Уәлихан ҚАЛИЖАН, «Жас Алаш» ұлттың рухани ұстазы болды

Сайт Әкімшілігі - 27.03.20202569

– Қазақ халқының мақтанышына айналған «Жас Алаш» 100 жылға қадам басып жатыр. Басылымды кезінде небір мықты тұлғалар басқарды. Сіз бас редактор қызметін қазақ журналистикасының хас шебері атанған, газетті  16 жыл басқарған Сейдахмет Бердіқұловтан  қабылдап алдыңыз, сол кезде қандай сезімде болдыңыз?  Шерағаңның шекпенінен шыққан, Сейдағаңның тәлімін алған ұжыммен жұмыс істеу қиын болған жоқ па?

– «Лениншіл жаста» жұмыс істеу кім-кімге де арман болатын. Бұл газетке университет бітірген бойда жұмысқа тұруға жүрексінетінбіз. «Лениншіл жас» – ешқашан тамыр-таныстықпен, жегжаттықпен  ешкім басын сұға алмаған газет. Газеттің мықтылығы да сонда деп ойлаймын. Аты мәлім, қаламы ұшқыр, ойы жедел адамдар келіп қызмет етті. Мұның өзі басылым беделінің бір көрсеткіші деп білемін.

Университетті бітірген жылы «Лениншіл жасқа» ұмтыла қоймағаным да содан болса керек. Әуелгіде Алматы облыстық «Жетісу» газетінде алты айдан аса тегін жұмыс істедім. Жетінші айда жұмысқа қабылдады, бұл ұжымда табан аудармай жеті жыл қызмет еттім.  Газеттің «Жас түлек» жастар бетін шыға­ру жүктелді.

«Жетісу» газеті – менің журналистикадағы   университетім. Журналист ретінде қалыптасуыма ықпал еткен  қарашаңырақ. Облыстық газетте  жүргенде аспирантурада сырттай бөлімде оқыдым.   Профессор Бейсенбай Кенже­баев­тың жетекшілігімен кан­дидат­тық диссертациямды жазып жүргенмін. Қорғауға екі апта қалғанда Қазақстан комсомолының орталық комитетіне жұмысқа шақырды. Бұл мен күтпеген шақыру еді. Себебі мен алдыма ғылымнан басқа мақсат қойған жоқ едім, бар арманым – ғылыми жұмысымды қорғап,  университетте сабақ беру. Сондықтан сыпайы түрде бас тарттым.  Бір күні Сейдахмет Бердіқұлов шақырып жатыр дейді. «Жұмысқа шақырса бармапсың, адам деген ең болмаса өз аяғымен барып, жағдайын айтып шықпай ма екен?» деді. Содан ағаның ақылымен Қазақстан комсомолының орталық комитетінің бірінші хатшысы  Қуаныш Сұлтановқа бардым. Ат шаптырымдай кабинеті сұсты көрінеді екен, екеуміз қысқа әрі түрегеп тұрып сөйлестік. «Адам бағын сынап көрмей ме екен? – деді Қ.Сұлтанов. – Комсомолдың орталық  комитетінен қайтадан журналист болмаса университеттің мұғалімі болып кете алмаймын деп ойлайсың ба? Қазір бұйрыққа қол қоямын, ертең жұмысқа шық». Ешқандай уәж айта алмадым. Басымды изеп шығып кеттім. Бұл өмірімдегі күрт өзгеріс болды.  Көп ұзамай  Қазақстан комсомолы орталық комитеті баспасөз секторының меңгерушісі болып тағайындалдым.

Одан кейін  «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы болдым. Мұнда да  жеті жыл қызмет еттім.  Сейдағаң 1986 жылы желтоқсанның 13-інде «Жалын» баспасына ауысты. Қазақстан комсомолы орталық комитеті мені «Лениншіл жастың» бас ре­дак­торы қызметіне ұсынды. Алматыда құжаттарымды қолыма ұстатып, мені Мәскеуге жөнелтті. Келісімді Мәскеудегі БЛКЖО орталық комитетінің бюросы беруі керек екен. Ол жақта әңгімелесу болды. Келісім берген-бермегенін айтпады. Содан Алматыға ұштым, ұшақта отырғандардың бәрі сұрланып алғандай. Олардың бәрі Желтоқсан оқиғасына байланысты  келе жатқандар екен ғой.

