Мемлекетке масыл болған банктер халықты соруды қашан қояды?

Сайт Әкімшілігі - 05.05.20201813

Ұлттық қордан қаржы құйып, отандық банктерді қолдау мәселесі Қазақстанда әлі жалғасатын түрі бар.  Өйткені біздің биліктің  «сүйкімдісіне» айналған банктердің жұмысын қазіргідей дағдарыста жандандыру үшін тағы 400-600 млрд теңгедей сома керек екен.

  Негізінде,  үкімет бұған дейін  дағдарыста «қайраңға кеткен банктерді» қолдап, бірнеше мәрте демеуқаржы бөліп келді. Мысалы, 2007-08 жылдардағы жаһандық дағдарыстың теріс салдарын азайтуға 2008-16 жылдар аралығында мемлекеттің төрт банкті қолдауға 476,1 млрд теңге бөлгенін біз білеміз. Бұдан соң, 2017 жылы банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасына сәйкес, бес ірі қаржы институтына көмек көрсетілді. Мұндағы жалпы қолдау көлемі 653,7 млрд теңгені құрады. Осылайша үкімет пен Ұлттық банк екінші дең­гейлі банктердің қаржылық жағ­дайын жақсарту бағытында мүмкіндіктердің барлығын қарастырды. Соңғы 10 жылда мемлекет тарапынан банктерге 20 миллиард АҚШ долларынан артық тікелей және жанама қолдау көрсетілген.

  Бүгінде экономист-сарапшылардың дені миллиардтаған соманы мемлекетке масыл банктерге бағыттай берудің экономикаға асқан серпін бермейтінін жиі айтып жүр. Елдегі қаржы институттарының  мемлекет тарапынан өздерін «сауықтыру үшін» бөлінген қарызды қайтармақ түгіл, үкіметтің кепілдендіруімен алған несиелерін игере алмай отырғанын ескерсек, экономистердің бұл қынжылысында үлкен астар бар екенін аңғарамыз.

  Жалпы, дамыған елдерде үкіметтің банктерді қолдау шешімі ішкі нарықты сауықтырып, бизнесті аяғы­нан тік тұрғызады. Бізде, керісінше, үкімет қанша жерден демеуқаржы бөліп отырғанымен, елдегі банктер бәсекеге бәс тігіп, жұмысын жандандыратын түрі көрінбейді. Бұлай деуімізге себеп: егер Қазақстан­дағы қаржы институттары мықты болса, мемлекет Еуропа қайта құру және даму банкінен, сондай-ақ Азия­дағы ірі банктерден несие алып, қарызға қайта-қайта батпайтын еді ғой.  Қарапайым халық та қазір банктен несие алса, пайыздық үстеменің өте жоғары екенін айтып жыларман болады. Ең қызығы, нақ қазір елдің басына күн туып тұрған сәтте де біздің банктер халықтың қалтасына түсуді  ұмытпады.

Білесіздер, әлемді жайлаған пандемия жағдайында ел президенті банктерге алдағы үш ай көлемінде жекелеген адамдардың несиесін кешіруді тапсырды, міндеттеді. Осы арада біз «банктер халыққа бір қайырым жасайтын шығар» деп үміттенгенбіз. Бірақ олар елдің кредитін мүлде кешірген жоқ не үстіндегі пайызын алып тастап, жеңілдік жасаған жоқ. Банктер халықтың несиесін үш айға кейінге шегеріп қана отыр. Қазір төтенше жағдайда несие төлей алмаған қауым осы  жағдайдан шыққаннан кейін үстеме пайызымен қосып тұрып, банктерге несиесін төлейтін болды. Бұдан бөлек, 1 мамырдан бастап банктерде елдің жинаған депозиттерінің де сыйақысы төмендеді. Енді мерзімсіз депозиттер бойынша максималды сыйақы 12 пайызды құрайды. Толықтыру құқығы бар депозиттер бойынша максималды мөлшерлеме 13,5 пайыздан 13 пайызға дейін төмендетілсе, толықтырылмайтын депозиттер бойынша 15,5 пайыздан 14,5 пайызға  дейін төмендетілді. Осылайша енді банктер халықтың там-тұмдап депозитке жиған қаржысының да пайызын төмендетіп жей бастады.

