Отырсаң опақ, тұрсаң сопақ: бұл не қылған одақ?

Сайт Әкімшілігі - 21.05.20202504

 Негізі, Еуразиялық экономикалық одақтың бастамашысы – Астана (бүгінгі Нұр-Сұлтан). Бұл  бейкүнә идеяның өзегінде  ТМД кеңістігінде өз  алдына жеке  шаңырақ  құрған  республикалардың  экономикалық  байланыстарын қалыпқа  келтіру  жатты. Ешқандай  саяси астары  болмауы тиіс-тұғын. Ниет  дұрыс еді. Өйткені КСРО шеңгелінен босап, тәуелсіз атанған елдер  бұрынғы  әскери, саяси-экономикалық  һәм рухани-мәдени байланыстарды бырт-бырт  үзіп,  өз  күндерін  өздері көрмекші  болған-ды. Алайда бойларына желік  бітіп, «кемелденген елге айналамыз»  деген  игі ойдан ештеңе  шықпаған. Тасбақа  тірлік, бақа «шабыстың»  деңгейінде  ғана  тірлік кешті. Қысқасы, ортақ  өгізден  оңаша  бұзауды артық  көргенімен, бұл дамуға  жол ашпады. Мешеулікке әкелді. Кері кетті. Осының  бәрін  безбенге  салған ресми Нұр-Сұлтан ЕАЭО  идеясын  ұсынды.

     Рас, әу  баста  қолдау  таппағанымен,  араға  жылдар салып оның алғашқы кірпіші, яғни Кедендік  одақ  дүниеге келіп,  соңы  Еуразиялық  экономикалық  одаққа  ұласты. Әзірге бес ел (Ресей,  Қазақстан, Беларусь,  Армения,  Қырғызстан)  мүше.  Биыл ЕАЭО-ның құрылғанына  алты жыл толады. Одақ  мүше  елдерге қаншалықты пайдалы  болды?  Әлбетте, ауыз  толтырып айтарлықтай жетістіктерді айту  қиын. Неге?  Бұл  экономикалық  одақтың бастамашысы  Нұр-Сұлтан  болғанымен, локомотиві  Ресей еді.  Ол  елдің экономикалық  әлеуеті одаққа мүше өзге елдерді 10-20 есе  орап алатындай  қуатты. Сондықтан бірден  тізгінді  Мәскеу  ұстағаны  белгілі.

    Шартта  «бәрі бірдей  құқылы»  делінгенімен,  шын  мәнісінде Кремль «аға», қалғандары «інінің»  рөлінде болып  қалды. Бұл өзгелер  тарапынан әлсін-әлсін наразылық  тудырып келді.  Әлі  де  солай. Тіпті Путиннің  ЕАЭО-ны  жандандыруға  барынша белсенді  болуы  көптеген сарапшылардың назарынан  тыс қалмады. Олардың тарапынан «Путин ЕАЭО-ны   бұрынғы  КСРО-ға айналдырғысы келеді» деген  болжамдар  жасалуда. Бұған  Ресей  басшысының «КСРО-ны  тарату ХХ ғасырда  жасалған  үлкен қателік болды» деген сөзі  әсер етсе керек. Яғни  сарапшылар «бүгін экономикалық  қарым-қатынасқа негізделген бұл  одақ  түбі әскери-саяси одаққа айналуы әбден мүмкін, Кремльдің  түпкі  ойы  осы»  дегенді айтады. Алайда  бұл  жеке  тақырып,  басқа әңгіме.

