Қиналған кісі қаржы іздейді

Сайлаубаева Қарлығаш - 26.03.2020254


19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан халқы карантинде отыр. Ел карантинге жабыла салысымен билік шағын және орта бизнесті қолдайтындарын, оларды тығырыққа тіремейтіндерін айтып мәлімдеме жасады. Бұған қатысты қаржы нарығын реттеу және дамыту орталығының төрайымы Мәдина Әбілқасымова 90 күнге дейін елдегі бизнесмендердің несиесі кешірілетінін жария етті. Іле-шала отандық бизнесті қолдауға  қосымша қаржы бөлінетіні де қоса айтылды. Бұл ретте бизнеске қойылатын талап – ішкі нарықтағы бағаны көтермеу.

Хош, сонымен,  төтенше жағдайда бизнестің бабы табылған тәрізді.  Ал қарапайым халықтың ше?! Бұқараның көңілі қазір күпті. Карантинге қамалған ел дерттен сақтанудың жолдарын ойлауы керек еді. Өкінішке  қарай, біздің карантиндегі халық несиені ойлап ғаріп боп отыр.

Деректерге жүгінсек, елімізде экономикалық белсенді, яғни табыс табуға қабілетті  9 млн 230 мың адам бар болса, оның 7 млн 500 мыңының мойнында несиесі бар. Борышкерлер екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарына 26 трлн теңге қарыз.  Елімізде мүлде қарыз алмаған 1,7 млн адам ғана бар екен. Ал енді мұндай жағдайда Алматы мен Нұр-Сұлтандағы елдің несиесін ойлап уайымға батуы түсінікті де.  Елдегі несие бюросының мәліметінше,  қарыз алушылардың азғантай тобының ғана кепілзатсыз несиесінің көлемі 5-10 млн теңгеден асып отыр. Бөлшек несиені, автонесиелендіруді, ипотекалық қарызды тұтас алып халық санына бөлетін болсақ, әр қазақстандыққа 1 млн теңге қарыз жүктемесі артылады екен.  Бұл санды орташа жалақыға бөлсек, ел азаматтарының қарызға белшеден батып отырғанын пайымдауға болады.

Ал енді нақ бүгінгідей төтенше жағдайда не істеу керек? Қазірде карантиндік режимге өте салысымен жұмысшыларының біразын ақысыз демалысқа жіберген жұмыс орындары да бар. Онлайн режимде жұмыс істеуге келмейтін зауыт, кәсіпорын, фабрикалар бірқатар жұмысшыларын демалысқа жіберіп те үлгерді.  Сол тәрізді кейбір сауда үйлерінің, мейрамханалардың да жұмысшылары ақысыз демалысқа жіберілген. Мұндайда жұмысынан бір ай бойы еңбекақы алмайтын азаматтардың несиесін кім кешіреді?! Үкімет қарапайым адамдардың несиесі туралы түк айтпады. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың  сөзімен айтсақ, сізді несие төлеуден ешкім босатпайды. Тек жағдайыңыз қиындап, кезекті айдағы кредитіңізді жаба алмасаңыз, өткізіп алған күндеріңіз үшін айыппұл ғана төлемейсіз. Ал негізгі қарызыңыз қордаланып тұра береді. Қазір Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Алматы облысындағы жеке тұлғалардың жалпы несие қарызы 14 триллион теңгені құрап отыр. Бұл – еліміздің біржылдық бюджетінен де артық сома. Олардың бәріне бір мезетте несие каникулын жариялау банк секторы үшін ауыр тиетіні сөзсіз. Бұл ел экономикасына қауіпті дүние. Үкіметтің жеке тұлғаларды төтенше жағдай кезінде несиеден босатпауының бір себебі де осы. Есесіне Мәдина Әбілқасымова несие тарихы нашар жандарға «жақсы жаңалық» айтты. Егер бұрыннан қордаланып қалған борышыңыздың осы күндері жартысын өтесеңіз, сіздің аты-жөніңізді қара тізімнен сызып тастамақ. Бірақ мұндай төтенше жағдайда еңбекақысыз қалған ағайын қайтіп қордаланып қалған борышын төлесін?! Міне, осы жайттарды тізе келе, біз елдегі несие саясатының сауатсыз жүйеленгенін тағы бір пайымдаймыз.

 Осы тұста басына күн туғанда «халықтың тірнектеп жинаған зейнетақысы неге өзіне берілмейді» деген сауал туындайды. Пайымдасақ, Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорынан бұған дейін салаларды қолдауға біршама млрд-тар бөлініп келді. Өткен жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 170 млрд теңге Қазақстан теміржолының жұмысын жандандыруға берілді. Қазақстан теміржолы бұл қаржыны  БЖЗҚ-дан  15 жылға алып отыр. Сыйақы мөлшерлемесі – 11,5 пайыз. Бұдан бөлек, зейнетақы жинағымыздың 450 млрд теңгесі ауыл шаруашылығын дамыту үшін «ҚазАгро» холдингіне берілді. Бұл бөлінген қаржыны «ҚазАгро» холдингі жыл сайын 10 пайыздық үстеме төлей отырып, 15 жылдың ішінде зейнетақы қорына қайтарып беретін болады. Бұған қоса, банктер мен қазақстандық корпоративтік эмитенттерді қолдау үшін  БЖЗҚ-дан 200 миллиард теңгеге дейін инвестиция салынды.

