Қазақтың бірінші скрипкашысы

Сайт Әкімшілігі - 12.05.2020817

Әйткеш Толғанбаев туралы жазғың келеді. Алайда ақпарат аздығы қолды байлайды. Екінші жаһан соғысына қатысқан скрипкашы жайында аңызға бергісіз ақиқат бар.

 «Хабар» арнасы мыңдаған жобаны жүзеге асырып келеді. Кезінде «Тағдырластар» аталған,  ондаған деректі фильмнің басын қосқан жоба да көрерменге жол тартты. Бірнешеуіне біз де атсалыстық. Ұсыныс жасаған режиссер Өркен Әліпбаева еді. Келістік. Себебі есімдері ел арасында кең танылмай жүрген тұлғалар көп еді. Мысалы, Әйткеш Толғанбаев. Өскен жер, кешкен ғұмырын паш ететін жібі түзу дүние жасай алсақ, аз олжа емес қой. Кезінде Рим таңғалған, Вена қол соққан скрипкашыны қазіргі қазақ жастары біле ме? Сұрап көріңізші,  тұсыңыздан иықтарын бір көтеріп өте берсін. Жазушы Тұрсын Жұртбай  айтады: «Әйткеш Толғанбаевтың тағдыры – мына дүниедегі бүкіл адамзаттың қолымен туралған,  жадаумен туралған көк шөп тағдыры», – деп. Немесе жазушы Сұлтан Оразалиннің пайымына келейік. «Әйткеш Толғанбаев деген адам – шын мәнінде біздің музыкалық өнеріміздегі қайталанбас құбылыстардың біреуі». Туысы Манатай атаның әңгімесін тыңдадық. «Тума талант қой, дарын иесі. Он төрт жасында үйдегі барлық музыкалық аспаптарды өз бетімен үйреніп, меңгеріп, тартатын болған», – деді ақсақал.

 Үш пікірдің іші-сыртына үңілу үшін Өркен екеуміз Әйткеш жайында деректі фильм түсіруге бел будық. Тақырып жақсы таңдалғанымен, материал тапшы болатын. Ол өнер көрсеткен Еуропа театрына бару қайда, тіпті сол жақтан дерек алудың өзі машақат еді. Отандық баспасөзде «түк жоқ» десек те, қисынға келеді, шығармашылығы баспасөз құралдарында қамтылмаған. Тұстастарының көбі екі ауыз сөзбен тоқталады. Мұрағат ақтаруға мұрша болмады. Тағдыр-талайы қиын-қыстау шаққа тап болған саңлақ музыкант туралы бір фильмді, әйтеуір, жасап шыққандай едік. Қазір ғаламторда бар.

  Сұлтан ағадан сұраймыз ғой, Әйткештің ататегін.

– Ырғызбай тұқымынан тарайды, Ырғызбайдан – Мырзатай, Мырзатайдан – Жұман, атақты «Абай» романындағы Жұман, одан Толғанбай, Толғанбайдан, міне, Әйткеш.

–   Абайға жақын екен ғой.

–  Ал енді Абайды алсақ, Ырғызбайдан – Өскенбай, одан Құнанбай, Абай жаңағы  бұл кісілердің аталарының бәрі немерелес, шөберелес, бір елде өскен, бір ауылда туған, оны роман арқылы өте жақсы білесіздер. 

–   Ә, енді Әйткеште бұл өнер қайдан пайда болған деген сұраққа жауап табылып келе жатқандай.

–  Бағытың дұрыс, тағы сол «Абай» романын оқып отырғанда, Әбдірахман – Абайдың баласы, Мағыш бар, тағы басқалары – бәрі скрипка ойнайтын емес пе еді.  Әбіш Петербургтан келгенде ең алғаш рет «міне, орыста осындай бір аспап бар, осындай әдемі үн шығарады» деп,  сол елге скрипка өнерін таратады  ғой. Одан кейін Мұқаш, солардың барлығы скрипкашы болып кеткен ғой кезінде. Абайдың төңірегінде скрипка тартатын адам көп болған. Ал оның өзі мына Әйткешпен тұйықталып тұр.

