Талғат ТЕМЕНОВ, кинорежиссер: Телеарналарда қазақ руханиятының орны ойсырап тұр

Сайт Әкімшілігі - 19.05.2020810

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің назарына! 

Бүгінде еліміздегі телеарналар қызметіне көңілі толмайтындар қатары өте көп деуге болады. Мұның себеп-салдары тереңда жатыр және жұрттың уәжі орынды. Өйткені қазақ көрерменіне толыққанды қызмет көрсете алмай отырған «көк жәшіктің» кілтін қолына ұстаған азаматтарымыз ұлттық құндылықтарды жан-жақты насихаттау орнына жеңіл-желпі дүниелермен  бағдарламаларды толтырып, рейтинг қуып кеткені өкінішті.  Біз осы орайда қоғам қайраткері, белгілі кино және театр режиссеры Талғат Теменовтың ой-пікірін жариялағанды жөн көрдік

Құрметті Аида Ғалымқызы!

 Сізге гүл шоғын алып, кабинетіңізге барудан гөрі бүгінгі қордаланып қалған, көптен шешуін таба алмай жүрген қиын да күрделі мәселе туралы айтқым келіп тұр. Ол – бүгінгі қазақ руханиятындағы, қазақ мәдениетіндегі телевидениенің орны. Телевидение – 60 жылдық тарихы бар, біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігі. Алпыс жылда қаншама өскелең ұрпақ көгілдір экран арқылы өсті, ержетті, қаншама жаңалықтың куәсі болды. Қазақ телевидениясы егемендік алғалы бері  өз бағыт-бағдарын анықтаған сала. Одан басқа, жекеменшік көптеген телеарналар ашылды. Өздеріңізге мәлім, «Хабар» мен «Қазақстаннан» басқасының барлығы жекеменшік арналар. Олар – КТК, «31 арна», НТК, СТВ, «Той-думан», «Гәкку», «Астана», «Тұран» т.б. Алайда бүгінгі күнде саны бар, сапасы жоқ телеарналар қаптап кетті. Мысалы, карантин басталғалы қойылған кино, музыкалық бағдарламалар, әзіл-сықақтардың барлығын қарап отырып көзімнің жеткені – қазақ телевидениесі ең алдымен музыкалық жеңіл-желпіге құрылған арна болса, одан кейінгі әзіл-сықаққа құрылған дүние екен. Өкінішке қарай, осы екі айда мен бірде-бір арнадан терең, тарихи мағлұмат алатын, адамның санасына да, жүрегіне де тиетін ғылыми болмаса бала-шағаңмен ұялмай, еркін көретін бірде-бір арна таппадым. «24 kz» хабарынан басқаның барлығы тауықтың жұмыртқасы секілді. Біріне-бірі ұқсас. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, бұл ұлттық арнамыздың сапасының төмендеп кеткенінің көрінісі.

     Қатты айтсам айып етпеңіз, Шерхан Мұртазадан кейін қазақ телевидениесі бір басшыға жарымай-ақ қойды. Бүгінде «Қазақстан», «Хабар» сынды арналардың басшыларына кіру министрлерге кіруден де қиын. Қаптаған полицейлер, жоғарғы жаққа өтетін арнайы рұқсат, арнайы кілт,  төрағаға кіру үшін арып-ашып, «Темір таяғым тебендей, темір етігім теңгедей» демекші, аса зор қиындықпен ғана кіре аласың. Осындайда қалаған кезде барып, «Шераға, қалыңыз қалай?» дегенде, «Келе ғой, айналайын!» дейтін Шерағаңды іздейді екенсің. Қадіріңді де, өзіңді де сағынады екенсің, қайран көке! Кезінде «Қазақстан» телеарнасының басшысы Ерлан Қарин мырзаға «Қазақстанда»,  «Хабарда» көркемдік кеңес болса, ақылдасып, яғни стратегиялық бағдаршамды белгілейтін болса» деп айтып едім. Ол ұсыныс аяқсыз қалды. Және бір айта кететін мәселе, телеарнадағы мамандар мәселесін қарау керек. Өйткені ондағы операторлардың көпшілігі кәсібін үйде үйренгендер. Режиссерлардың да жетісіп тұрғаны шамалы. Ішінде кәсіби режиссер, оператор, гример, стилист мамандығын бітіргендер телевидениеде жоқтың қасы деуге болады. Біз бүгін толыққанды хабар алу үшін ең алдымен мамандар тәрбиелеуіміз керек, яғни оқытуымыз керек.

