Ақпараттық соғыс – ең қатерлі соғыс

Сайт Әкімшілігі - 07.04.20201137

Қазақстан  ақпарат кеңістігінде  шешілмеген түйткілдер  бар ма? Әсіресе,  ақпараттық  қауіпсіздік  мәселесінде. Әрине,  бар. Және  ол өте  қауіпті  деуге  болады. Біз  қазіргі «ақпарат  майданында»  тек  жеңіліске  ұшырап жатқан мемлекетпіз. Өзге  жұрттың  бізге  қарсы  жасап  отырған ақпараттық  экспансиясы алдында әлсіздік,  жігерсіздік танытып, ерікті соларға  беріп  қойғанбыз.                                                             

 «Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның уысында»,  деген бүгінгі  қағидаға иланғымыз келмейді. Дәл  қазіргі  күні Қазақстан ресейлік ақпарат тасқынының астында екенін  мойындағымыз келмейтіні  тағы  бар.  Ақиқатқа  тура  қарар  болсақ, Ресейдің  көптеген телеарналары (кабельдік  жүйедегі), радио желілері, газет-журналдары  Қазақстанда   бөгетсіз  көрсетіледі, таралады.  Тіпті,  жұрт  әлемде  болып  жатқан  жаңалық-оқиғаларды  осы ресейлік ақпарат   жүйелері  арқылы  естіп,  біліп отырады. Бұл еліміз үшін үлкен қауіп.  Қай жерден, қай  елден  хабар  таратса да Ресей  журналистері  өз елінің мүддесіне  сай жасайтыны  анық. Ал  бұл біздің  халыққа,  әсіресе, «130  ұлт  өкіліне»   кері әсер етпей  ме? Етеді. Сөзсіз. Демек, Қазақстанда   өзге елдердің   бұқаралық ақпарат құралдарының еркін таралуына  шектеу  қойылуы  керек. Бұл айтылып та,  жазылып та  жүр. Бірақ  одан  қортынды  шығарып  жатқан  ешкім жоқ. Елдегі ақпарат  министрлігі де  және  қауіпсіздікке  жауап  беретін  өзге  құзырлы  орындар да  үнсіз. Көзі  көрмейтін,  құлағы естімейтін  мылқаудың  кейпінде.  Неге  өз  ақпарат  жүйеміз    ақсап  жатыр? Не  істеу  керек? Тіпті, елдегі теле-радио арналардың  өзі мемлекеттік тілді  ысырып  қойып, Ресей,  яғни орыс тілінде хабар  таратуы басым. БАҚ-ты  ұстап  тұру  үшін  қазынадан  бөлінетін   қаржының  көп  бөлігіне    ие  болатын да   осылар. Бұл  қалай?

Ресейде  100  мыңнан астам БАҚ  тіркелген.   Оларға  бөлініп отырған  қаржы    аз емес.  Мәселен,  биылғы жылы   Ресей  қазынасынан  92  миллиард  рубль  бөлініп  отыр.   Ал  бұдан  тыс,  өзге  елдердегі  орыс  тілді  ақпарат  құралдарын  қолдау  үшін  жыл   сайын   ондаған  миллиард  рубль  тағы да  бөлінеді.  Өйткені  ресми  Мәскеу «ақпарат  майданында»  жеңіліс  табатын  болса,  онда тәуелсіздігіне, тұрақтылығына, тұтастығына  үлкен қауіп  төнетінін  біледі. Сондықтан БАҚ-қа   қолдан  келгенше қолдау жасап отыр. Біз ше? Қайдам. Бүгінгі күні  ақпараттық соғыста кімнің әлеуеті  күшті,  жеңіс  әрдайым сол  жақта. Ол ел  өзгеге  өз идеологиясын тықпалай алады, үгіт-насихатын  жүргізе алады,  теріс ақпарат та  бере алады. Бұл  бір  мәселе десек, екінші бір тілге  тиек ететін дүние елдегі БАҚ-тың  жағдайы,   орыс  және  қазақ тілді   болып  қақ  жарылуы, «жегені  жантақ, арқалағаны алтын» журналистердің жай-күйі.                                                                                                 Белгілі журналист Серік Әбікен кезінде  бұл мәселе  жөнінде  ойын  ашық  айтып берген  еді. Еске  түсірейік: «Бірен-саран тәуелсіздеу жекеменшік арналар, басылымдар болмаса, елдегі ақпарат  құралдары, дені «бір бақшаның бұлбұлы». Ойлы, айтары бар журналистердің тықсырылуы, олардың орнын әнші, бишілердің басуы, журналистерді  соларға сценарий жазатын қолбала есебінде ұстау - түбінде Қазақстанға абырой әкелмейді. Идеологиялық соғыс –ең қатерлі соғыс. Әскері әлсіз ел ұтылады. Ал бізде қазір ол «әскер» мүлдем жоқ десек болады.   Мемлекеттің идеологиясы сыпыра мақтаудың, әлдебір бағдарламалардың, стратегиялық жоспарлардың  «жарқын жетістігін» жамырай мақтаумен шектелмеуі керек.  Ешбір журналист Отанына жамандық ойламайды. Сондықтан олардың жақсылықты да,  кем-кетікті  де електен өткізіп, сараптамалық материалдар жазуына,  сыни бағдарламалар түсіруіне мүмкіндік берілуі керек. Зерттеу, сараптамаға жол ашылып, БАҚ қайта қалам құдіретіне сүйенгенде, бәсекелестік туындайды, эфирді жаулап алған «жұлдыздар» өздігінен топырлап жерге түседі. Екінші мәселе, министрлік шетелдік арналардың, басылымдардың бағдарламаларын,  түпкі ойын қадағаласа. Өзіміздің БАҚ-та жүрген дені ресейлік данышпан-менеджерлердің шама-шарқын анықтаса, қысқартса. Іздегені ақша болғанымен ол менеджерлердің түптеп келгенде, «орманға қарап ұлитыны» өздігінен түсінікті. Министрлік өзгеден қаймығып, жаутаңдай берсе, отандық ақпарат кеңістігіне қожа болып мандытпайды.  Қазақта «Би екеу болса, дау төртеу» деген нақыл бар. Абай: Оның мәнісі - тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз.   Біздегі идеологиялық бағыттың қателігін осыдан асырып қалай айтуға болар. Ұлттық идеологияға негізделмеген, бұл үйдің иесі кім екенін ашық айтқызбайтын келте саясат кесірінен, журналистиканың бағыты екеу болып тұр.  Орыс тілді журналистердің біразы бұл елді уақытша мекен санайды.  Сондықтан кез келген мәселеде ел егесінен именбей ойына келгенін айта береді. Бұл мемлекеттің қыр арқасына батқан мәселеге аса бас ауыртпайды. Кезінде «Караван», «Времялардың» алдында құрақ ұшты... Сол басылымдарды басқарған азаматтардың біразы жағдайын түзеп алғаннан кейін, тарихи отанына тайып тұрды. Қабағын баққан қазақ та, құрақ ұшқан Үкімет те осы Қазақстанда қалды. Кім ұтты?!  Бір нәрсені түсінуіміз керек, «бізде 130-140  ұлт бар», деп елпектей бергеннен ешкім ұшпаққа шықпайды, үйдің бір-ақ иесі болатындай, бұл мемлекеттің де негізін құрған, тұтқа болып отырған бір ғана ұлт бар. Ол - қазақ!

Міне, Ақпарат министрлігі біздегі журналистиканың осындай дәрежеге жеткенін білуі керек. Сөз бостандығы, ой еркіндігі дегенде, өзіңді асырап отырған халықтың бетіне топырақ шашу деп түсінушілердің көкірегіне сәуле құймай, ұқтырмай ақпарат кеңістігіндегі екі бөлек көзқарастан құтыла алмаймыз».  Иә,  бұл  ащыда  болса  шындық. Ақиқатын айтар  болсақ,  әлемдегі соңғы  ширек  ғасырдағы қақтығыстардың  бәрі алдын ала «ақпараттық  барлау», «ақпараттық соғыс» арқылы  бастау алып, арты территориялық  жанжалға, дауға алып келіп жатқаны белгілі.  Біздің қауіп етіп айтып  отырғанымыз, Қазақстанның  ақпараттық кеңістігіне  жегі  құрттай дендеп еніп,  кеміріп жатқан Ресейлік БАҚ  түбі қопарылыс  тудырмасына кім кепіл?


Дос  КӨШІМ,  Саясаттанушы:

Жалған  ниет...

Менің білуімше, Тәуелсіздігіміз қайта орнаған күнннен бастап, ақпарат кеңістігімізді қорғау туралы мәселе айтылып келеді, талқыланып келеді, бірқатар заңдар да қабылданды, бірақ шешімі табылып, нүктесі қойылған жоқ. Ең қызығы, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей қатысы бар бұл мәселенің бар екендігін билік те, оппозиция да, ұлтшылдар да мойындайды, бірақ оның шешілу жолын әрбір саяси топ өзінше болжамдайтын сияқты. Мойындауымыз керек, «сыртқы күштердің идеологиясы» немесе «басқа елдерге де ашық болуымыз керек», деген алдамшы сөздерді ысырып қойып, Қазақ елінің ақпаратттық кеңістігін Ресей мемлекетінің арнайы бағытта жүргізіп отырған идеологиясынан қорғауымыз керек, деп ашық айтатын кез келді. Бізге Қытайдың (қазақ тіліндегі бірнеше телеканалының біреуі ден қазақ еліне хабар таратпайды, немесе бір ғана Үрімшіден шығатын, газеті-журналы бар, жеті қазақ басылымының бір де біреуі біздің шекарадан өткен емес), немесе Эстония мен Францияның ақпарат құралдары кіріп жатқан жоқ, керек десеңіз, жақын көршілеріміз Қырғыз бен Өзбектердің де телехабарлары ақпарат кеңістігімізді жаулап алды деп айта алмаймыз. «Жаулап алды» деген де шындыққа жанаспайтын ұғым, ақпарат кеңістігімізді өзіміздің қорғай алмай (не қорғағымыз келмей) отырғанымыз анық.  

...2014 жылға дейін бұл мәселе саясаттанушылардың кейбір пікірталасына мұрындық ғана болса, Ресей Қырымды жаулап алып, Донбасстағы орыс шовинстерін қаруландырып, өздерінің мемлекетіне қарсы қойғанда ғана, Қазақ билігі ақпарат майданының нақты нәтижесін көрді деп ойлаймын. Ресей телеканалдарының күндіз-түні үзбей жүргізген (бірде –ашық, енді бірде – астарлы тәсілдермен) үгіт-насихатының нәтижесінде, Қазақ елінің көрермендері мен тыңдармандарының басым көпшілігі Кремль идеологиясының жетегінде кетіп, өз еліне де сол Украинаның жағдайы туындайтынын ұмытып та кетті. Өкінішке қарай, онда да қазақ қоғамы, қазақ билігі «талқылау» мен «сараптаудан» аса алмады. Ал біздің ақпарат алаңымыздағы Ресей телеканалдары мен бұқаралық ақпарат құралдары, алты жыл бойы, Орыс әлемі үшін өзінің еліне қарсы шыққан Донбасс пен Луганскінің орыстарын аспанға көтеріп, өздерін ақтаумен қоса, «орыс әлемі үшін осындайға бару керек», деген ойды біздің азаматтардың ми қыртысына асықпай құйып жатыр...Асығудың қажеті де жоқ – Қазақ елінің ақпарат алаңы толықтай Ресейдің қолында отыр.

Енді не істеуіміз керек деген сұраққа келейік. Біріншіден, қанша «достық» пен «туысқандық», «ғасырлар бойы көрші», деген сөздерді айтқанмен, кейбір, мен үшін негізгі мәселелерде екі елдің ұстанымының екі бөлек екенін мойындауымыз керек. Біздер ғасырлар бойы Ресейдің отары болып, жаулап алушылардың зорлығымен немесе сантүрлі сайқал саясатының нәтижесінде, ұлттық құндылықтарымыздан толықтай дерлік ажырап, жартылай орыстанған ұлтпыз. Сондықтан Ресей Президенті Путин «Жиырмасыншы ғасырдың басты апаты – Кеңес одағының ыдырауы» десе, біздер «Басты байлығымыз – тәуелсіздігіміз!» деп жар саламыз. Демек, екі елдің идеологиялық доктринасы бір біріне толық қарама қарсы бағытта. Ендеше, қазақстандық әрбір азамат осы қайшылықты терең түсіне білуі шарт. Оны біздің ақпарат құралдары, біздің билік, біздің идеология халықтың құлағына құйып отыруы керек. Демек, біздің елдің идеологиясына қарсы бағытталған хабарларды тарататын БАҚ-тарға, телеканалдарға толық тыйым салынуы шарт. Білім, мәдениет, спорттық не танымдық каналдардың өзі қатаң тексеруден өткені жөн. Бұл – халықаралық тәжірибе. Ұмытпасам, осыдан бірнеше жыл бұрын Әзірбайжан елі Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарын шектеу жөнінде заң қабылдады, ал Украина 2004 жылдан бастап, өздерінің ақпарат кеңістігінде көңіл көтеру, әзіл-сықақ каналы болып табылатын СТС-ті ғана қалдырды. Ал біз осы кездерде «Известия –Казахстан», «АиФ – Казахстан» деген газеттерді шығарып, өздеріміздің қаржымызға Ресей идеологиясын жүргіздік. (Айта кету керек, бірде Киевте болғанда «АиФ – Украина» деген газетті көріп, қарап шықтым. Ішіндегі барлық материалдар тек Украинаның мәселесін қатысты екен. Ал біздегі «АиФ – Казахстанда» 20-30 пайыз ғана қазақ елінің контеті де, қалған 70-80 пайызы – Ресей өмірі...) Тағы бір көңіл аударатын мәселе – Ресей мемлекетінің өз ақпарат кеңістігін қорғау тәжірибесі. Арман Шораев мырза өзінің бір сөзінде осы мәселеге байланысты нақты мысал да келтіргені есімде. Үзіндіні орыс тілінде, сол қалпы бергенді жөн көріп отырмын.

 «Российский рынок, не говоря уже о белорусском, для казахстанских СМИ закрыт на замок, и уже давно. К примеру, 15 лет назад в Кокшетау я открыл казахскую газету, которая выходит до сих пор. Однажды мы попытались передать ее через границу в Омскую область, где проживают 100 тысяч казахов, но не вышло, - у нас потребовали перевести ее (16 страниц) на русский язык с нотариальным подтверждением. Понятно, что мы не смогли этого сделать… Россия, в отличие от нас, очень жестко защищает свою информационную безопасность».

