«Еститін» мемлекет

Сайт Әкімшілігі - 21.05.2020515


 «Естімеген елде көп» дегендей, «еститін мемлекет» деген тіркесті  еститін күнге де жеттік. Ол қайдан шықты? Экономикадағы «сұраныс туындаған жерде ұсыныс пайда болады» деген теория сияқты... Бұл билік пен қара халық арасындағы алысқа кетіп қалған алшақтықтың нәтижесі. Мұндай тұжырымдаманың шығуының өзі мемлекетімізге сын. Бұл тұжырымдама шыққанда шынымен қуандық, ондағысы: билік халықтың жанайқайына құлақ асатын болды деген үкілі үміт. Алайда президент қадап айтқанымен, ел мұқтажын әлі де естімей, құлақ аспай жүрген шенділер де жоқ емес. Бір жерде тұрып, бір-бірімізді ести алмайтындай жағдайға не жеткізді?

         «Үкіметпен арада байланыс жоқ» деп бизнес өкілдері наразы. Олай деуге себеп – сол саладағы тұралап қалған түйткілдер. Былтырғы есеп бойынша республикамызда 1,5 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген екен. Ал олардың мұқтажын үкіметтік органдар естіп жүр ме? Кәсіптің тұтқасын ұстаған «Kan Tengri Expeditions» ЖШС атқарушы директоры Дәурен Валиев билік пен бизнес арасында байланыс жоқ екенін, бүгін екеуі екі бөлек әрекет етіп жүргенін айтады.

–Мемлекет басшысы мен үкімет қазір экономика саласындағы инвестициялық шығыны аз, есесіне жұмыс орындарының көбеюіне септігін тигізетін бірден-бір бағыт ретінде туризмді дамытуды алдымызға міндет қылып жүктеп отыр. Оған қоса, жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) 8 пайызға дейін өсіруді, яғни аталған салаға ауқымды кіріс әкелуді міндеттеуде. Олай болса, туризмді экономиканың дамуына үлесін қосатын басты салалардың бірі деп таныса, үкімет тарапынан да ілкімді істер жасалуы тиіс емес пе? Ал біз елдегі шағын және орта кәсіпорындар бизнесі ретінде көптеген мәселелерді өз күшімізбен шешеміз. Алайда саяси-экономикалық тұрғыда біз шеше алмайтын мәселелер бар. Оның ішінде көрші елдермен арадағы қарым-қатынас, визалық және миграциялық режимдер, Қазақстанның шетелдегі маркетингі т.б.

      Мысалы, көрші Қырғыз елімен орталық және солтүстік Тянь-Шаньның шекаралас территориясын бірлесіп пайдалану туралы үкіметтік деңгейде келісімге келе алмай отырмыз. Қырғызстанмен демаркация жасалуына байланысты 2013 жылдан бастап біздің ресурстарымыз айтарлықтай тарылып қалды. Мысалы, тау қырқасы Альпіні бірлесіп пайдалану бойынша Еуропалық одақтың төрт елі – Франция, Австрия, Италия мен Швейцария келісім жасаған. Ал ағайынды Қырғыз елімен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Еуразиялық экономикалық одақ, Кедендік одаққа бірге мүше бола тұра, осы мәселені шеше алмай келеміз. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметінше, тау туризмі барлық нарықтың 20 пайызға жуығын құрайды. Оған тау шаңғы туризмі ғана емес, туризмнің альпинизм, трекинг (жаяу жүру туризмінің түрлері), тауда велосипед тебу, ботаника, таудағы жануарлар әлемі т.б. түрлері кіреді.

      Осы кезекте журналистер білуі тиіс мәселе – бізде үкіметтік органдар мен бизнестің арасында жүйелі жұмыс жоқ. Бізбен ешкім байланыс орнатпайды да, санаспайды да. Шенеуніктер өз бетінше, біз өз бетімізше күн кешіп келеміз. Олар бар болғаны механикалық тәсілмен жасалатын түрлі үлкен стратегияларды құрады. Қалай дейсіз ғой? Барлық ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) мен жеке кәсіпкерлер жолдаған ұсыныстарды қағазға басып шығарып, үлкен том етіп жинайды да, соны стратегия деп түсінеді. Шын мәнінде ол – бүтін бір елдің емес, ЖШС-лар стратегиясының бір парасы ғана. Мысалы, Түркияда жылына екі рет үкімет пен туристік бизнестің заңды тұлғаларының кеңесі өткізіледі. Біріншісінде туристік маусым басталарда мемлекет алдында тұрған мәселелер қозғалса, күзде өтетін екінші кеңесте бірлескен жұмыстың қорытындысы шығарылады. Мұндай тәжірибе біздің 30 жылдық тәуелсіздігімізде ешқашан болған емес. Нәтижесі қазір бәрімізге аян, – дейді Дәурен Валиев.  