       Бұл ретте экономист-сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, қазір халықтың депозит сыйақысын төмендететін кезең емес. Оның белгілі себебі – доллар қымбаттап, теңге құнсызданып жатқанда халық онсыз да ұтылып жатыр.  Бұл арада банктің халықтың жинаған депозитін төмендетіп, қыспаққа алатын жөні жоқ. «Қазақстанның кез келген банкіне депозитке үлкен сомада қаражат салсаңыз, бір жылда оған 10 пайыз ғана қосылады. Бір жылға 1 млн теңге қаржы салсаңыз, оның үстіне 90 мың теңгедей ғана үстеме қосылады. Теңгелей депозит 10 пайыз болса, доллар депозиттердің жылдық үстемесі 4,5-ақ пайыз. Айына қосылатын үстеме тіпті мардымсыз. Қазір халықтың жинақтаған ақшасы да қоса құнсызданып жатыр. Ендеше, халықтың адал еңбекпен тапқан қаржысының құнсызданбауы үшін бұл арада депозиттердің сыйақысын төмендетудің орнына несиенің пайыздық көрсеткішін төмендеткен абзал. Өйткені біздегі депозит сыйақысы мен несие пайызының арасы жер мен көктей», – дейді Марал Төртенова.

    Тарқатып көрсек, бізде теңгедей депозиттің жылдық сыйақысы   12  пайыз болса, несиенің үстемесі – 24-28 пайыз. Осыдан-ақ Қазақстандағы банктердің халықты сорып отырғанын нақты аңғаруға болады. «Сақтап, көбейтіп бер» деп банкке салсаң, пайызы аз. Несие алсаң, пайыз көп. Шындап келгенде, банктер сол депозиттердегі қаржыны  халыққа несиеге беру  арқылы да пайда тауып отыр емес пе?! Экономикалық заңдылық бойынша, депозиттің сыйақысы кеміді ме, онда несиенің де пайызы түсу керек.  Мысалы, Украина қазіргі төтенше жағдайда депозиттік жылдық сыйақыны 20 пайызға көтеріп, несие үстемесін 8-9 пайызға төмендетті. Көрші Ресей қазіргі пандемия жағдайында халқының алты айлық несиесін кешірді. Бұл аралықта ресейліктер пайыздық үстеме төлемейді. Қарапайым халықты ойлаған ел осылай әрекет етуі керек емес пе?! Біз бұл арада Ресей мен Украина банктерін жарнамалаудан аулақпыз. Бірақ өзге елдердің ұтымды шешімдерін көріп, ұнжырғамыз түсіп қалатыны рас.

 Жасыратыны жоқ, біздің биліктің банктерге сөзі осы уақытқа дейін өтпеді. Халқына 20-22-24-28 пайызбен несие беретін банк  әлемдік тәжірибеде жоқ. Мұндай көрсеткіш бізде ғана бар. Соны біле тұра, жоғарыдағылар банктерге «тәйт» деген бір сөзбен тоқтау сала алмады. Үкімет қанша жерден оларды өбектеп, қиындықтан құтқарып отырса да, біздегі банктер халыққа тиімді операциялар жүйесін әлі құрған жоқ. Ақиқатында, біз 30 жылда сауатты банк жүйесін қалыптастыра алмаппыз. Банктердің дені биліктің ерке баласы секілді дегенін істеп дегбірді қашырып тұр. Ал оларға қашан ес кіреді?!  Бұл сауал әлі басы ашық күйінде қала бермек.


Тақырыпқа тұздық

         Қазақстанда сауатты банк секторы әлі қалыптасқан жоқ

    Тақырыпты кеңінен ашу мақсатында елдегі банк саласын жан-жақты білетін, кезінде банк секторын басқарған,  экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековқа көкейде жүрген сауалдарды қойдық:

