Абайдың жас шағындағы көптен бөлек ерекше мінездері туралы

Сайт Әкімшілігі - 14.05.2020817


Абайдың жас шағындағы көптен бөлек ерекше мінезін ашатын дереккөздер қатарында Құнанбай, Қаратай, Абай арасында болған бірнеше әңгіме бар. Олардың бірінің қысқаша мазмұнын М.Әуезов былай баяндайды:      

«Құнанбайдың Көкше ішіндегі тұрғылас, дос кісісі Қаратай болған. Ол, көп елдің сынынша, шешен, жүйрік атанған кісі. Сол Қаратай бір күні Абайдың өз құрбы жас жігіттермен жиналып отырған үстіне келіп, жастардың заманын жамандап, өз заманын мақтай бастайды. Абай бұл сөздерге көп дау айтып келіп, ақырында: «Сіздің заманыңызда көрші елдің арасында бір қол кісі болып жиналып алып, түн қатып жүрмесе, жалғыз жарым кісі қатынаса алмаушы еді. Ұрлық, барымта, бұзықтық көп болғандықтан, «әні алып кетті, міні алып кетті» деп, кемпір-шал, қатын-қалаш, жас бала тыныштықпен асын іше алмаушы еді. Сол заман да жақсы ма?» – дегенде, Қаратай дау айтып келіп: «Менің заманым пайғамбарға жақын», – депті. Бұған қарсы Абай: «Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады. Сайында неше түрлі өсімдік, неше алуан жеміс шығады. Алланың рақметіне (рақым, жақсылыққа) алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда болса да жетеді. Сіз пайғамбарға әкесінен жақын емессіз, ол кәпір болған», – депті».

Ел аузындағы әңгіме өзегінен М.Әуезов Абайдың ақындық-азаматтық тұрғысындағы өзгеше жаңалықты, Абай заманындағы жақсылар мен жайсаңдардың ойына келмейтін қисынды сөз, орынды ойды жоғары бағалап, арнайы атап көрсетеді. Әңгіме өзегі Алланың рақметіне (рақым, жақсылыққа) алыс не жақын жер, алыс не жақын заман туралы. Қаратай мен Абай арасындағы пікірталастың түйіні осында. Қаратайдың сөзінің негізінен мынадай шешендік силлогизм үлгісі көзге түседі: замандардың жақсысы – пайғамбар заманы. Пайғамбарға сенің заманыңнан менің заманым жақын. Демек, менің заманым сенің заманыңнан жақсы.

Қаратайдың сөзінің иландырушы күші үлкен. Оны жоққа шығару, одан күшті сөз тауып айту оңай емес. Бірақ Абайдың дүниетаным байлығы, ойлау қуаты, ақындық-азаматтық тұрғысы Қаратайдың тұйығын бұзып-жарып өтіп, жаңа үлгі ұсынады. Абайдың сөзі екі желіден тұрады. Біріншісі – алыс пен жақын ұғымдары туралы. Екіншісі – жақсы мен жаман туралы. Оның мәнісі шешендік силлогизмнің тиісті үлгілері арқылы ашылады. 1) Алатаудың басы бізден алыс, күнге жақын. Басында мәңгілік қар жатады.

Сөз образды, ой астарлы. Образды сөз бен астарлы ойдан Қаратайдың өзінің бұрынғыға, бүгінгіден алысқа жақын екені, бұрынғының, бүгінгіден алыстың жақсы екені туралы ойын теріске шығарғандай пікір туады. Екінші үлгіде (бүгінге) жақынның жақсылығы туралы пікір ұсынылады: Алатаудың бізге жақын сайында неше түрлі өсімдік, неше алуан жеміс шығады.

Екі үлгі де бейнелі, астарлы. Екеуінде де Қаратайдың пікірінің негізсіздігі, дәлел-дәйегінің әлсіздігі белгілі болады.

Қарсыласының сөзінің негізін осылай ырғап-ырғап, босатып алған соң, Абай өзінің қорытынды тұжырымын айтады: Алланың рақметіне алыс жер, алыс заман жоқ.

