Құлбек ЕРГӨБЕК: Байшыкештер Түркістаннан пайда тапқысы келіп, кесенеге ұмтылуда

Сайт Әкімшілігі - 12.05.20201622


– Құлбек аға, сұхбатымызды киелі Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесін алуынан бастасақ. Жалпы, сіз бұл қалаға Алматыдан қашан қоныс аудардыңыз? Сол кезбен салыстырғанда бүгінде, әсіресе осы бір үлкен жаңалықтан кейін не өзгерді? Қала өмірінен, тыныс-тіршілігінен, оның тұрғындарының әрекетінен қандай да бір өзгеріс байқадыңыз ба?

– Түркістанға 1992 жылы біржолата қоныс аудардым. Алдымен Түркістан университеті болып ашылып, араға жыл салып Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне айналған білім ордасының тұңғыш ректоры М.Жұрыновтың шақыруымен келдім. 1991 жылы шіліңгір шілдеде Н.Назарбаев, И.Кәрімов, А.Ақаев Түркістанда бас қосты. Жиын соңында елбасы түркі халықтары президенттері бұдан былай жыл сайын Түркістанда бас қосып тұратын боламыз деп түйді. Түркістанға арнайы мәртебе беру мәселесі де осы жиында айтылып қалды.

 Мені Түркістанға біржолата байлап кеткен президенттердің осы кездесуі болды. Берілген уәде көп еді. Бірақ араға  бір жыл салып соның бәрі ұмыт болды-ау... 1992 жылдан 1999 жылға дейін Түркістанда жылда қала әкімі ауысумен болды. Жұмыс еш ілгерілеген жоқ. Облыс әкімдері президенттің сөзін елең қылмады ма, әлде сол кезгі ахуал сондай ма, әйтеуір, кеңестік кезеңде «өлген» Түркістан өлеусіреп қана тыныс алып жатты. Қасиет тұтар қалаға тағайындалар әкімдер де кісілік  шеңберіне сыя қоймайтын, әйтеуір, қуыс кеуде тірі жандар. Арасында әкім болған күннің ертеңіне «Түркістан – өзбек халқының кіші Отаны» деп жібергендер де болды. Қысқасы, 1999 жылы Оңтүстік Қазақстанға Бердібек Сапарбаев әкім болып тағайындалды. Аузынан шыққан бірінші лепес: «Түркістандай көне қаласы бар ел – рухани байлықты ел. Түркістанның 1500 жылдығы айтыла беріп, басылып қала береді. Біз қалай болғанда да, көне қаланы қайта оятамыз. Президент тілегі де, міне, осы».

   Ол келе сала Түркістан қаласына әкім етіп Өмірзақ Әметұлын тағайындады. Өмірзақ іскер азамат болып шықты. Келген күннен бастап  тыным таппай, Түркістанды түлетудің жолына түсті сабазың. Құттықтай кірген бетім. Қолымды алып тұрып, заматында қызметке шақырды. Сол жылдары аудан-ауданның әкімі орынбасары «Руханият мәселелері жөніндегі орынбасар...» аталып, кабинет  сыртындағы анықтама қайта жазылып жатты. Мен де солардың біріне айналдым. Содан Түркістан дүрілдеп өсті. Жоқ, оны менің орынбасарлығымнан басталады дегелі отырғаным жоқ. Тіпті де олай емес. Себебі мен Өмірзақ Әметұлы сынды  күні-түні ұйықтамайтын «дию-әкімнің» іс-қимылына ілесе алмай, аз уақыт қана жұмыс істеп, облысқа ауысып кеттім. Өмірзақ іскер азамат еді. Айтқалы отырғаным, облыс әкімі Сапарбаев қолын байламай, қала әкіміне ерік берді. Ол Түркістанды дүрілдетіп ала жөнелді. Осы екі азаматтың арқасында Түркістанның тұңғыш түлеуі – 1999 жыл. Келер жылы Түркістанның 1500 жылдық тойын халықаралық өреде тойладық. Түркістан өз биігіне жаңарған, жаны марқайған күйде көтеріліп келе жатты.

     Біз, өзі, қызық халықпыз ғой. Көп ұзамай облыс әкімі,  іле-шала қала әкімі ауысты.  Түркістан баяғы бір дүрк етіп өсіп, сәл өсіп барып басылып қалған қалпында ауру кеудедей бір көтеріліп, қайта басылып, жетті облыс орталығы мәртебесіне... Енді шындап өсіп бара жатыр. Өмірзақ Шөкеев келгеннен бері қарай!  Оған да шүкір.