Сонда зейнетақы қорындағы қаржы ұлттық экономикаға серпін беру үшін арнайы салаларға бөлінеді. Ал бірақ қарапайым халықтың өзінің жинаған жинағы осы уақытқа дейін өз пайдасына асыруға беріліп көрген жоқ. Қаржыгер Айман Оразәлиеваның айтуынша, зейнетақы қорындағы қаржыны карантиннің кесірінен жұмыссыз қалған жұрттың несиесін жабуға жұмсау керек. «Елорда мен Алматы халқы үшін тым құрығанда осындай көмек көрсетілгені абзал», – дейді  маман.

  Қаржыгердің пайымынша, бүгінде еліміздің 8 млн азаматы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 2,5 млн адам ғана зейнетақы жарнасын жыл он екі ай үзбей аударады. 6,6 млн салымшының зейнетақы жинағы 1 млн теңгені құраса, 282 мың адамның салымы 5 млн теңгеден асады. БЖЗҚ-да 10 трлн теңгеден астам қаржы жатыр. Осындай сын сәтте халыққа көмектесу керек.

«Несие аларда банктер зейнетақы жинағы бар ма, жоқ па деген дерекке қарайды. Адам несиені төлеу қабілетінен айырылғанда, құдай бетін әрі қылсын, қайтыс болған жағдайда зейнетақы жинағынан қаражат алу жайы қарастырылады. Сондықтан осыны есепке алып, төтенше жағдайда жұмыссыз қалған адамдардың несиесін зейнетақы жинағынан алуға рұқсат беру керек», – дейді қаржыгер Айман Оразәлиева.

 Ал экономист-ғалым Дәурен Арынғазының айтуынша, зейнетақы қорындағы қаржы халықтың жинағы болғаннан кейін ол халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс.  «Жинақта жатқан қаржы инновациялық бағытты ұстанған салаға, инфрақұрылымды дамытатын салаларға бөлудің жемісі бар деп ойлаймын. Кейінгі жылдары бұл салаға қатысты жақсы пікірлер айтыла қоймайды. Заңсыздық көп. Сондықтан жианқталған қаржыны да қатаң бақылауға алу қажет. Олай етпесек біз күні ертең халықтың жиған зейнетақысын желге ұшырамыз», – дейді маман.

   Жалпы, мамандар пікірінен аңғарғанымыз, елдің несиесін тым құрығанда бір айға жеңілдету үшін зейнетақы жинағын пайдалану да проблемадан шығудың бір жолы.  Билік осындайда бейқам қалмай, бұқараны қолдаудың шараларын қарастыру керек екені анық. Олай етпесек қарапайым халықтың көңілі қазір күпті. Карантин кезінде азық-түлік бағасы бір қымбаттап, несиенің уайымы бір ойлантып, көпшілік «жұмыссыз қаламын ба» деп тағы ойланып, халық әрі-сәрі болып отыр. Сондықтан алдағы уақытта билік бұқараны тар жерде тығырықтан шығарудың амалын қарастырады деп бек сенеміз.  



Мақала авторы:

Сайлаубаева Қарлығаш

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Уәлихан ҚАЛИЖАН, «Жас Алаш» ұлттың рухани ұстазы болды

Сайт Әкімшілігі

Уәлихан ҚАЛИЖАН, «Жас Алаш» ұлттың рухани ұстазы болды

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус: қай ел қанша өтемақы төлейді?

Нұр-Сұлтанды "әскер" дизенфекциялап жатыр (видео)

Сайт Әкімшілігі

Нұр-Сұлтанды "әскер" дизенфекциялап жатыр (видео)

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Сайт Әкімшілігі

Дүрбелеңмен өтті ғой, Тоқаевтың көп күні

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Сайт Әкімшілігі

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Сайт Әкімшілігі

Дәурен Абаев: Адам шығыны болған жағдайда алгоритм жүйесімен жерленеді

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

Сайт Әкімшілігі

Абайлаңыз, қоқыстағы маска сатылымда болуы мүмкін (видео)

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан қалай сақтану керек? (видео)

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

Сайт Әкімшілігі

Жұрт білетін «Жас Алаш» 100 жылдыққа қадам басты

БІз кімге сенеміз?

Сайт Әкімшілігі

БІз кімге сенеміз?

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Сайт Әкімшілігі

«Ешкімге дауысымды бермеймін»

Біз қожайын болудан қалыппыз

Сайт Әкімшілігі

Біз қожайын болудан қалыппыз

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным

Сайт Әкімшілігі

Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным