Теріскейден шыққан Торғай әулие, Созақтың соңғы дәруіші жайында

Сайт Әкімшілігі - 14.05.20203560


 Түркістан облысының Созақ ауданы  және көршілес жатқан Сарысу ауданы тұрғындарының ұшатын кісі – Торғай әулие туралы естімегендері  сирек болар, сірә. Ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер айтылатын бұл кезбе  кісіні жергілікті халық кейде «молда», кейде «әулие», онда да сыртынан «Опай-Сопай Торғай әулие» деп атайтын. Елдің ол кісіні «молда» дейтіні – ел аралап, аршадан жонған ағаш пышағымен бала сүндеттейтіні мен дем салып адам емдейтінінен десек, ал бір сөзбен «әулие» деп ардақтамай, «Опай-Сопай Торғай әулие» дейтіні несі екен дейтінбіз.  Ел аузында «Қаңбақ шал» деген де аты болған. Сірә, ондай анықтауыштар ол кісінің бір жерде  байыз тауып отыра алмай,  заматта қайда кеткені белгісіз ғайып болып  кететінінен, «әулие де бір бала ғой» дегендей, кейбір бала мінезді ерсі қылықтарынан, қалжыңбастығынан  шықса керек.  Ол кісінің не ат, не есек, не төрт дөңгелекті көлікке мінбей, тек қатты аяңдап жаяу жүретіні,  барар жеріне автомашинадан  бұрын жетіп, шай ішіп отыратыны мен  шапқан атқа жеткізбес жүрдектігіне талайлар куә болған.  Ұшатын кісі деп жүргені де  осындай кереметтерінен  шықса керек. Кім біледі, құдайдың құдіреті көп қой, оңашада құс болып ұшса, ұшқан да шығар.  Адамды пері мен періште не жын көтеріп ұшуы ертегі емес, шындық дейді білетіндер.

«Молда», «әулие» дегенмен, бірақ ол кісіні  ешкім дәруіш (дервиш) демеген. Қазақты қайдам, Созақта қолданыстан шығып қалған сөз.  Соған қарамастан, біз «Созақтың соңғы дәруіші» дедік. Ал «дуана» сөзінің синонимін  «қайыршы» деп түсінетін болдық.  Ал «дәруіш» сөзінде бір сиқырлы дәру сыр жасырынып жатқандай.  Негізі, «дәруіш» сөзі бұрын жалпақ тілде диуана, дуана деп те айтыла берген,  бірақ жоғарыда айтқанымыздай, кейінгі  өмір салтымен бірге басқаша ұғым-түсінік  қалыптасып кетті.

 Біздің бала күнімізде иықтарына бір-бір қап асып алған, киімдері алба-жұлба, қаба сақал, ұлты тәжік дуаналар ауыл-ауылды, үй-үйді аралап қайыр сұрайтын.  Жұрт әлі де оларды күнін көре алмай жүрген қайыршы деп ұғады. Шамасы,  олар тәжік те емес, Памир  тауының баурайын мекендейтін,  кезбелікті  қазір де өмір салттарына айналдырған  мұсылман дуаналар.  Олардың пәлен күншілік жерден жаяу-жалпылап, арып-ашып күндік жейтін азықтарын ел аралап табуы нан таба алмай қалған аштықтан емес, негізінде, философиялық мақсаттағы рухани азық жинау екені анық. Парсыша «дәруіш», арабша «софы» деп аталатын  бұл түсініктің шығыста пайда болғанына да  мың жылдан асса керек.  Монахтарға әлде бір  ұқсастықтары болғанмен, олардан  басты  айырмашылығы – мұсылман дәруіштердің біздің кейіпкеріміз секілді жеке үйлерін салып, отбасын құрап,  ұрпағын өсіріп, бірге өмір сүретінінде. Ілгеріні айтпағанда, Созақтағы күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған Ханахах мешіті ХХ ғасырдың басына дейін осындай кезбе  дәруіштердің аялдап, суфист календерлердің зікір салатын календерханасы болғанын көрген көнекөздер әлі тірі.  «Созақтың соңғы дәруішінің»  де бала кезінде қызылдар келгенге дейін сол жайларды көріп-біліп өскені күмәнсіз.  


