Ясауи ілімінің Ұлы дала хандарына рухани ықпалы

Сайт Әкімшілігі - 14.05.2020606

Сопылық қазіргі Қазақстан мекендеген және тарихымызда Ұлы дала деген атаумен мәлім болған аймақта кең қанат жайған исламның діни дүниетанымы болып табылады. Ол – жалпы, дүниежүзілік ғылымдағы аса күрделі мұсылман дүниесіне кеңінен таралған діни бағыт. Сопылық бағытты зерттеуде өзінің еңбектерімен ерекшеленген белгілі шығыстанушы  Әбсаттар қажы Дербісәлі бұл мәселеге байланысты мынаны атап көрсеткен еді: сопылықтың мұндай кеңінен таралуының себептерін оның ислам әлеміне жоғары моральдық-этикалық идеалдарды алып келуімен және бұл ілімнің халықтың дәстүрлі культін, діни нанымын, мұсылмандық аясына икемдеп түсіруімен түсіндіруге болатын шығар.

Осы тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ даласы үшін сопылық идеяларын насихаттаған Қожа Ахмет Ясауи (1093-1167 жж.) еңбектерінің маңызы аса зор. Ол – шын мәнінде барлық түркітілдес халықтардың, сопылардың атасы. Сондықтан да сопылықты дәріптейтін жүздеген түркітілдес насихатшылар оны пір тұтады. Ясауидің жолы әулиелікке және діни танымға алып баратын және ежелгі түріктердің дінін ығыстырып шығаратын, айналадағы өмірді тану жолы болып табылады. Ол жаңа ислам өркениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып, тарихымыздағы Алтын Орда және Қазақ хандығы тәрізді мемлекеттерді рухани және саяси тұрғыдан қалыптастыруда маңызды орын алды.

Әрине, бүгінгі күні сопылық тариқат бұрынғы тарихи кезеңдердегідей діни тұрғыдан аса ықпалды рөл атқармайды. Солай бола тұрса да, исламның ішіндегі сопылық дәстүрлер түркі халықтарының, соның ішінде бүгінгі қазақ халқының рухани өмірінде идеялық құндылықтардың негіздері ретінде қарастырылуда. Қожа Ахмет Ясауидің бес түрлі құжаттық қолжазбалары ЮНЕСКО-ның тізіміне ілініп, оның өзінің барлық түркі халықтарының рухани атасы болып табылатыны бүкіл дүниежүзіне мойындалды. 63 жасқа, яғни пайғамбар жасына келген әулиенің қалған өмірге қарсылық білдіріп, жер астындағы хилуетте өмір сүруге шешім қабылдағаны барлық мұсылманды терең ойландырады. Ол қалдырған рухани мұралар, қолжазба ақындық шығармалар және философиялық трактаттар он ғасырдан бері өмір сүріп келе жатыр және олар мазмұны жағынан қасиетті Құранды байыта отырып, орта ғасырлардағы ислам мәдениетінің іргетасына айналды. Сонымен қатар суфизмді тек діни ағым ретінде ғана емес, рухани поэтикалық шығарма түрінде де дүниежүзілік мәдениет мойындап отыр.

Ұлы дала аймағында исламдық, соның ішінде сопылық ілімнің таралуы туралы айтқанда о баста Моңғол империясының исламды дін ретінде қабылдамай, тіпті халиф Мустасиммен жаулық қатынас ұстанғаны белгілі. Солай бола тұрса да, Шыңғыс ханның немересі Батудың билік жасаған жылдарында оның кейбір інілері мұсылмандықты қабылдай бастады.  Бұлардың ішінде әсіресе көзге түсетіні Алтын Орда тағына отырған Берке хан болды. Ол жас кезінде-ақ Ходжент қаласында ғалымдардың бірінен Құранның сүрелерімен жан-жақты танысты және оның Бұхарадан шыққан мұсылман ғалымдарымен тығыз қарым-қатынас ұстанғаны белгілі. Араб авторларының айтуына қарағанда, ол Бұхарада болып, сондағы әйгілі сопы, шейх Сайф-ад-дин Бахарзидан тәлім-тағзым алып, исламды қабылдаған. Деректердегі мәліметтер бойынша бұл оқиға Беркенің 1251 жылы Моңғолиядағы құрылтайда Мөңке ханды Ұлы хан етіп жариялаған жиыннан қайтар жолында орын алса керек. Бұл 1251 жыл болатын.

