Қара баланың қамын кім ойлайды?

Сайт Әкімшілігі - 26.03.2020243


 Жалпы, ХХ ғасырдың соңынан бастап әлемдік білім кеңістігінде үлкен өзгеріс басталды. Жаһандану, ақпараттық революция, нано, биотехнологиялардың қарқынды дамуы, жедел  өзгерген өмір адамзаттың әлемдік көзқарасын түбегейлі өзгертті. Сондықтан да Қазақстанның білім жүйесіндегідей «дағдарыс» бүкіл әлімді жайлаған. Тек бізде ол тереңірек сезіледі. Бір ғана мысал. Әлем ғалымдары сіздің жиған біліміңіздің ХХ ғасырда 10-15 жылға дейін жарайтынын айтса, ХХІ ғасырдың басында 2,5 жылдың ішінде ескіретінін құлаққағыс жасаған. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 1,5 айға, 2020 жылы 72 сағатқа жетеді екен. Мәселен, таңертең алған ұялы телефоныңыздың маркасы кешке жетпей ескіріп қалып жатады. Осындай жылдамдықпен дамып тұрған заманда білім де жылдам өзгерістерге бейім болуы тиіс. Ал біздің  оқу бағдарламамыз, әдіс-тәсіліміз, көпшілік мамандардың ой-өрісі әлі де ХХ ғасырдың ауылында деуге болады. Бейнелеп айтқанда, бес жасынан компьютердің құлағында ойнайтын бастауыш сыныптың баласын кезінде 50-ге келген азаматтарды оқытқан оқу бағдарламасымен білім беріп жатырмыз. Бұл баланың жүрегін шайып, білімге деген құштарлығын сөндірмей ме? Мамандар жүргізген сауалнамаға еліміз оқушыларының 78 пайызы «біздің мектепте алған біліміміз өмірде керек емес» деп жауап берген. Яғни бұл көңілге селкеу түсірер басты күдік. Олай болса, орта білім беру саласындағы бағдарламаның да, әдістеменің де, технологияның да тозығы жетті ме деген ой туады.

 Жуырда басылымдардың бірінде әлемдік деңгейдегі оқытушы, жапон текті АҚШ физигі Митио Какудың болашақтағы білім жүйесі туралы болжам жасаған өте қызықты материалы жарияланыпты. Оның «Болашақ физикасы» кітабын оқыған көзі ашық, көкірегі ояу адам ХХІ ғасырдағы адамзат дамуының келешекте қай бағытта  өрбитіндігінен алғашқылардың бірі болып хабардар болары сөзсіз. The New York Tіmes  газетінің бағалауы бойынша, Нью-Йорктің ең үздік адамы ретінде танылған Митио Каку жақын болашақта білім интернет-технология мен гаджеттерге сүйенетін болады дейді.

Каку мырзаның айтуынша, болашақта мектептер виртуалды күйге көшетінін болжайды. Яғни бала жақын болашақта қазіргі үйреншікті жағдаймен мектеп ғимаратына бармай, үйде отырып-ақ әлемнің кез келген бұрышындағы мектептерге оқуға қабылданып (тіл білсе болды), білім алу мүмкіндігіне ие болады. Мәселен, Атырау облысының шалғай ауылында тұратын бала Алматыдағы Жәутіков атындағы физика-математика мектебіне немесе тіл білсе, Британияның әйгілі Headington School мектебінде оқи алады деген сөз. 

Әлемдегі коронавирус жағдайына байланысты жарияланған пандемия Каку мырзаның осы болжамын жақындатып берген сияқты. Карантинге орай, көптеген мектептер қашықтықтан  оқуға көшті емес пе? Жалпы, бұған дейін де біз қазіргі балалардың ұялы телефон мен түрлі гаджеттердің құлағында ойнайтынын айтқанбыз. Ендеше, қашықтан оқуға бала психологиясы дайын. Бұл – мәселенің басы. Ал енді қашықтан оқытудың еліміздегі қазіргі жағдайына тоқтала кетейік. Оның пайдасы мен жағдайына көңіл аударып көрейік.

     Қашықтықтан оқытудың пайдасы: біріншіден, бала өзіне ыңғайлы қалаған уақытында күнделікті білім алуға мүмкіндік алады. Екіншіден, онлайн берілген сабақ таспаға жазылып берілген соң, бір тыңдағанда түсінбеген материалды  қайта-қайта көруге мүмкіндігі бар. Үшіншіден, салмағы ауыр кітаптары бар сөмкені көтерудің қажеті жоқ. Төртіншіден, үш-төрт ауысымды  мектептердің проблемасы шешіліп отыр. Бесіншіден, бала көбіне-көп ата-анасының, яғни отбасымен бірге, оның тәрбиесі мен бақылауында деген сөз. Алтыншыдан, бала отбасында болған соң, оның сыртқы (буллинг) қысымға ұшырау қаупі төмендеп отыр.