Егер Ресей жағы осындай талаптарға барса, біздің мемлекетіміз неліктен олардың талаптарын қайталай алмайды? Айтпақшы, Қазақстанда Ресейдің заңды түрде тіркелген 240 телеканалы бар екен. Өзіміздікі – 50 ғана. Кейбір саясаттанушылар Қазақ елінің хабарларының сапасыз екендігін, сондықтан халықтың көпшілігі Ресей теле каналдарын қарайтынындығын алға тартып, рейтинг мәселесімен көзімізді шұқиды. Йә, мұндай обьективті жағдайдың бар екендігін мойындауға тура келеді. Бірақ бұған қазақтың журналистері не редакторлары ғана кінәлі дегенмен келіскім келмейді. Бұған біздің биліктің жүйесі кінәлі. Неліктен 75 адам тұтқындалып, 25 адам сотқа берліген Шаңырақ оқиғасы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты талқыланып, жүздеген мақала басылған жоқ? Билік жібермеді. Неліктен Жаңаөзен мәселесінде ондағын журналистік зерттеулер жасалған жоқ? Неліктен сондай зерттеулер «Егемен Қазақстанда» жарияланған жоқ? Неліктен 2016 жылғы «Жер комиссиясының» отырысы «Хабардың» тікелей эфирінде берілген жоқ? Қысқасы, халық қарайтын мәселені биліктің өзі тоқтатып отырса, қатаң тыйым салынса, рейтинг қайдан болады?  Демек, Қазақ елінің ақпарат кеңістігінің дамуына, басқа елдердің телеканалдарынан өз тыңдаушыларымызды «тартып алудың» басты шарты – сөз бостандығы деп ойлаймын.

Тағы бір ұсыныс. Осындан оншақты жыл бұрын «БАҚ–та қазақ тіліндегі контент 80 пайыз, басқа тілдегі контент 20 пайыз болуы керек», деген мәселе көтерілген болатын. Оған ОБСЕ бастаған халықаралық ұйымдар қарсы шығып, бірнеше пікірталастар ұйымдастырылғаны есімде. Алайда, бұл тамаша бастама да сол күйінде қалды... 

Өкінішке қарай, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігі – биліктің құзіретінде. Қарапайым халық пен азаматтық қоғамның міндеті – көзқарас қалаптастыру ғана. Ал билік – орыс тілінде білім алып, сол ұлттың мәдеиетімен тәрбиленген, кезінде коммунистік иделеогияны бірлесе жүргізген жандардан тұрады. Олардың жүректерінің «орыс әлеміне» бұрып тұруына өз басым  таң қалмаймын. Мүмкін, осы уақытқа дейін бұл мәселенің талдау мен сараптаудан аса алмай жатқаны да осыдан шығар.  Ниет дұрыс болса, шешім де дұрыс болады, ал ниет жалған болса...

Марат ТОҚАШБАЕВ,

жазушы-публицист, Қазақстан

 Педагогикалық Ғылым академиясының

 академигі, профессор:


Тәуелсіз мемлекеттің ақпараттық кеңістігі де тәуелсіз болу керек

ХХІ ғасырдың адамзатқа әкелген тың  құбылыстарының бірі – жаһандану. Мұндай кезеңде ақпараттық қауіпсіздік қай мемлекет үшін де айырықша маңызды. Жаһандану желеуі ақпараттық экспансия арқылы державалық мемлекеттердің көрші елдерді экономикалық және саяси ықпалында ұстау үдерісін тездетті. «Ақпараттық қауіпсіздік» тіркесі аясында тілдік қолданысымызға «ақпараттық шабуыл», «ақпараттық соғыс», «ақпараттық қорғаныс» сияқты ұғымдар кірді. Мысалы Ресейдің Украинаға қатысты телевизиялық материалдар легі «ақпараттық шабуыл» болып табылады. Сол Ресейдің АҚШ-қа қарым-қатынасын «ақпараттық соғыс» деп бағалауға болады. Қазақстан бүгінде Ресейдің ақпарат кеңістігінде өрмекшінің торына түскен көбелектей болып отыр. Қазақстан билігі елдің ақпарат кеңістігін қорғауды мүлде ойлаған емес.  Мұның нақты мысалын Қазақстан  мен Ресей Федерациясының қарым-қатынасынан анық байқауға болады. Алдында Кедендік одақ, одан кейін, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты зиянсыз көрінетін құрылымдар арқылы Қазақстан өзінің ақпараттық кеңістігін бөтен мемлекеттің бақылауына беріп қойды.