Сөз де, ой да мінсіз. Ақындық-азаматтық айрықша тұрғыдан туған даналық сөздің үлгісі осындай болады. Алайда Қаратайдың көңілінде бір түйткіл қалған болу керек, соны сейілту үшін Абай алыс пен жақын туралы тұжырымын енді тарихтан белгілі, айқын мысал арқылы негіздейді: Сіз пайғамбарға әкесінен жақын емессіз, ол кәпір болған.

Қаратайдың алыс пен жақын туралы ойының өзегі ретінде өрілген ұстаным желісі Абайдың мына сөзінен кейін мүлде үзіледі, жоққа шығарылады. Қаратай айтарға сөз таппай қалады.

Абайдың ғылыми өмірбаянының бір нұсқасында осы әңгімені Қаратай Құнанбайға айтады. Құнанбай Абайды шақырып алып, көп сөз айтып, ұзақ ұрсыпты. Абай әке сөзін үндемей тыңдап, сыртқа шыққанда Қаратай келіп: «Бала, қалай, қайсымыз жақсы екенбіз?» – деп сұрайды. Сонда Абай былай депті: «Бәсе, қайсымыз жақсы екенбіз: біздің ортамызға жалғыз өзің келіп, ойдағыңның бәрін айтқанда, түгелімен құп тыңдағаннан басқамыз жоқ еді. Сендердің ортаңа келсек, қыруар жанды жалғыз шалың ауызға ұрып сөйлетпейді».

Абай бұл жерде де Қаратайды сөзден ұтып тұр. Қаратай секілді елге белгілі шешен, тиісті жерінде билік сөзін айтып жүрген майталман жорғаның өзін мүдіртіп, ой жарысында алға суырылып шығып кетеді. Абайдың ғылыми өмірбаянын жасау ісінде, Абайдың ақындық тұрғысының қалыптасу арналарын ашуда М.Әуезов үшін мұндай дереккөздерде сақталған мәліметтердің құндылығы өлшеусіз зор еді. Мұндай дереккөздерде сақталған мәліметтерге М.Әуезов ерекше назар аударған және соларға сүйене отырып Абайдың ойға жүйріктігі, сөзге шеберлігі негізіндегі терең білімнің, тарихи сананың, шешендік кемелдік пен азаматтық биік көзқарастың, ақындық айрықша тұрғының мәнін ашты. 

Ел ортасының бір үлкен жиынында Құнанбай көп ортасында сөйлеп отырған уақытта Абай әлденеше оқталып, бір нәрсе айтқысы келіп киліге беріпті. Сонда Құнанбай «тек отыр» деп тоқтатып тастайды. Артынан ел арылып, жиыннан қайтып келе жатқанда әкесі Абайды шақырып алып, көп алдында көлденеңдегені үшін наразылық айтады. Таласқан кінәсін Абай мойнына алады. Содан кейін Құнанбай: «Кезі келген жерде айтпақ болып жүрген сөзім бар еді, соны айтайын: ең әуелі, сен жұрттың бәріне күліп сөйлейсің, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге қадірің болмайды. Екінші – көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайтын, желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел алатын қылық ол емес. Үшінші мінің – орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың», – депті.

Құнанбай заманындағы ел билеу үрдісі тұрғысынан қарағанда осы айтылған ескертулердің әрқайсысының терең негізі бар. Үш міннің үшеуі де ел билігін ұстаған, жақсы мен жаманды, алыс пен жақынды өз өмір тәжірибесінде терең білген адамның көргендері мен көңіліне тоқығандарына негізделген. Құнанбай мін деп білген осы үш мінездің алдыңғы екеуінен бүгінгінің әкімқаралары да алыс, қашық. Қолында үлкенді-кішілі билігі барлардың қатарында жұрттың бәріне күліп сөйлейтін, жайдақ су сияқты, көрінгенмен жақын болған жан бүгінде де көзге түсе қоймайды.

Әкенің көрсеткен мініне орай, Абайдың айтқан сөзі де орынды, жүйелі: «Қолында құралы бар бірен-саранға ғана тиетін шыңыраудағы судан да қойшы-қолаң, жалшы-жақыбайдың бәріне бірдей пайдасы тиетін жайдақ су артық деп білемін» [7, 122]. Абай қойшы-қолаң, жарлы-жақыбай көпке жаны ашуды, көптің қамын ойлауды, көпке пайдасын тигізуді әуестіктен емес, өзінің адамшылық көзқарасына сай таңдап тапқан мақсатына, мұратына лайықты болған соң жөн көріп отыр. Ал мұндай көзқарастың, соған сай мақсат пен мұраттың негізі «көптің қамын әуелден тәңірі ойлағаны» туралы түсінікте жатыр.

Әкенің бірінші міні баласының «жұрттың бәріне күліп сөйлейтініне» байланысты. Тура, нақты айтылған осы мінін ол бейнелі, суретті сөзбен айшықтап, ажарлай түседі: «...жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды». Егер Абай өзінің жауабын әкесінің тура, нақты айтқан міні («жұрттың бәріне күліп сөйлейсің») негізінде қайтарса, онда, әрине, сөз жүйесі басқаша түзілген болар еді. Ашық, анық, нақты айтылған мінге ашық, анық, нақты сын айтылуы қажет. Жұрттың бәріне жаны ашу, жылы жүзді, игі түсті болу бір басқа да, жұрттың бәріне күліп сөйлеу бір басқа. Жұрттың бәріне күліп сөйлеуді кісінің бойына мін санаған адамның сөзіне бала ғана емес, басқалар да тоқтайды. Бірақ Құнанбай бір мінді екі түрлі өрнекпен айтады: бірінші жолы – ашық, анық, нақты сөз өрнегімен; екінші жолы – бейнелі, образды, суретті сөз өрнегімен. Бірінші жағдай ашық, анық, нақты жауапты талап етеді. Екінші жағдайда ашық, анық, нақты жауап беру міндетті емес. Бірінші тарап бейнелі, образды, суретті айтқан мінге екінші тарап бейнелі, образды, суретті сөзбен жауап қайтаруға ерікті. Абайдың сөзінің ұтымды шығуының мәнісі осында. Сөз тапқан балаға әке қайта қолқа салмайды, бірақ өз пікірінен де қайтпайды.

Көпшіл болған жақсы. Көпке пайда тигізу игілікті. Адамзаттың бәрін бауыр тұту, бәрін сүю – адамшылықтың белгісі. Екінші жағынан, Абайдың өзі сүйген көп туралы сыны да мол. Ақынның: «...көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал», «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл: татымсызға қылған болыстық адамды бұзады», – деген сөздерінде үлкен мән жатыр. Олар өз тереңінде Құнанбайдың сынымен үндеседі. Айналып келгенде, әкенің сыны мен баланың ұстанымы арасында қарама-қайшылық жоқ, екеуінің пікірінің негізі бір.

Екінші сөзге – «қазақ ескі бір заманда қой сияқты болған, бір қора қойды жалғыз қойшы «айт!» десе өргізіп, «шәйт!» десе жусататын заман еді. Одан бері келе ел түйе сияқты болды. Бір шетіне тас тастап, «шөк!» деп дыбыстаған уақытыңда аңырып тұрып барып бетін бұратын болды. Енді біздің заманымызда ел жылқы тәрізді болды. Мұны ақ қар, көк мұзда қар төсеніп, мұз жастанып, етегін төсек, жеңін жастық қылуға шыдаған жылқышы ғана баға алады. Еңбек сіңірген адам ғана ие боп, басшы бола алады. Орысшылсын дегенге – «...оның қолында зор қуат, өнер, білімі бар. Егер сол өнер-білімді үйренуден қашсақ, ол надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білімі үшін орысшылмын», – депті.