Әйткеш туралы айтқандардан естіп едік. Бала кезінде музыкаға жақын болған екен. Жақын болғаны соншалық – аспап біткенді меңгере беріпті. Үйренбеген әні жоқ. Бірақ одан қанағат таппаған. Дала кезіп, қурайдың үніне құлақ тосады екен. Құстардың сайрағанына назар аударады. Әлде бір сарынды іздейді. Радиодан ерекше бір музыканы естігенде ғана байыз табады. Сөйтсе, орындаушы скрипач екен. Енді скрипкаға ғашық болады. Біршама рубльді туыстарына тапқызып, Семейден, әлде өзге бір қаладан скрипка сатып алдырады. Сонда ғана іздегеніне қол жеткізіп, өнердің жаңа бір түрін терең түсініп, үлкен махаббатпен меңгере бастайды. Жазушы ағадан сыр тарттық қой, енді Әйткештің немере туысы  Манатай Балқатайұлына ойысайық.

–1936 жылы  Семейде көркемөнерпаздардың байқауы өтті. Мектеп оқушылары арасында. Соған Әйткеш те қатысты. Алматыдан келген жюри құрамында Ілияс Жансүгіров бар екен. Латиф Хамиди, өзге де музыка мамандары, ұстаздар бар, Толғанбаевтың талантына ерекше тәнті болады. «Алматыға баруы тиіс» деп кеңес береді. Жолдама да ұсынған шығар. Училищеде оқысын дейді ғой. Бірақ бір мәселе бар.

–  Қандай  мәселе?

–  Негізі, Әйткеш 1924 жылғы. Сол кезде небары 12 жаста ма? Қисыны келмейді ғой. Кемі екі жас жетпей тұр.

–   Қиын болды ғой.

–   Қиыны қиын соқты. Дегенмен жол тауып кетті. Екі жыл кейін шегеріп құжат жаздырды да, 1922 жылғы болды да  шықты. Сөйтіп Алматыға барып, училищеде шәкірт атанды. Бір түзетілген соң, құжат қалпына келе ме, барлық жазбада туған жылы солай түсті.

–    Сезіп отырмыз, 1941 жылы соғыс басталғанда Әйткеш шын мәнінде 17 жаста ғой.

–  Иә. Ал құжат бойынша 19-да.

– Училищені үздік бітіріп, Құрманғазы атындағы консерваторияда жүрген кезі екен ғой.

–   Бастапқы курстарда оқып жүргенде әскерге шақырылған Әйткеш енді Кавказ майданында жүріп, Бакудың маңы ма екен, негізі, әлгі «Шешенстанға қарай» дейді өзі,  Дербезден өтіпті. Немістер сол кезде Кавказдың мұнайын алмақшы болған. Кескілескен ұрыс жүреді. Күші басым герман жағы қоя ма, сонымен қатты шайқас кезінде қоршауда қалады. Біраз әскер өліп кетеді. Көрер жарығы бар екен, Әйткеш жараланып, қансырап жатса да, тірі қалады. Тұтқынға түседі. Көрмегенді көреді енді.  Қиындық осыдан басталған.  Көргені қорлық пен азап, өмір  бақи солай кетті.

Тұрсын Жұртбаев та Әйткеш туралы тебірене әңгімелейді.

–  Әйткештің жанын себіл қып алып қалған – скрипка құмарлығы. Бүкіл тұтқын аштан өліп, кісінің етін кісі жеп, ана католектерінде қайнатып жатқанынан шошынып, жатқан кезінде, тұтқындағы ауыр азапта жүрген біреу айтады ғой, «Араларыңда музыкант бар ма?» деп. Қасындағылардың бірі Әйткешті көрсетеді. Қарсыласатын шама қайда? Дедектетіп штабқа алып барады. Музыкант жоқ, аспап қайдан? Неміс офицерінің бірі шығып кетеді де, сәлден соң, әйтеуір, бір жерден ішегі үзілген, өзі сынған ескі скрипканы алып келеді. Сол арада Әйткеш жамап-жасқап, 6-7 ішегі, қылы ғана қалған скрипканың ішегін түзеп, ойнайды. Әлемдік классикадан, Германия композиторынан шығармалар орындайды.

–  Әлгі «еврей емес, таза қанды неміс туындысын орында» деп ақыратын тұсы ғой?