Бұл тақырып мені тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ мазалаған. Ұмытпасам, 1996 жыл болу керек, ол кезде «Заң газетінің» басшысымын. Жоғарғы Кеңестің дәліздерінің бірінде сол кездегі Ақпарат министрі Алтекеңмен (Алтынбек Сәрсенбаевпен) кездесіп қалдым. Балаң кезінен білетіндіктен сөзім еркін. Әңгіме арасында өзімді толғандырған мәселе жайында үнсіз қала алмадым: «Алтеке, Ресей каналдарының ықпалы ұлғайып барады. Осыны қайтіп тоқтатамыз?», «Мәке, оған әлі ерте, асықпайық!» деді. Жоғары жақтың бір білгені бар шығар, бізге айта бермейді ғой, деп қоя салдық.  2011 жылы бір жолыққанда, сол кездегі Ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиевке де Ресейдің ақпараттық экспансиясын тоқтату жөнінде мәселе қойдым. Ол қуантты: «Мәке, біз бұған орай, «Қазақстанның ақпарат кеңістігін қорғау туралы» заң жобасын дайындап жатырмыз. Бұл үшін Ресей Федерациясының «Ақпараттық қауіпсіздік туралы федеральдық заңы» негізге алынды. Егер бізге бірдеме десе, өздерінің сол заңын өздеріне көрсетеміз», деп күлді. Көңілім кәдімгідей марқайып қалды. Алайда ол заң жобасы толық дайын болғанша, Асқар Көлік пен коммуникация министрлігін басқаруға ауысып кетті. Әлгі заң жобасы сол күйінше тартпада қала берді. Нәтижесінде, отыз жылдан бері біз Ресейдің ақпараттық «помойкасы» болып келеміз.  Қазір Қазақстан аумағына Ресейдің федеральдық, облыстық және тәуелсіз 200-ден астам телеарналары хабар таратып отыр. Еліміздегі ірі мегаполистерде, облыс орталықтарында газет-журнал сататын дүңгіршектерінің бәрі ресейлік газет-журналдарға толы. Олар қазақстандық, әсіресе, қазақ тілді басылымдарды рыноктан баяғыда ысырып тастаған. Қазақстан көрермендері мына көрші тұрған өзбек пен қырғыз телеарналарын көргісі, жаңалықтарын біліп отырғысы келеді. Өкінішке қарай, біз жақын көршілеріміздің жаңалықтарын Мәскеу телеарналарынан көруге мәжбүрміз. Ақпараттық бодандықтың салдары орасан. Ол бізге мүлде тиімсіз. Ресейдің ақпараттық ықпалы біздегі орыс диаспорасының көңілін тарихи отанына аударып тұр. 9 мамырда кеудесіне георгиев лентасын таққандар толып кетеді. Олар өздерін «Русский мирдің» ажырамас бөлшегі санайды. Дұрысында, сыртқы агрессия болса, қай диаспора өкілі де Қазақстанды қорғауға тиіс қой. Ал бізде қалыптасып отырған жағдайда сол ақпараттық экспансия салдарынан, орыстілді қазақтардың өзі солтүстіктен агрессия шыға қалса, окоптың ар жағынан көрінуге дайын. Бұл дегеніңіз, ақпараттық кеңістікті жаулап алумен,  бір мемлекеттің халқын екіге бөлу деген сөз. Сондықтан жедел түрде бізге экономикалық тұрғыдан мүлде пайдасыз Еуразиялық одақ сияқты құрылымнан шығып, ақпараттық кеңістігімізді өз бақылауымызға алуымыз керек. Тәуелсіз мемлекеттің ақпараттық кеңістігі де тәуелсіз болуға тиіс!

Күлтегін БЕК 













 














Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)

Сайт Әкімшілігі

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)