"Мәңгілік ел" ұстанымының ұстыны - біртұтас Алаш идеясы

Сайт Әкімшілігі - 19.05.2020415



АЛҒАУ СӨЗ

Бүгінгі қазақ қауымының танымы мен көзқарасы – былтырғы немесе күні кешегі көзқарас емес. «Рухани жаңғыру» – жаңғыра-жаңғыра «ұлы даланы даңғазаға» айналдырып, оны қусыра келіп «жеті қырлап», ақыры  тұйық тылсымға тіреліп тынды. Дәл қазір исі қазақ қоғамы жаңа идеяны – аңсарлы идеяға саңылау іздеп, толғанып, кейде дағдарып,  сананың сабылысында жүр. Алға жетелейтін, ұмтылдыратын, ұлтты тұтастандыратын, рухын оятатын идеясыз ешқандай мемлекет  ілгері баспайды. Сөзсіз тоқырауға ұшырайды. Тәуелсіздіктен бергі 30 жылда халық сенбейтін, ұлттың көзін бояйтын, мойынсынуға ғана бойсұндырған «мемлекеттік» деп аталған жалған идеясымақтар көп болды. Ол халықты өзіне тартқанның орнына жеккөрініске айналды, кері итерді. Тек «Мәңгілік ел» деген идея ғана ықыласты аударып, елді үмітті етіп еді, ол жай ғана алдарқату, әдемі тіркес болып шықты. Өйткені ешқандай негізсіз жасалған жасанды ұран ақыры жаңғырыққа айналып тынды. Кезінде ұлтты үміттендірген, сонау Көк түрік заманынан аңсарға айналған «Мәңгілік ел» идеясы Алаш идеясының да ұстанымы болатын. Кезінде Алаш рухын ұлт боп ұйытар-ау деген дәмемен біз осы бір мақаланы жазып едік. Өкінішке қарай, толық жариялауға ешқандай баспасөздің жүрегі дауаламады. Мұндағы «Мәңгілік ел» идеясын желеу етіп айтылған ұлттық бірлік мәселесі Алаш жұртының алдында кешегі күні де шешілмеді, бүгін де, әзірге  алға мақсат етіп қойылған жоқ, демек, ондағы тұтқырлы түйткілдер ертеңгі қазақ қоғамының алдында да тұратыны анық.

Қайталап айтамыз: дәл қазір қазақ қауымы толқымалы, толғаулы, дамудың тоғыз жолының торабында тұр. Ұлт боп ұйытуға негіз қалайтын, кешегіні талдап, бүгінгіні саралап, ертеңге жол бастайтын торапты құбыламыз қайсы? Жалаң жаңғырыққа айналдырмайтындай етіп қалайтын іргетасымыз қайсы? Өткеннің несін аламыз, бүгіннің несін түзетеміз, ертеңге не бағыт сілтейміз? Міне, қазақ қауымының дәл осы күндері шешетін мәселесі – осы. Мұны бүгін шешпесе, ертең кеш болады. Енді екі-үш айдан кейін мүлде басқаша саяси бағыт өрши өрістеуі мүмкін. Сондай сәттегі сынға Қазақ елі қашанда дайын тұруы керек. Сондай шағымды сәттерде ой салар-ау деген мақсатпен көк түріктер өркениетіндегі «Мәңгілік ел» аңсары мен Алаш ұстанымының  ұштасатын тұстарын бүгінмен байланыстыра айтылған ойларымды «Жас Алаш» арқылы оқырман назарына ұсынып отырмын. Мүмкін, бір ойдың ұшығын ұстатуға септігі тиер. Онда менің де аңсарымның орындалғаны.

                                                                                                                                                       Тұрсын ЖҰРТБАЙ



 БҰЛ «БІРЛІК – АҚЫЛҒА БІРЛІК ПЕ, МАЛҒА БІРЛІК ПЕ»?


Сонымен, ширек ғасырдан астам уақыт бойы қазақтың санасындағы ұлы аңсар – «Мәңгілік ел» деген ұлттық ұстанымға, мағыналы әрі нақты мақсаты мен міндеті әлі де толық анықталмаған ұғымға ұюға бет алды. Қоғам да, қоғамдағы қауымдастықтар да, саясат серкелері де бұл ұстанымды ұнатқан, мойынсынатын, мемлекеттік билік идеологиясы жүйесіне қолданатын сыңай танытты. Әдеттегідей «жасасындатудан» да кенде емеспіз. Алайда сол жасасындар кейде маған  кеңес тұсындағы саяси науқандардың әлдебір жаңғырығын күйтабақтан қайта естіртіп тұрған мағынасыз дабыра сияқты болып та естіледі.

Ашығын айтсам, «Мәңгілік ел» ұстанымы жөнінде «ду қол шапалақтау мен даурығу» бар, бірақ қойылған мақсат, белгіленген міндет, жүзеге асыратын іс-әрекеттің тетігі, жұмыс кестесі нақты көрсетілмеген. Әрине, саяси формулировка тұрғысынан алғанда өте сәтті әрі ауқымды, аңсарлы. Мағынасы да сырлы, жанға да жақын ұғым. Бірақ сол «Мәңгілік елдің» егетін дәні қайсы, мәңгілік елдің  негізін қалай және немен қалаймыз?