1257 жылы таққа отырған Берке тағы да Бұхарада болып, атақты улемдарға (дінтанушы ғалымдарға) құрмет көрсету мақсатын орындап, исламның негіздерімен терең таныса түскен. Мысыр ғалымдарының айтуынша, Берке ғана емес, оның әйелі және кейбір әмірлері де мұсылмандықты қабылдаған. Мұндай кісілер өздерінің жанында рухани ұстаз ретінде имамдар ұстаған. Ал олар болса хан сарайында азан шақырып, намаз оқуды жолға қойған. Беркенің тұсында исламдықты қабылдаған әмірлердің киіз үйлерді мешіттерге айналдырып, көшкенде өздерімен алып жүргендері деректерде айтылады. Сонымен бірге осы заманда балаларды оқыту үшін діни мұсылман мектептері де ашыла бастады. Сондықтан да Берке ханның ордасында дінтанушы ғалымдар әрқашан құрметті тұлғалар болып есептелінді.

Дегенмен де көшпелілерде орын алған пұтқа табыну және шамандық дәстүрлері Алтын Орданы Берке хан билеген жылдары толық жойыла қойған жоқ. Яғни бұл заманда Алтын Орданың халқы жаппай исламдануға бет бұрды десек, артық айтар едік. Өйткені тарихи деректер өзі мұсылман Беркенің кезінде исламдық дәстүрмен қатар, бұрын өзі халықпен бірге ұстанып келген пұтқа табынудың дәстүр-салттарын да қатаң сақтағанын байқатады. Осы тұрғыдан алғанда өзен суына жуынуға тыйым салатын ежелгі дәстүрдің жаңа дін-ислам талаптарына қайшы келгенін атап айтқан жөн. Кезінде Шыңғыс ханның өзінде қонақ болған, Қытайдың әйгілі даоист ғалымы Чань-Чунь моңғолдарды сумен жуынбағаны үшін сынаған еді. Осы пұтқа табынушылардың ұстанымы Берке ханның тұсында да көрініс берді. 1263 жылы Мысыр елшілері Еділ бойына Берке ханның ставкасына келгенде оларды алдын ала «қар жеуге болмайды, Ордада көйлекті жууға болмайды, ал ондай жууды жасау қажет болса, оны астыртын жасаған жөн» деп ескертуі осының анық көрінісі болып табылады.

Жалпы, Алтын Орда байырғы пұтқа табынушы көшпелілердің мемлекеті болғандықтан, ондағы бұрын кең таралып кеткен пұтқа табыну шарттары ел арасына жаңадан тарала бастаған ислам қағидаларына табанды түрде қарсылық білдірді. Мұның өзі Берке ханнан кейінгі Алтын Орда хандарының исламды емес, бұрынғы пұтқа табынуды ұстанып қалуларына ықпал жасағанын деректерден айқын аңғаруға болады. Алайда біртіндеп, бәрібір Алтын Орда хандарының өмірінде исламдық қағидалар бұрынғы діни ұстанымдармен қатар өмір сүре бастады. Мысалы, Тоқта хан пұтқа табынушы болса, ал оның баласы исламды жақтаушы болды. Деректерде оның Құран сүрелерін тыңдауды ұнатқаны және мұсылмандықты насихаттау қажет екенін түсінгені атап көрсетіледі.