  Айтқымыз келгені – әзірге экономикалық  одақтың аясына  жиналған бес елдің  көрген  пайдасы  қайсы, қайсысы шөміштен  қағылды  деген әңгіме. Беларусь жағы Ресейдің  одақ аясында  жүргізіп отырған әлімжеттігін  жиі сынайды. Армения мен Қырғызстанның экономика сарапшылары  бұл елдердің де одаққа  кіргелі көп  нәрседен  қағылып, жасалған шарттардың аясында қиындықтарға тап  болып, «отырсаң опақ,  тұрсаң  сопақ»  болып жатқанын  тілге  тиек  етуде. Мұндай  жағдай  біздің  де, яғни  Қазақстанның  да  басында  бар. Содан  болар, алғаш рет Нұр-Сұлтан   бірер күн  бұрын  Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы онлайн отырысында  одаққа байланысты өз ойын ашық  айтты. «Шығыны көп ЕАЭО шешімдерін кейінге қалдыруды» ұсынды. Дұрыс, қажет  жерінде азу көрсету  керек. Қазіргідей  қиын жағдайда тиімсіз  шешімдерді көтензорлықпен жүзеге асырамын  деу «өгізді  өлтіріп,  арбаны  сындырумен» бірдей. Одақтағы әріптес елдердің Нұр-Сұлтан  тарапынан айтылған салиқалы  ұсынысқа мойынсынғаны  дұрыс. Шынымен де қашанғы  Мәскеудің ызғарынан,  Кремльдің  қаһарынан   ыға береміз?!. 

  Сарапшылар пікірі: 

Әміржан ҚОСАНОВ,  саясаттанушы:

ЕАЭО дамуының жаңа кезеңі  келді


Осы одақ о бастан даулы мәселе болатын. Кезінде оппозициядағы әріптестеріммен бірге Қазақстанның Еуразия одағына енуіне қарсы жалпыхалықтық референдум өткізу жөніндегі республикалық жиын ұйымдастырдық. Ол бір ерекше, бүкіл демократтардың басы қосылған кез еді. Бастама қоғамдық өмірге серпін берген-тін. Жұрт бір адамдай қолдады. Өйткені сол одақтың бара-бара саяси сипат алып кететінін ел сол кездің өзінде сезгендей болды. Расында да, солай болып барады, ЕАЭО Кремльдің бірыңғай ықпалында қалған құрылымға айналып барады және оның неоимпериялық саясатының экономикалық құралы іспеті.

Сол жиналыстың бір бастамашысы ретінде президент Тоқаевтың бүгінгі ЕАЭО басшыларының жиналысындағы сөзін бұл жолы оң қабылдадым. Өйткені президент тарапынан ЕАЭО қабылдағалы тұрған стратегиялық құжатқа қатысты сын айтылды. Қазақстанның түпкілікті мүддесі тұрғысынан бұрын-соңды бола қоймаған, сондықтан тосындау естілген, бірақ сонысымен кұлақ пен тәуелсіздікшіл көңілге жаққан пікір айтылды. Және де ол ойдың мұндай саммит деңгейіне сай сыпайы, дипломатиялық сипаты болғанмен, айтылған сын нақты әрі принципті болғандай көрінді.

Сол себепті бұл сөзді мен ЕАЭО дамуының жаңаша бір кезеңінің бастауы деп танығым келіп тұр. Ол дегеніңіз, басқа президенттерге де жақсы прецедент болса керек. Өйткені ЕАЭО-да Қазақстанның алар орны бір төбе. Иә, бұған дейін Беларусь президенті Лукашенко ЕАЭО-ға қатысты сын айтып қалып жүрді, бірақ оның тосын тұжырымдары, негізінен, Ресеймен қарым-қатынасына ғана қатысты болатын. Бұл жолы Тоқаев одақтық деңгейде қордаланып қалған жайттарды айтты. Онысы процедуралық мәні бар нәрсе болып көрінгенімен, түбінде одан да тереңірек ой мен ниет жатқан болса керек.

Сонымен  бірге бұл сөзді мен ЕАЭО-ға деген постсоветтік кеңістікте, соның ішінде біздің қоғамда қалыптасқан теріс көзқарастың бір көрінісі деп білемін. Өз сөзінде Тоқаев қоғамдағы осы одаққа деген сыни пікірлерді ескеріп, олармен санасу керегін айтты. Дұрыс тенденция.