Мені желтоқсанның 22-сі күні ұжымға таныстырды. Желтоқсан көтерілісінен кейін газеттегі қым-қуыт шаруаға ара­ласып кету оңай бола қойған жоқ. Ұжым да құшақ жая қарсы алды дей алмаймын, ол түсінікті де еді.  

Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қаралау туралы тапсырма түсті ме? Басылым қандай ұстанымда болды? Біз  «Жас Алаш» сол кезде цензураға қарамайтын дегенді естиміз. Жастар газеті жастық албырттығын көрсете алды ма?

- Комсомолдың органы болған соң, ондай тапсырманың келмеуі мүмкін түсінікті еді. Әлі есімде, Желтоқсан оқиғасының ызғары басыла қоймаған кез, партияның орталық комитетінен қазақтың атақты режиссері Асқар Тоқпановты Желтоқсанды ұйымдастырушылардың бірі ретінде жамандап жазыңдар деген тапсырма берілді. Ал оны қалай орындайсың? Қатты қиналдым, газеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі  Өтеген Оралбаев деген   мықты ақын, журналист жұмыс істеді. Шақырып алдым да, «әй, Өтеш, мына қиындықтан қалай шығамыз?» дедім. Ақылдаса келе, мұның барлығы комсомол ұйымы жұмысының нашарлап кетуінен болды дегенге келтіріп жазатын болдық. Өтеген жазды. Жарияладық. Екі-үш күн өткен соң, редакцияға Асқар Тоқпанов келді. Ағамызды өмірде көргенмін, дастархандас  болғанмын, ашуы келгенде таяғымен артистерін ұрып жібереді екен дегенді  естігеніміз бар,  енді не болса да, басқа түскенді көрерміз деп, жонымызды тосып дайын тұрмыз.  Ал аға есіктен кірген бетте «айналайын, айналайын» деп, бізді ұрудың орнына  құшақтап жатыр. Қиын жағдайдан шығатын жол тапқанымызға біз Өтеш екеуміз ырза болдық. «Ырзамын!» – деп, Асқар Тоқпанов ағамыз да батасын беріп кетті.  

«Ленинская смена» газетін басқарған Сергей Подгорбунский сол жылдары орталық партия комитетінің сектор меңгерушісі болып тағайындалған. Телефон шалды, «бір материал жібердім, бір журналистің атын қойып жарияларсыңдар» деді. Тақырыбы – «Ржавщина», қазақша – «Тат». Ол  Шона Смаханұлы мен Ақселеу Сейдімбекті ұлтшыл деп қаралаған мақала екен. Мақаланы аудартып қойдым, басуға ниет жоқ. Сосын комсомол орталық комитетінің бірінші хатшысы Серғазы Қоңдыбайға бардым, «осындай жағдай болып жатыр, мен бұған қарсымын, алдыңнан өтейін деп келдім, егер міндетті түрде жариялау қажет десеңіз, бюроның шешімін шығарып беріңіз» дедім. Ол: «Газет құрылтайшысы біз (комсомол орталық комитеті – ред.) болғанымызбен, редакторы – сен, мен саған қарсы болмаймын», – деді.

Міне, комсомолда да ұлтқа жани ашитын адамдар істегенінің бір дәлелі осы. Егер бұл мақала жариялануы керек болса, онда Сергей Подгорбунскийдің немесе осыны дайындаған адамның атынан беретін  болып келістік. «Лениншіл жастың» қызметкерінің атымен баспаймын» дедім. «Ленинская смена» газеті бас редакторының орынбасары Әділ Ыбыраевпен де осы ұстанымда қаламыз деп келістік.  С.Подгорбунский мақаланы кімнің атынан беру керегін сол күйі айта алмады. Кейін бұл мақаланың үш әріпте дайындалғанын білдік. Олар қалай болғанда да, газет беделінен қорықты деп ойлаймын. Кейін арада көп уақыт өткен соң, халық білсін деген ниетпен мақаланы қара сызықпен қоршап, басына түсіндірме сөз жазып жарияладым.