    Осыдан біраз жыл бұрын Токиодағы кинофестивальға барып едім,  сонда менен NHK каналы интервью алды. Мен сол журналистің білімділігіне, зеректігіне, кино тарихын, соның ішіндегі совет киноларын,  әсіресе Ресей, одан соң қырғыз, қазақ, өзбек, түрікмен киноларының тарихын жетік білетініне жағамды ұстадым. Одан «Қай университетті бітіріп едіңіз?» дегенімде, «Токиодағы телевидение режиссурасын бітіргенмін» деді. Міне, бұл журналистің білімділігін көрсетіп тұр.

     Бүгінгі телевидениенің басты проблемасы – рейтингі мәселесі. Ол кімге керек, түсінбедім. Түсінетінім – бұл халыққа керек емес.  Рейтинг жарнама беретін жекеменшік компаниялар мен телеарналардың басшыларына ғана қажет. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы зерттеулерге қарасақ, рейтинг  бойынша аудиториясы ауқымды, хабарлары сұранысқа ие арналардың көшін «1- Еуразия», НТК, КТК арналары бастап тұр. Ал «Қазақстандағы» «Сыр-сұхбат» бір күнде әрең дегенде – 5,1, «Ел арнадағы» «Жарайсың» 0,2 пайыз көрерменді зорға жинаған. Қазақша бағдарламалардың рейтингіне қарап отырып қарның ашады.

      Сіз бен біз күнделікті тамашалап жүрген әрбір бағдарламаның қанша көрермені бар екенін, әр бағдарламаның рейтингін 1997 жылдан бері TNS Gallup Media Asia атты компания анықтап келеді. TNS Gallup ұйымы жыл сайын 100 мыңнан астам тұрғыны бар ірі қалаларда 700 отбасына пиплметр атты арнайы құрылғы таратады. Сөйтіп, телеметр орнатылған үйдің отбасы мүшелері телерейтингті зерттеуге қатысатын респондент атанады. Теледидарға жалғанған пиплметр күнделікті неше респонденттің қай  телеарнаны қанша уақыт көргенін есепке алады. Телеөнім белгілі деңгейде рейтингке ие болып, арнаға пайда әкелуі тиіс. Әрбір рейтингтің артында қыруар қаржы тұр. Олай деуімізге себеп – жарнама берушілер жоғары рейтингке ие болған арналарға ғана рекламасын ұсынады. Осыдан-ақ рейтингтің нендей құдірет екенін бағамдай беріңіз. Және ең сорақысы – сол жарнама, рекламалардан түскен қаржының кімнің қалтасына баратыны белгісіз. Міне, рейтингінің бізге беретін анализі осындай.

     Қарап отырсаңыз, осылардың барлығы ұрпаққа деген, өскелең жастарымызға дейтін қамқорлықтың жоқтығы. Рейтинг қуамыз, ақша табамыз деп біз ұлттық тәрбиеден, ұлттық кодтан айырылып бара жатырмыз. Біз ұлттық кодтан айырылған күні қазақ халқы жер бетінен жоғала ма деп қорқамын.  Мен телевидениенің басындағы басшылар контент жинаймыз, абырой жинаймыз деп, қазақ халқын бірте-бірте мәңгүрт қыла ма деп қиналамын. Бұл ұлтқа дейтін не жауапсыздық, не білместік.  Артық айтсам кешіріңіздер. Өйткені жер бетінде  қазақ халқынан басқа менің ұлтым, байлығым жоқ. Мен қазақ халқы үшін, оның менталитеті, ар-ұяты үшін, оның мәдениеті, тарихы үшін, оның болмысы үшін болашақ ұрпақтың ананың сүтінен басқа, ұлттық рухани қормен қоректенгенін тілейтін қазақтың қара баласымын. 