Енді екі нәрсе жасалуы тиіс. Біріншісі – ЕАЭО-ға қатысты объективті әрі мемлекеттің түпкі мүддесіне негізделген көзқарасты айқындайтын осы өркениеттік, жаңаша геосаяси бағыт-бағдарлы тренд біркүндік болып қалмай, өз жалғасын табуы керек. Екіншісі – ел ішінде ұлттық-демократиялық бағытта жұмыс жасап, мемлекет тәуелсіздігі мен ұлттық мүдде идеяларын ашық әрі табанды түрде айтып, қорғап келе жатқан қоғамдық ұйымдарға жол ашқан жөн. Олар керек десеңіз, парламентке еніп, ұлттық мүддені қорғауда халыққа, мемлекетке, қажет кезінде өкіметтің қоғамдық тірегі болуы тиіс. Қоғам қолдауынсыз биліктің ешбір бастамасы баянды болмайды. Әйтпесе жақсы-ақ басталған оң тенденция сөз жүзінде қалуы мүмкін.

Сонымен бірге ЕАЭО аясында өз елінің мүддесін қызғыштай қорғап, шыжбалаң қаға бастайтын ресейлік (өз ішіміздегі проресейлік) БАҚ пен сарапшылар Қазақстан басшылығындағы «одақтық ойдың» дәл осылай ойысуына атойлап қарсы шығатыны да белгілі. Оған біздің идеологтар мен БАҚ, керек десеңіз, біз де, қоғам өкілдері дайын болуымыз керек.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК, саясаттанушы:

Прагматизмнің қазақстандық қағидасы

     Президент Тоқаев жаңа кезеңдегі одақтың басымдықтарына назар аударды. 19 мамырда Еуразиялық одақ шеңберінде маңызды кезеңнің бастамасын айқындап берді. Кезінде князь Трубецкой, Соловьев, Эренжен Хара-Даван сынды ғалымдар негізін қалаған идеялар жаңа кезеңге елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Еуразиялық прагматизм» қағидасының негізінде қайта сараланып, Еуразиялық одақтың дүниеге келуіне ықпал еткені белгілі. Ал 19 мамыр күні Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелерінің  кездесуінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев прагматизмнің қазақстандық қағидасын, постпандемиялық кезеңін айқындап берді.

     ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында қалыптасқан, Еуропа шеңберінде Кеңестер Одағының саясатын айқындаған Еуропаны «финляндизациялау» ұғымы бар. Бұл ұғымның пайда болуына ықпал еткен Еуропаның солтүстігінде Кеңестер Одағына жақын орналасқан Финляндия мемлекетімен «ерекше қатынастар» орнату ынтасы еді. Өзінің солтүстік шекараларының мызғымастығын қамтамасыз ету мақсатында КСРО Финляндияның ең болмағанда «нейтралды» саясат ұстануына ықпал етуге тырысты, тіпті елдер арасында жеңілдетілген виза беріліп, ынтымақтастық тетіктері қалыптасты. Фин кәсіпорындары Кеңестер Одағында белгілі бір жеңілдіктерге ие болды. Ол үшін Кеңестер Одағы қыруар қаржы жұмсады. Никита Хрущев пен президент Кекконеннің достығы арқасында бұл ынтымақтастық тараптардың өзара маңызды стратегиялық басымдықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

     О баста экономикалық прагматизм идеясынан туындаған Еуразиялық одақ уақыт өте келе, посткеңестік кеңістіктегі елдерді Ресей тарапынан «финляндизациялаудың» тетіктерінің біріне айналды. Экономикалық прагматизм біртіндеп саяси мазмұнға ие бола бастады. Бұл одақ мүшелеріне алаңдаушылық тудыруы заңдылық. Мәселе экономикалық интеграцияның кең қанат жаюы тек тараптардың өзара, ортақ мүдделерін ескеру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін екенінде жатыр. Мұндағы маңызды мәселе – Ресейдің КСРО тәжірибесіндегі «финляндизацияның» бірінші бөлігін, яғни өз стратегиялық басымдығын негізге ала отырып, екінші бөлігі, яғни экономикалық тиімділікке назар аудармауында. Еуразиялық экономикалық одақ бірінші кезекте экономикалық сипатқа ие болуы керек. Бұл одаққа қатысушы мемлекеттердің барлығы үшін айқын.

