Тіл мамандары «Жас Алаш» арқылы пікір алмасуда

Сайт Әкімшілігі - 27.03.20201077

Қазір қоғамда латып әліпбиіне қатысты ойлар жиі қаузалып жатқан тұс. Осыған орай «Жас Алаштың» басылымының сайты арқылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары өз ойларын білдіріп, латын әліпбиіне қатысты ашық пікірталасқа түсуді жөн көрді. Кеше сайтымызға

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Құралай Күдеринованың  «И мен у: қайтпек керек?» бірге ойланайық» атты мақаласы жарық көрді. Мақаласының соңында зерттеуші: «Құрметті әріптес! Сөз болған мәселеге жанашырлықпен қарап, даудың қайырлы шешілуіне пікіріңізді білдірсеңіз», –деген болатын. Міне, бүгін аталмыш интитут маманы,  А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Жұбай Орынай сол мақалаға жауап ретінде ойын жазып отыр. Ендеше төмендегі мақалаға зер салайық:

У мен й дауыссыздары – қазақ тіл білімінің тарихында ең ұзақ талқыланған, бірнеше рет басы ашылып, нүктесі қойылса да, «қазаны оттан түспей келе жатқан» мәселенің бірі. Профессор Қ.Күдеринованың «И мен у: қайтпек керек?» бірге ойланайық» атты мақаласы да осы мәселеге арналыпты. Мақаласының соңында зерттеуші: «Құрметті әріптес! Сөз болған мәселеге жанашырлықпен қарап, даудың қайырлы шешілуіне пікіріңізді білдірсеңіз», – деген екен. Осыған байланысты өз пікірімізді ортаға салуды жөн көрдік.

Ең алдымен, қазақ тілінде дауысты у, и дыбыстары жоқ. Қазақ тіліндегі у мен й – дауыссыз. Сондықтан Қ.Күдеринованың  «қазіргі «и» мен «дауысты у» әрпінің жаңа әліпбидегі таңбасы y және w әріптері болса, не болады?» деп мәселе көтеруінің өзі қисынсыз. Себебі дауыссыз дыбыстарды табиғатына сай (у мен w әріптерімен) таңбалаудың еш сөкеттігі жоқ. Тілдің табиғаты соны керек етеді. Керісінше, дауыссыз дыбысты дауысты дыбыстың таңбасымен берсе, әбестік болар еді. Сондықтан зерттеушінің «бұлар (у мен w әріптері) дауыссыз дыбыстың таңбасы болғандықтан алдынан міндетті түрде дауысты дыбыс қосылып жазылады», – деп шошуының себебін де түсінбедік. Дауыссыз дыбыстың алдынан дауысты дыбыстың келуі – заңдылық. Керісінше, екі не одан да көп дауыссыздан құралған сөз не буын болмайды. Сол сияқты өңкей дауыстыдан ғана құралған сөз болмайды. у мен й дауыссыздарын дауысты ретінде таңбалайтын болсақ, ау, ай, айы, ауа, әуе, айу, әуейі, айауы, ойауы сияқты сөздер тек дауыстылардан ғана тұратын болады. Бұл да тілдің табиғатына қайшы. Екіншіден, профессор А.Жұбанов, А.Жаңабекова, Д.Тоқмырзаевтардың «Қазақ жазуын латын қарпіне көшірудің статистикалық негіздері» атты (2018 ж.) еңбегіне сүйене отырып, и әрпінің кездесу жиілігі 24-орында, у әрпінің жиілігі 19-орында тұрғанын (у әрпі жиі қолданылатын 19 әріптің қатарында тұр – Қ.К.) айтады да: «Дегенмен, қимыл есімнің қолданылуын есептемегенде, статистикалық мәлімет и мен у әрпі жазылатын сөздер жалпы жиі емес екенін көрсетті», – деп тұжырымдайды. Түсінбей отырғанымыз: у мен й әріптері жиі кездеспейтін болса, оларды дыбыс жүйесіне сәйкес таратып жазудан неге қашамыз?

