Аналар ашыққан елде демографиялық дүмпу қайдан болсын?

Сайт Әкімшілігі - 07.05.2020818

Қазір әлем елдері экономикасын сақтап қалу үшін қарманып жатқан кезең. Әлемді жайлаған пандемиямен бірге, күніне қырық құбылатын «қара алтын» бағасы озық елдердің де қабырғасын қайыстырып тұр.

Осы жайттарды ескере келе, демограф мамандар «экономикалық дағдарыстың арты демографиялық дағдарысқа ұласса қиын болады» деп, дабыл қағып отыр. Бұл мәселені назарда ұстаған Ресей депутаттары пандемия басталғалы бері көпбалалы аналар мемлекеттік қолдауды нақты сезінуі керегін айтып, Ресей билігіне ұсыныстарын төтесінен қоя білді. Сол-ақ екен, Ресей үкіметі «Ана капиталын» 2021 жылдан бастап қайта өсіретін болды. Бұған дейін Ресейде екінші баланы өмірге әкелген аналардың үкіметінен алатын бірреттік «ана капиталы» 453 026 рубль болса, бұл сома 2021 жылы 470 241 рубль болып өсетін болды. (Теңгеге шағып көрсеңіз, қомақты сома).

Бұған қоса, Ресейде үшінші баланы дүниеге әкелген аналарға 10 сотық жер беру, ауыл шаруашылығы бизнесімен айналысу тәрізді толып жатқан жеңілдіктер қарастырылған. Сол сияқты Жапония үкіметі де «Бала капиталын» 2020 жылдың күзінен бастап өсіретіндіктерін мәлім етті. Енді жапондардың өмірге екінші нәресте әкелген аналары келер күзден бастап 500 евро жалақы алып отыратын болды. Бағамдасақ, көптеген елдер демографиялық саясатын оңдауға тырысып-ақ жатыр. Ал бізде қалай?

Негізінде, біз әу бастан демографиялық дағдарысқа бейім халықпыз. Бұған қатысты сала мамандары «бізге болашақта демографиялық саясатты анықтаған абзал, себебі алдағы уақытта экономикалық дағдарыстан бөлек, демографиялық дағдарыс та қыса түседі» деп отыр.

Жалпы, деректерге үңілсек, демографиялық тасқын біздің ұлтымызда 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында жүріп өтіпті. Сол жылдары әр 1000 қазақ әйеліне шаққанда 225 баладан келсе, 1990 жылы бұл көрсеткіш 130-ға; 1998 жылы 82-ге дейін, ал қазір тіпті екі-үш есеге төмендеп кеткен. Әлеуметтанушы маман Жандос Тілеукин: «Адам әлеуметтік жағдайдың төмендігінен бала санын шектейді. Жасыратыны жоқ, қазіргі төтенше жағдайда көптеген аналар ашықты. Әлеуметтік желілер арқылы көмек сұраған, турасын айтқанда алақан жайған, аналар көбейді. Аналар алақан жайған елде демография өспейтіні онсыз да белгілі. Үйсіз-күйсіз жүрген қаншама ана жүр. Ашыққан аналардың жайы ойлантуы керек. Мұның арты ұрпақ өсімін тежейді», – деп ашынды.

Маманның пайымынша, біз бала туу жасындағы әйелдерге әлеуметтік қолдау көрсетуден танбауымыз керек. Мейлі, бала туу жасындағы әйелдің айлық жалақысы жоғары болсын, мейлі төмен болсын, мемлекеттік деңгейде төленер төлем жоғары болуы қажет. Бірақ, ашығын айту керек, біздің елдегі

аналардың қолы жоғары төлемге әлі жете қойған жоқ. Мысалы, бізде әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударатын 2 миллион 800 мың әйелдің 1,2 пайызы ғана 200 мың теңгеден артық айлық алады екен. Солардың өзіне бала туғанда берілетін бірреттік жәрдемақы көлемін үкімет 1 миллион теңгеден аспайтындай етіп шектеу енгізіп тастағаны белгілі. Жұмыс істейтін әйелдер үшін, әрине, бұл аз сома. Ресейде, Өзбекстанда, Әзірбайжанда, Түркияда жұмыс істейтін әйелдерге 10-15 мың доллар көлемінде декреттік төлем төленетінін ескерсек, олармен салыстырғанда біздікі, әрине, мардымсыз.