– Бейсенбек Зиябекұлы, біз осы уақытқа дейін «Қазақстандағы банк секторы ТМД көлеміндегі озық жүйемен дамып келеді. Елдегі банк саласының бәсекеге қабілеттілігіне күмән жоқ» деген ақпараттарға сеніп келдік. Әйтсе де қазір қайсыбір банктердің «қайраңда қалған қайықтай» күй кешіп отырғаны жасырын емес. Сіз банк секторын басқарған маман, экономист-ғалым ретінде елдегі банк жүйесін қожыратып алғанымызды мойындайсыз ба?
– Қазір елдегі банк саласына қатысты сын айтушылар да, жанашыр пейілмен ақыл-кеңес берушілер де жетіп-артылады. Өз басым «банк жүйесі дұрыс бағытты бетке алмаса тоқырауға ұшырайды» дегенді осыдан тұп-тура 25 жыл бұрын айтатын жерде айтып, жазатын жерге жазған болатынмын. Осы мәселеге байланысты өзіндік ұсыныстарымды өткізе алмай дал болғандардың бірі мен едім. Кезінде банк саласына қатысты мамандар тарапынан айтылған ескертпелер мен ұсыныстар ескерілгенде, біздің банк жүйесі нақ қазіргідей қожырауға түспейтін еді. Өкінішке қарай, ол кездері сөзіміз тыңдалмады. Енді келіп амалсыз банк секторында орын алып отырған олқылықтардың бар екенін мойындамасқа лаж жоқ.
– Мысалы, сіздің тиісті тарапқа бағытталған қандай ұсыныс-ескертпелеріңіз ескерусіз қалды?
– Біз кезінде «елдегі банк саласы экономикамызды дамыту мақсатында жұмыс істеп жатқан жоқ» дегенді ашып айттық. Біздің елдегі банк жүйесі әу бастан бәсекеге қабілетті болуды білмеді. Банктер үкіметтен демеуқаржы алып, оны халыққа қымбат несиеге беріп, таратып  қана отыр. Мұндай үрдістің даму мен өркендеуге жетелемейтіні сол кездің өзінде белгілі болған. Мұны біз алдын ала болжап, бажайладық. Өз басым сол кездің өзінде аймақтық банктер құру қажеттігін жетесіне жеткізе дәлелдедім. Мәселен, бүгінде республика халқының 43 пайызы ауылдық жерлерді мекен етеді. Бірақ  осы уақытқа дейін сол ауыл-аймақтағы халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту мақсатында бірде-бір банк құрылды ма? Жоқ, құрылған жоқ. Бұл мәселе сол кездері ескерілуі керек еді. Алайда бұл ұсыныстарымыз ескерілмеді. Жасыратыны жоқ, бізде нақты айтылатын ұсыныстар легі баршылық. Бірақ сол ұтымды ойларды дер кезінде бірден тәжірибеге енгізуге келгенде енжарлық басым.
– Енді осы олқылықтардан құтыла аламыз ба? Үкімет аймақтық банктерді құруға енді кіріссе кеш пе?
– Біз осы уақытқа дейін «Қазақстандағы банк жүйесі ТМД көлеміндегі ең озық жүйемен дамып келеді» дегенге сендік. Бұған қоса, біз күні бүгінге дейін банкте қызмет ететін мамандарды, қаржыгерлерді ғұлама ғалымдармен тең дәрежеде көрдік. Айналып келгенде, жағдай тіптен басқаша еді. Тіпті қажет десеңіз, қазірдің өзінде біздің банк жүйесінде білікті мамандар саусақпен санарлық екені жасырын емес. Қазақстанда сауатты банк секторы әлі қалыптасқан жоқ. Біз әу бастан банк жүйесін ұлттық экономикаға бейімдеп құруымыз керек еді. Біздің ұлттық экономиканың негізі мұнай мен газдан бөлек, агросектор екенін үнемі айтып жүрміз. Бірақ нақ осы агро саланы дамытуға келгенде, ауылға қаржы бөлуге келгенде асықпаймыз.  Егер біз осы уақытқа дейін банктер арқылы ауылға арзан несие апарып, ауылдың экономикалық әлеуетін көтеріп алғанымызда, сырттан келетін қарызға тәуелді болып отырмас едік.

