдер?  

Бір таңданарлығы,  криминалист маман Ж.Көбегенова үй ішінен күдіктілердің ізінің табылмағанын жазып көрсетсе, істі қараған судья Айгүл Қасенова «Қырбалтабай ауылы Заречная көшесі №11 үй мекенжайындағы үйдің шағылған терезесінен алынған шайындыда адам қанының іздері анықталды, оның   Марат Әжімолдаевқа тиесілі болу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды» деп,  дәйексіз тұжырым жасайды.

  Сот сараптамасының  Марат Әжімолдаевтың саусағының кесілген жерін анықтамай тұрып, арадан біраз уақыт өткеннен кейін тамырынан алған қанға қарап тұжырым жасауы  да  түсініксіз. Тергеу органы М.Портнягиннің  жалаң жауабына сүйеніп, ұрлық шамамен кешкі сағат 10 шамасында болды деп шамалайды. Ал куә ретінде сұралған   Дулат Атбағаров  сол күні сағат тоғыз жарымда М.Әжімолдаевтың  көлігімен   туысқандарын Өрнек ауылына 1000 теңгеге жеткізіп тастағанын айтады. Дулат Атбағаровтың  мына сөзі рас болса,  Марат Әжімолдаевтың  қылмысқа қатыстылығы  күмән тудырады.  Өйткені ол  Өрнек ауылына қарай сағат 10-да шығып,  екі аралыққа 45 минут    жүрген. Енді оған қайтар жолдағы  сондай уақытты қоссаңыз, ол Қырбалтабайға түнгі сағат он бір жарымдарда жетер еді. Марат Әжімолдаевтың өздерін Өрнек ауылына апарып тастағанын Дулат Атбағаровтың туысқаны М.Күшбасов та растайды.   Тергеу органының осы   мәліметтеріне сүйенсек,  бұл мезгілде жолда жүрген  Марат Әжімолдаевтың  сағат кешкі 10 мен 11 аралығында ұрлыққа  қатысуы  мүмкін емес.  Жәбірленуші Тынымхан Есіркенованың  үйінен ұрланған заттардың таптырмай кетуі де  жедел іздестіру шараларының   атүсті жүргізілгенін көрсетеді.   

 Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасының басшылары мен қызметкерлері  Т.Есіркенованың үйіне жасалған ұрлыққа   Марат Әжімолдаевтың  қатыстылығын реттеп  алғаннан кейін  енді оның мойнына арыз-шағымы тіркелгенімен, ашылмай тұрған  М.Хамиттың   дәнекерлеу құралын ұрлап алды деген қылмысты  тағы да  іліп жібереді.   Шын мәнінде  жәбірленуші  өз шағымында дәнекерлеу құралын  Марат Әжімолдаевтың нақты ұрлағанын көрсетпеген. Сол себептен де ол  тергеушінің   «сіз аппаратты ұрлаған күдікті Марат Әжімолдаев деп санайсыз ба» деген сауалына  «мен аппараттың ұрланғаны жөнінде ғана шағым жаздым, алайда дәл мынау алды деп нақты көрсеткен емеспін» дейді. Дәл осы жерде Марат Әжімолдаевтың  қандай жазығы бар?

  Ауыл молдасы Әкімхан Бердібектің үйіне жасалған кезекті  ұрлық оқиғасында  да  Марат Әжімолдаевтың кінәлі екенін дәлелдейтін бірде-бір дерек  тіркелмеген.    

 Әжімолдаевтар әулеті   балаларын   жабылған жаладан арашалаймыз деп  алашапқындатып жүргенінде   жедел уәкілдер  кімнің қолынан  қаза тапқаны  белгісіз,  80-нен асқан Варвара Попованың  өліміне   тағы да  Марат Әжімолдаевты  кінәлі етіп шығарады.  Іс материалдарын зерделеп қарасаң, бұл оқиғада да  қиюы қашып тұрған жұмбақ  аз емес.  Мұнда да Марат Әжімолдаевтың  марқұм Варвара Попованың  өліміне тікелей  қатысы бар екенін  көрсететін  бірде-бір дәлел жоқ.  Зерттеу жүргізген мамандар  оқиға орнынан  М.Әжімолдаевқа тиесілі   саусақ не табан іздерін таппаған.

Варвара Попованың мәйітіне зерттеу жүргізген  әділет министрлігінің сот-дәрігерлік сараптамасы  орталығы Алматы филиалының сарапшысы Олег Кимнің  №10-06-249 қорытындысында  марқұмның басына түскен жарақаттардан  қорғасын қалдығы табылмағандығы  көрсетілген.  М.Портнягиннің айтқаны рас болса, бастағы жарақаттың ізінен    қорғасынның   дағы  кездеспеуі   мүмкін емес ғой. Сондай кезде  шын мәнінде  кастеттің  қылмысқа құрал ретінде пайдаланылғаны  рас па  деп  күдіктенесің.  

Сот судьясы Айгүл Қасенова сот-биологиялық сараптамасының қорытындысы М.Әжімолдаевтың шұлығы мен футболкасынан   табылған  қан ізінің  оған тиесілі болу мүмкіндігін теріске шығармайды десе,   денсаулық сақтау министрлігі сот сараптамасы орталығы Алматы филиалының  сот-биологиялық сараптамасының сарапшысы 18 жылдық өтілі бар Ирина Спивакованың    қорытындысында  оқиға орнынан табылған қан дақтарының тек В.Поповаға тиесілі екендігі, тексеруге ұсынылған М.Портнягиннің қысқа шалбары мен сүйретпесінен және Марат Әжімолдаевтың шалбары мен спорттық аяқкиімінен ондай белгілердің кездеспегені  көрсетілген.   

Сонда бұл қылмыстық оқиға қалай бұрмаланған? Сотқа деген сенімсіздік осындайдан туындайды.


 Елеусіз МҰРАТ


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Ұқсас жаңалықтар