«Лениншіл жас» Желтоқсан оқиғасы туралы мақалаларды тұрақты жариялады. Газет қызметкері Қайыммұнар Табеев   Семейге арнайы барып, Қайрат Рысқұлбековтің өмірі мен өлеңі туралы мақала жаздық. Қайрат марқұмның атақты «Қайрат деген атым бар, Еркек тоқты құрбандық, Атам десең атыңдар» деген  өлеңі алғаш рет біздің газетте жарияланды.  Шерхан Мұртаза, Сафуан Шаймерденов, Жұбан Молдағалиевтердің Желтоқсан оқиғасы кезіндегі ерліктері жөнінде де материалдар бердік.

«Жетісу» газеті Қайрат Рысқұлбековтің сотын суретімен берген екен. Газеттің сол күнгі нөміріне журналист Мейрамбек Төлепберген кезекші болған. Газеттің редакторы мен оны жұмыстан қуу қаупі туды. Мейрамбекті «Лениншіл жасқа» жұмысқа алдым. Телевидениеде істейтін Бейбіт Исабаев та Желтоқсан оқиғасының ішінде болғаны үшін қудалана бастады.  Қазақ телевидениесі мен радиосының төрағасы Сағат Әшімбаев: «Осындай ұлтшыл жігіт бар еді, мынадай жағдай болып жатыр. Бейбіт Исабаев деген. Жұмысқа ауыстырып алмасаң қиын болатын түрі бар», – деп хабарласты. Оны да жұмысқа алдық. Қазір айта беруге болады деп ойлаймын, бұйрықты бірнеше күн бұрынғы датамен шығардым. Бір ғана өкінішім, партия жиналысында  журналист, ақын Мейірхан Ақдәулетті қорғай алмай қалдым. Оны партиядан шығару мәселесін талқылаған жиналыста «ол көтерілістің ортасында  жүрмеген, жолда кетіп бара жатқанда суретке кездейсоқ түсіп қалған, осындай талантты ақынға қатысты қалайша партиядан шығару туралы шешім қабылдаймыз, одан да партбилетіне сөгіс  жазып берсек те жетер» дедім.  Олай болмады, жиналыс көз алдау екен, партиядан шығарып тынды. Жиналыс біткен соң, Мейірханның өзі келіп: «Аға, қорғай алмасаңыз да, қолдай алғаныңыз үшін рақмет», – дегені бар. Желтоқсан оқиғасы мен газет туралы айтқанда осындай кейбір штрихтар еске түсіп жатыр.

 «Лениншіл жаста»  Хрущевтің кезінде Өзбекстанға өтіп кеткен облыстар мен қазақ жерлері туралы материалдар  жарияладық. Материалдар құжат түрінде, түсініктемесіз жарық көрді. Оның бәрін бізге Тұрлыбек Перуашев  әкеліп еді. Бүгінгі мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің әкесі. Партия орталық комитеті идеология жөнінде үлкен жиын өткізді. Сол жиында жасалған баяндамада «бір жас газеттің жас редакторы мемлекетаралық деңгейдегі мәселені көтеріп, халықаралық қатынасқа  сызат түсіргісі келеді» деген  пікір айтылды. Фамилиямды атаған жоқ, өзім екенін біліп тұрмын. Шындығында, мақала партия орталық комитетіндегі азаматтардың да көңілінен шыққанын сеземін. Ұрысқан  болғанымен, ешқандай шара қолданбады. Кейін ұстазым, орталық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков шақырып алып, «өзбектерге кеткен жер кері қайтарылатын болды» деп хабар айтты. Бұл «Лениншіл жастың» ұжымдық еңбегі және жеңісі деп есептеймін.

– Кез келген ұжым жаңа басшыдан жақсы үміт күтеді. Бірінші басшы ретінде ұжымға қандай жақсылық жасай алдыңыз? Естуімізше, сіздің тұсыңызда біраз адам баспаналы болған екен...

