Біз Абайды танып болдық па?

Сайт Әкімшілігі - 12.05.2020617

Мерейтой қарсаңында ұлы ақын туралы аз жазылып жатқан жоқ. Әркiм өз өресiне қарай Абай шығармаларының байыбына барып, тереңнен қарпып айтқандар да, бетiнен қалқып айтқандар да баршылық. Тiптi Абайдың сөзiн жеткiзгеннен гөрi ұлы ақынның шарапатымен өзiн өткiзуге тырысатындар да жоқ емес. Ең ғажабы, Абай «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» жүрiп-ақ бiр өзi бүкiл қазақты алақанға салғандай ашып көрсеткен едi. Ал бiз, бар қазақ жабылып, осы күнге дейiн бiр Абайды түсiндiре алмай келемiз.

Жалпы, Абайды тап басып тану қай кезеңде де оңайға соқпаған. Мәселен, Абайға заманы бiртабан жақын, осы ғасыр басындағы ең сауатты адам Ахмет Байтұрсыновтай-ақ болар. Сол Ахаң өзiнiң «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында былай деп жазады: «1903 жылы қолыма Абай сөздерi жазылған дәптер түстi. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзiндей емес. Олардың сөзiнен басқалығы сонша – әуелгi кезде жатырқап, көпке дейiн тосаңсып отырасың. Сөзi аз, мағынасы көп. Терең. Бұрын естiмеген адам шапшаң оқып шықса, азына түсiнiп, көбiнiң мағынасына жете алмай қалады, – деп келедi де: – Бiрақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшiлiк емес, оқушылардың түсiнерлiк дәрежеге жете алмағанынан... Айып – жазушыда емес, оқушыда», – деп тұжырымдайды. Ұлы ғұлама осы мақаласында Абай шығармаларының күретамырын қалай дөп басқан десеңiзшi!

Алаш азаматтарынан кейiн Абайды түбегейлi зерттеген, ақын тұлғасын көркем сөзбен сомдап, дүйiм дүниеге танытқан кiсi ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов екенi белгiлi. Осынау киелi де қиын тақырыпты сол кезде басқа бiреу емес, Әуезовтiң қолға алуы қазақтың бағы десе болады. Бұл өзi ағысы қатты қос өзеннiң бiр арнада тоғысып, қосыла жөңкiлгенiндей аса ғажайып құбылыс. Алайда ұлы ақын өмiрiнен төрт томдық эпопея жазған, қаншама зерттеу мақалаларын арнаған сол  Мұхаңның өзi Абайдың сан-салалы қырларын түгел айтып тауыса алмай кеттi. Өресiнiң, бiлiгiнiң жетпегенiнен емес, айтқызбады. Ұлы жазушының тiлiне тиек салып, қаламына қарауыл қойды.

Иә, Абай – телегей-теңiз. Ол ешкiмнiң де құшағына сыймайды. Абайды тану – қазақ халқын танумен бiрдей. Өйткенi қазақ қауымын дәл Абайдай танып, Абайдай түсiндiрген ешкiм жоқ. Қазақтың бойындағы мiн-мерез, шер-шемен, кем-кетiктi де Абайдай қазбалап, жерiне жеткiзе ашып көрсеткен екiншi адамды тағы таппайсыз. Тiптi байыбына бармаған кiсi «ұлы ақын өз халқын сұмдық жек көрген бе, қалай» деп ойлап қалатындай... Оны солай үстiрт түсiнген мысықтiлеулi бiреулер кейiнгi кезде Абайдың трактаттарынан орыс газеттерiнде үзiндi аударып басып, «мiне, өткен ғасырдағы қазақтардың сиқы осындай» деп, табаламақ болғаны да жайдан-жай емес.

Ондайлар жалаң сөзге жармасқанымен, Абайдай ұлы патриоттың жан сырын, жүрек лүпiлiн қайдан түсiнсiн?! Анығына келгенде, өз ұлтын дәл Абайдай сүйген адам жоқ шығар. Оның айтар сыны, тағар мiнi де, кейде өз ағайындарына көңiлi толмай күңiренуi де сол ұлы махаббаттан туған. Абай – қазақ ұлтының рухани әкесi. Өз халқының балалығы мен шалалығын басқа ұрып айту, көзге шұқып көрсету Абайдай ұлыларға ғана жарасады.