–  Иә, қайсар Толғанбаев неміс офицерінің көзіне тіке қарап,  «музыка ұлтқа бөлінбейді» деп жауап берген. Сол үшін азап тартқан.  Алайда сол скрипканы жөндей-жөндей, немістердің ішінде кәдімгі ойын-сауық оркестрінің құрамына алынады.

 Аздап болсын бағы жанған тұсы да сол секілді. Түрі фашист демесеңіз, түбі Германия, өркениет ордасы ғой. Шын мамандар танып, қасына қосып алады. Әйткеш енді Еуропа сахнасында өнер көрсетеді. Түрлі турларға шығады, берісі Вена, тіпті Римге дейін жол тартады. Кілең мықтылар арасында шеберлігі шыңдалып, нағыз музыкантқа айналады. Өзі де тума талант. Айтулы мамандардан дәріс алып, кеңес тыңдап, тынымсыз ізденіс арқасында шоқтығы биіктей түседі. Еуропа көрермендері де ерекше қошемет көрсетеді. Басқа біреу болса сол беделі мен мүмкіндікті өз пайдасына шешіп, қарт құрлыққа сіңіп кетер еді. Бірақ қазақ баласының мінез-құлқы өзгеше ғой. Соғыс аяқталғаннан кейін, Әйткеш елге қайтқысы келеді. Елші біткеннің алдынан өтіп, Отанға оралу мәселесін реттеп беруді өтінеді. Кейбіреуі істі әдейі сиырқұйымшақтатып, соза түсудің жолын қарастырады екен. Өйткені елде Әйткешті не күтіп тұрғанын ашық айта алмайды ғой. Таланттың тағдыр-талайы тағы қинайды. Қолқа жасаудан еш тартынбаған Толғанбаев ақыр аяғында Кеңестер Одағына оралады. Келген бетте ұсталып, 25 жылға сотталады. Он жылдан кейін Ворошилов жарлығына сәйкес босап шығады. Бірақ тұтқында қалғандар қатарында болғандықтан ақталмайды.

  Манатай ата айтады:

–  Әйткеште бас бостандығы болса болған шығар. Алайда саяси жағынан бостандық ала алмаған. Яғни шектеу көп, шетке ысырады. Мысалы, сайлауға қатыстырмайды. Бастысы ол да емес, көпшілік жерде кездесу өткізе алмайды. Концерт қоюға да тыйым салынған. Скрипачтардың конкурсына шақырту алған. Құжатын рәсімдеп, ұшаққа мінер кезде шекарашылар ұстап қалып, «сізге шетелге шығуға болмайды» деп, түсіріп алып қалған.

 Бұл өнерге, талантқа жасалған қиянат. Еуропада жүргенде жүздеген ұлт пен ұлыс өкілі тыңдап, бағалап, қошемет көрсетті. Рас, ебін табуға болушы еді. «Майдан кезінде қателік жібердік» деп кешірім сұрағанда. Бірақ ол табандап тұрып алды: «Мен ешқандай сатқын емеспін! Отанды сатқан жоқпын! Тыңшы да емеспін!» – деп. 

 Тағы бір скрипкашы Толғанбаев жайында тарихи дерек бар. Ол – Валерий Әнуарұлы Толғанбаев. Әнуар – Манатай ақсақалдың туған інісі. Валерий 1978 жылдан бастап Семейдегі музыкалық училищеде сабақ берді. Немере ағасы жайында да көп мағлұмат білді. Әйткеш ерте босап келгеннен кейін консерваторияда білімін қайта жалғастырды дедік қой. 1962 жылы диплом алды деген дерек бар. Бір жылдан кейін Ғазиза Жұбанова ректор болып тағайындалады және Әйткештің мұғалім болып жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды. Көрген құқайы да бар секілді. Өкілетті орындар шақырып алып, «Жауды неге жұмыста ұстайсың?» дейтін көрінеді. «Жауды емес, музыкантты ұстап отырмын. Мұндай маман далада жатқан жоқ», – деп жауап берген екен Ғазиза Ахметқызы.