– Шерхан аға айтпақшы, «журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». Байқасам, қызметкерлердің көпшілігі баспанасыз. Соңғы 10-15 жылдан бері үй алмаған.  Комсомолда қызмет істегенімнің пайдасы осы кезде тиді. Себебі қай мәселені кімге барып айтуды, қажетті құжаттарды қайда тапсыруды  үйрендім емес пе? Нәтижесінде қызметкерлеріміз үшін 25 пәтер алдық. Бұл шамамен 1989 жыл болса керек. Сол жылы баспаналы болған қызметкерлерді бүгіндері көріп қалсам, «өзіңіз алып берген үйде тұрып жатырмын» деп еске салып жатады. Сол жылдары біраз адамның баспана мәселесін шеше алғаныма  кәдімгідей қуанамын. Кез келген басшының міндеті – қызметкерлерін әлеуметтік жағынан қорғау, газеттің саяси бағытын айқындап беру.  

– Наурыз мерекесін қайта жаңғырту туралы әңгімелерде «Жас Алаш» газеті міндетті түрде айтылады...  

–  1988 жылы ақпан айында  газетте ақын Мұхтар Шахановпен тікелей сұхбат жарияланды. «Тамырыңды терең жібер» деген тақырыппен шыққан бұл сұхбатта Наурыз мерекесінің дінге ешқандай қатысы жоқтығы, жаңару, жаңғыру мейрамы екені туралы айтылды.  Сондықтан  11 наурызда «Лениншіл жас» газетінде ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубай, Құрманғазы Қараманұлы, Серік Асылбеков, Ұлықбек Есдәулетовтердің Мұхтар Шахановтың пікірін қуаттаған «Орынды ұсыныс» атты хаты жарияланады. Жер-жерден қолдау білдіріп, хат жазған оқырмандар да көп болды.

Осы  сұхбаттан соң әрі оқырман қолдаған мақалаларды алып, ақын аға Мұхтар Шаханов арнайы хат әзірлеп, сол кезде Қазақстанға басшылыққа келген Г.Колбиннің қабылдауында болды. Ұсынысымыз қолдау тапты. Нәтижесінде 1988 жылы 30 наурыз күнi Алматыда Наурыз мейрамы тойланды.  Бұл  «Лениншіл жас» көтерген ұлы бастама ғой деп ойлаймын. М.Шахановқа, сол кездегі партия орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібековқа біз де, халық та риза ғой деп ойлаймын.

– Сол заманда басылым таралымы өте жоғары болды. Газетке жазылуға комсомол ықпал етті ме, әлде оқырманның газет оқуға деген ынтасы басым ба еді?

– Газет комсомолдың органы болғанымен, комитеттің барлық газетті жаздыруға ықпал ету мүмкіндігі болған жоқ. Таралымның көп болуы газет беделінің өсуіне байланысты. Сондықтан   Шерхан Мұртазаның кезінде қалыптасқан, Сейдахмет Бердіқұловтан келе жатқан газеттің үлкен тиражы сақталды, менің тұсымда да сол үлкен көлемде – 300 мың тиражбен шығып тұрды. Газет мұғалімнің де, ақынның да, жазушының да, қойшының да, егіншінің де қолында жүрді, жан серігіне айналды. Бүгінгі интеллигенцияның рухани ұстазы – сол кездегі «Лениншіл жас»,  бүгінгі «Жас Алаш». Шерағаңның тұсында қазақ руханиятына ірі тұлғалар келді, мысалы, Мұхтар Шаханов, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова,  Рымғали Нұрғалиев, Сағат Әшімбаев – осылардың бәрі қазақ журналистикасына ғана емес, руханиятымызға да әсер еткен тұлғалар. Бұл мектеп әрі  қарай   Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың тұсында да жалғасын тапты. Қазақтың беткеұстар жігіттері жұмыс істеді. Менің тұсымда да бұл үрдіс жалғасын тапты.  Бүгіндері президент кеңесшісі болып отырған Бауыржан Омаров, кешегі елші, президенттің парламенттегі өкілетті өкілі Бейбіт Исабаев, мәдениет және спорт министрлігі тіл комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов, публицист Қайым-Мұнар Табеев, ақын Нұрлан Қалқа, тағы да басқа журналистер газеттің кадрлық әлеуетін көтерген тұлғаларға айналды.

- Газеттің тарихи атауының қайтарылуын сіздің есіміңізбен байланыстырады.  Сол рас па?