Мерекелiк шағын мақалада бiз Абай туралы әлдебiр жаңалық ашайық деген ойдан аулақпыз. Тек бұрын-соңды жазылған еңбектерде бой көрсетiп қалатын кейбiр түйткiлдерге ғана тоқталғымыз келедi. «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» деп, ақынның өзi айтқандай, Абай әлемi қашанда көпiрме мақтауды, сырты жылтыраған әсiреқызыл сөздердi қажетсiнбейдi. Кейде ұлы ақынға теңеу таппай қалғанда, «Абай – пайғамбар» дейтiнiмiз бар. Бұл сөздi бұрынғы өткен ұлы билерге де орынды-орынсыз қолданып жүрмiз. Содан тыйылуымыз керек. Әсiлi, пайғамбардың мағынасы – Алла тағаланың жерге жiберген елшiсi дегендi бiлдiредi. Ең соңғы пайғамбар – Мұхаммед. Ислам дiнiне пәлендей жетiк болмасақ та, бәрiмiз де сол Мұхаммедтiң үмбетiмiз. Ендеше, сауатты адамдарша әр нәрсенi өз атымен атағанымыз жөн. Абайдың өзi де «мен – пайғамбармын» деп айтпаған. Алланың өзiне де, сөзiне де, оның жердегi елшiсiне де риясыз сенген. Бiздiңше, Абай – пайғамбар емес, ұлы ұстаз, данышпан ақын, кемеңгер хакiм. Қазақта өлең сөздi таққа отырғызып кеткен поэзия патшасы. Бiз ақын бойынан жоқты iздемей-ақ, барын танып бiлсек те аздық етпейдi.

Данышпандықтың бiр белгiсi: адамзатқа не қажет, не қажетсiз, не нәрсе мәңгiлiк, не нәрсе науқандық екенiн дәл ажырата бiлуiнде болса керек. Кеңес дәуiрiндегi кейбiр зерттеушiлер «бәрiн бiлiп, бәрiн сезген Абай, амал не, таптық күрестi түсiнбедi, пролетарлық төңкерiстiң табалдырығына келiп тоқтап қалды» деп қатты қынжылушы едi. Ақынға тағар айыптың үлкенi де сол болатын. Иә, кемеңгер Абай «таптық күрес» дегенге пәлендей мән берген емес. «Байда мейiр, кедейде пейiл де жоқ, Аңдыстырған екеуiн құдайым-ай!» деп, қоғамның мәңгi бiтпес қайшылығын екi жол өлеңмен айтты да қойды. Ұлы гуманист адамзатқа қажет асылды байлықтан не кедейлiктен емес, адамның өз бойынан: ақыл, қайрат, жүректiң үйлесiмiнен iздедi. Ақынның әсiреқызылға қызықпай, шындық пен өтiрiктiң, ақиқат пен айқайдың шекарасында кiлт тоқтағаны қандай көрегендiк?! Айқайдан бiрдеңе өнетiн болса, бiздiң ақындар жарысқа түскендей тап тартысын тәуiр-ақ жырлады ғой. Бiрақ содан не шықты?

Иә, бiз ұзақ жылдар бойы Абай мұрасына тек таптық тұрғыдан қарадық та, ол ашқан жаңалықтар мен ол барған тереңдiктерге көп бойлағанымыз жоқ. Ақынның дiнге деген көзқарасы, кемелдiкке жеткен «толық адам» туралы қағидалары сол күйi қозғаусыз жатты. Сондай тың жатқан дүниелердiң бiрi  Абай орыс отаршылдарын қалай қабылдады, ақын шығармаларында басқыншыларға қарсы сарын аңғарыла ма деген сауалға тiреледi. Ақынның «дүниенiң кiлтi, өнер-бiлiм – орыста» деген белгiлi сөзiн көлденең тартып, «Абай тым орысшыл болған жоқ па?» дейтiндер де табылды. Кейiнгi кезде осы тақырыпта мақала жазған авторлар Абайды «ақтайтын» дәлелдер iздеп, қара терге түсiп жүр.