     Біздегі банк саласы әлі күнге дейін  шетелден келетін қаржыға тәуелді болып отыр. Елдегі банк жүйесі шетелдің арзан несиесімен қоректенуге тым бейім болып алды. Ескергенге бұл өте қауіпті дүние. Банк жүйесін өркендету үшін біз алдымен осы қауіптен арылғанымыз жөн. Банк саласы ұлттық экономиканың тұрақты дамуына себепші болуы керек. Міне, сонда ғана бұл салада белгілі бір жетістіктерге қол жеткізуімізге болады. Мысалы, қазір бізде ауыл шаруашылығында несие жүйесі атымен жоқ. Жыл сайын ауылға бөлінетін қаржыны қандай жолмен жеткізу керектігіне бас қатырамыз. Ауылға қаржыны біресе холдингтер арқылы жібереміз, енді бірде «мұны жергілікті әкімшіліктерге жүктеу керек» дейміз. Әйтеуір, ауылға бағытталған қаржыны бөлу тетігі жыл сайын өзгеріске түседі де жатады. Бұл тұрғыда бізде белгілі бір жүйе жетіспейді. Егер осы уақытқа дейін ауылға несие жүйесін құрып бергенімізде, бұл жүк сәл де болса жеңілдер еді.  Елде ауылдың қаржылық жүйесін арттыратын банктер болуы керек.

   Бір ескеретіні – ол банктер тек мемлекеттік банк болуы тиіс. Мәселен, Кеңес өкіметі кезінде ауылдың несиелік портфелі 68 пайызды құрапты, қазір бұл көрсеткіш 3-ақ пайыз. Айырмашылық жер мен көктей. Егер ауыл алға жылжысын, ауылдың қабілеті артсын десек, онда агробанктер құрылуы керек. Енді бізді мұнай емес, асырайтын ауыл болады. Бірақ тағы да қайталап айтамын, ол банктер мемлекеттік болуы тиіс.
– Өзіңіз білесіз, үкімет әр уақытта банктерді қолдап отырады. Дағдарыс кезінде бірқатар  банктерді өзінің қолтығының астына алды. Қалай ойлайсыз, банктерді мемлекет қамқорлығына алу қысылтаяңда оларға дем бере ме?
– Негізінде, банк саласы экономиканың күретамыры іспетті нәрсе. Ал осы күретамырды біз енді-енді аяғынан тік тұрып келе жатқан мемлекет кезінде жекеменшіктің қолына беріп қойдық. Біз жіберген негізгі қателіктің бірі осы болды. Есіңізде болсын, тәуелсіздік алған тұстары  банк жүйесін жекеменшіктің қолына беруге келгенде бас қатырып ойлану керек еді. Себебі әр мемлекет өзінің қаржылық саясатын оңтайлы жолға қойып, халқының әлеуетін көтеру үшін оған арнайы бір құрал-жабдық қажет. Міне, мұндайда бірден-бір пайдаланатын құрал банк жүйесі екені белгілі. Ал біз осы қаржылық құралды тым еркінсітіп жібердік. Мемлекеттік бақылауды азайтып алдық. Сондықтан бұл арада тағы да сол мемлекеттік бақылау, қадағалау мәселесінің шеті шығады.

– Қазір өзіңіз тәрізді экономист мамандар  «елдегі өнеркәсіпті дамытпайынша, банк жүйесін дамыту мүмкін емес» деген пікірлерді жиі айтады. Сіз мұнымен келісесіз бе?
– Әлбетте, келісемін. Егер банк жүйесінде нақты экономиканы білетін, алдын ала экономикалық болжам жасай алатын азаматтар отырса, бұл мәселе өзінен-өзі шешімін табар еді. Байыптап қарасақ, 2007 жылдан бері біздің елдегі несие беру көлемі бірнеше есеге дейін көбейген. Ал осы аралықта өндіріс қуаттылығы артты ма? Өндірістің ауқымы қаншалықты кеңейді? Міне, біз кезінде осы жағын тереңдеп зерттеуіміз керек еді. Сол кездері халыққа оңды-солды есепсіз беріліп жатқан несиеге бақылау қойылып, оның орынды-орынсыз жұмсалып жатқаны қадағаланғанда нақ қазір сіз бен біз өнеркәсіптік қарқынымыздың әлсіздігі жайында әңгіме қозғамайтын едік. Ол кездері банктер өндіріспен етене жақын араласуды мүлде ойламады. Біле білгенге өндіріс пен банк тығыз байланыста болғанда, негізінен, пайда көзі банкке түсетін еді. Өнеркәсіпті, отандық бизнесті банктер арзан несиемен қамтығанда экономикамыз да қарқын алатын еді. Банктер де әр жыл сайын үкіметтен қолдау қаржы сұрап отырмайтын еді.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

«Жас Алаш»


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)

Сайт Әкімшілігі

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)