Ең бірінші, осы уақытқа дейін орын алып келген жанама жалаң «жасасындар» мен жалған статистикалардың пердесін қалай ысырып тастаймыз? «Шынның көзін бояған» (Абай), дәрменсіздік пен  жалтақ саясаттарға қашан тосқауыл қоямыз? Қашан күмәнді кілтипанның бетін ашып, оны тарихи, экономикалық, саяси тұрғыдан саралап, талдап, шешім қабылдаймыз? Қай міндетті мұқым ұлт болып алдыңғы ретте жаппай жұмыла атқаруға тиістіміз? «Мәңгілік елге» жеткізетін тура бағытымыз бен баспалдағымыз қайсы? Соны анықтап алуымыз қажет. Дәл қазір жүріп жатқан «Мәңгілік ел» туралы қилы деңгейдегі саяси, мемлекеттік, партиялық, ғылыми, қоғамдық, ұйымдық, ұжымдық, үйірмелік талқылауларда соның беталысы анықталып, шын мәніндегі мұқым ел сенетін ұлттық идеяға негіз етіп ұйытсақ елдігіміздің ертеңгі іргесін мәңгілік нығайтқан болар едік.

 Мұны сөз басында шұқшия қадағалап айтып отырған себебім – еліміздің дамуы мен дағдарысының дауасын көрсететін статистикалық мәліметтерге менің өте қатты кәдігім де, күмәнім да бар. Өзгені былай қойғанда, осыдан бір-екі жыл бұрын парламент депутаттары статистика комитеті төрағасының «өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың алатын орташа жалақысы 60-70 мың теңге» деген  мәліметіне шамданып, шалқасынан түскені есімде. Олар өздерінің қолындағы «саясатпен боялған» статистиканы малданып: «Сен бізді арандатып цифрды қасақана жасырып тұрсың. Біздің жұмысшылар айына 200-300 мың теңге алады», – деп даурығып, төрағаға саяси айып тақты.  Ертеңінде нақты мағлұматты қайта анықтап келген төраға парламент мүшелеріне: «Сіздердің қолдарыңыздағы ақпарат қайдан алынғанын білмеймін. Статистика мен цифр – саясат емес. Оңтайына қарай өзгертуге келмейді. Кешегі 70 мың теңге жалақы бүгін де 70 мың теңге қалпында қалады», –  деген соң ғана депутаттар деміктерін басты. Демек, олар мемлекеттік бюджетті екінші немесе үшінші бір жалған статистикаға жүгініп бекітіп жүрген болды ғой. Тура сол жылы  Германияның дүниежүзілік мұнай өнімдерінің табысын кестеге түсіріп отыратын статистикалық есептеу орталығы «Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі шетке сатылған тек қана мұнай өнімдерінен түсірген пайдасына онда өмір сүретін 16 миллион адамды 42 жыл бойы күніне  төрт сағат қана жұмыс істетіп, емін-еркін асырауға болады» деген мәлімет жариялады. Сонда бір мемлекеттің үш түрлі статистикалық көрсеткіші бар ма? Екеуі жалған-ақ болсын, сонда шындығы қайсы, қай статистикаға жүгініп «Мәңгілік ел» ұстанымының ұстанымы жасалды?

 Дамыған 50 елдің қатарына қосылудың қарқыны нарық бәсекесі  иелерінің өзара, бақталаса, иықжұлыса жағаласатын жаһандық ырғағының екпініне байланысты. Қалайда барыңды өз еркіңше базарлауға жібермейді, бермесең  –  зорлықпен ырықсыз ұсындырады, алмасаң – мәжбүрлікпен тықпалап береді. Тек соның екі арасында бәсекелесе отырып бопсаға шыдап, өз мүддеңді қорғап, өткізіп, «мықтының қолын» (Абай) әдепті түрде қағып тастап үйренуің керек. Бұл – қазіргі атжалман нарыққа негізделген күндес (оны өздері «ойын» деп атайды) саясаттың да заңы. 

Оның үстіне Қырым оқиғасынан кейін «Мәңгілік ел» ұстанымында  ашық, шұғыл және батыл шешілуге тиісті Еуразиялық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ деген халықаралық әңгіме саяси сахнаға шығып, көңілдегі күдікті де, күбірткіні де көбейтті. Мұның астарында не жатыр, оның негізгі бағыттары, шарттары, баптары, құрылымдары, жүзеге асырылу жолдары, жалпы, мемлекеттік тәуелсіздігімізге кепілдігі қандай? Бұл біз  ұмтылып отырған Дүниежүзілік сауда орталығына мүшелікке өтудің кезекті дайындық сатысы ма? Әлде Еуразиялық одақ дегеніміз –  Кеңес Одағы деген сөздің өңін аударған баламасы ма, жоқ, тек экономика туралы ғана шарт жасалмақ па? Ол экономикалық шарт экономикалық тәуелділікке алып келмей ме? Бұл осыдан бір жарым жыл бұрын «біріккен мемлекетаралық парламент» туралы Нарышкиннің интернет арқылы тарап кеткен бопса жарияланымының басыбайлы экономика туралы жалғасы емес пе екен? Ол жобада: шекара ортақ, қорғаныс ортақ, әскер ортақ, билік ортақ, сайлау да жалпыға ортақ, экономиканы республикалардың үстінен құрылған мемлекеттік құрылым билеп реттеп отырады, сол бойынша (Кеңес Одағы кезінде Байбаков басқарған атышулы экономика және жобалау комитеті сияқты) әр аймаққа тиесілі қаржы бөлінеді, яғни әрқайсымызға өз қалауына сәйкес сыбаға үлестіреді-міс  делінетін емеурін бар еді.

Ал мына Еуразиялық экономикалық одақтың құрылымы жөніндегі: «Интеграция дает возможность убрать таможенные барьеры и повышает конкурентоспособность. Поэтому у нас здесь чисто прагматический интерес – развивать страну, поднимать экономику и увеличивать ВВП. Что касается нашей политической независимости, то это константа, и Казахстан никому не отдаст суверенитет. Но определенные экономические полномочия мы добровольно будем передавать наднациональным органам, как это делается, например, в Европейском союзе, где Еврокомиссия решает таможенные вопросы, регулирует процессы в сфере торговли, тарифов, транспортировки нефти и газа, электроэнергии, железных и автомобильных дорог. Все вопросы в нашем будущем союзе будут решаться на основе консенсуса. Окончательные решения будут приниматься с согласия всех трех государств. Поэтому здесь никакого волнения не должно быть, это выгодно всем участникам, а в условиях кризиса – тем более. Интеграционный процесс будет продвигаться, и это тоже вопрос укрепления нашей независимости», –  деген (әдейі түпнұсқада алып отырмыз) түсінікті қалай түсінеміз?