   Жағдай біртіндеп бәрібір өзгерді. Исламның имандылықты насихаттайтын қасиетті қағидалары және сопылықтың рухани тазалыққа шақырған даналық өсиеттері адамдарды баурап алды. Сондықтан да Тоқтадан кейін Алтын Ордаға хан болған Өзбектің тұсында (1313-41 жж.) Алтын Ордада исламның таралуы мықтап қарқын ала бастады. Ибн Халдунның айтуы бойынша, Өзбек хан таққа отырған соң, өзін исламды жақтаушы ретінде айқын танытты. Ол бірінші кезекте көптеген шамандарды және будда ламаларын өлтірді, исламды насихаттауды мемлекеттің міндеті ретінде жариялады. Ол осы бағытты ұстанып, соборлық мешіт салдырды және онда бес мезгіл намаз оқып, бұрын кең таралған баскиім – моңғол қалпағын киюден бас тартып, жарқыраған алтын белбеу тағуды қойып, қарапайым өмірге шақыратын имандылық жолын таңдағанын мәлімдеді.

Әбілғазының түрік шежіресінде Өзбек ханды исламға кіргізген түркістандық шейх Саййд-ата сопының оған сұлтан Мұхаммед Өзбек хан деген жаңа ат бергені атап көрсетіледі. Шындығында да, осындай есім Өзбек ханның атынан шығарылған теңгелерде жазылған. Өзбек ханнан бастап, барлық Алтын Орда хандары мұсылмандықты қабылдап, өздерінің төңіректеріне ислам сопыларын шоғырландырып, өздерінің бұрынғы түрік есімдеріне қосымша жаңа мұсылмандық есімдерді де қабылдады. Мысалы, Жәнібек ханның мұсылмандық есімі Сұлтан Жалал-ад дин Махмұд болса, ал Бердібек ханның мұсылманша есімі Сұлтан Мұхаммад, ал Тоқтамыс хандыкі Сұлтан Насир-ад дин болды. Мұндай түркілік есіммен қатар, мұсылмандық ат қою дәстүрі ислам және оның сопылық бағыты кең насихатталған Алтын Орданың тікелей мұрагері – Қазақ хандығы тұсында да орын алды.

Осы көшпелілер мемлекетінде Ясауи ілімін кеңінен насихаттаған қожалар мен сопылар қазақ хандарын белсенді түрде қолдап, олардың исламдық рухта тәрбиеленуіне зор үлес қосты. Мұны қазақ хандарының есімдерінен айқын байқаймыз. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі Әз Жәнібек мұсылманша Әбу Сайд аталса, Ақназар – Хақназар, Есім хан – Ешмұхаммед, Қайып хан – Ғайып, Сәмеке хан – Шахмұхаммед, Тәуекел хан – Тәуекел-Мұхаммед баһадүр, Әз Тәуке – Тәуекел Мұхаммед, Тұрсын хан – Тұрсын Мұхаммед, Әбілхайыр хан – Мұханбек Ғази Баһадүр, Абылай хан – Әбілмансұр деген атпен тарихқа енді. Сонымен қатар қазақ хандарының арасында өмір бойы шыр етіп дүниеге келгенде қойылған мұсылмандық есімін сақтап қалған хандар да белгілі. Олар – Қожа Ахмет, Тахир, Оразмұхаммед және т.б.

XIV ғасырдың ІІ ширегінен бастап Шағатай ұрпақтары билеген Жетісу өңірі мемлекеттерінде де ислам ресми дінге айнала бастады. Сөйтіп, осы XIV ғасырда бұл қасиетті дін және оның сопылық дүниетанымы Ұлы дала аймағында мемлекеттік дінге айналды. Әрине, ислам бұрын моңғолдар билеген барлық аймақта кеңінен қанат жая алған жоқ. Моңғолия мен Қытай аймағы бұрынғысынша ескі діндерді ұстанып қалды. Ал Араб ықпалына ұшыраған Алтын Орда және Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімімен рухтанған Алтын Орданың шығыс бөлімі, яғни қазіргі қазақ жері исламды жеделдете қабылдай бастады. Алайда оңтүстік Русьта Қырым және Еділ бойында ислам мешіттері славяндардың бұрынғы дінімен текетіреске түсіп, христиандық шіркеулермен және монастырьлармен қатар бой көтерді. Сондықтан да осы заман деректерінде мұсылмандармен қатар, кәпірлердің де Алтын Орда аймағын мекендегендері туралы мәліметтерді кездестіруге болады.

   Алтын Орда билеушілерінің ХІІІ-XIV ғғ. өз қол астындағылардың діни сенімдерін құрметтегендері және оларға төзімділік танытқандары жақсы белгілі. Мұндайда мынандай ерекшелікті де айта кеткен жөн, ислам дінін негізінен Алтын Орда мемлекетін билеуші элита және қала халқы ықыластана қабылдады. Ал бүгінде Ұлы дала деген атпен белгілі болған Дешті Қыпшақтың көшпелілеріне келетін болсақ, олар исламның және сопылықтың қағидаларын үстірт қабылдап, негізінен өздерінің ескі, шамандық дүниетанымдарына жүгінумен болды. Мұны олардың өлгендерді жерлеуді ежелгі пұтқа табыну дәстүрімен жүргізуі айқын байқатады.

Дегенмен Алтын Орда хандарынан, әсіресе соның ішінде Өзбек ханнан рухани мұра ретінде қалған исламды дәріптеуді және насихаттауды көшпелілерді билеген әмірлер мен хандар өздерінің басты мақсаттарына айналдырды. Мысалы, деректер XV ғ. басында Әмір Едігенің Қыпшақ даласын күшпен исламға кіргізуге әрекеттенгенін атап көрсетеді. Алайда тұрмыс-салттарында пұтқа табыну мен шамандықтың элементтері берік орнығып кеткен көшпелілер XVІІ ғ. дейін исламды бұрынғы діндерінің салт-дәстүрлерімен араластырып, өзіндік ерекшелігі бар діни  наным-сенімді қалыптастырды. Бірақ қазақ қоғамында қыпшақ бірлестігінің күшеюіне байланысты XVІ ғ. бастап мұсылман сүнниттерінің ханафиттік бағыты күшейе бастады. Бұл ілім құқықтық құдайға сенім мектебі ретінде осы бағытты негіздеуші Әбу Ханифа Нуман Ибн Сәбиттің (699-767 жж.) есімімен аталады. Кезінде көшпелілер қоғамына кеңінен таралған дәстүрлі исламның ханафиттік мәзһабы енді ең демократиялық және ең сабырлы діни сенімге айналуда. Бүгінгі күні бұл исламдағы гуманистік құндылықтың тамаша дәстүрлерін насихаттаушы бағыт болып отыр. Қазіргі күні исламдық құдай жолын ұстанған дүниежүзі мұсылмандарының 48 пайызы, яғни бүкіл Жер шары халқының 6/1 осы ханафиттік ислам мектебін ұстанатыны белгілі. Бұл діни бағыт қазір Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан, Түркия, Ресей Федерациясы, Татарстан, Башқұртстан, Қарашай-Шеркесия, Кабардин-Балкария, Шығыс Түркістан, Орталық Азия мен Қазақстанда кеңінен таралған.

Дегенмен де бұл қасиетті діни бағыт өзінің қалыптасу тарихында үлкен қиыншылықты басынан өткізді. Ол өзінің даму жолында бұрынғы діни наным-сенімдер қалдықтарын ығыстыруға бағытталған үлкен кедергілерден өтті. Қазақ даласына жаңа діни ағымды кеңінен насихаттауда өзі Сайрамда туып-өскен  ақын, сопы Қожа Ахмет Ясауидің араб, парсы және түрік тілдеріндегі өлеңдері үлкен ықпалын тигізді. Қазақтар арасында сопылық бағыттағы поэтикалық мәдениеттің көрнекті өкілі Асан Қайғы Сәбитұлы болды. Ол –  өзінің шығармаларында сопылық дүниетанымды насихаттайтын исламның және сопылықтың мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілуіне ықпал жасаған тұлға.

Бұхара медресесінде оқыған Ясауидің ұстазы Арыстан Бап болғаны белгілі. Дешті Қыпшақтың кең даласына бұл әулиенің есімі кеңінен мәлім болды. Оны көшпелілер ең алдымен Ахмет Ясауиға алғашқы ұстаз (пір) болған адам ретінде мойындады. Сонымен қатар Қазақ хандығы тұсында көшпелілер Арыстан Бапты барлық сопылардың рухани ұстазы ретінде де таныды. Арыстан Баптың әулиелігі халық арасында кеңінен таралып, оны қазақ хандары да өздеріне пір тұтты. Әулиенің басына зиярат етушілер түнеп, ғибадат жасады. Қыпшақ даласында ел арасында «Арыстан Бапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген ұлағатты сөз кеңінен таралды. Яғни көшпенділер Арыстан Баптың есімін Қожа Ахмет Ясауимен байланыстырып, сопылық ілімнің пірі ретінде аса қатты құрметтеді. Мұның басты себебі Арыстан Баптың есімін Ахмет Ясауидің өзінің де қасиет тұтуы еді. Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» атты еңбегінде ұстазының есімі аталып өтеді.

Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» даналық кітабы түркі халықтарының ең ежелгі мұралары ретінде қазақ даласында да сопылар мен қожалар арқылы кеңінен насихатталды. Бұл ілім исламның және мұсылмандық мистицизмнің Оңтүстік Қазақстан аймағындағы түрік халықтары арасында таралуына үлкен ықпал жасады. Исламдағы осындай түріктік мистикалық танымды насихаттаушы сопылар көшпелілер мекендейтін Ұлы далаға кеңінен таралып, халықтарды имандылықпен тәрбиелеуге зор үлес қосты. Түріктердің санасына тереңдеп енген Ясауи қағидалары қазақ ақындарының және жырауларының шығармашылығына да зор ықпал жасады. Көзінің тірі кезінде-ақ әулие ретінде мойындалған Қожа Ахмет Ясауиға Орта Азияның түкпір-түкпірінен табынушылар келе бастады. Қазақ хандығы тұсында Қожа Ахмет Ясауидің қабірі мінәжат ететін орынға айналды. Атақты әулиенің соңында көптеген оқушылары мен шәкірттері, жолын қуушылар қалды. Олар ұстаздары Қожа Ахметке еліктеп түрікше жазатын болды. Мұндайда Кәкімата немесе Сүлеймен Бақырған тәрізді Ясауи жолын ұстанған тұлғаларды бөліп айта кеткен жөн.

Қожа Ахмет Ясауидің әулеті жоғарыда аталған атақты имам Мұхаммед ибн әл-Ханафиядан бастау алады. Оның шешесінің арабтардың халифі шыққан тайпадан екені белгілі. Қожа атанған олар Алтын Орда заманынан бастап көшпелілердің рулық, тайпалық құрылымдық шежірелерін жазбаша негіздеушілерге айналды. Қожалар әулетінде Аққорған қожалары қазақтардың Ұлы жүзіндегі және Орта жүздің бір бөлігіндегі ру-тайпалардың рухани ұстаздарына айналды. Сонымен қатар олар Жошының ұрпақтары болып табылатын Шибаннан тарайтын сұлтандарға да имандылықты насихаттады. Ал диуана қожалар  Ұлы және Орта жүздегі кейбір руларға, соның ішінде Жошының үлкен ұлы Еженнен тараған ұрпақтарға, нақтырақ айтар болсақ қазақ хандарына, рухани көсем болды. Хорасан қожалары қазақтардың Орта жүздің бір бөлігіндегі және Кіші жүздің барлық руларына рухани ықпал жүргізді.

Мысалы, Қарахан қожа Ұлы жүздің кейбір рулары мен тайпаларына және олармен араласқан қырғыздар мен өзбектерге рухани жетекші болды. Ясауи әулетінен шыққан қожалар қазақ даласында рухани-мәдени және дәстүрлі шараларды жүзеге асыра отырып қазақ халқының біртұтастығын қалыптастыруда және қазақ мемлекетін рухани-идеялық тұрғыда қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарды. Қожалар әулетінің Қылышты және Сабылт бұтақтары нақшбандия діни ағымын ұстанды. Алтын Орда билеушілерінің және қазақ хандарының кейбіреуінің осы діни ағымның ықпалына түскендері белгілі. Мысалы, Алтын Орда ханы Өзбектің ұлы Жәнібек (1342-57 жж.) өз заманында сопы Бахауддин нақшбандының Бұхара қаласынан насихатталған Қожа Ахмет Ясауидің жолын жалғастыратын ілімін қызу қолдады. Ол осы суфилік бағытты қазақ даласында Шығыс Түркістанда, Еділ бойында насихаттайтын Бахауддиннің мүриттерінің қызметіне әрқашан қолдау жасады. Нақшбандия сопылары Қыпшақ даласында ғана емес, Орал және Еділ бойындағы фин-угор және түрік халықтары арасында да насихаттар жүргізді. Бахауддин нақшбандының қазақ даласында да кеңінен мәлім болғанын халық дастаны «Қыз Жібек» эпосында оның есімінің аталуы дәлелдей түседі.

Қазақ хандығында қожалар ерекше құрметтеліп, оларға құқықтық тұрғыдан артықшылықтар берілді. Алғашқы қазақ хандарының бірі аса құдіретті Жошыдан кейінгі Дешті Қыпшақтағы ең мықты хан атанған Қасым хан Қожа Ахмет Ясауидан бастау алатын сопылық бағытты қызу жақтады.

Тарихи деректерден Қасым ханның сопылық бағытты ұстанып қана қоймай, сонымен бірге исламға адал берілген мұсылман-сүннит болғанын да көреміз. Оның атақты Бұхар шейхі Әбу Бәкір Са’дтың мүриті болғаны белгілі. Қасым ханның мұндай имандылығы оған деген халық құрметін күшейтіп, оның беделін арттыра түсті. Әбу Бәкір Са’д XVI ғасырда Орта Азияның рухани және саяси өмірінде үлкен ықпалды имам болғаны белгілі.

Көшпелілер құрметтеген сопылық, тасауф – исламдағы діни-философиялық ілімге жатады. Сопылық Алланы тануға баратын ислам ілімі ретінде қалыптасты. Көшпелілердің түсінігінде сопы дегеніміз – ақиқатты сүйіспеншілік пен тақуалық арқылы іздеуші. Алайда сопылық ілім бойынша ақиқатты тек кемел адам ғана тани алады, ал кемел адамның дәрежесіне жетіп, Алламен дидарласу үшін төрт сатыдан өту керек. Олардың біріншісі шариғат болса, екіншісі – тариқат, үшіншісі – мағрифат, ең соңғысы – қақиқат. Байырғы VІІІ ғ. соңында, ІХ ғ. басында өмір сүрген алғашқы сопылар жүн шекпен киіп, тақуалық өмір салтын ұстанып, құран мен сүннетті қатаң сақтаған. Олар Құран аяттарының мәніне терең үңіліп, одан адам болмысына қажетті идеяларды іздестірген.

Қазақ хандарының арасында исламның осындай сопылық идеяларына адал берілген хандардың бірі – Тәуекел (Тәуекел Мұхаммед Баһадүр) хан. Ол негізінен медреселік деңгейде жеткілікті білім алған, парсы тілін жақсы меңгерген, өзі де діни нақылдарды жаттап, маснави құрастырумен белсенді түрде айналысқан, рухани жағынан аса иманды тұлға болды. Оның әкесі Шығай хан кезінде төңірегіне Ясауидің және Нақшбандияның сопылық білімдерін терең меңгерген діни сауаты жоғары сопыларды топтастырған еді. Жастайынан Тәуекел осы сопылардың діни әңгімелерін тыңдап өсті. Мұның өзі Тәуекел ханның имандылық ұстанымына шешуші ықпал жасады. Өзі де айналасына қожалардан шыққан сопыларды көптеп топтастырған Тәуекел жүрген жерінде сопылық ілімдерді насихаттаумен болды және бұл істе басқаларға үлгі көрсетті. Мысалы, деректердің бірінде мынандай мәлімет бар. Тәуекел жорыққа аттанған қалың қолымен Самарқандқа бара жатқан жолында Қанигиле деген жерде нақшбандия сопылық ілімінің аса көрнекті өкілі Қожа Исқақ Хазірет ишанды кездестіріп, өзінің соңынан ілескен 120 сұлтанымен және қасындағы туған-туыстарымен, бала-шағаларымен бірге оған бағыныштылықпен бас иіп, Хазіретпен бірге Жаратушыға құлшылық жасап, өздерінің исламға адалдығын қайта-қайта айтып, Хазіретке мүрит болатынын мәлімдеп, үлкен толғаныспен, жан күйзелісімен жылап-сықтап, діни мінәжаттар жасады. Ол өзі бастап Қожа Исқақ Хазіреттің қолындағы қасиетті  ағашына бетін сүйкеп, Құдайға мойынсынғандарының белгісі ретінде мойындарына арқандар асып, айдалада жер дүниені күңірентіп Жаратушыға жалынумен болды. Деректе жазылғандай, өксік пен өкінішке толы адамдардың күңіренген үні ұзақ уақыт бойы жеті қат аспанды жаңғыртып, оны Құран сүресінің қасиетті үнімен тербеп, айналаға жан бітірді. Өздері аса құрметтеген және әулие тұтқан Қожа Исқақ Хазіретті Тәуекел хан және оның мүриттікті қабылдаған серіктері арбасымен қоса, Самарқандға дейін жерге тигізбей көтеріп барды.