    Бүгінгі күннің өзінде одақ шеңберінде қабылданған «алып тастаулар», «ерекше жағдайлар», «шектеулер» мен «бөгеттер» экономикалық ынтымақтастық әлеуетін төмендетіп жатқаны белгілі. Президент Тоқаев одақтың реттеу аясын кеңейтудің орнына осы мәселелерге жіті назар аударудың қажеттігіне тоқталуы ерекше маңызды.

     Соңғы уақытта Ресейдің өзінің «ұлылығын» қалпына келтіру мақсатында жүргізген бірқатар сауда соғыстары интеграциялық бірлестіктерге байланысты бірқатар сауалдар тудырды. Еуропалық одақпен санкциялық соғыстар кезінде Беларусь көкөніс өнімдерін күдікті «польшалық» деген желеумен Ресей аумағына кіргізбеу, Грузия және Молдова шараптарының Ресейдің «санитарлық талаптарына» сай келмеуіне байланысты шектеулердің енгізілуі, «Боржоми» кейсі осының айқын мысалы. Одақты басқа жағынан саралап көрелік, осы өнімдерге Ресей біржақты шешім қабылдауы өзге одақ елдеріне қалай ықпал етті? Ең қызығы, өзге одақтастар бұл шектеулерді өз экономикасына қатысты қолданбады. Бұл қалай? Одақтың бір елінің стандарты өзге елдердің стандартына сәйкес келмегені ме? Екінші автоматты түрде туындайтын сауал – одақтың бір қатысушысының аумағына енген тауар автоматты түрде өзге қатысушылар аумағына еркін жеткізілуі керек емес пе? Өйткені бұл елдердің ішінде логика бойынша кедендік бақылау жүргізілмеуі тиіс қой. Онда Қазақстан территориясына енген «Боржоми» немесе шарап Ресей аумағына неге еркін түрде кіре алмайды? Бұл сауалдардың көпшілігі одақ туралы шарттың шеңберіндегі «азаматтардың денсаулығын қамтамасыз ету және қорғау мақсатында» енгізілуі мүмкін құқықтық шектеулермен ақталады делік. Жарайды. Бірақ бұл стандарттар айқын емес. Кез келген өнім қауіпті болып қарастырылуы мүмкін. Бұл мәселеге қатысты қалыптасқан сот тәжірибесі де жоқ.

     Енді Еуразиялық одақтың бүгінгі халін Еуропалық одақпен салыстыратын сарапшылардың пікіріне тоқталар болсақ, біріншіден, Еуропалық одақ қатысушылары бір-біріне бодан болмаған немесе бодандығы ұзақ уақыт бұрын орын алған, яғни белгілі елдердің гегемон болуға деген ынтасы айқын емес елдердің одағы. Екіншіден, Еуропалық одақ одақтық деңгейге ұзақ уақыт дайындықпен келді. Соның өзінде қатысушы мемлекеттердің мүддесі кей жағдайда сәйкес келмей жатады. Еуропалық одақтың бүгінгі деңгейіне жету үшін 50 жыл шамасында уақыт керек. Тек ішкі шектеулер алынып, ортақ нарық қалыптасып болғаннан кейін одақтың кеңею мәселесі қолға алынды. Үшіншіден, Еуропалық одақ әлемнің бірнеше ең қуатты, деңгейлес экономикалардың одағы. Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания елдерімен қоса, орташа дамыған елдердің теңдігімен ерекшеленеді. Осының өзінде Ұлыбритания одақтан шығатынын мәлімдеді. Қызығы, терең демократиялық қағидаларға қарамастан, Ұлыбританияның одақтан шығуы  өте күрделі нысанда өтіп жатыр. Бұл да ойланатын жайт. Еуразиялық одақтан шығу механизмдері әлі де айқын көрініс таппаған. Төртіншіден, Еуропалық одақ ең кішкентай мүшеден бастап, ең ірі мемлекетке дейін ортақ мүдделеріне арқа сүйейді. Яғни мүдделердің тоғысқан жерінде шешім қабылданады. Бесіншіден, ең маңызды интеграциялық фактор – экономиканың өзара толықтырылуы мен өзара сауданың даму қарқыны.  