    Бұл Еуразиялық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ, біздің түсінуімізше, яғни түсіндіруінше, Абай айтқандай, бұл «бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» болса керек. Ал «бірлік – ақылға бірлік емес, малға бірлік болса», онда: «Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа,  күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы» (Абай) Еуразиялық одақ болғаны. «Ағайын алмай, бірлік қылса керек» еді. Ал Еуразиялық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың мына «бірлігі» қай бірлік?!. «Ұлттық мүддеден жоғары мекеме» («наднациональный орган»)  дегеніміз қандай үкімет, кімнің үкіметі, кімнің шылауында, кімнің мүддесін қорғайды? «Өз еркімізбен беретін белгілі бір экономикалық өкілдік» (определенные экономические полномочия мы добровольно будем передавать наднациональным органам) барлық табыс көзін – сауданы, бағаны, мұнай мен газды тасымалдауды, электр қуатын, теміржол мен автокөлік жолын реттеп отырса» (регулирует процессы в сфере торговли, тарифов, транспортировки нефти и газа, электроэнергии, железных и автомобильных дорог), сонда біздің үкімет пен министрліктер жұмыссыз қалмай ма, әлде құжат дайындап беріп отыратын кеңсеге айнала ма? Егер әлгі «өзіміз еркімізбен берген» (ал кім өз еркімен бас билігін, ырысын, қазынасының кілтін береді және осыдан 300 жыл бұрын да «өз еркімізбен» бодандыққа өтіп, оның сазайын тартып көрмеп пе едік)  мына  «бірлік»  нағыз «антұрғандықтың басы осы» емес пе?!.

Демек, «ұлттық мүддеден жоғары мекеме» Қазақстан үкіметінің қаулы мен қарарына бойсұнбайды, демек, біздің парламент пен мәжіліс қабылдаған заң құжаттары да оларға жүрмейді, кеден мен шекара бақылауынан да, қорғаныс жүйесінен де, қауіпсіздік шараларынан да тыс қаламыз. Ендеше, ешқандай өкілеттігі мен өкімі, пәрмені мен дәрмені жоқ  биліктің үш бірдей құрылымы мен 97 мың мемлекеттік  басы артық қызметкерді (Ә.Бәйменовтің мағлұматы бойынша) таратып жібермей, неге бюджеттің есебінен «тегін асырауға» тиіспіз? Әлде мемлекеттік мекемелер мен қазыналық мекемелердегі қызмет орнына жарияланып жатқан қысқартулар мен мораторийлар соған астыртын дайындық па? Ұлттық идея ретінде ту етіп жалаулатып отырған «Мәңгілік ел» ұстанымындағы ұлттық бірліктің басты күретамыры   болуға тиісті мына «түсінік» бойынша,   тәуелсіз мемлекеттің бүкіл функциясы жаңадан құрылмақ «ұлттық құрылымнан жоғарғы» комиссияның, яғни бұрынғыша айтқанда, «бүкілодақтық экономикалық жобалау комитетінің» қолына көшеді деген сөз ғой. Ендеше, бұл «антұрған бірлік»  «Мәңгілік елді» қай мұратына жеткізеді, әлде бұл ұлттық ұйытқыны ірітетін  саяси  жоба ма? 

Міне, осындай кәдік пен күдіктер, «Мәңгілік ел» ұлттық ұстанымын жүзеге асыру тұрғысынан алғанда,  ашық жауап беруді талап етіп отыр. Ол үшін, яғни «Мәңгілік ел» ұстанымының саяси және ұлттық бағытын ұстануымыз үшін ең алдымен дәл қазіргі шешуші сәтте мемлекет ұсынып, шешуге ұмтылып отырған Еуразиялық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың саяси, мемлекеттік мақсат-міндеттері, құрылымы, даму бағдары, экономикалық  тиектері, мемлекеттік қауіпсіздік тетіктері нақты көрсетілген жобаның шарттары келешектегі «Мәңгілік ел» азаматтарының алдына жария етілуі тиіс. Жалпы қоғам мүшелері, әр саладағы тәжірибелі әскерилер мен қауіпсіздік мекемелерінің, мемлекеттік шекара мен жер комиссиясының, ауыр өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының, ғылым мен мәдениет саласының мемлекет қайраткерлері, мәмілегерлер мен халықаралық құқық мамандары, заңгерлер мен экономистер белсене қатысып, түрлі комиссиялардың пікірлері «Мәңгілік ел» ұстанымына  тоғысқан соң  барып саясаткерлердің сол нәтижелерді тиянақтауға кіріскені жөн еді. Ал бізде әуелі еш нәрсеге негізделмеген жалаң саясат ұсынылып отыр.  