Хош делік, жұмыс істейтін әйелдер баланы дүниеге әкелгенде аз болса да, 1 млн теңгеге қол жеткізеді ғой, ал жұмыс істемейтін әйелдерге төленетін сома тіпті қарын аштырады. Елде бала дүниеге келгенде төленетін бірреттік төлемнен бөлек, әр балаға тағайындайтын жәрдемақы мөлшері бар. Бұған қатысты үкімет 2019 жылы «әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы төлейміз» деп алып, артынша оны ел бюджеті көтермеді ме, әйтеуір, алты айға жетер-жетпестен бұл бастама тұншығып жоқ болды. Осыдан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының табысына қарамастан, әр балаға 10 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлейтін болып шешіп, балалар санына қарай, сараланған мөлшерде 42 500-ден (4 бала) 74 400 теңгеге дейін (7 және одан да көп бала) төленетін жәрдемақы енгізді. Осы бастаманы жүзеге асырамын деп жүріп, «Әр балаға 10 мың теңгеден асырып төленеді. 15 бала тапсаңдар – 159 мың теңге алуға мүмкіндіктерің бар», – деген Біржан Нұрымбетовтің сөзі бұқара арасында біразға дейін қызу талқыға түсті. Жұрт аузына қараған министрдің бұл тәмсілі «қисық сөз күлмекке жақсы» дегенге айналды.

Халықты әлеуметтік тұрғыда қорғауы тиіс министріміз осылай деп жатқанда, қазақтың санын тізбелеп жүрген демографтар «бұл бала санын саналы түрде шектеуге апаратын қадам» деп ашынды. Демограф-маман Айдархан Ілесбековтің айтуынша, кезіндегі бүкілодақтық санақтың соңғы деректері бойынша 1990 жылы тәжіктер – 45; қарақалпақтар – 39; өзбектер – 34; түрікмендер – 30; қырғыздар 32 пайызға өскенде, біздің қазақтар 24 пайызға ғана өскен екен. «Кеңестік кезеңде де қазақтың санын саналы түрде өсірмеу үшін түрлі саясат қолданылғаны баршаға белгілі. Қазақтың басынан түрлі нәубет заман өтті. Ал қазір біздің үкіметке бюрократиялық шешімдерден арылатын кез келді. Біз болашақта қазақтың санын өсіреміз десек, әйелдерге төлем жасауды тек міндетті сақтандыру қоры арқылы ғана жүргізбей, бұл мәселеде ерікті және кәсіптік сақтандыру қорларын тетікке қосу керек», – дейді Айдархан Ілесбеков.

Маманның бұл ретте айтып отырғаны Норвегия, Нидерланды елдерінде әйелдер ерікті сақтандыру қорларынан бір төлем алса, кәсіптік сақтандыру қорлары, яғни жұмыс орнынан ашылған қорлардан бір төлем және мемлекеттік сақтандыру қорларынан бір төлем алады. Осылайша бірқатар елдердің әйелдері үш бірдей мекемеден декреттік төлем алып, бала күтімімен үш жыл бойы алаңсыз айналысады. Тіпті кейбір елдер зейнетақы қорынан да ана мен баланың әлеуметтік жағдайын жасауға жыл сайын қаржы бөліп

отырады. Ал біз, керісінше, зейнетақы қорындағы және Ұлттық қордағы қаржыны түрлі салаларды қолдауға бөліп отырамыз. Ол салалардың кейбірі бөлінген қаржыны ұқсата алмай, қолға алған ісін қожыратып алып жататыны тағы бар.