Бүгінгі күні Еуропалық одақ елдерінің негізгі сауда әріптестері одақ мүшелері. Ал Еуразиялық одақ қатысушылары көп жағдайда бір-бірімен бәсекелес.

     Ал біз осы факторлар мен көрсеткіштерді Еуразиялық одақ шеңберіне пайдаланар болсақ, интеграциялық процестің кемелденуі үшін ең қажетті алғышарттардың әлі де еңсерілмегенін түсінеміз. Біз саралау барысында өте маңызды жайт – COVID-19-ды ескеріп отырғанымыз жоқ. Коронавирус инфекциясының жылдам, қауырт, кең таралуы интеграциялық үдерістер үшін үлкен қауіп болды. Бұрын-соңды болмаған мемлекеттердің жабылуы, шекаралардың нақтылануы, әлемдік еңбек бөлінісі мен интеграциялық құндылықтардың төмендеуі мен ортақ мүддеге қарағанда ұлттық мүдденің басымдығын айқындап берді. Бұл Еуразиялық одақты былай қойғанда, тіпті интеграцияның шыңына жеткен Еуропалық одақтың өзі үшін күрделі мәселе болып отыр. Мемлекеттің жабылуы деген дәстүрлі экономикалық, өндірістік байланыстардың үзілуін білдіреді. Әрине, ол уақытша сипатқа ие, бірақ әлемдік нарық үшін күрес ешқашан толастаған емес, бір ел үшін шектеу өзге ел үшін жаңа мүмкіндікке айналуы мүмкін. Президенттің айтып отырғаны да осы мәселе.

    Осыдан одақта қолданысқа енгізілуі керек бірнеше қағида айқын көрініс тапқандай. Қысқаша тоқталар болсақ, олар: біріншіден, экономикалардың ашылуын өзара ақылдаса отырып шешу керек; екіншіден, одақ егемендікті шектемей, қайта өзара тең дәрежелі ынтымақтастыққа жетелеуі тиіс. Мемлекеттік егемендік басты құндылық және бұл талқылауды талап етпейтін аксиома. Одақтың басты органы – мемлекет басшыларының кеңесі. Бұл кеңес одақ комиссиясының шешімдерін талқыламастан бекітіп отыратын, нотариус қызметімен ғана шектелетін ұйым емес. Тараптар мүддесінің арақатынасын саралаудың нәтижесінде оңтайлы шешім қабылдайтын құрылым. Үшіншіден, апыл-ғұпыл жүйесіз жоспарға қарағанда, тараптардың мүддесіне арқа сүйей отырып одақтың экономикалық мазмұнын қайта қарау керек. Бар тетіктерді қолданысқа енгізіп, түрлі шектеулер мен бөгеттерді еңсеру арқылы одақты жаңа сапалық деңгейге көтере аламыз. Мемлекет басшысы тек Қазақстан емес, одаққа қатысушы мемлекеттердің барлығына еуразиялық прагматизмнің жаңа бағытын айқындап берді деуге негіз бар.

Күлтегін БЕК, 

"Жас Алаш"


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

Сайт Әкімшілігі

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?