Иә, әкесi Құнанбай қажы өз кезiнде сын таққанындай, Абайдың «орысшыл» болғаны рас. Жалғыз Абай ғана емес, оның алды-артында жасаған Шоқан, Ыбырай сынды ұлы ағартушылар да осы жолды ұстанды. Бiрақ сол ұлы ғұламалардың қай-қайсысы да дүниеде бiр-бiрiне кереғар екi Ресей барын жақсы бiлдi. Тегiнде, данышпандар қателес-
пейдi. Егер Абай «өнер-бiлiм – орыста» десе, сол заманда ол да айдай ақиқат болатын. Әрине, ұлы ақын дүниежүзiн түгел аралап көрген жоқ. Алайда ол кезде қазақ даласымен iргелес жатқан елдер iшiнде өнер-бiлiм, өркениет жағынан дәл Ресеймен терезе теңестiретiн жұрт жоқ едi. Абай заманында орыстар өзiнiң алтын ғасырын бастан өткiзiп жатты. Абай үлгi тұтқан, өнерiнен өрiс тауып, сарқылмас азық алған ол кездегi орыс пен қызыл империя тұсындағы, бiз көрiп жүрген орыстың үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Не керек, Қазан төңкерiсiн жасағандар басқа бодан халықтарды былай қойып, орыс халқының да бетiндегi қаймағын сыпырып тауысқан ғой. Орыс әулетi аз жылда өзiнiң зиялы дворяндарынан, iскер көпестерiнен, өнерпаз шеберлерi мен жер қадiрiн бiлетiн ауқатты шаруаларынан жұрдай болып, бiрыңғай мұжықтар елiне – тексiз тобырға айналып шыға келдi. Соңғы жетпiс жылда орыс атын жамылған кiрме жұрт өкiлдерi Ресейдiң ядролық қаруын  жасап, ғылымын дамытып, музыкасын, киносын көркейтiп, қыл аяғы шахматына дейiн ойнап бермегенде, бұл елдiң жағдайы мүлде мүшкiл болар едi. Егер Абай бiр сәт тiрiлiп, ортамызға оралар болса, «қалың елi – қазағын» ғана емес, бүгiнгi орысты да танымай қалар едi.

Ал Абай орыс отаршылдығын сезiндi ме, олар орнат-
қан тәртiпке қарсы күрестi ме деп сұрақ қоюдың өзi әбестiк. Өмiр бойы «мыңмен жалғыз алысқан», жаралы жүрегi «махаббат пен ғадауаттың майданына айналған» Абай сонда кiммен шайқасып жүр деп ойлайсыз? Өз басынан ырқы кеткен, шарасыз, кiрiптар халқымен бе? Жоқ. Ұлы ақын отаршылдар орнатқан тәртiппен, солар егiп, өсiрген арамшөптермен алысып өттi.

Рас, Абай «мынау – сенiң жауың» деп, басқыншыларды басқа ұрып көрсеткен жоқ. Өз халқын балтаға – қарулы көтерiлiске де шақырмады. Қарулы қақтығыс шыға қалса, ол кезде оның немен тынарын Абай жақсы бiлдi. Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы қанға боялып, қасiретпен аяқталғанда Абай небәрi екi жаста еді. Ұлы ойшыл кейiн есейе келе, ол оқиғаны зерттемеуi, тиiстi қорытынды шығармауы мүмкiн емес. Бәлкiм, Абайдың баянды да бейбiт күрес жолын таңдауына сол оқиға себеп болған шығар.

Жоғарыда айтқанымыздай, Абай өз халқын мiнеп-сынағанда өте-мөте өшiге шүйлiккенi: жаңа заманның би-болыстары, партияшыл, жiкшiл ру басылары мен ел iшiне iрiткi салған атқамiнерлер, қу-пысықтар екенi жұртқа белгiлi. Осылар кiмдер? Қайдан пайда болған адамдар? Қазақ халқы тумысынан солай ма? Жоқ әлде заманына қарай бертiнде бiткен мiнез бе? Әрине, бұлардың бәрi де қазаққа бодандық дәуiрде кейiн жұққан iндет. Абылай, Қабанбай заманында бұлардың бiрде-бiрi болмаған. Жаңағы жағымпаз, жемқор болыс та, партияшыл, жiкшiл, қу-пысық та – бодандық, құлдық дәуiрдiң зағип перзенттерi. Абай найзаның ұшын, ең алдымен, осыларға қаратты.

Абылай хан дүниеден өткен соң, Қазақ ордасы бiрте-бiрте ыдырап, солтүстiк аймақтар Ресейдiң, оңтүстiк өлкелер Бұхар мен Қоқанның телiмiне түскенi мәлiм. 1822 жылы Қазақ хандығы таратылып, округтер мен аймақтар патша өкiметiне тiкелей бағынатын болды. Бастан билiк, қолдан тiзгiн тайған соң, кешегi асау-арда көшпендiлер байырғы мiнезiнен жаңылып, қолға тұрар қой торыға айналды. Дала тұрғындарына тән батырлық, мәрттiк, серiлiктiң орнын ендi жалтақтық, жасықтық, екiжүздiлiк басты. Опасыздар мен сатқындар санатқа қосылып, ел қамын жеген Едiгелер қуғынға ұшырады. Заманы солай болған соң, ел iшi азғындап, баяғы батырдан – барымташы, барымташыдан – ұры, ұрыдан – қары, қарыдан – бәрi туды. Мiне, ұлы Абай есейе келе, осындай ортаға тап болды. «Бас-басына би болған» берекесiз жұртпен қай биiкке шығарсың? Қай басқыншымен тiресерсiң?!