Өйткені мына  жобаланып отырған Еуразиялық одақ пен Еуразиялық экономикалық шартта:  Қазақстанды рухани және экономикалық тәуелді ету туралы Ресейдің ХІХ ғасырдың соңында қабылдаған ережелері мен заңдарының, патша мен архиепископ қол қойған жарлықтарының  бүгінгі тілмен жазылған доктриналық және заңдық нұсқалардың  қолтаңбалары мен белсенді ықпалы аңғарылады, яғни «Күңкілдеп берер сазаңды», – деп Абай айтқандай, «күңкілдеп жүріп» сазамызды беруге бейімделіп кеткен сыңайлы. Оған  Кедендік одақтың шарттары толық дәлел. Мысалы, Кедендік одақтың атқарушы кеңесінің шешімінсіз енді Қазақстан үкіметі экономика, баға туралы ешқандай қаулы шығара алмайды.  Шешім қабылдау үшін жиналатын дауыстың 69 пайызының   57 пайызы – Ресейге,  7 пайызға жуығы ішкі өнімі Қазақстаннан гөрі басым – Белоруссияға, 4 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі.  Демек, біз қазіргі жағдайдың өзінде толық экономикалық тәуелді елміз. Біз аңсаған «Мәңгілік ел»  – тәуелсіз мемлекет осы ма еді?   Абай данышпанның:

«Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», –

деп айтып отырғандағы «ырығы» да осы ырық. Жердің астына, үстіне, аспанына иелік ете алмасаң – ырықтың кеткені сол емес пе?!. Республикамыздағы түрлі заңды, заңсыз қозғалыстар тура осы табиғи байлықтардың әділетсіз бөлінуіне тікелей байланысты туындап отыр. Олардың талабы: «Ата-бабамыз қанын төгіп, жанын беріп қорғаған жердің астындағы байлыққа қонған жаттың шыбынын қағып отыра алмаймыз» деген әділ талап. Мен бұл сөзді олардың өз ауыздарынан естідім.

Біз «жасасындатып» жүрген Еуразия идеясы – Еуропадан, Африкадан, Австралиядан бодандық үлестерін ала алмай, одан күдерін үзген ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыстық масондардың  идеясына негізделген. Ол доктринаның басты  мақсаты – Ресейдің шығыстағы үстемдігін орнату. Яғни, тағы да сол Абай айтқандай, «есті қашырмай» (үркітпей), еппен «құлдатып, қор қып жіберу». Еуразияшылдардың  рәмізіндегі екібасты самұрықтың  қарқарасына кергі бедерленген. Дугиннің тұжырымдамасында «православиелік славян империясын орнату» деп анық жазылған.  Сонда біздің жанығып жүрген Еуразиямыз – қандай Еуразия?!. Бұған жауап беруге тиісті біздің ұлттық зиялыларымыз, тағы да сол Абай дегдар айтқандай күйде: «Тура сөзін айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шіруге, Аз ақшаға жалданып, Өнбес іске малданып, Жол таба алмай сандалып» жүрген жоқ па?

Халық, зиялы қауым кезінде тәуелсіз мемлекеттің идеологиясы мен экономикалық тәуелсіздігіне  белсене араласа алмады. Ал қазіргі қоғамдық жағдай мүлдем басқа. Ленин айтқандай, «халық бұрынғысынша өмір сүре алмайтындай, орындаушы билік бұрынғысынша басқара алмайтындай» халге жақындап қалды.  Бұлай құмыға сөйлеуіміздің себебі – егер осылай ықтай берсек, онда Абай айтқандай:

«Танымадық,

Жарымадық,

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі», –

деген күйді басымыздан кешетінімізге назар аудару. Дәл қазіргі кезеңде «өзінің елін өзі аңду» науқаны – мемлекеттік режим деңгейінде алаңдата бастады.

Бұл жасыра алмайтындай ақиқат. Билік неге «өз елін өзі аңдып», қоғамдық пікірді тұқыртуға көшті, неге оқшауланып, шешімді томаға-тұйық қабылдап, тоңмойынданып барады? Бүгінгі халықтық қозғалыстың беті жаппай билікке тіке бұрылып, бетпе-бет келуге бет алды.   Қазір халықтық қозғалыстың нышандары бар.   Бірақ олардың  жекелеген оқиғаларға қатысты көзқарастары болмаса, жоғарыдағы жалпыұлттық мүддені қамтитын тұжырымдамалары әлі анық емес. Сондықтан да бұрынғыдай дайындықсыз, шарасыз, амал-құралсыз қалмас үшін «Мәңгілік ел» ұстанымы арқылы тәуелсіз мемлекеттің барлық мұраты мен мұқтаждығына жауап беретін жалпы ұлттық даму тұжырымдамасын жасау керек. Онда сонау «Мәңгілік елді» аңсаған көшпелі дәуірден бастап, кешегі біртұтас Алаш идеясының әр тармағы қамтылып, оны бүгінгі мемлекеттік құрылыммен, идеологиялық, экономикалық бағытпен, ішкі-сыртқы саясатымен, қауіпсіздік шараларымен тиянақты түрде салыстыра отырып, ертеңгі ұстанатын билік нысанасы анықталуы тиіс.

Бұл – жалпыға ортақ арман. Ашығын айтайын, дәл осы бір шетінді де шағымды кезеңде билік біртұтас Алаш идеясын қамтитын көкейкесті мәселелерге орай қандай көзқарас ұстанады – халықтың қолдауы да соған тікелей байланысты.  Өйткені қазір қабылданған шешім мен бағыт алдағы онжылдықтардың жолын ашады не «қайыс ноқтаны» қайта кидіреді.