 МЕН КӨРГЕН ТОРҒАЙ МОЛДА


Ұшатын әулие, кейіпкеріміздің есімінің Торғай болуын мен бала күнімде  дала құсы – төбесінде сәлде секілді шашағы бар  «молда торғай» секілді пыр етіп ұшатындықтан, ел солай атап кеткен шығар деп қиялдайтынмын.  Жоқ, әкесінің азан шақырып қойған аты екен. Ол туралы сәл кейін.

Алдымен әңгімемді  бала күнімде Торғай әулиені өз көзіммен көргенімнен бастайын. Шамасы 13-14 жастағы кезім.  Әкемнің немере ағасы, қоңсы тұратын Жұмаш көкемнің үйіне бірыңғай аппақ киінген, ақ шошақ киіз қалпақтың сыртынан үшкір сәлде ораған Торғай әулие келіп қонды. Таңертең ерте оянып түзге шықсам, Жұмаш көкемнің үйінің артындағы тайшаптырым шарбақтың ана басы мен мына басына ақ дамбал-көйлек киген біреу зыр жүгіріп жүр.  Ауылда қазірдің өзінде ересек адамның албаты жүгіруі  сұмдық ерсі саналады емес пе, ал мынау құйындай ұйытқып жүрген ақ сақалды шал. Есіме кешегі келген Торғай әулие бірден сап ете қалды да, шарбақ сыртынан жақындап барынша зер сала бастадым.

Бір кезде Торғай молда төсін барынша қайқайтқанда, күнде көріп жүрген  кәдімгі көгершін құс – кептердің құйрығын жайып, төсін қайқайтқаны көз алдыма келе қалды да, екі қолын қанат секілді екі жаққа жайып жіберіп, кең пішілген ақ дамбал-көйлегінің етек-жеңін таңғы самал жел кернеп,  делбең-делбең етіп  жүгіргенде барынша зорайып, әне-міне дегенше Ан-2 жеңіл ұшағы секілді көкке көтерілетіндей болып көрініп кетті.  Осы көрініс бірнеше рет қайталанды.  Әсері санамда өмір бойы қалып қойды.

Кейін ұрпақтарынан естіп білсем, ол кісі құс төс болыпты, яғни кеудесі алға шығыңқы болған. Соған қарағанда басқа ешкімде кездеспейтін томпайып тұрған дене мүшесі ғарыштан қуат қабылдайтын «қанаты»  болған шығар, бәлкім.


           АСАТАЯҚТЫҢ АШУЫ

Торғай атаның  туған інісі Құлмахан молда Жамбыл облысына қарасты Жаңатас қаласының шет жағындағы   Дегерез деген  ауданда  тұрды, 90-жылдары дүниеден өтті. Ел сыйлайтын, ескіше сауатты кісі еді. Тұзға дем салып берсе, тіс ауруы сап тыйылатын. Жаңатастағы орталық мешіттің қазіргі тұрған орнын белгілеп беріп кеткен,  арабша оқып-жаза білетін адам-тын. Құлмахан молданың баласы Қалиолла Оспанов бүгінде Алматы қаласында тұрады екен. Жасы алпысты алқымдаған Қалиолла маған Торғай молдаға қатысты шешесінен естіген әңгімесін айтып берді.  «Шешем айтады: 1950 жылдардың аяғы.  Шолаққорғандамыз. Әкең үйде жоқ, бухгалтер еді, бір жаққа іссапарға кеткен. Түн ортасында үйге қалшылдап-дірілдеп Торғай атам келді. Ештеңе айтпай, таң атқанша аузы жыбырлап бірдеңе айтып, жалбарынып, қайта-қайта намаз оқумен болды. Таң ата есіктің алды дүрілдеген, гүрілдеген «Виллис» машинаға толып кетті. Ауданның сот төрағасы мен бас прокуроры дейсің бе, кілең шөпкетышарлар екен. Дауыстап атамды шақырады. Атам ашулы, «өңкей алқаш иттер» деп үйден шықпайды. «Сен шығып сөйлес» деді маған. Шықтым. «Мынау атаңның асатаяғы, бәлесінен аулақ, түнімен бәрімізді шошытып ұйықтатпай шықты» деп, атамның қолынан тастамайтын асатаяғын берді.  Бәрінің жүздері әлемтапырық, кірпік ілмеген. Сөйтсек, оқиға былай болыпты: атам кешке бұлақтың жағасына барып  дәрет алып, намаз оқиды. Асатаяғын қасына қойып қояды. Сол сәтте бұлақтың  басында  арақ ішіп отырған ауданның қызыл коммунистері, кілең дөкейлер, көбісі сырт жақтан келгендер, мастықтың буымен  «осы молданың ұшатыны асатаяқтың арқасы екен, біз де ұшып көрейік, біреуің білдірмей  таяғын ұрлап әкеліңдер» дейді. Торғай атам намазын оқып болып, аялап ұстайтын асатаяғын алмақ болса, орнында жоқ. Әлгілер алып қашып кеткен. Әрекеттері – құдайсыздық, нағыз надандық қой.  Киесі, кепиеті кетіп қалды деді ме, неден қорыққанын, сол күннен бастап атам қолына асатаяқ ұстамай кетті». 