Бұрынғы бабалар заманында бәрi басқаша болғанын «Отыз тоғызыншы сөзде» Абайдың өзi де еске алады: «Рас, бұрынғы бiздiң ата-бабаларымыздың бiлiмi, күтiмi, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бiрақ бұл замандағылардың артық екi мiнезi бар екен. Ол екi мiнез қайсы десең, әуелi ол заманда ел басы, топ басы деген кiсiлер болды. Екiншiсi – намысқор келедi екен. Ата аталып, аруақ шақырылған жерде ағайын өкпе-араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен».

Бұл арада Абай қазақтың тәуелсiз, өз билiгi өзiнде тұрған кезде намысын ешкiмге жiбермейтiн берекелi, iргелi ел болғанын айтып отыр. Амал не,  өткен ғасырдың екiншi жартысына келгенде содан жұрнақ та қалмады. Құлдық пен кiрiптарлық адамдар мiнезiн қалай өзгерттi дейсiз ғой? Оқып көрiңiз:


«Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға.

Шелтiрейiп орысың

Шендi шекпен жапқанға...»


Ол заманда қазақтың қолы жеткен ең үлкен мансап – болыс десек, ел тiзгiнiн ұстап жүрген сол болыстардың сиқы әлгiндей. Ал ендi мына жолдарға назар аударыңыз:


«Бiр аршопке шапаны сондай шап-шақ,

Мүшесiнен буынып, басады алшақ,

Қасын алға жымырып келтiрем деп,

Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.


Жазды күнi ақ бөркi бүктелмейдi-ақ,

Қолында бiр сабау бар о дағы аппақ.

Керегеге сабауын шаншып қойып,

Бөркiн iлiп қарайды жалтақ-жалтақ...»


Бұл кiм дейсiз ғой? Бұл – ауылда түтiн аңдып, бос сандалбаймен күн өткiзетiн, белгiлi кәсiбi не тұрлаулы еңбегi жоқ, «сымпыс шолақ, қу борбайлардың» сырт келбетi.


«Сыбырдан басқа сыры жоқ,

Шаруаға қыры жоқ,

Өтiрiк-өсек мақтанға

Ағып тұрған бейне су.

Ат-шапаннан кем көрмес,

Бiреу атын қойса «қу».


Немесе:

«Барып келсе, Ертiстiң суын татып,

Берiп келсе, бiр арыз бұтып-шатып.

Елдi алып, Едiлдi алып есiредi,

Iсiп-кеуiп қабарып келе жатып...»


Бұл кiм? Бұл – аздаған хат сауаты бар, бiрақ бiреудiң үстiнен арыз айдап пәле жаппаса, iшкен асы бойына тарамайтын, ел iшiн ала тайдай бүлдiрiп жүрген қу-пысықтың нағыз өзi.

Мiне, Абай өмiр бойы осылармен алысып өттi. Ызалы жүрек, долы қол бар уытын осыларға төктi. Соларды өлтiре сынау арқылы отаршылдарға қарсы оқ атты. Тегiнде, бодандық пен кiрiптарлықтың халыққа тигiзетiн ең үлкен зардабы – бас еркiңнен айырғаны не бар байлығыңды бұлап-талағаны емес, жуыр маңда тазармайтындай етiп құлдықтың неше алуан дертiн егiп кеткенi. Қазiр тәуелсiз ел болған кезiмiзде билiктi де, байлықты де қайтарып алармыз-ау. Бiрақ отаршылдар бойға әбден сiңiрiп кеткен сатқындық пен мәңгүрттiк түп етектен оңай айырыла қояр ма екен?! Демек, Абай бастаған күрес әлi тоқтаған жоқ. Ұлы ақын өзiнiң ойлы да мұңды жырларымен бiздi әлi де болса азаттыққа, кемелдiкке шақырып тұрғандай.

Анығына келсек, Абай туралы әңгiме ендi басталды. Бiз бұл сапар өз ойымызды осымен тиянақтаймыз. Сөз соңында айтарымыз: қазақ мәдениетi тарихында Абай – теңдесi жоқ дара тұлға.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, жазушы

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)

Сайт Әкімшілігі

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)