   Айтылған сөздің жаны бар, расымен де, кейбір кәсіпкерлер жанайқайын әлеуметтік желілер арқылы жеткізуге тырысып жатады, мұны үкіметтік органдарға үні жетпегені деп түсінбеске амал жоқ. Қарап отырсақ, әр салаға жауап беретін министрліктер бар. Үкімет порталындағы мына анықтаманы келтірейін: «Министрліктер өздеріне басқару тапсырылған салалардың жағдайына және одан әрі дамуына, ғылыми-техникалық ілгерілеуіне, осы саланың барлық өнімдеріне деген мемлекет мұқтаждығының толық қанағаттануына жауап береді. Министрліктер тапсырылған салаларға басшылық етеді, оларға берілген құқық шегіндегі барлық мәселелерді шешуге құзырлы, өз қызметтерінде салааралық мәселелерді шешу және жобаларды әзірлеу үшін басқа да министрлік және ведомстволармен байланысты және өзара қарым-қатынастарды жүзеге асырады» делінген.   Одан қалды, мемлекеттік билік органдары мен бизнес қауымдастықтар арасында көпір болуы тиіс «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және оның агроөнеркәсіп кешені; логистика және тасымалдау; машина жасау және металл өңдеу; сауда; тамақ өнеркәсібі сияқты салалық 17 комитеті бар. Ендеше, кәсіпкерлердің реніш білдіруіне негіз бар ма? 

Өңдеу өнеркәсібі одағының атқарушы директоры Әділбек Бектібаев «шешім қабылдар кезде мемлекет мәселені неге тек ұлттық палатамен ғана талқылауы керек» деп наразылық танытып отыр. Себебі ұлттық кәсіпкерлер палатасының пікірі, ұстанымы бүкіл бизнестің позициясын білдіре алмайды. Кейбір кәсіпкерлердің Конституцияға және заңдарға сәйкес, ескеруді қажет ететін қарама-қайшы пікірлері болуы мүмкін. ҰКП-ның бизнес турасындағы барлық талқылауға салалық қауымдастықтарсыз қатысуы жағдайды күрделендіреді. Ол тіпті палатаның бизнес қауымдастықтарды дамытуға бағытталған «күмәнді» заңына да қайшы келеді. Іске келгенде ҰКП көрпені өзіне қарай тарта береді және пікір қайшылығына қарамастан, көпшілік үшін өзі шешім шығарғысы келеді. 

Қазіргі кезде түрлі саланың басында жүрген 174 қауымдастық «Атамекенде» тіркеуден өткен. Мәселен, тиісті заңға сәйкес, ұлттық палата съезінің; ұлттық палата төралқасының және ұлттық палата төралқа комитеттерінің жұмысына қатысуға құқылы. Сол жерде өтініштері мен ұсыныстарын айтуға мүмкіндік болады. Алайда...

Әділбек Бектібаев «Бизнеске ұлттық палатаның қажеттілігі бар ма? Қандай негізге сүйеніп, біз оған мүшелікке өтуге тиіспіз?» деген сұрақты төтесінен қойды. «Мүше болу міндеттілігі принципі» конституциялық құрылысты қорғауға, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтауға қалай ықпал ете алады? Өз басым бұл принцип Конституцияның нормаларына қайшы келеді және бизнестің құқықтарын шектейді деп білемін. Ұлттық палатаға мүше болу міндетін алып тастау қажет, сол кезде оның бизнеске қандай пайдасы бар екені белгілі болады. Өз басымда ҰКП-ға, ал оның басқарма төрағасына тіптен сенбеуіме барлық негіз бар», – дейді Әділбек Бектібаев.

P.S. Айта кету керек, жақында төтенше жағдайдың салдарынан биліктен көмек алуы тиіс 361 компанияның тізімі желіде жарияланып кетті. Үкіметтен көмек алғысы келетін кәсіпорын, фирма, холдингтер арасында Forbes журналының байлар тізіміне енген қазақстандықтардың да бизнесі бар болып шыққан. Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік комиссияның мақұлдауына ұсынылған компаниялар тізімін өздері жасамағанын айтып, аяқасты бір-біріне сілтеп, басы дауға қалған болатын. Бастысы – ол тізім қабылданбайтын болды.  


Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА,

«Жас Алаш»








Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

Сайт Әкімшілігі

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?