Облыс орталығы мәртбесін алғаннан кейін онда ауқымды іс-шаралар, қарқынды құрылыс басталды. Бұл, әрине, жақсы. Алайда көнені жаңғыртамыз деп, ондағы небір батырлар мен билеріміз және хандарымыздың сүйегіне не болмаса Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өзіне, оған қарасты тарихи мұраларға зиян келтіріп алған жоқпыз ба? (Біраз уақыт бұрын кесене құлағалы тұр деген мәселе көтеріліп еді?) Ол жағын қадағалап отырған адам бар ма? Құнды жәдігерлердің аяқ асты немесе қолды болмауына қатысты сақтық шаралары жасалған ба?

Елбасы жарлығы – тарихи құжат. Бірақ әбден кешігіп, өте кеш шықты. Біздің билік қашанғыдай эстрадалық мінезде еңбектенеді. Науқаншылық! Түркістан науқаншылыққа көне ме? Көнбейді ғой. Елбасы берген уәдеден кейін қаншама хат жаздық. Түркістанға арнайы мәртебе беру жөнінде. Жоғарыдан үп еткен самал болмады. Кешігіп елбасының жарлығы шықты. Жұрт дайындықсыз Түркістанды облыс орталығына айналдыруға ойланып, толғанып, әлемдегі  көне қалалардың рухани орталыққа айналу тарих-тәжірибесін зерделемей-ақ кірісіп кетті. Онсыз да жүдеу Түркістан біраз әбіржіді. Бағзыдан жеткен тарихи жәдігерліктер қиратылды. Жаңару кезінде Түркістандай жәдігер қаланың табиғи ерекшелігі ескерілмеді. Оларды мен бұрқыратып әлеуметтік желіге жазып жаттым. Ағымдағы баспасөз бөліп-бөліп көшіріп жариялап жатты. Қала, облыс әкімі тарапынан оң шешім алынды. Қазір Түркістан «жыры» бір арнаға түсе бастады.

     Мавзолейдің әр жерінен жарықшақ көріп, ыза судан сорланған қабырғаның жайын айтып дабыл қақтық. Жарылу себептерін анықтап, тиісті сақтық шараларын жасауды қолға алдық. Кесененің жақын айналасына құрылыс түсіртпеуге жіті көңіл бөлдік. Түркістанның 1500 жылдығы кезінде мәдени мұра жөнінен түсінігі мол Б.Сапарбаевпен ақылдаса отырып қаланы қақ жарып өтетін қақыра (магистральды) жолды 15 шақырым шамасында қала сыртына шығардық. Себебі мавзолейдің жарылу себебі ауыр жүк тиеген автокөліктің іргеден өтуіне байланысты. Біздің мақсат кесенені содан құтқару болды. Ендігі әкімдер осы тәжірибені  бетке алып мавзолейдей, аяулымыздың айналасын аша берсе дейміз Жоқ. Олай болмады. Біз сүргізіп тастаған ескі перзентхана орнына жаңа қонақүй түсті. Оның жанына жұрт демалатын саябақ бұзылып, орнына музей салынды. Түрік ағайындар мавзолейге тақау әкеліп, әдемі мешіт салды. Біз болмайды деп қасарысамыз. Жанталасып жоғарыға жазамыз. Байшыкештер жобасын қолына алып, туризмнен пайда тапқысы келіп,  жанталаса, кесенеге қарай ұмтылады. Бұл не? Бұл, біріншіден, бүгіншілдік. Бізді құртатын – осы қу құлқынды ойлаған бүгіншілік. Ертеңді ойламаймыз.

    Күні ертең оқыған-тоқыған, иман-сауапты білетін мәдениеті мелдектеген ұрпақ келеді де,  ол құрылыстың бәрін сүріп тастайды. Неге? Негесі сол – ол аумақта кешегі Қазақ хандығы қабаты, оның арғы тереңінде Алтын Орда қабаты жерасты құланды «қалалары» жатыр.  Бір жерінде хан сарайы, бір жерінде мешіт, тағы бірінде кітапхана, бұхара  кварталы... Оны Мәскеуге қарап, мойынсынып қалған біздің археологтар бүгін ашуға дәрменсіз болып келді.

   Күні ертең тәуелсіз Қазақ елінің ілім-біліммен қаруланған азат ойлы археологтары қазады, ашады. Сол кезді неге ойламаймыз? Біз неге бүгіншілміз?  Ертеңді ойласақ қайтеді бір мезгіл? Біз бұл алып құрылыстармен кімді таңғалдырмақпыз? 

   Бүгін «Түркістанға жәрдем» девизімен облыс-облыс құрылысшылары мавзолейге бұрынғыдан да жақындап, тіпті ЮНЕСКО бойынша қорғалатын 88 гектар аймаққа кіріп барамыз.

– Жалпы, қаланың келбетін жасау барысында архитекторлар мен тарихшылар арасында екі түрлі көзқарас тартысқа түсті: бірі оның тарихи келбетін сақтау керек десе, (кесенеден биік үй салмау) екіншісі модернизациялауды ұсынды. Сіз қай жағын қолдайсыз? Жалпы, осы мәселеде қаланың, облыстың зиялы қауымымен ақылдасып, кеңесті ме?