    Міне, бүгінгі жағдай осы. Біз теледидар не берсе соны «жейміз». Олар жоғарыдан не жіберсе, біз соны көреміз. Яғни өз ақшамызға өзіміз қарайтын дүние көре алмаймыз. Бұл тек қана басшылардың ой-өрісіне, оның интеллектісіне, эрудициясына, болмысына, ұлтқа дейтін жанашырлығына келіп тіреледі. Иә, халықтың руханияты, мәдениеті, ол сіздің жеке басыңызға, сіздің менталитетіңізге тікелей байланысты руханияты екенін естен шығармаса екен телевидение басшылары. Телевидение – халықтың ортақ қазынасы. Сол ортақ қазынаны халықтың өзіне қайтару керек. Мұқағали «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегендей, қазақтың руханиятын, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, тілін, дінін, ұлттық тәрбиесі мен құндылықтарын телевидениедегі көркем тілмен қазақтың жанына, жүрегіне қайта жолдау керек. Сіздер сол үшін жалақы алып отырсыздар. Сіздерге рейтинг жинау үшін ақша төлемейді. Ұлтқа қызмет етсін деп ақша төйлейді. Ұлтқа қызмет ету бір басқа, рейтинг жинау бір басқа. Міне, солай, қадірлі ағайын, телевидение басшылары. Ұлттың ертеңгі ұлт болары не болмасы сіздердің қолдарыңызда екенін енді ұққан боларсыздар.

     Иә, біз көп нәрседен кешіктік, көп нәрседен айырылып қалдық, мынау біздің соңғы аялдамамыз. Мынау біздің соңғы бекетіміз. Бұл руханияттың, менталитетіміздің,  байлығымыздың соңғы аялдамасы деп түсініңіздер. Көзді ғана емес, көңілді де үркітіп біткен бүгінгі жаһандану заманында басты тәрбие құралы не? Әрине, телеарна. Қолымызда бар бүкіл тәрбие құралдарының тетігі оң бағытқа қызмет етпесе ұтыларымыз хақ.

    Кейде телеарналарымыз ұлттық құндылықтарымызды емес, өзге елдің мүддесін қозғап жүргендей әсер қалдырады. Мәселен, сериалдағы ұрыс-керіс, жанжал, ата-ананың балалармен қарым-қатынасы, ене мен келіннің арасындағы шиеленіс, ағайындылардың бір-бірімен алакөзденуі, әпкенің сіңлінің отбасына ортақтасуы (керісінше де болуы ғажап емес), жезде мен балдыздың арасындағы махаббат хикаялары және тағы басқа сериалдардағы түрлі «ғажайыптардың» адам психологиясына әсері болмауы мүмкін емес.

«Сериалдағы факторлар адамдарға қаншалықты әсер етеді?» деген сауалға жауап іздегендер мынадай қорытынды шығарыпты: 21 пайыз адамдар қастандық жасауды үйренсе, 14 пайызы меланхолияға шалдығады. Сериал музыкасының адамдарға әсер етуі 26 пайыз болса, сценарийдің әсер етуі  6 пайыз ғана.

    Әдетте кино дегеніміз идеология деп жатамыз. Сол киноларды күнделікті көрсететін телеарналар. Қазақстан телеарналары тәуелсіз еліміздің идеологиясына қызмет етуге тиісті емес пе? Еліміздің жастарына патриоттық тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, қазақтық қалпымыздың құндылықтарын кеңінен насихаттау, елдік және мемлекеттік рухты өрлету секілді маңызды мәселелер сол рейтингтердің тасасында қалып қойды.

Телеарна басшылары Еуропа мен Американың ең озық фильмдерін сатып алып көрсетуге келгенде қаржы аяйды, өйткені түріктің, кәрістің, үндінің арзан киноларын прокаттау әлдеқайда оңай әрі жеңіл. Енді мұның артында қандай батпан құйрықтың жатқанын бағамдап көрейік. Үнді фильмдеріне біздің жастарымыз тез еліктейді. Қазіргі таңда кришнаизмге кіріп кеткен жастар аз емес. Үнді сериалдарын ұдайы көру адамның, әсіресе он екіде буыны бекімеген, бұғанасы қатпаған жас ұрпақтың әлі қалыптаспаған санасын жаулап алатыны белгілі. Осыны ойлаған телеарна басшылары бар ма екен? 