Жалпы, демография – өткір мәселе. Бұған қатысты сыртта жүрген қазақтарды бауырға тарту жайы да назардан тыс қалмауы керек. Мысалы, ресми деректерге сәйкес, қазір алыс-жақын шетелдегі тегі метис пен маргиналдары бар қазақтың жалпы саны 6 млн 100 мыңнан асатынын ескерсек, бұл жерде әлі талай шешілмеген проблема бар екенін пайымдаймыз. Бұл арада сыртқы демографиялық саясатты қоя тұрып, ішкі демографияны жолға қоямыз десе, онда біздің билікке болашақ ұрпақ өсімін еселеу үшін тым құрығанда Ресейдің мемлекеттік «Ана капиталы» мен жапондардың мемлекеттік «Бала капиталын» қамдау үрдісін үйренсе, жөн болар еді. Тіпті бірқатар елдерде бала туа салысымен арнайы депозит ашылып, оған мемлекет белгілі бір мөлшерде қаржы құйып, ол жинақталған соманы бала 18 жасқа толғаннан кейін өз қажетіне жарата алады. Осындайда дамыған және дамушы елдің балалары тумай жатып тұрғын үймен қамтылып жатқанда, біздің елдің баласына неге мұндай ықылас жоқ деп еріксіз қынжыласың.

Тақырыпқа тұздық

Бала тапса, қазақ әйелдерінің өзін-өзі дамытуға күші жетпей қалады

Қазақстанда 20 баланы өмірге әкелген жалғыз ғана Қамаш Сейітжанова атты анамыз бар. Қамаш апаның ең кенжесі Кенжеғұл туабітті зағип болып өмірге келді. Бірақ сонысына қарамай, Кенжеғұл жоғары оқу орнын бітірді. Қазақстанда алған білімін шетелдерде жалғастырды. Қазір Кенжеғұл Сейітжан алты тілді меңгерген, спортпен шұғылданатын белсенді азамат. Қоғамда болып жатқан мәселелер оны алаңдатпай қоймайды. Әсіресе көпбалалы аналардың жайына бейжай қарай алмайды. Тақырыпқа орай, «Жас Алашқа» сұхбат берген 20 баланың сүт кенжесі Кенжеғұлдың айтуынша, елімізде көпбалалы аналарға әлі де болса өз деңгейінде жағдай жасалып отырған жоқ.

– Кенжеғұл, сен біліміңді жетілдіремін деп, Жапония, Германия, Португалия, Финляндия, Польша елдерін көрдің. Білім алдың, тілді меңгердің. Көптеген елдердің тарихын жетік білесің. Сұрайын дегенім, осы сен тарихын ақтарған шет мемлекеттерде анаң сияқты 20 баланы өмірге әкелген абзал аналар бар ма екен?

– Рас айтасыз, бірқатар елдерді көрдім. Бірнеше тілді меңгердім. Сіз айтып отырған шетелдерден басқа да көптеген елдерді араладым. Бірақ менің анамдай, 20 баланы өмірге әкелген асыл жанды кездестірген жоқпын.

Жапонияда оқығанымда бес баласы бар отбасыларды кезіктірдім. Бес бала деген – жапондар үшін ең көп бала болып саналады. Ал, негізінде, оларда үш баласы бар отбасылардың өзін аса құрметтейді. Үш баласы бар отбасы Жапонияда көпбалалы отбасына жатады. Оларға өкіметтен берілетін көмектің түр-түрі қарастырылған. Ал Германияда екі баласы бар отбасылардың өзіне әлеуметтік төлем тағайындалған. Олардың анасы мен әкесіне бірқатар жеңілдіктер бар.

– Мысалы, қандай жеңілдіктер, атап айтқанда?

– Мәселен, Жапонияда үш баласы бар аналарға жәрдемақыдан бөлек, жеңілдіктер картасы беріледі. Ол картамен аналар қоғамдық көлікте тегін жүру, бір қаладан екінші қалаға баратын көліктерге 50 пайыздық жеңілдікпен билет алу, коммуналдық төлемдерге 50 пайыздық жеңілдік, мемлекеттік дүкендерден жеңілдікпен азық-түлік, киім-кешек алу тәрізді мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Жапондардың көпбалалы аналарға арналған бір ғана жеңілдік картасының өзі аналардың өмірге деген құштарлығын оятады. Сосын Германияда, Жапонияда болсын, Польшада делік, оларда баласы бір жасқа толмай, анасы жұмысқа шығатын болса, жұмыс арасында анасына үйіне барып, баланы емізіп келу үшін жағдай жасайды. Жас баласы бар ана жұмыс берушіге барып, «баламды емізетін уақытым болды» десе, арнайы көлік беріледі, сонымен барып, баласын емізіп келеді. Ал бала бір жасқа толғаннан кейін балабақшаға орналастыру жағы да олар үшін бас ауыртатын мәселе емес.