Өз басым Алаш идеясын ту еткен кез келген қозғалысқа, оппозициялық немесе билік партиясын қолдауға дайынмын. Алайда олардың мынадай ұлттық мәселе жөніндегі ұстанатын саясаттары анық болуы тиіс. Саясат – өктемнің қаруы, әлжуаздың қияли қисыны мен амалы. Бізге әлі өктемдік біте қойған жоқ. Сондықтан да біздің алдымызда екі жол тұр. Біріншісі: аға сұлтандыққа сайланар алдында Құнанбайдың Шалғымбай төреге: «Мықты болсаң – бопсаға шыда», – дегенін есте ұстап, кеткен және кететін есемізді даулап бәсекеге түсу. Ал екінші жолы – балалардың шайтантаспаларындағы (мультфильмдегі) азулы мысыққа қарата мүттәйім мәуленнің: «Ағатай, тату өмір сүрейікші», – деп мүләйімсігеніндей, монтаны күй кешу. Тәжірибелі қайраткерлеріміз бен дипломатымыздың бірнешеуі  таяуда өткен бір үлкен ғылыми конференцияда іргеміздегі елдің жай кеңесшілері біздің түрлі салалық министрліктердің лауазымды қызметкерлерін – министрдің орынбасарларын кеңселерінің алдында жарты сағат бойы күттіріп қоятыны туралы мәлімет айтты. Өйткені олар әлгі қатардағы шенеунікпен иық тірестіре  бопсаға шыдаудың орнына бүгежектеп, емтихан тапсырған өренжілердей басын төмен салып тұратын көрінеді (мұндайда қайран Жұмабай Тәшенов пен Ілияс Омаров, Жанбаев қайда кеткен деген ой келеді). Ал осындай бүгежек кадрлар қандай одақтық шарт жасауға дәрменді? Мен де мұндай деректің төрт-бесеуін білемін.  Кедендік одақтың кезінде Өмірзақ Шөкеевтің бетін қайырып, оны «мықтының ығымен» қалай жасқағаны және үлес пайызын қалай төмендеткені, сол кезде Гүлжан Қарағұсованың парламентте: «Жыл сайын Қазақстан 70 миллиард теңгеден айырылады», – деп шырылдағаны, екі күннен кейін: «Мен атқарушы билік жағындамын», – деп  жуаси қалғаны туралы мәліметтер ақпарат бетінен әлі өшірілген жоқ. Дәл қазір де «сол мәймөңке» – сол мәймөңке күйінде сияқты. Қазіргі атқарушы билік осындай күштінің бопсасына дайын ба? Әй, қайдам.

Осы Еуразиялық экономикалық одақ туралы сындарлы ғылыми конференцияда билік пен заңдық құқықтарға, халықаралық келісімдерге араласып жүрген бір ғалым әлі қол қойылмаған, ниет хаттамасы күйінде ғана күші бар шарт туралы: «Енді көнбеске амал жоқ. Сондықтан бұл одаққа Армения, Өзбекстан, Әзірбайжан, Венгрия (?) сияқты елдерді тартып, тынысымызды кеңейтіп алуға ұмтылуға тиіспіз», – деді. Міне, Абайдың: «Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын», – деген жалған саясаты, «Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз –  жалғандықпен жалғанған көңіл жібі» деген жалған достығы, яғни одақтастығымыз «бопсасы» осы. Қазірдің өзінде «мықтының көлеңкесінен ығып, ықтасындап» (тағы да Абай) отырмыз, ертең бетпе-бет келгенде жерге кіріп кетпейміз бе?! Ысылған саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаев шекара анықтау және бекіту кезіндегі бопсаға шыдамаған боркеміктер  жіберген мұндай өкінішті «мәймөңкелерді» өзінің «Күншуақ пен көлеңке» атты мемуарында ашына жазған болатын. Сондағы әлгі «Мәңгілік елге» апаратын жолымыздың бір амалы, яғни «төзімділік» – «толерантность» саясаты дегеніміз осы «мәймөңкелік» пе?!

Жоқ, бұл – дәрменсіздіктің, пәрменсіздіктің, басыбайлылықтың, рухани дағдарыстың басы. Дәл қазіргідей түрлі шағымды саяси, экономикалық таңдау жолы тоқырай тоғысып тұрғанда бұдан шұғыл құтылып,  «Мәңгілік ел» ұстанымындағы әрбір жалған формулироваканы сылып тастап, оның баптарына ұлттық, экономикалық, саяси, мемлекеттік, рухани, мәдени мағына мен салмақ беретін, жауапкершілік жүктейтін міндеттерді енгізуіміз керек. Онсыз «Мәңгілік ел» ұстанымы мемлекеттің, қоғамның, ұлттың, әлеуметтің алдында еш нәрсе шеше алмайтын дәрменсіз, кезекті «жасасындату» ғана болып қалады.

 Мұқым қазақ ғылыми ой иелері мен саяси қайраткерлерінің дәл қазіргі сәттегі кезек күттірмей  күн тәртібіне қоятын мәселесі – Еуразиялық одақтың немесе Еуразиялық экономикалық одақ шарттарының жобасы және нақты қай мәселе бойынша қандай шарттар қойылды, онымен тікелей кім айналысып жатыр – соның барлығының баспасөзде ашық жариялануын талап ету. Сондағы әр бапты талдап, қоғамдық талқылаудан өткізіп, ең соңында оны  «Мәңгілік ел» ұстанымына негіздеп барып халықаралық шартты қол қоюға ұсыну. Бұл сол мақсатты тікелей жүзеге асыру үшін құрылып отырған жаңа үкімет мүшелерінің жекелей өз бетімен  шешетін және шеше алатын құзырлы мәселесі емес. Себебі мемлекеттің тәуелсіздігімен астасып жатқан саяси мәселені шешу үкіметтің міндетіне жатпайды. Ол – орындаушы билік. Ал саяси одақ – ұлттық қауіпсіздік, яғни  ұлттық тәуелсіздік, демек, мемлекеттік тәуелсіздік, ұлттық тәуелсіз экономика, ұлттық рухани тәуелсіздік (тіл, дін, діл), тәуелсіз дербес заң жүйесі мен тәуелсіз ғылым мәселесін қамтиды.  Біз ұстануға ұмтылып отырған «Мәңгілік ел» –  осы бесеуінің басын біріктірген ұлттық киелі таңдау. Оның   ұйытқысы – біртұтас Алаш идеясы.