Торғай молданың әкесі Оспан тәуіп бүкіл Арқаға әйгілі шөппен емдейтін емші болыпты. Ұрпақтарының бәрі Оспан тегін алып, төлқұжатқа солай жазылған. Оспан тәуіптің төрт баласы болған: Бұзау, Қозы, Торғай, Құлмахан. Бәріне жан-жануардың атын берген.  Күмбезді бейіті Жезқазған жақта деседі. Асатаяқ Торғай молдаға осы әкесі Оспан тәуіптен мирас боп қалған болуы керек. Бұл өзімнің жорамалым. Себебі асатаяқ мұрагерлік жолмен әулиешілік қонған адамға ғана тапсырылады, әйтпесе ол таяқты ешкім ұстауына, өзгелердің пайдалануына  болмайды.

Бүгінде асатаяқ сазды аспапқа айналған. Ал бұрын абыздар мен үкі тағып бақсылар ұстаған асатаяқ туралы небір аңызға бергісіз әңгімелер бар.  Есте жоқ ескі заманнан  Мұса пайғамбардың асатаяғын білеміз, таяғымен теңізді ұрған кезде асау толқын ортасынан қақ жарылып даңғыл жол ашылған. Қажет кезінде таяғы жыланға айналған.  Берідегі Пір Бекет атаның көк асасы туралы да көп айтуға болады. Дәл солардай болмаса да, Торғай молданың асатаяғының тылсым құдіреті болғаны ғой. Ол кісі теріс дұғаның күшімен жынды бағындыруы да мүмкін.  Ал жын өзін мазалаған адамнан міндетті түрде кек алуға тырысатыны дәлелденген. Асатаяғын ұрлап қашқандарға «ұр, тоқпақ» болып тиіскен сол таяқтағы қуат, аруақ, сиқырлы күш  деп ойлаймын.


             ӘУЛИЕНІҢ КЕРЕМЕТТЕРІ

Созақтың тұңғыш шопыры, бірінші көлік жүргізушісі делінетін Кәден ақсақал мидай далада артына шаң боратып, ішінен ыңылдап бірдеңе айтып, жаяу желіп бара жатқан  Торғай әулиені ала кетейін деп тоқтаса, «жүре бер» деп машинасына мінбепті.  Үш-төрт сағат жүргеннен кейін қараса,  Торғай молда машинаның қақ алдында тұр дейді. Көлігімен Бетпақдаланы жиі шарлайтын марқұм Кәден ақсақал осындай кереметіне талай куә болып, көпке жайып жүреді екен.