–  Рух сәулеткері Өзбекәлі Жәнібек  «Менің орталық комитетте отырғаным немді алған? Одан да Түркістанды бетке алып барып, жәдігер шаһарды рухани орталыққа айналдыруым керек еді ғой?!» деп аһ ұрғанына куә болғаным бар кезінде. Жазбаларында да Түркістан қала хатшысы (ол кезде хатшы) қандай  адам болуы керектігі жайында ой сабақтайды. Рух сардарының пікірі әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» трактатындағы ойлармен сабақтасады екен.  Бұл нені білдіреді? Бұл Түркістан көп қаланың бірі емес, тарихи қала, оны түлету де тарих көзімен қарап, жүзеге асуы керек дегенді білдіреді. Түркістанға кім көрінген әкім бола алмайды деген сөз.

Зиялы сапында бармыз-ау. Зиялы атаулыны жиып алды да, бірер рет жиналыс өткізді. Құдайдың зарын қылып ұсыныс айттық. Аяғында өзімбілермен шешім белең алды. Тіпті бізді былай қойғанда, дүниежүзіндегі көне қалалардың қайта жаңғыру тәжірибелері ескерілмеді. Түркістан архитектурасы Алтын Орда дәуірінің сән сәулеті дәстүрінде болғанда қайтер еді? Ол ескерілмеді. Ортағасырлық мұсылман сәулет өнерінің қайта өрлеуін туғызған архитекторлар (Агахан секілді) тәжірибесі қаперге алынған жоқ-ау. Советтік архитектура шәкірттері шоқытпасымен Түркістандай аяулымызды жаңғырта салуға кірістік те кеттік.

– Түрленген Түркістанды жасауға шетелден архитекторлар шақыртылды ма? Жалпы, солай ету орынды ма? Текке қыруар қаржыны сарп етіп алмаймыз ба? Өзімізде осы жағынан мамандар қаншалықты? Реставраторлар мен архитекторлар жеткілікті ме?

– Кім білсін? Қит етсе болды, шетелден маман шақыру керек дейтін болдық. Шамасы, өзіміздің мамандарға сенбейміз. Жаңа қала салуымыз керек пе, шетелден маман шақырамыз. Ғылым жасауымыз керек пе, сырттан маман шақырамыз. Сонда бізде 30 жыл беделінде жібі түзу маман дайындалмағаны ма?  Енді, міне, көне Түркістан. Шетелден архитектор (сәулетші деп жүрміз) шақыру? Олар сенің ұлттық пішін, ұлттық мазмұн – тұтас ұлттық болмысыңды түсіне ме?  Бек Ыбыраев сынды ойлы азаматтар тұрғанда, шетелден маман шақыру шарт та емес. Еркін Жүсіпов те жерде жатқан архитектор емес. Түркістанның 1500 жылдығы кезінде қала архитекторы болып тәжірибе жинақтаған. Бірақ оны кім тыңдап жатыр?! Мәселе шетелдік инвесторлармен «ақша бөлісуге»  сая беретін секілді ме, қайдам?! Ал жаңғыртушыға (реставратор) келсек, Қанат Тұяқбаевтан артық жаңғыртушының керегі не бізге?  Ол – Андрей Вознесенскийдің тілімен айтқанда, «рух архитекторы» дерлік Өзбекәлі Жәнібектің көп жыл тәрбиелеген шынайы шәкірті. Жоғарыда айтқандай, біз дабыл қағып жүргенде, Қанат Тұяқбаев іс басынан шеттетіліп, мавзолейді жаңғыртудан сырт қалған болатын. Қазір облыс басына Шөкеевтің келуімен Қанат Тұяқбаев та қайта кірісті-ау іс басына. Енді дұрыс болар деп шамалаймын.

– Түркістанның дамуына жеке өз басыңыз қандай үлес қостыңыз? Алға тағы қандай жоспарларыңыз бар?

– Менің басыбайлы түркістандық болып тіршілік кешіп келе жатқаныма да 30 жылдай уақыт болды. Түркістанға қоныс аударғалы 20-дан астам бірінші хатшы, әкім ауысты. Көбісі кездейсоқ жандар. Түркістандық елдес, жерлестерім секілді ылғи ілгері үмітпен өмір сүріп келемін. Нендей үлес қостым?  Ең алдымен, мен  – ағартушымын. Қазақ балаларын, қазақ қана емес, бірсыпыра түрік ұлт-ұлыстары  балаларын оқыттым. Қазір әлемнің әр шалғайында еліне қызмет етіп жүрген шәкірттерім бар. Олардың біразы өзім сияқты журналист, жазушы, аудармашы. Ара-арасында менің еңбектерімді өз тілдеріне аударып, кітап етіп шығарып жатады.