Қ.Күдеринованың «...Жоғарыда көрдіңіздер, 300-400 сөзден тұратын мәтін ый, ій, ұу, үу дыбыстарын жазып, «жайылып» кете қоймайды екен. Тек жазарман қай әріпті жазатынын ойланып, дағдарып қалуы мүмкін екен. Жазу автоматизмі бұзылады» деген сөзін де түсіне қою қиын. Себебі латын жазуына көшкен жағдайда автоматизм сөзсіз бұзылады. Тілдік санадағы сөздердің таңбасы өзгеріп кетеді, сондықтан сөздерді асықпай оқып, компьютерге де жайлап теретін боламыз. Бірте-бірте олар көзшалымда жатталып, әр сөздің тұрпаты фото тәрізді қабылданады. Жазу автоматизмі й, у дыбыстарына ғана қатысты емес, тұтастай бұзылады.  Ол туралы А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы еңбектерінде де сөз болған.

Зерттеуші Қ.Күдеринова мақаласында А. Байтұрсынұлының 1914 жылы жазған «Тіл – құрал» (Тіл тағылымы. Алматы: Ана тілі, 1992. 151-б.), 1920 жылы жарық көрген «Баяншы» атты еңбектеріне (Тіл тағылымы. Алматы: Ана тілі, 1992. 327-б.) сүйенеді. А. Байтұрсынұлының  ұстанымдарын, тұжырымдарын түсіну үшін ғалымның мұрасын тұтас алып қарастырған жөн. Себебі 1924 жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының сійезінде де, кейінгі жылдары жарық көрген «Тіл – құралдарында» да, әзірше емлеге қатысты соңғы мақаласы ретінде танылып жүрген «Емле туралы» атты мақаласында да ғалым Қ.Күдеринова көрсеткен ұстанымдардан бас тартқан (Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы. – Астана, 2017. – 740 б.). 1924 жылы Орынборда өткен білімпаздар сійезінде А.Байтұрсынұлы аяғы «ұу», «ыу», «ый» болып тынатын сөздерді қай жағынан тексергенде де «у» мен «й» дыбыстарын дауысты деуге болмайтынын, екеуінің де дауыссыз екенін дәлелдейді. Ғалым «Қазақ тілінде дауысты ұзын «у» мен «и»-дің жоқ екенін  мойындаған соң «ыу», «ұу»-лардың орнына жалғыз «у» жазамыз» деудің түк қыйсыны жоқ. Мұнан бұлай «у» мен «й»-дің жазылуын дыбыс жүйесіне келтіріп, дұрысынша жазуымыз керек. Онан қашып, тілдің заңына келмейтін шатақ ереже шығарудың жөні жоқ, ондай ереже жазуды ауырлатпаса, жеңілдетпейді» деген тұжырым жасайды. 1929 жылғы 27 наурызында «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Емле туралы» атты мақаласында да й, у дауыссыздарын дыбыс жүйесінше жазу керектігін айта келіп: «Асыу», «алыу», «барыу», «келіу»  деген сөздерді «сұу», «шұу», «тұу»  деген сияқты етіп, аяғына «ұу»  келтіріп жазамыз деушілер бар. Тіпті жалғыз ғана «у»  келтіріп жазамыз деушілер бар. Олардың бәрі де – жете тексермегендіктен айтылып отырған сөздер», – деп тұжырымдайды.

Яғни Ахмет Байтұрсынұлы бітеу буында ы, і дыбыстарын таңбаламау туралы ойын кейін өзгерткен. Ал Құдайберген Жұбановтың 1935 жылы «Орталық комитеттің тоқпағымен» жазылған еңбектерін басшылыққа алу да Тәуелсіз Қазақстанның ғалымдарына сын болары анық.