Осындай жүйріктігіне таңдайын қаққан әңгімені Созақ ауданы Жартытөбе ауылының бір қартының (есімін ұмыттым)  аузынан естігенмін. Адам емдеуге шақырған  Торғай молда кетерінде өзіне арнап сый-сияпат салынған дорбаны алуды ұмытып кетеді. Үй иесі жүгіріп сыртқа шықса, ізім-қайым жоқ. Қыстың күні, жерде әлі із түсе қоймаған  ақша қар бар. «Қайда кетті екен» деп төңіректен із барлайды. Сөйтсе,  оң аяғына киген галоштың  ізі табылыпты да, сол аяғына киген галоштың ізі 45 қадамдай жерден табылыпты. Одан әрі қанша іздесе де,  еш нәрсе табылмайды. Дереу ерттеулі тұрған атына қарғып мініп,  дорбаны іле салып, артынан  шаба жөнеледі. Бағыты Шолаққорған екенін, жаяу келіп, жаяу қайтқанын жақсы біледі.  Ауылдан ұзап шыққаннан кейін қараса, көз ұшында біреу  жаяу желе-жортып бара жатыр. Атқа қамшыны басып, жетіп алмақ болып қанша шапқанмен,  бәйге ат емес, қойға мініп жүрген қоңторғай аты  тез барлығып,  жаяу молда сол күйі жеткізбей кетеді. Мұндай оқиғалар  жетіп-артылады.

Жас күнімде талай  естіген осы Торғай әулие туралы ел аузынан дерек жинастырғанымда,  ауылдас інім, «Шалқар» радиосының белгілі журналисі, күйші Сәрсенғали Жүзбаев та кішкентай кезінде Торғай молданы көргенін айтты.  «Дәукен (ағасы) екеуміз  сәкіде ұйықтап жатқанбыз. Торғай молда келді дегенге оянып кеттік. Таң енді атып келе жатқан шақ. Шөкімдей ғана шал. Киімі алба-жұлба. Құйрық басып бес-он  минут отырды да, шешемнің берген бірдемесін алды да, ғайып болды. Ғайып болды дегенім, артынша ғана шықтық, жоқ» дейді. Міне, бұл да  жаңа ғана болған жанның  қайда кеткені белгісіз жұмбағы.

Созақ пен Сарысу қатар жатқан ел. Әулие  Шолаққорғаннан Жаңатасқа қарай  Қызылкөлді жағалап  жаяу барады екен. Сарысу ауданын көп аралаған кісі. Белгілі күйші Саян Ақмолданың анасынан естуінше, Думан деген ағасының тұсауын Торғай молда кесіпті. Көз байлайтын қасиеті де болыпты. Дүкенге жай қағазбен сауда жасап, мата-сата алғанын көрген екен Саянның анасы. Ал өзім туған Қарабұлақтағы  Салиха апамнан  өз құлағыммен естігенім «ой, Торғай молда ма, намазды құбылаға теріс қарап оқитын» деп, саңқ етіп күлгені. Соған қарағанда  намазға да оншалықты құнтақты болмаған-ау деп бір түйіп қойғаным бар. Бақсы дейін десең, жын шақырып, шоқ шайнап,  түрлі өнер көрсетпеген. Құмалақ салмаған, бал ашпаған.  Ол кісінің кейбір ерсі қылықтар жасайтыны, қалжыңдап  жалған  айтатыны өзгеге зияны жоқ, қайта өзгенің күнәсін өзіне алатын, орыстар айтатын  «святая ложь» болса керек.  Әулиелердің біреуі насыбай атқанымен, біреуі боғауыз айтқанымен, жер басып жүреді екен, әйтпесе машайық болып ұшып кететін кісілер екен. Осындай қасиет Торғай молдада да болған деп білемін.