Ал осы «Мәңгілік ел» және Алаш идеясы дегеніміз не? Ғаламдық сана мен ойлау жүйесiне жүгiнсек,  «Мәңгiлiк ел» ұғымының  идеологиясы  қазақ қауымына таныс. Бүкiләлемдiк жер бөлiсi жыл қайыруымызға дейiнгi, одан кейiнгi замандарда да жүргiзiлген.  Әрине, тәуелсіз мемлекеттің жалпы ұлтқа ортақ және оның мәңгілік бөлінбейтін ортақ меншігі болып табылатын жер және территория тұтастығы бірінші қатарда тұрады. Бүгінгі біз ұлттық ұстаным ретінде ұстанып отырған «өлiмшi  халықты   тiрiлткен...”[1] «Мәңгiлiк ел»  нысанасының түпкі ұлы қазығы да осы. Араға ықылым замандар салып барып қайта ұлтымыздың аңсарында айналып, мемлекеттік ұстын болып жаңара ұсынылып отырған «Мәңгілік ел» ұстанымы – ұлтымыздың түпкі аңсары.


                          ЖЕР ЖЕГІСІ – ЕЛ ЖЕГІСІ


«Мәңгiлiк елдiң» түпкі ұлы ұйытқысы – жер мен су. Өйткенi Тәңiртауды  түркі жұртына Тәңiрiмнiң өзi еншi етiп бергендіктен де, «керуен жүргiзушiлерден басқалардың» табаны баспауы тиiс, өзен-суы жаттың шөлiн қандырмауы және оны қаған – мұрагерiне, ата – баласына, ана – қызына» аманат қалдыруы тиіс. Сондықтан да «Тариат» көне жазба  ескерткiшiнде: «Түстiктегi шекара мен Алтай тауының батысын, Көгман тауының терiстiгiн сақтаңдар! Өйткенi Тәңiрiден жаратылған тәңiр тектi халықты құраған» Тәңiртау бұл деп өсиет еткен қасиетті мекен, яғни осы жер. Оның себебін «Күлтегiннің» кiшi жазуында: «Егер қазiр баяғы кексiз түрiк қағаны Өтүкен қойнауында отырса, онда ел мұңсыз болады. Ел тұтатын жер осы Өтүкен қойнауы. Өтүкен қойнауында отырсаң Мәңгi елдiгiңдi сақтайсың. Онда түрiк халқы тоқ», – деп түсіндірген. Соны білген ата түркі оғландары «төрт бұрыштан» (анталаған) «дұшпандарға» ...  сарбаздармен аттанып, төрт бұрыштағы халықты көп алды, бәрiн бейбiт еттi, бастыны еңкейттi, тiзелiнi бүктiрдi. Iлгерi Қадырқан қойнауына дейiн, керi Темiр қақпаға дейiн жайлады. Екi аралықта жүрген иесiз көк түрiктер осылай қоныстанды. Қоныстандырғандар – бiлге, алып қағандар мен бiлге, алып әмiршiлер» болды («Күлтегiн», үлкен жазу).

  Сөйтіп, мәңгi алаңсыз мекендейтiн «мәңгiлiк ел мен жер» туралы әпсаналар, міне, осылай, тасқа қашалған өсиетті аманат ретінде  исi түрiк қауымының аңсарына айналды. Ел жаңарып, ұрпақ жаңғырса да, осынау қасиеттi арман олардың жүректерiне рух боп ұялады. Соның нәтижесінде Қорқыт баба мен Асан қайғы iздеумен өткен  өлiм-жiтiмсiз ел мен жер – Жерұйық пен  Жиделiбайсын жұрты  туралы аңыздар туды, ол аңыз  «мәңгiлiк елдiң» ныспылы нысанасына айналды. Жер – «мәңгiлiк елдiң» киелi кепiлi. Жыл санауымыздан бұрынғы IV ғасырда өмiр сүрген Мөде тәңiрқұты дұшпандары арандату мақсатында одан астындағы атын, қойнындағы қатынын сұратқанда олардың айтқанына көнедi. Ал ешкiмге керексiз сортаң жердiң пұшпағын сұратқанда, «Қатын мен хайуанды ел үшiн қиюға болады. Орны толады. Ал жер – Отанның белгiсi, елдiң мәңгiлiк еншiсi. Ат пен қатын табылады, жер табылмайды. Соғысамыз», – деп намыстанып, түн қата аттанып, жауын жер жастандырады. Құнанбай да: «Ел өседi, жер өспейдi», – деп, Шыңғыстың ұлтарақтай пұшпағы үшiн өмiр бойы ағайындарымен жағаласып өттi.

Мөде мен Құнанбайдың арасын екi жарым мың жыл бөлiп тұр. Бiрақ та жерге деген көшпенділердің құрметі мен елдiк саясат өзгермеген. Оның басты себебi – атадан балаға аңсар ретiнде көшкен «мәңгiлiк елдiң» нысанасы. Ал бiз күннiң ашығында, айдың аманында атақоныстың өңiрiн өз қолымызбен жыртып бердiк.  Біз етегімізден кесіп берген тура сол жер жаттың қолында кетпесiн деп байырғы түрiк қағандары: «Өтүкен қойнауындағы Сүңгi Башқан жайлауына тақ пен сарай орнатты. Мың жылдық, түмен күндiк жазу белгiлерiн осында жалпақ ауыр тасқа жаздырды. Өйткенi онда көктегi Көк Тәңiрi жарылқаған түрiк елi өмiр сүрдi, елдiгiн құрды. Төменде қара жер  жарылқады, сол жер үшiн төрт бұрыштағы халық күш-қуатын сарп еттi. Жаулары өз үлесiнен айырылды» («Тариат» жазуы).