  Ахмет Жұбановтың өзі де Әйткешті жақсы көрген. Жақсы көргенде, өнерін бағалаған. «Бір кезде елден келуіне өзім себепкер болып едім. Соғыс басталып кетіп, майданға аттануына тура келді. Содан кейінгі тағдыры тіпті аянышты. Жау қолында қалды. Отанына оралғаннан кейін жағдайы тіпті мүшкіл тартты. Әйтпесе Әйткештей скрипкашы табу қиын», – дейді екен Жұбанов. Шіркін-ай дейсің, кешегі кеңестік жүйе қысастық көрсетпей, қайта өнеріне өріс ашқанда ғой. Музыка әлемінде тағы бір жарық жұлдыз жарқырап тұрғандай екен. Күллі әлемге даңқы естіліп, қазақ жігітінің әлем скрипкашысы атанатынына тұстастары шүбә келтірмейді. Дәл ол секілді скрипканы сезінетін орындаушы аз деседі.

Құсада жүрсе де, туған жерге деген ілтипаты ерекше екен. Ауылдасы Рақымғали аға айтады. «Мәшинемен біз осы жерден мынау Қарауылға барып қайтайық, еліме-жеріме барып қайтайын, Жидебайға барайық деген оймен біз бара жаттық. Содан дәстүр бойынша, мұсылманның парызы деп те қабылдаңыз, Еңлік–Кебектің басына тоқтап,  құран оқиық деп ыңғайлана берген едік. Сол сәтте  бір мәшине келіп тоқтай қалды. Отыз бес-қырық жас арасындағы жүргізуші отыр екен. Аға жақтырмай қарады. «Ағай, не болды?»  деп едім, ол кісі үндеген жоқ. Сосын, өзі іштей күбірледі. Бізге естілгені –   «Еңлік–Кебектің басына құран оқи алмайтын болдық қой, ең құрығанда осы кезде аңдуды қоя тұрса қайтер еді?!» 

Анығында, Әйткеш арманына жеткен адам. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары толық ақталды. Алғаш естігенде бір орында қатып қалыпты. Көзден жас тамбаған. Сұлық тұрып қалады. Содан кейін ғана жүзіне қан жүгіріп, қуаныш табы білінген. Көп ұзамай елден кісілер келіп, халықпен кездесу өткізу жайын ақылдасыпты. «Ел шақырса неге бармайын. Сәлем айтыңдар, Әйткеш бақытты адам екен деңдер. Көзі тірісінде ақталу да бір бақыт», – деп, түсініксіздеу жауап қайтарыпты. Келген ақын Төлеген Жанғалиев екен. «Қоштасып, сыртқа шығарда ағам ту сыртын беріп тұрды.   Иығы бүлкілдеген секілді. Жылап тұр-ау деп ойладым да, кете бардым. Пойызға отырып, Аягөзге келгенде естідім, ағаның о дүниеге аттанғанын. «Адам баласына айтар жалғыз өтінішім – әке-шешемнің қасына жерлеңіздер» деген екен марқұм. Ол аманаты орындалды», – дейді.

 

Толғанбаевты музыка тірі алып қалды. Сан ажалдан арашалап қалды. Аранын ашып келгенде скрипка көлденең тұра қалатын. Жазалауға келген жендеттің өзі есін жиып алып, «Сен солдат емессің. Музыкасың, ал музыка өлуге тиіс емес» деп айқай салады екен. СС офицерлері де Әйткеш «Елім-айды» орындағанда ден қойып тыңдайтын көрінеді. «Неткен сарын, неткен сағыныш. Совет солдаты, сені ататын қол жоқ мына әлемде» дейді екен. Әттең, ататын қол табылмағанымен, буындыратын қол кездесті. Бірнеше рет алқымынан алды. Демі үзілген жоқ. Десе де, шала-жансар күйге түсірді.

  Жарлық шыққаннан кейін, көп ұзамай жарық дүниемен қоштасып жүре берді. Жеңіс күнінің қарсаңында Әйткеш Толғанбаев туралы толғану дағдыға айналыпты. Әсіресе отты жылдар жайында түсірілген фильмдерден скрипкашы қазақ шыға келетіндей болады да тұрады. Алайда тағдыр-талайы оның кең қанат серпуіне мүмкіндік бермеді. Артында өкініш қалды. Бірақ тағдырына өкпелеген жоқ. Өміріне шүкіршілік айтты. Алла тағала алдынан жарылқасын!

Аманкелді  СЕЙІТХАН

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)

Сайт Әкімшілігі

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)