Бала бір жасқа толды ма, көпбалалы ана «жұмысқа шығамын» десе, балабақшаға орналастыру жағын жергілікті мемлекеттік органдар реттеп, ананың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Біздегі сияқты балаңды қарататын кісі таппай, абдырап қалу деген жоқ. Ондай мәселеге жапондықтар да, германиялықтар да бас ауыртпайды. Олар балаларын балабақшаға береді немесе күтуші жалдайды. Күтуші жалдаса да, мемлекеттен бөлінетін белгілі бір сома бар, соны жеңілдік картасы арқылы төлеп отырады. Жапонияның бала күтімімен үйде отырған әйелдерінің өзі бір кісідей жалақы алып отырады. Біз сияқты декретке шыққанда жалақының 40 пайызын есептеп беру деген жоқ. Оларда декреттегі әйелге арнайы жалақы тағайындалады. Жапония әйелдері бала күтімі үшін ай сайын 800 доллар көлемінде жалақы алса, Германияда 900 евро көлемінде жәрдемақы алады. Сондай-ақ аталмыш елдерде баланы ауруханаға апаратын болса, әкесін де жұмыстан босату жағы қарастырылған. Ол елде балалардың әкесі «бүгін ауруханаға баратын күніміз» десе болды, басшылық сөзге келместен, балалардың әкесіне де рұқсат береді. Жалпы, көпбалалы аналарға жұмыс істегенде, ауыртпалық жүктелмейтінін де аңғардым.

– Осы жайттарға қарап, біздің елдегі аналардың жайын салыстырып көрген кезің болды ма?

– Әрине, болды. Біздің елімізде 20 баланы өмірге әкелген жалғыз ана бар. Ол – менің анам. Бірақ үкімет оған тиісті жағдай жасай алды деп айта алмаймын. Анам балаларын жалғыз өзі жетілдірді. Барлығымызды оқытты, тоқытты. Менің көзім көрмегендіктен, оқуға жетектеп өзі апарып жүретін. Өз күшімізбен үй алдық. Жалпы, қазір елде көпбалалы аналар мәселесі жиі көтеріліп жатыр. Өз басым біздің елдегі бес балалы ана мен Жапон еліндегі немесе Германиядағы үш баласы бар ананың жағдайын айтсам, екеуі салыстыруға да келмейді. Бізде көпбалалы аналарды бизнеске тарту, жұмыспен қамту, бизнеспен айналысу үшін аналарға мемлекет тарапынан субсидия, дотация беру, аналарды тегін бизнес курстарына тарту деген жайттар қарастырылмаған.

Қазақ әйелдері бала тапса, өзін-өзі дамытуға мүлде күші жетпей қалады. Себебі ол баласын жетектеп жүріп жұмыс істеуі керек. Ол жұмыстан айырылып қалмауы үшін жұмысқа шыға сала, баласын мүлде ұмытуы керек. Балабақшада орынның жоқтығынан баласын үйге қамап кетіп, шыбын жанын шүберекке түйіп, баласына алаңдап, күніне неше мәрте телефон шалып, жұмыс істейтін аналар бар. Негізінде, елімізде көпбалалы аналардың саны 400 мыңға жетпейді екен. Осы санаулы ғана аналарға жағдай жасай алмай отырғанымыз, бір жағынан, қарын аштырады. Екінші жағынан, біздің әлеуметтік жағдайымыздың оңала қоймағанын айқын көрсетеді. Меніңше, біз үшін болашақта құрғақ уәдені қойып, шынымен де ана мен баланың жағдайын жасауға қатысты нақты шараларға кірісетін кез жетті. Таяу болашақта мұндай күннің боларына сенейік.

Егер біз болашақта демографиялық мәселе туындамасын десек, осы жайттарды бұдан 10 жыл бұрын шешіп тастауымыз керек еді деп те ойланасың. Жалпы, ана – қоғамның айнасы. Ана қалай тәрбиелесе, бала солай иілгіш болады. Сондықтан ұлт болашағын, ұлт саулығын ойласақ, ана мен балаға жағдщай жасала беруі керек деп есептеймін.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

«Жас Алаш»



Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)

Сайт Әкімшілігі

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)