Тағы бір созақтық жерлесім, Нұр-Сұлтан қаласындағы қуыршақ театрының актері, ұстаз Досымхан Бейсенбаев:  «Торғай молда менің шешеммен бөле болып келеді. Шешем айтады:  «Көрші ауылға шықтық, мен түйеге міндім, ол кісі жетектеп келеді, ауылдан шыққан соң «шамалы кідіре тұрайық, айналайын» деп, калошын шешті де, мәсісінің астына бәкісімен бір нәрсе жасады. Содан калошын қолтығына қыстырып, түйені жетектей жөнелгенде атамың табаны  жерден шамалы көтеріліп ауада қалықтап келе жатқанын, түйенің де жылдамдық қосып келе жатқанын көрдім. Не керек, атам жылдамдығын бірте-бірте арттырып, түйе борша-борша терге түсті. Ауылға жақындағанда  атам табанын қайта сипап, калошын киіп алды».  Керемет дерек емес пе?  Кейбір әулиелердің жалаңаяқ табанымен ыстық шоқ басса да күймейтіні, қақаған қыста жалаңаяқ жүретінінің сыры  физикалық терінің астындағы көзге көрінбейтін эфирлік дененің мүмкіндігін іске қоса алатындығынан деседі. Торғай әулиеден осы қасиетті аңғарамыз. 


ТУҒАН НЕМЕРЕСІМЕН ТІЛДЕСКЕНДЕ


Торғай әулиенің  өз кіндігінен  тараған ұрпақтары Түркістан облысы Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында тұрады. Туған-өлген жылдарына келсек, 1907 жылы Шолаққорғанда дүниеге келген. Соғысқа қатысқан майдангер, екінші топ мүгедегі.  Бір аяқ, бір қолы сал болып қалып, 1982 жылы  75 жасында Шолаққорғанда өмірден өткен. Бейіті Шолаққорғанның жанындағы Жеткеншек ауылында.  Руы Кіші жүз ішіндегі жабал-тама, оның ішінде зортұмағы. Кеңес деген жалғыз ұлы өзінен сәл бұрын қайтыс болған, тағы  бір қызы болған.  Кеңестен  жеті немересі бар. Шолаққорғандағы Жуас деген немересінің қолында әулиенің  адам бойымен пара-пар асатаяғы мен шошақ сәлдесі әлі күнге сақтаулы.

Торғай молданың ең үлкен немересі Ілесбек Оспанов бүгінде Сарыағаш қаласына көшіп кетіпті. Телефон арқылы тілдесіп, атасы  жайында көрген-білгенін сұрадым. «Торғай атам бірде қайда кеткені, өлі-тірісі белгісіз, жеті ай бойы жоқ болып кетті. Ол кезде хабарласа қоятындай ұялы телефон жоқ, сарғая күтумен болдық. Жеті айдан кейін үйге оралды. Сөйтсек, Сарыарқада жатқан әкесі Оспан тәуіптің бейітіне, ең кемі 500 шақырымдағы жерге  жаяу барып-қайтыпты.  Өзім де кезінде жүргізуші болып, Бетпақдаланы машинамен талай шарлағанмын. Бірде түн ішінде  колонна болып келе жаттық. Мен алда келе жатқанмын. Бір кезде қарасам, басқа жолға түсіп кетіппін, оны мен сезбеппін де, дәл қарсы алдымда балшықтан соғылған үлкен мазар тұр. Сөйтсем, адасып кетіп, тура бабам Оспан тәуіптің бейітінің үстінен түсіппін. Бұрын өмірі көрмеген, баспаған жерім. Жолдан қиыс жатыр. Қандай күш осылай қарай тартып әкелгеніне әлі күнге таңғаламын. Артымдағы колонна күн шыққаннан кейін  бір-ақ қуып жетті. «Қайда жоғалып кеттің?» деп олар да аң-таң. Тылсым дүниемен осылай ойда-жоқта бетпе-бет ұшырастым.  