Бiрақ заман бiр төңкерiлiп түскенде тақ та, сарай да, «мың жылдық, түмен күндiк жазу» да жаттың уысында қалды. Осы тұрғыдан алғанда жер жөнiндегi «мәңгiлiк ел» нысанасында тасқа қашалып тұрып жазылған: «Адамға өлiм бар, елге өлiм жоқ», – деген қасиеттi қағиданы ешқашан да жадымыздан шығармауымыз керек. Аталарымыздың өсиетiне жүгiнсек, жат қолына кеткен ел мен жер – «өлi дүние». Қазақ ұлтының сөгiлген қабырғасы бiтiп, босқан «бүдіні» (елi) бүтiнделiп, кеткен жер мен ел есесi әлi толық қайтып болған жоқ. Демек, бұл да елiмiздiң ертеңi үшiн тiкелей қатысы бар тәмсiл.

Демек, сол өркениеттің бүгінгі жұртында бұл идеяның қайта түлеуі заңды, дәстүрлі құбылыс. Бұл идея тәуелсіз мемлекеттік құрылымды орнатуға ұмтылған «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің біртұтас Алаш идеясында  нақтылай тұжырымдалды.

Көне түркі жазбаларындағы бұл үлгi бүгінгі «Мәңгiлiк ел» үлгiсiнің қормалды. «Мәңгiлiк ел» нысанасы  – «аспан мен жер, су жаратылғалы» Тәңiртауының сағасын мекендеп келе жатқан, «жетi рет жер жаңартқан» (Шәкәрiм) көшпелi түрiк жұртының, оның тікелей мұрагері – бүгінгі Қазақ елінің  ұлы арманы, түркі-қазақ әлемi мен руханиятының ұйытқысы. Демек, жер мен су болса ғана қазақ қауымы мәңгiлiк ел қалпын сақтап қалмақ. Өйткені «мәңгiлiк ел» нысанасы көшпелiлердiң рухани кеңiстiгiнiң қасиеттi болмысы. Оның мәңгiлiк сыпатына Тәңiр мен Ұмай ана, жер мен су кепiл.  Мұндай ғаламдық кеңiстiк деңгейiндегi кепiлдiкке ие болған түрiк жұртының құрып кетуге кеше де ешқандай құқы жоқ болатын, бүгін де «құлданып, күңденіп кетуге» құқы жоқ, ертең де «жойылып, сіңіп» кетуге қақысы жоқ.

Алашорданың   орнатайын дегені де сондай мәңгілік аңсарға ұйыған   ұлттық демократиялық мемлекет. Ал Алаш идеясының басты аманаты – жерді ұлттың игілігіне мәңгі аманатқа қалдыру. Қазақ мемлекеті үшін ең басты мәселе – жер, жер және жер. Өйткені жер – Отан, жер – экономика, жер – қорғаныс, жер – рух, жер – мәдениет, жер – намыс. Жерсіз мемлекет өмір сүре алмайды. Әр ұлт, әр сарбаз өз елін «менің жерім» деп қорғайды. Жерінен айырылған мемлекет өзінің бостандығынан, тәуелсіздігінен айырылады (айтпақшы, біздің  әнұранымыздағы Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің елім, менің жерім!» деген  жыр жолдарындағы «жер» деген сөз  неге  алынып тасталды?). Жер – мемлекеттің меншігі және Отан деген ұғымның басты кепілі.   Ендеше, «Мәңгілік ел» ұстанымының қасиетті қағидасы да осы жерге негізделуі тиіс. Сонда сонау көне аңсармен – бүгінгі аңсар, бүгінгі аңсармен – ертеңгі аңсар өзара мәңгі ұштаспақ. Әйтпесе бүгінгі ұзын-ырғасы 13-15 латифундистің меншігіндегі жер «мәңгілік елдің» мекені бола алмайды. Қырымдағы қитұрқының тонын сыртына аударып: «Жер – өзіміздің жекеменшігіміз. Сондықтан да оны қай мемлекеттің    құрамын қаласақ, соған бағындырамыз. Сол үшін референдум өткіземіз», – десе, Біріккен Ұлттар Ұйымы да, Еуропалық одақ та ештеңе дей алмайды. Өйткені олардың басты қағидасы жеке капитал мен жекеменшікті қорғауға құрылған.

Демек, бұл мәселеге қайтып оралып, жерге жекеменшік мәселесін бүкілхалықтық референдум арқылы шешпей, «Мәңгілік ел» ұстанымы да тиянақталмайды.  Өйткені «Мәңгілік елдің»  мәңгілік мекендейтін, оны асырайтын, паналайтын тұрақты жері   болуы керек. Қазақстан жерінің 77 пайызы латифундистердің қолында. Сонда «Мәңгілік еліміздің» Өтүкені, Жиделібайсыны, Жерұйығы қайда? Біз кімнің жерін басып жүрміз? Қазақстанның фаунасы мен флорасының алтын қоймасы саналатын қорықтарға тиесілі аң аулау шаруашылықтарының 90 пайызынан астамын  «бауырластарымыз бауырмалдықпен» бауырына басып, меншіктеп алғаны туралы нақты деректі оқығанда Арқангер мен Алматы қорығындағы қанды қырғын есіме түсті. Егерлердің мылтықсыз жүрмейтіні белгілі, демек, олар қару-жараққа да ие.

Енді осы сөздеріме нақты жанама мысалдар келтірейін. Мен осыдан бес жыл бұрын Торғайдағы Ахмет Байтұрсыновтың атамекені  Ақкөлге бардым. Бұл – 2000 шаршы шақырым аумақтағы  құрдымда жатқан көл. Яғни Арқалыққа дейін – 600, одан Торғайға дейін – 500, Торғайдан әрі қарай 170 шақырым жерде орналасқан, торғайлықтарды  ашаршылықтан аман сақтап қалған көл. Сол көл 2006 жылы жекеменшікке сатылып, Торғайдағы 17 кеңшардың халқы балықсыз қалыпты. Торғай жері сарытопырақты болып келетіндіктен, онда сабағы қоға, басы бидайық сияқты қоқа деген өсімдік қана өседі. Оны мал жемейді, егін салуға келмейді. Яғни халықтың күнкөріс көзі – балық аулау ғана. Кейінгі жылдары сол Ақкөл тартылып, балығы шіріп, жағаға шығып қалыпты. Ақкөлдіктер: «Ең қорлығы сол – биылғы жазды өзімізге қызығын көрсетпей отырған біреудің балығын тегін жиып, өртеумен өткіздік», – дейді. Сөйтсек, әлгі көл иесі балықты өзі де аулап жарытпайды, жергілікті тұрғындарға да аулатпайды екен. Содан кейін су тартылып, балықтар шіри бастаған. Балық шіріген жерде індет тарайды. Сонда жалғыз күнкөрісінен айырылған ел не істейді?