Зерттеуші ауытқиды түрінде жазылып жүрген сөздерді елдің «ауытқыйды деп, шатастырмай, қате жібермей жазып» кететініне күдікпен қарайды. ҚР ҰҒА академигі Рәбиға Сыздық 2018 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бірнеше санында жариялаған «Латын жазуы: емле ережелерін түзуде ескеретін жайттар» атты мақаласында (Қазақ әдебиеті. - 2018. - 14-20 қыргүйек (№ 36). – 12-б.; 28 қыргүйек-4 қазан (№38). - 19-б.; 5-11 қазан (№39). – 19-б.): «Йы, йі дыбыстарына біткен етістіктерге көсемшенің -ый/-ій жұрнағы жалғанғанда ый, ій әріптерінің орнына жалғыз й әрпі жазылады. Мысалы: байы + й – байый (Біздің ауыл жылдан жылға байый бермек), байыймын, байыйсың, байыйды (және осылардың көпше түрлері), байыйтын; кейі+й – кейій (Сен оған кейій берме), кейіймін, кейійсің, кейійді, кейійтін; ұйы + й(ды) – ұйыйды (Сүт тез ұйыйды), ійі + й(ді) – ійійді (Бұл сиыр тез ійійді)», – деп жазған болатын.

Көсемше жұрнағы етістікке ғана жалғанады, сын есімге не басқа сөз таптарына жалғана алмайды. Егер бай+и, кем+и түрінде жазатын болсақ, көсемше жұрнағы сын есімге жалғанған болып шығады. Бұл – тіл заңдылықтарына қайшы. Оның үстіне көсемше қосымшасы дауыссыз дыбыстардан кейін -а, -е түрінде ғана жалғанады: келе(ді), бара(ды), көре(ді), айта(ды), жата(ды), отыра(ды), т.с.с. Қазақ тілінде дауысты и дыбысынан келетін көсемше жұрнағы жоқ. Көсемшенің жұрнағы дауысты дыбыстардан кейін ғана жалғанады: ауытқый(ды), қарай(ды), сайрай(ды), сөйлей(ді), т.с.с. Ендеше, көсемшенің жұрнағы жалғану үшін алдыңғы дыбыс міндетті түрде дауысты болуы керек, яғни ы, і дыбыстары түсірілмеуге тиіс.

Қазақ тіліндегі ең кіші бірлік – буын. Сондықтан тұйық етістіктің қосымшасы – -ұу/ -үу, -ыу/-іу (соңғы сыңар А.Байтұрсынұлы ұстанымдарына сәйкес беріліп отыр).  Бұл қосымшалар сөз дауыссызға біткенде тұрпатын сақтап жазылады да дауыстыға біткен жағдайда қазақ тілінің заңдылығы бойынша қосымшаның құрамындағы дауысты түсіп қалып, түрінде жалғанады. Әдетте «у» мен «й»-дің жазылуын дыбыс жүйесіне келтіріп, дұрысынша жазуға қарсы зерттеушілер бұл таңбалардың дауыссыздан кейін келетін тұстарын көбірек көрсетеді: жыйналыс, ыйық, ыйағный, кійім, ійірім, бій, ұуыс, сұуық, барұу, сыйынұу, кійінүу. Көпшілік мұндай сөздерді неше жыл бойы жалғыз таңбамен жазып келгендіктен, шошына қабылдайды. Анығында, «у» мен «й» дауысты дыбыстардан кейін жалаң түрде (дауыссыз болғандықтан) жазыла береді: ай, ауа, қайың, жауын, қауын, жайын, ағай, арай, тау, жау, бау, бай, т.с.с.

Қазақ тілінде оқ, ір, су, мой, шір, тас, жас, қас, тор, құр (құры-ның түбірі) деген етістіктер жоқ екені бәрімізге белгілі. Ендеше, ол сөздер қалайша көсемше қосымшасын қабылдайды? Тіліміздің тарихына жүгінсек, оқы, ірі, суы, мойы, шірі, тасы, жасы, қасы, торы, құры сөздерінің құрамындағы -ы/-і қосымшалары әу баста сөзжасамдық жұрнақ болған. Қазіргі кезде түбір ретінде танылғанмен, диахрондық тұрғыдан алғанда, жоғарыда келтірілген сөздерді (оқы, ірі, суы, мойы, шірі, тасы, жасы, қасы, торы, құры) түбір мен қосымшаға жіктеуге болады. Ал -ы/-і қосымшалары оқ, ір, су, мой, шір, тас, жас, қас, тор, құр сөздерінен етістік тудырған. Сол себепті бұл сөздер көсемше қосымшасын қабылдайды. Бүгінгі таңда байы, кемі, т.с.с. етістіктердің құрамын морфологиялық тұрғыдан талдасақ, түбірі бай, кем сын есімдері екені анық көрінеді. Бұл сөздер қазіргі кезде түбір күйінде де қолданылып келеді. Бай, кем сын есімдері -ы/-і қосымшалары жалғану арқылы етістікке айналып, содан соң ғана көсемше жұрнақтарын қабылдайды. Яғни жоғарыда келтірілген сөздердің бәрінде ы, і – есімді етістікке айналдыратын сөзжасамдық қосымшалар. Сөзжасамдық қосымшаларды түсіріп тастауға болмайды.