Тәуекелдің бауыры, Шығай ханның екінші бір ұлы, қазақ ханы Есім хан (Ешмұхаммед) да Қашқардың және Орта Азияның қожаларымен тығыз қарым-қатынас ұстанып, қазақтарға аса ықпалды Аппақ қожаның және Исқақ қожаның шәкірттерімен жақсы қарым-қатынаста болды. Ол Шығыс Түркістанда болған кезінде жергілікті дінбасылармен бірге жүріп, зор беделге ие болды. Оны тіптен қожа Исқақтың атақты шәкірті Даниал қожа Жаркенттің тағына отыруға шақырған болатын. Кейіннен Есім ханның Түркістан қаласын Қазақ хандығының жаңа рухани астанасына айналдырғаны белгілі. Оның «Есім ханның ескі жолы» деген атпен белгілі заңдар жинағы өзінен бұрынғы Қасым мен Тәуке тәрізді шариғаттың қағидаларына және ханафизмнің идеяларына негізделді. Осындай бағытты, яғни дәстүрлі исламды насихаттауды қазақ хандары Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай (Әбілмансұр), Әбілқайыр, Жолбарыс, Жәңгір және тағы басқалар кеңінен насихаттады.

Қазақ хандарының сопылық діни сенімі және олардың Қожа Ахмет Ясауи идеяларына адалдығы олардың Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарында хан көтеру рәсімдерін әдеттегідей салт-дәстүрге айналдыруларынан айқын байқалады. Сондай-ақ қазақ хандарын әулие Қожа Ахмет Ясауидің мазарына немесе оның төңірегіне жерлеу де тұрақты түрде орын алды. Көздерінің тірі кезінде қазақ хандары Қожа Ахмет Ясауиді қатты құрметтеп, оның зиратының басына барып құран оқуды әдетке айналдырды. Мысалы, Абылай ханның осындай әдеті деректерде көрініс берген.

Қорыта келгенде айтарымыз, Алтын Орда және Қазақ хандығы билеушілерінің Қожа Ахмет Ясауидің сопылық идеяларын құрметтеуі және оны қазақ мемлекетінің идеялық-рухани негізіне айналдырулары оларды басқа билеушілерден ерекшелендіріп тұрды. Көшпелі мемлекеттің хандары өздерінің кең ауқымды ойлауымен, халықшылдығымен, ақиқат іздеген шыншылдығымен, ең бастысы, имандылығымен және тақуалығымен басқаларды өздеріне баурап алды. Қожа-сопылардың қолдауына сүйенген олар исламды мемлекеттік идеологияға ғана емес, қол астындағы халықты рухани тұрғыдан тәрбиелеу құралына да айналдырды.

Талас ОМАРБЕКОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы

 Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін

зерттеу орталығының директоры

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)

Сайт Әкімшілігі

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)