Тағы бір мысал. Бір жылдары  Шығыс Қазақстанда өскен шөп адам бойынан асып кетті. Ал сол жылы  Семей өңіріндегі басты мәселе шөп тапшылығы болды. Алтайдың сілеміндегі адам бойынан асатын шөпті шабуға болмайды. Өйткені ол біреудің жері. Кімнің жері?  Әйтеуір, қазақтыкі емес.  Өйткені бәйектің дені Ертістің арғы бетінде.  Сондай-ақ Қазақстанның көп аймақтарында сол жылы егін бітік шыққанымен, орылмай қалды. Неге? Өйткені Қазақстанның солтүстіктегі қаратопырақты аймақтарындағы бүкіл егін аумағының дені 7-11 латифундистің меншігі. Солтүстіктегі облыстардың барлық элеваторлары «жат қолында» (Ғ.Мүсрепов). Ал олар, әрине, шағын серіктестерден гөрі латифундистердің өнімін көтермелеп сақтағанды жөн көреді. Ауыл шаруашылығы министрінің бұл мәселені шешуге шамасы жетпейді. Өйткені ана жер Кулагиндікі, мына жер Терещенконыкі, үшінші бір жер Мәдиновтікі, төртіншісі... Мен өз сөзімнің дәлелін алдын ала айтайын, қазақ жерінің аумақты көлемін әртүрлі бүркеншік атпен меншіктеп алғандардың дені – Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері. Ассамблеяға саясатпен айналысуға құқық берген соң, ассамблея мүшелері  жер саясатымен еркін және белсенді түрде араласуға бет алды. Бейне бір   патша заманындағы жерді отарлау, бөліп беру саясатын жүргізген земствоның міндетін қолына алған сияқты. 

Осындай бір алқа-қотан отырыста пікір айтылған тұста қазақтың ой қормалы, оқымысты Аманкелді Айталы дегдар: «Тұрсын Жұртбайды қолдасақ, біраз уақыт көптеген мүмкіншіліктерден айырылып қалдық. Қадіріміздің қашқанын енді біліп жатырмыз ғой деймін. Мысалы, жер мәселесінің бұдан да әрі ушығуы мүмкін. Бір жағынан алғанда, Ресеймен шекараны анықтау үлкен жетістік. Жалпы, орыстар қазақтармен шекараны анықтауға ешқашан да көңіл бөлген жоқ. 2005 жылы қараша айында Ресей мен Қазақстанның шекарасын анықтауға арналған отырыс болды. Бірінші нүктесінен бастап, көлі бар, сайы бар, суы бар, орманы бар, тауы бар – әрбір метріне дейін екі тілде жазылған 500 бет кітап екен. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин осы мәселені бір күнде келісіп шешкен. Біз өте үлкен құлшыныспен ратификация жасадық қой. Сонда «жер берілмесін» деп Ресейдің 36 депутаты өре түрегелген. Путин болса «қазақ деген жақсы халық» деп тоқтатыпты. Өйткені қазақтан басқа Ресейді қолдайтын ешкім қалмады ғой. Украинасы анау, Балтық жағалауы анау, Кавказы анау. Соның өзінде күні бүгінге дейін шекараның әлі шешілмеген мәселелері бар. Десек те, бұл үлкен жетістік. Осы хаттама БҰҰ-ына кетті ғой. Халықаралық күшке енді. Қытаймен де сол сияқты. Ал еншімізді алғанмен, ел ішіндегі мәселені келістіре алмай жатқанымыз рас. Балқаштан былай қарай 30 млн гектарға жуық жер әскери полигон. Оның жалдық ақысы да көп емес. Сол жерлерге де қазақ малын жая алмай отыр. Бұл зымырандық полигондар. «Бұл да еліміздің қорғанысы, бұл зымырандар тек Ресейді емес, бізді де қорғайды» дейді. Өз еліміздің байлығына ие болу, жерді тиімді пайдалану және рухани мәселелерді шешпеу – бұл, әрине, әсіресе Ресейдің ақпараттық үстемдігі», – деп бізді қостап еді.

Әулие екен. Міне, енді Қырым оқиғасын көзбен көрген соң, көңіліміздегі күдік пен кәдік бұрынғыдан да ұлғайып отыр. Жер мәселесі – қазақтың тәуелсіздігінің кепілі. Ендеше, бұл мәселеге қайтып оралу керек. Бәлкім, бұл мәселені бүкілхалықтық референдуммен шешкен дұрыс шығар.  Әйтпесе біздің бүгінгі күйіміз баяғыда біз оқыған мектептегі тарих пәні оқулығындағы бір аяғымен жер басып тұрған орыс мұжығының суретіне ұқсайды. Әлихан Бөкейханов айтқандай, «Қазақтың байырғы жерін қашан ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмеуі» тиіс. Өйткені  жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жекеменшікке айналдыруға да болмайды. Қазір қазақ жері өзінің тарихи иесінен айырылып қалды. Ал «Мәңгілік ел» ұстанымының ұстыны – жерсіз ұстын емес, «қағылған қазық» қана.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ





Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)

Сайт Әкімшілігі

Жұмысы бар азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, 42 500 теңге алуға тырысқан (видео)