Бүгінде ауытқи, ауытқу, оқи, оқу, іри, іру, суи, суу, мойи, мойу, шіри, шіру, таси, тасу, жаси, жасу, қаси, қасу, тори, тору, құри, құру, т.с.с. түрінде жазылып жүрген етістіктердің болымсыз түрі ауытқымай, ауытқымау, оқымай, оқымау, ірімей, ірімеу, суымай, суымау, мойымай, мойымау, шірій, шірімеу, тасымай, тасымау, жасымай, жасымау, қасымай, қасымау, торымай, торымау, құрымай, құрымау, т.с.с. болып таңбаланады. Яғни сөздің соңындағы ы, і дыбыстары сақталып жазылады. Ендеше, туынды сөз жасап (етістік тудырып тұрған) қосымшаны болымсыз тұлғада толық жазып, болымды тұлғада түсіріп тастау қаншалық қисынды болады? Әлде бірте-бірте бұл сөздерді де аутқмай, аутқмау, оқмай, оқмау, рмей, рмеу, сумай, сумау, моймай, моймау, шрй, шрмеу, тасмай, тасмау, жасмай, жасмау, қасмай, қасмау, тормай, тормау, құрмай, құрмау, т.с.с.

 «у» мен «й»-дің жазылуын реттеуде Ахмет Байтұрсынұлы: «Естілсе «ы»  жазылады, естілмесе жазылмайды. Даулы болса, өлең арқылы ашылады», – деп тұжырымдайды. Бұл қағидатты қазіргі кезде де ұстануға болады. Ал профессор Қ.Күдеринованың «жазылмағанда айтуға зиянын тигізбейтін тұстарда түсіріп жазуға болады» деген ұстанымы логикаға сыймайды. Себебі тілімізде мұндай сөз өте көп: мылтық, қысық, келтірінді, кісілік, ізгілік, қырын, қысым, мігір, тігін, тізгін, қыдыр, қырық, қыңыр, т.с.с. Сонда бұл сөздердің бәрін «жазылмағанда айтуға зиянын тигізбейтін тұстарға» жатқызатын болсақ, тіліміз не болады? Орфографиялық сөздіктегі ауылшаруашылық, арашаруашылық, бұғышаруашылық, егіншаруашылық, малшаруашылық, орманшаруашылық, сушаруашылық, түйешаруашылық, халықшаруашылық, шаруашылықаралық, алмаағаш, т.с.с. сөздерге қарап, сол сөздікті құрастырушылардың бірі – профессор Қ.Күдеринованың «у» мен «й»-ді дыбыс жүйесіне келтіріп жазғанда  «сөздердің тұрпаты өзгеріп, ұзарып кетеді», «жазу экономиясы сақталмайды» деген ұстанымының байыбына жету қиын.  

Сонымен, ұлттың негізгі коды – тіліміздің ішкі заңдылықтарын бұзбай, шынайы болмысын сақтап қалуға тырысуымыз қажет. Саясаттың ықпалымен өзгеріп кеткен, басқа тілдің жетегінде кеткен тұстарын түзетуіміз қажет. Дауыссыз дыбыс өзіне лайық таңбамен белгіленуі керек. Басқаша айтқанда, дауыссыз дыбысты дауысты дыбысты таңбалайтын әріппен беруге болмайды.



Жұбай Орынай

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Грамматика бөлімінің меңгерушісі,

филология ғылымының докторы







   


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

Сайт Әкімшілігі

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?