- Желтоқсан оқиғасынан кейін көп жыл бойы ойымнан кетпей қойған мәселе «Лениншіл жастың» атауын өзгерту еді. Бірден «Жас Алаш» деп  өзгертсек қарсылыққа тап болармыз, «Жас қазақ» деп атасақ па екен деген де ой болды. Ол үшін арнайы қаулы керек. Орталық комитет оған рұқсат етер ме екен деп, екіойлы болып жүргенде   1991 жылдың  Тамыз оқиғасы бола қалды. Сол күні кешке ешкіммен ақылдаспай, газет атауын бір түнде өзгертіп  жібердік. Орынбасарларым Ерғали Сағатов пен Жарылқап Бейсенбай екеуіне бүгінгі күнге дейін ризамын. Себебі газет атауының екі кеште өзгергенін солар ғана білді. Жоғарыға телефон шалып жіберсе, ары қарай не боларын кім біледі? Бірақ олардың да ұлт патриоты екенін білемін. Сенімді болған соң да, газетке Ғани Мұратбаевтың өзі қойған тарихи атауын қайтардық. Таңертең газет «Жас Алаш» болып жарық көрді. Еш тараптан қысым болған жоқ. Қоғамдық сана өзгерген кез ғой, ауызекі   әңгіме болғанымен, бюрода қараған жоқ. Көп ұзамай тәуелсіздік туын көтердік.

– Бүгінгі таңда – зейнет жасыңызда да қарап жатпаған боларсыз? Не жазып жүрсіз?

– Қазіргі уақытта М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының кеңесшісімін. Ғылыми жоба жетекшісімін. Былтыр «Қасірет пен қасиет» атты романым жарық көрді. Бұл романның бірінші бөліміне Кенесары мен Садық сұлтандардың өмірінің соңғы жылы туралы романым кірді. Екінші бөлімінде Абайдың қара сөздерін бүгінгі күннің көзімен бағамдап, эссе жаздым. Сонымен бірге «Жамбыл» атты роман-этюд те осы кітапқа кірді. 

Қызметте жүргенде ой толғауға қол тимей қалған дүниелерге қайта оралып жатқан жайым бар. Жақында «Смартфон» деген әңгіме жазып бітірдім, ұялы телефонның отбасы құндылығын қандай деңгейге жеткізгенін, адамдардың жатбауыр болып кеткенін жазу арқылы ұлт құндылығын жоғалтып алмайық деген ой айтқым келді.

Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабын,   әл-Фарабидің қайырымды қала туралы кітабын қарап, ел билеушісіне қажет  ұстанымдарын зерделеп, арнайы мақала жазып бітірдім. Заман өзгергенмен, қоғам өзгергенмен, ел билеу принциптері қалыпты деңгейде қалуы керек екен ғой.

- Әңгімені «Жас Алашпен» бастадық, газетпен түйіндесек, бұл газет сізге не берді?

- Газетте басшылықта болған жылдарды өз өмірімдегі ең бір сындарлы шақ деп есептеймін. Әділ сөйлеуді, адал қызмет етуді үйретті. Кез келген басылым, бірінші кезекте, халықтың сөзін сөйлеп, шындықты бұра тартпауы керек деп есептеймін.

«Жас Алаштан» кейін Жамбыл облысынан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің XIII шақырылымының депутаты болып сайландым.  Бұл облыстың жағдайын жетік білмейтін едім. Бірақ облыс сайлаушылары «Жас Алашты» біледі,  мені де газет арқылы таныды. Қолдап шықты. Бұл да газеттің құдіреті деп түсінемін. 

Менің 50 жылдығымда ұс­тазым  Сарбас Ақ­таев:  «Уәлихан, сен бақыттысың, сен ұлт­тық баспасөзіміздің балалығы – «Ұланды», жастығы – «Жас Алаш­ты», даналығы – «Егемен Қазақ­станды» басқарған бас редактор болдың. Мұндай өмір жолынан саған дейін ешкім өткен жоқ», – деді. Мен үшін бұдан асқан  марапат жоқ деп ойлаймын. 

«Жас Алаштың» 100 жылдық тойы құтты болсын!

Әңгімелескен Меңтай ШЫҢҒЫСҚЫЗЫ



Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

Сайт Әкімшілігі

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Ұқсас жаңалықтар