Қазір «хижама» деп аталып жүрген  бастан қан алуды Торғай атам жақсы білетін, қандауырымен тырс еткізіп, ауру бастан қара қан ағызғанын талай рет көрдім. Алыстан сапарлап келгенде «қане, қайсың мәсімді шешесіңдер» дейтін. Баламыз ғой, мәсісін тартқылап  шешуге таласамыз. Мәсісін сілкіп қалғанда ішінен сарықұлақ ақшалар сауылдап түседі. Бәрімізге бөліп беретін. Атам жұпыны, қарапайым, елеусіз жүретін адам еді. Ешкімге ұрыспайтын, қатты сөйлемейтін. Балаларға үйірсек еді. Қалтасынан кәмпит, тиын алып, кішкентайларға таратып жүретін. Атамның ат болсын, машина болсын, көлікке мінгенін ешкім көрмеген,  тек қана жаяу жүретін, жүргенде де өте қатты жүретін, бала болсақ та, біз жүгіріп  ілесе алмай қалатынбыз. Ал ұшқанын көрмеппін, ондай  рұқсат етілмеген қасиетін көрсеткісі келмеген шығар, ал ауылдастардың аузынан ол кісінің кереметтері жайында таңғажайып әңгімелерді естіп өстік», – дейді немересі Ілесбек.  


Міне, жаратылысы ешкімге ұқсамайтын  айтулы жан, теріскейден шыққан Торғай әулие, Созақтың соңғы дәруіші жайлы  біз білетін шындық  осындай.

Төреғали ТӘШЕНОВ,

ақын, журналист


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Сакипбеков Жумабек 22 Мамыр, 2020

Менің әкем Сақыпбеков Бегалы 1951-1960 жылдары Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылында мектеп директоры болып, 1966-1975 жылдары Көкдала ауылындағы мектепте директор және ұстаз болып қызметтер атқарған Сол жылдары ұшатын кісі – Торғай әулиемен таныс болған. Әкейдің бір әңгімесінде Әулиемен Жайлаукөл ауылында бірге тамақ ішіп болған соң, аудан орталығы Байқадам ауылына есеп беруге баратын болыпты. Алайда Торғай әулие келіп тұрған көлікке мінбей, жаяу кеткен. Бірнеше сағаттан кейін әкейлер мінген көлік құм ішінде тоқтап тұрғанда қастарына Торғай әулие келіп, «Неге тоқтап тұрсыңдар» - деп ары қарай Созақ ауданының Шу совхозына қарай бет алып жаяу кеткен. Бұдан кейін 1966 жылы Көкдала ауылында тұрғанымызда Торғай әулие біздің үйде түстенген еді. Ең алғаш Торғай әулиені көрген сәтім сол еді. Тамақтанып болған соң, баратын жағына тағыда жаяу кеткен болатын. Ол кісі анамның жолға деп салып берген түйіншегін алмай, үйдің қасындағы интернат балаларына таратып берген еді. Сосын мен анамнан «Бұл кісі кім?» деп мен үшін тосыннан келген бейтаныс қонақ туралы қызыға сұрадым. Анам маған өз білгені бойынша Торғай әулиені сырттай таныстырды. Осы көрініс менің жадымда мәңгіге қалып қойды. Бірнеше жылдар өткен соң 1991 жылы Сарысу совхозына директор болып барғанымда сол кездегі Жайлаукөл ауылының қариялары Торғай әулие туралы әңгімелерді әредік еске алып айтып отыратын. 1998 жылы қызмет бабымен Жаңатас қаласына келгенімде Торғай әулиенің інісі Құлмаханның қызы Алима Оспановамен танысып, 20 жылдай қатар жұмыс істедік. Ол кезде Алима Жаңатас қаласында Абай атындағы орта мектеп директорының орынбасары болып қызмет істеген еді, Алима менің қарындасымдай болып жақсы сыйластық. Ол қазір Астана қаласында тұрады, зейнетке шыққан, немерелерін бағып отыр. Алиманың бойында үлкен әкесі бүкіл Арқаға әйгілі болған Оспан атаның жақсы қасиеттері бар еді, атасының тегін алып, төлқұжатқа солай жазылған. Жақында «Жас Алаш» газетінде «Теріскейден шыққан Торғай әулие, Созақтың соңғы дәрушісі жайында» деген мақаланы оқып, Торғай әулие және ұрпақтары туралы білетінімді осы естелікке жаздым. Сакипбеков Жұмабек Зейнеткер, Жамбыл облысы, Сарысу ауданының «Құрметті азаматы»

Жауап беру

Баған

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)

Сайт Әкімшілігі

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)