     Осы карантин кезінде мен тікелей эфирде онлайн сұхбат бердім. Сонда мен түсірген «Судағы із» сериалы «Қазақстан» телеарнасынан неге көрсетілмейді?» деген сұрақ көп қойылды. Осы мәселе бойынша «Қазақстан» арнасының басшыларына хабарласып едім, олар «Судағы ізді» қараша  айында көрсеттік, екіншіден, сол киноны көрсеткенде біздің рейтинг түсіп кетті» деді. Яғни қазақ киносынан гөрі түрік киносы жоғары бағаланады екен.

    Көретініміз – түрік, үнді, кәріс, орыс, малай, филиппин кинолары. Сонда қазақ кинолары қайда?  Бұл жерден туындайтын нәрсе – телевидение тек уақыт өткізетін, күлдіретін арна емес, көгілдір экран ең алдымен идеология орны. Өкінішке қарай, егемендік алғалы бері «алдымен – экономика, сосын –  саясат» деп жүріп, біз идеологиядан айырылып қалдық. Идеология – мемлекеттің үлкен құралы. Ал бүгінде бізде идеология бар ма? Тәуелсіз Қазақстанды жырлаған қай идеологты білеміз? Бүгінде тәуелсіздікті паш ететін, халықтың ойын алға сүйрейтін, егемендікті дәріптейтін ұлттық идеологияны алға сүйрейтін бірде-бір телеарна да, оның басшысы да жоқ.

Кеше ғана дүрілдеп өткен Жеңіс туралы ойлансаңыз, совет халқы қиындыққа қарамастан, жауды қалай жеңді десеңіз, ол ең алдымен батырлық пен идеологияның бірінші қатарда тұрғанында. «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» деген – бұл идеология. «Родина мать зовет!» деген – бұл да идеология. Ал осындай идеология бізде неге жоқ? 

     Телевидение – идеологияның мінбері. Яғни патриотизмді, біздің тарихымызды, мәдениетімізді, шежіремізді, ауыз әдебиетімізді,  музыкамызды, білімімізді, ғылымымызды, спортымызды, біздің саясаткерлерімізді, саясатта да, экономикада да, ауыл шаруашылығында да, медицинадағы дарынды азаматтарымызды да дәріптейтін осы идеология екінші орынға кеткен секілді. Өкінішке қарай, кезінде ашылып, «Жарқ ете қалған найзағай» деп әнде айтылғандай, кешегі «Мәдениет пен білім» арнасы жабылып қалды. «Домбыра» арнасының жекеменшік канал болуы мүмкін, оның да соңғы сын-сағаттары таяп қалған секілді,  ақшалары бітіп, ылғи SOS деген жазу шығады. 

   Бізде «Балапан» арнасы бар. Бірақ ол көбіне көшірме хабарлар тарататын қызықты арна емес. Неге? Ютубта балаларға арналған әртүрлі контенттер бар, балалар соларды қарайды, өйткені олар қызық. Қазір «Балапанды» күшейту керек. Екіншіден,  бізде жасөспірімдерге арналған арна жоқ. Яғни «Балапаннан» кейінгі көретіні тек ұлттық арна. Ағартушылық бағыттағы, ғылым мен білімді насихаттайтын 24 Док, CCTV-9, Russia Today Documentary, Russian Travel Guide, BBC Four, DR K, France 5, HRT 3, Rai 5, Rai Scuola, Rai Storia, TVP Historia, TVP Kultura, UA:Культура, Yle Teema6, National geographic wild сынды әлемнің озық телеарналарына қарап, «біз неге үнсізбіз» деп бетімді басам.

     Бүгінде Қазақстан суицидтен, әсіресе жасөспірімдер арасында әлемде алдыңғы қатардағы орынға шығатын болса, біз мұны жастарға көңіл аудармауымыздың белгісі деп есептеуіміз керек. Бұл да идеология. Осы туралы біздің басшылар неге ойланбайды? Неге телевизияның басында отырғандар осыны білмейді? Біз ертеңгі ұрпаққа інжу-маржан әдебиетімізді бермесек, өзіміздің тарихымызды, мәдениетімізді дәріптемесек, онда біз дамыған 30 мемлекеттің қатарына қалай кіреміз? 