Одан өзге, ұстазым, қазақ түркологиясының басында тұрған «профессор Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейін» аштым. Дүние-ғаламдағы тұңғыш түркологиялық музей. Ұстазын құрметтеу жөнінде мен де дүниежүзінде болмаса да, қазақта біріншілікте тұрмын-ау, осы... Музей тұсауын Бейсекеңдей әзіздің  тума шәкірті, профессор  Мырзатай Жолдасбеков, татардың тамаша ғалымы (Бейсекең шәкірті деуге болады), академик Хатип Миңнеғұлов кесті. Ол аз десеңіз, «Түркітілдес халықтар кітапханасын» жасақтап, аштым. Онда 26 түрік ұлт-ұлыстары тілінде басылып шыққан 46 мың кітап қоры бар. Жер бетінде кездесе қоймайтын кітапхананың тұсауын «Халықаралық қазақ тілі қоғамының» төрағасы, академик  Өмірзақ Айтбайұлы (жақында марқұм болды), екі мәрте Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР президентінің «Бейбітшілік және татулық сыйлығының» иегері, жазушы Насыр Фазылов кесті. Содан соң «Түрік халықтары өнерінің галереясын» жасақтадым.

Түркістанның дамуына сондай-ақ интеллектуалдық қуатымды жұмсап, идея қостым. Ол қалай дейсіз ғой? Түркістанды түлетуге ертеден түрік  жұрты, әсіресе түркиялық саналы бай-бағландар ынталы болды. Көзіміз көрді. Жиған ақшасын Түркістанға әкеліп құрылыс салғысы, бір іс бастағысы келеді. Өзін қожасы сезінетін қаланың әкімі сол сырт ағайыннан да адамның аузы ауыратын мол сомада «шапка» сұрап, жолын бөгеді. Содан ой түсіп,  Түркістанның әкіміне барайын. «Қазақ жетілді. Қазақ байлары ақшасын қайда жұмсарын білмейді. Қазақ байлары ұрлап-жырлап жиған байлығын өз халқынан ала қашып, шетелге сақтап жүр. Біз соларды Түркістанға шақырайық» деймін кәдімгідей мәселе көтеріп. «Қалайша?» дейді әкім басын алдындағы ақ қағаздан көтеріп. «Түркістанда жер жетеді. Қала маңынан бір қалашық салатын жер бөлдір. Инфрақұрылымына, аурухана, ағарту саласына уәде ет мемлекет есебінен. Жалпақ Қазақ еліне сауын айт! Түркістанға келіп тұрамын, еңселі үй саламын деген азаматтарға 20 сотық жер тегін. Әсіресе қазақ зиялысы ойлансын. Жалпы, түрік зиялылары қоныс аударып, Түркістанға жайғасамын десе де, жағдай жасаймыз. Келіңіздер! Түркістанды көтеріңіздер! Сөйтіп, өздеріңіз де Түркістандай жұмақ жерде жасаңыздар!» де. «Сонда?» дейді ол сұраулы жүзбен.  «Сонда  ақшасын қайда  жұмсарын білмей жүрген байлар Түркістанға ақша салады. Түркістанды көтереді. Еңсе көтерген Түркістан қазақтың ғана емес, түркі халықтарының рухани астанасына айналады. «Тамаша идея екен. Ойланайық. Жүзеге асырамыз»  деп уәде беріп қалған еді.

    – Сосын не болды? Жүзеге аспады ма?

  – Су аяғы құрдым, қарағым. Себебін Түркістанның бір кездегі бес жыл басшылық жасаған әкімі, бүгінгі парламент депутаты, «Ауыл партиясының» жетекшісі Әли Бектаевтан сұрарсыздар. Иманды азамат қой. Айтар. Айтпақшы, Түркістанда екі балабақша, бір мектеп салып, іске қостым.

– Сіз кәсіпкерсіз бе?  Ғимараттар салуға қаражатты қайдан табасыз?

Менің сырылдаған кеудемді алға сүйреп келе жатқан – қанымдағы ұлтшылдық, түрікшілдік, отаншылдық. Уәдесінде тұрып, іс басында жүрген Бердібек Сапарбаев қаржылай жәрдем берді. Бұны бір деңіз. Сосын, айналайын мемлекеттен алып тоймайтын, есебін тауып халықты жеуін қоймайтын жалмауыз банктерден 20-15 пайыздық тиімсіз несие алып, әлгі мәдениет ошақтарын салдым. Бүгінде мойнымда 50 млн теңге қарыз бар.

Сұхбаттасқан Мәриям ӘБСАТТАР 



Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)

Сайт Әкімшілігі

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)