М.Әуезов әке мен бала арасындағы сөзден олардың әрқайсысының белгілі бір әлеуметтік құбылысқа деген көзқарастарын аңғарады, әке мен баланың бір құбылысты екі түрлі көзқарас тұрғысынан бағалайтынын байқайды. Жеке тыңдағанда әке сөзінде мін жоқ. Оның үстіне әке өзінің өмір тәжірибесінде дұрыстығына бір емес, әлденеше көз жеткізген пікірін айтады. Ал енді осындай өмірлік негізі берік пікірді жас, жігіт Абайдың  пікірімен салыстырып пайымдағанда, әкенің сөзі орынды болғанда, баланың сөзі ұтымды, қисынды сияқты әсер қалдырады. Баланың пікірі де терең, дәйекті, қисынды. Ең бастысы, Құнанбайдың сөзінде де, Абайдың сөзінде де қапы жоқ. Құнанбайдың сөзі де, Абайдың сөзі де байырғы қазақ қоғамындағы билер сөзінің үлгісінде қорытылған. Құнанбайдың пікірі оның өзінің өмір тәжірибесіне, өз заманының шындығына негізделген. Құнанбайдың өмір тәжірибесі, Құнанбайдың заманы тұрғысынан қарағанда оның сөзінің арасынан қыл өтпейді, сынында, пікірінде шындықтан тыс, орынсыз айтылған ешбір қисын жоқ. Абайдың сөзінің ұтымды шығуы – оның қисындарының өз заманының шындығына негізделгенінде. Оның үстіне Абайдың пікірі оның өз заманының шындығына ғана негізделіп қоймайды, өз өмірінің мәдени өрісінде, өз өмірінің мәдени кезеңі мен кеңістігінде қалыптасқан ақындық-азаматтық тұрғысы деңгейінде сараланады.  

М.Әуезовтің қорытындысынан Абайдың жастық, жігіттік кезіндегі ақындық-азаматтық тұрғысын білдіретін бірнеше айрықша маңызды тілек-мұрат белгілі болады. Олар мынадай: а) халық мұңын ойлау; ә) халыққа адал еңбек ету; б) ел көпшілігімен қабысып, табысу; в) елге пайдасын тигізу; г) елге әділ басшылық жасау; д) адамгершілікті болу т.б.

Абайдың ақындық-азаматтық тұрғысының қалыптасу кезеңі туралы М.Әуезов мынадай пікір түйген: «Балалықтан асып, бозбалалық, жігіттік шағына жеткен уақытта қазақтың ескі сөз, ескі жол-жора, мәтел-тақпақ, ескі биліктеріне елдің маңдай кісілерімен қатар түсетін білім алған. Бұл уақыттарда қазақтың ескі ақындары, кемел билері, жорықшыл батырлары, хандары болсын – барлығының жайындағы әңгімелер Абайға таныс дүние болып қалған».

М.Әуезовтің пікірі терең, маңызды. Осы терең, маңызды пікірдің айрықша құнды жағы – «ескі биліктерге елдің маңдай кісілерімен қатар түсетін білім алған» шағына қатысты. Бұл шақты автор Абайдың «бозбалалық, жігіттік шағымен» сай көрсетеді.  

М.Әуезовтің мәліметтері мен пікірлеріне сүйене отырып, Абайдың жастық, жігіттік кезіндегі ақындық-азаматтық, әлеуметтік тұрғысын танытатын ұстанымдарының мынадай негіздерін анықтап көрсеткен дұрыс: а) мезгілдік; ә) мекендік; б) мәдени-әлеуметтік. Абайдың жастық, жігіттік кезінің ақындық-азаматтық, әлеуметтік тұрғысын танытатын ұстанымдарына негіз болған құндылықтардың мезгілдік шегі мен шеті байырғы заманнан өзінің жастық, жігіттік дәуреніне дейінгі уақытты қамтиды. Абайдың жастық, жігіттік кезіндегі ақындық-азаматтық, әлеуметтік ұстанымдарының қалыптасуына негіз болған құндылықтардың мекендік аумағы Еуразия кеңістігін, оның ішінде өзінің байтақ даласын алып жатыр. Абайдың жастық, жігіттік кезіндегі ақындық-азаматтық, әлеуметтік тұрғысын танытатын қағидалардың қалыптасуының мәдени-әлеуметтік негізі Еуразия мәдениетінен, қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымынан, шешендік өнерінен бастау алады.

Абайдың жастық, жігіттік кезіндегі ақындық-азаматтық, әлеуметтік ұстанымдарының негізі тұтас Еуразияның есте жоқ ескі замандардан Абайдың өзіне дейінгі кезеңі мен кеңістігін қамтитыны туралы ой ойға қалдыруы ғажап емес. Бұл жерде мынаны ескеру керек: Абай осы бір ұшы-қиыры жоқ мезгілдік және мекендік шек пен шеңбердегі рухани құндылықтардың нәрін өзінің тұсындағы, өзінің алдындағы дала даналарынан, халық даналығынан, халықтың дәстүрлі мәдениетінен, әке тәрбиесінен тапты. 

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)

Сайт Әкімшілігі

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)