     Кешегі карантин ғылымның,  медицинаның жолға қойылмағанын көрсетіп берді. Ал біздің ғылымдарымыз қайда? Олардың жұмысын кім дәріптейді? Телевидение дәріптемесе кім көрсетеді? Соңғы кезде «Еларна» жабылады» деген әңгіме көп. «Еларна» қазақ киносын дәріптейтін, театр спектакльдерін көрсететін бірден-бір ұлттық арна емес пе?!  «Ел болам десең, экраныңды түзе» деп кезінде айтқан едім. Сосын, «Жаман үйді қонағы билейді» демекші,  жеке арналар ойына келгенін көрсете бермеуі керек. «Қалаулым» қасіретке, «Әйел бақыты» әйел азабына айналып, «Астарлы ақиқаттың» ақиқаты аласарып, ол аздай, «Тамаша тв» сынды ыржақай арна пайда болды. Тұрсынбек Қабатов бастаған әзілсымақтарға халықтың қамынан гөрі қалтасының мәні маңыздырақ. Бұл ұрпақты улаудың бірден-бір жолы. Өйткені бәріміздің алдымызда тұрған бір ғана міндет, мақсат бар, ол – біздің ұрпақтың қамы. Ертеңгі күнге қандай ұрпақ тәрбиелейміз? Қандай патриот жастар өседі? Қазақтың тілін, жерін, дінін сақтайтын қандай ұрпақ дайындауымыз керек? Біз ұлт ретінде жоғалып қалудан аз-ақ тұрмыз. Сондықтан мен болашақ ұрпағымның, қазақ халқының келешек патриоттарының басқа елдің киносын көріп, басқа елдің жоғын жоқтағанша,  ең алдымен өз еліңнің шығармаларын, өзіміздің төл туындыларымызды көретін патриот ұрпақ болуы тиіс деген ниетпен осы хатты өзіңізге арнадым. 

    Жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай, көптеген киноларды көрсетпедік. Мысалы, Совет Одағының Батыры, біздің маңдайымызға біткен Қасым Қайсенов туралы Ресей, Украина мен Белоруссия қосылып түсірген «Қасым» киносы неге көрсетілмеді? Қасымдай батырды мереке кезінде көрсетпесек, қашан көрсетеміз?

    Енді осы «Қазақстан» мен «Хабардағы» түсірілетін кинолардың бюджеті туралы. Мысалы, Ресейдегі кез келген арнада түсіріліп жатқан сериалдардың бюджеті жазылған сценарий бойынша қаржыландырылады. Тарихи немесе заманауи деп бөлініп, ақша соған қарай бөлінеді. Бізде бәріне бірдей қаржы бөлінеді. Тіпті күлкілі. Бұл дегеніңіз – өз балаңнан, өз ұрпағыңнан мәдениетті аяу деген сөз. Бұл күн тәртібінде тұрған үлкен мәселе.

    Аида Ғалымқызы, бұл сіздің министр ретіндегі міндетіңіз, осы телевидениеге, телесериалдарға бөлетін қаржыны парламентте жанашырлықпен дәлелдесеңіз, нұр үстіне нұр болар еді. Яғни ертеңгі көрерменнің сізге арнаған қошеметі алда деп білсеңіз болар еді.  Телевидение – ұлттық қорғаныстың бір түрі. Көзге көрінбейтін соғыс – ақпараттық соғыс. Бұл соғыс ешқашан бітпейтін шайқас. Міне, мәселе қайда?!  

     Әрине, Жорж Элгозиді қазақша тәржімалауға да болар еді, бірақ орыс тіліне аударылған екен. Назар аударыңызшы! Өйткені бүгінгі заманда бізде бюрократтар көп. Ол туралы Жорж Элгози: «Бюрократ – это человек наделенный даром непонимания», – деген екен.   

      Қазір бізде қауіпті екі вирус бар: ол – коронавирус және телевирус. 

Екіншісі аса қатерлі індет пе деймін. Артық айтсам, айып етпеңіз. «Дос жылатып айтады»...  

  P.S. «Судың да сұрауы бар» демекші, 2019 жылы «Хабар» мен «Қазақстанға» мемлекеттік бюджеттен 36 млрд  теңге бөлінген-ді.  

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

Сайт Әкімшілігі

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?