     Ал енді кемшіліктері неде? Біріншіден, біздің мемлекеттегі жауапты министрлік қыруар қаржы бөлініп жатса да, шалғай ауылдарды жылдам интернетпен қамтамасыз етіп үлгерген жоқ. Мұның зардабын бірінші кезекте ауыл мектебінің оқушылары тартатыны сөзсіз. Оның обалы сол министрліктегі ағаларына. Екіншіден, білім және ғылым министрлігі мектептерді цифрландыруға талай қыруар қаржы жұмсап, оны да ұқсата алмай жоқ қылды. Ақша бөлінді, нәтиже құмға сіңген судай болды. Мәселен, бір кездері e-Learning жобасына құйылған 30 миллиардтан аса ақшаның қайда кеткені белгісіз. Сұрауы жоқ қайран елдің қаржысы. Енді қазір сол жігіттер жаңадан  «білімленд» жобасын ойлап тауып, ары қарай мемлекеттен тағы қыруар ақша алып жатыр. Оның пайдасы қандай, нәтижесі не болмақ? Білім сапасына қандай оң ықпал беріп жатқанынан ешкім хабарсыз. Мәселен, PIZA-2018, ICILS, PIAAC сынды халықаралық зерттеулердің нәтижесі бойынша Қазақстанда білім деңгейі соңғы орында.  Бұл қалай? Сонда мемлекет қажетсіз бағдарламаларға бекер ақша жұмсап келген бе? Бұл жобалардың артында кім тұр? Ешкім тұрмаса, онда оларға неге есепсіз қаржы бөлінген? Министрлік қайда қараған? Сұрақ көп, өкінішке қарай, тұшымды жауап жоқ. Үшіншіден, бала мектептегі қысымнан құтылғанымен, кейбірі отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін. Төртіншіден, онлайн сабақтардың сапасына кім жауапты? Оны қадағалап жатқандар бар ма?

     Жақында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі оқу процесін түсіндірді. Министрліктің арнайы бұйрығына орай, баланы балабақшаларға қазіргі жағдайда жіберу немесе жібермеу ата-ананың өз еркінде. Біздің ойымызша, ел бойынша балаларды уақытша үйде ұстаған тиімді еді.

    2020 жылғы 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін балалар көктемгі демалыста. Осы уақыт аралығында мектеп мұғалімдері қашықтықтан жұмыс істейді. Әріптестерімізге әдістемелік және сабаққа дайындық жұмыстарын үйде отырып орындауға болады. Бұл енді қалада шешілетін мәселе. Ауылды қайтеміз? 

    16 наурыздан бастап колледждер мен ЖОО студенттері қашықтықтан оқыту технологиялары негізінде білім алуға көшті. Оқыту процесі бекітілген оқу жүктемесіне, жоспарына, бағдарламасы мен кестеге сай жүргізілуде. Бұл – министрдің сөзі. Бірақ шалғайда жүрген студенттерін білім ордалары іздеп жатыр ма?

     Оқу процесін ұйымдастыру үшін педагогтер мен студенттерге электрондық платформаларға кіруге жағдай жасалады. Оқыту құралы ретінде видео-сабақтар, дербес онлайн-жұмыс, онлайн-курстар пайдаланылады. Бізде Bilimland, Google Classroom, MOODLE, Univer, Platonus, Canvas, Daryn.online сынды жақсы жүйелер бар. Сондай-ақ Coursera өз курстарын тегін ұсынды және ZOOM оқыту барысында сервисті тегін пайдалануға жағдай жасады. Бір қарағанда бәрі тамаша. Ал біз алдағы уақытта өңірдегі тілшілеріміз арқылы көкейдегі сауалдарға жауап іздейтін боламыз.

 Жолдасбек ДУАНАБАЙ





Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Уәлихан ҚАЛИЖАН, «Жас Алаш» ұлттың рухани ұстазы болды

Сайт Әкімшілігі

Уәлихан ҚАЛИЖАН, «Жас Алаш» ұлттың рухани ұстазы болды

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Нұр-Сұлтанды "әскер" дизенфекциялап жатыр (видео)

Сайт Әкімшілігі

Нұр-Сұлтанды "әскер" дизенфекциялап жатыр (видео)

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Сайт Әкімшілігі

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Сайт Әкімшілігі

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Сайт Әкімшілігі

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

Сайт Әкімшілігі

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

Сайт Әкімшілігі

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

БІз кімге сенеміз?

Сайт Әкімшілігі

БІз кімге сенеміз?

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Сайт Әкімшілігі

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Біз қожайын болудан қалыппыз

Сайт Әкімшілігі

Біз қожайын болудан қалыппыз

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным

Сайт Әкімшілігі

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным

Ұқсас жаңалықтар