Динара МӘЛІК: ГҮЛДЕР ӨЛЕҢ ОҚЫП ТҰР КӨШЕЛЕРДЕ...

Сайт Әкімшілігі - 21.05.2020731


                  ***

Қас-қағым сəт суынып,

Қас-қасым сəт жеріндім.

Бір күнде жүз туылып,

Есейе алмай егілдім.

Таңмен тұрсам – басқамын,

Кеш қарайса – күйім жоқ.

Көктем туған жастамын,

Күзге жүрмін үйір боп.

Құмда туған қыз едім,

Мұңға айналып кеткем бе?

Сүйді ме екен мұз ерін,

Жұпарымды төккенде...

Жалғыз аяқ жолымды,

Жырмен келді түгескім.

Түгендемей жоғымды,

Ойларыммен бір өстім.

Сүймей өткен күнім көп,

Сағынбауға жоқ халім.

Өз-өзіммен күбірлеп,

Өзімді ала ақтадым.

Тағдырыммен ойнайды, ə?

Мың бір дауыс ішімде...

Ақын ғой деп ойлай ма,

Əйел кейіп пішінде...

...Жаңбыр иісі еніпті,

Жастығыма, бөлмеме.

Өлең жазып кетіпті,

Оқиыншы... үндеме.

     ***

Қайда кетіп қалсам екен үндемей,

Көлеңкесі көрінбейтін сүлдедей...

Жапан түзде, шытынаған шатыры,

Жан дүнием қаусап қалған бөлмедей.

Тас боп аунап, табанымда тіршілік,

Азынайды кеудемде жел күрсініп.

Жүрегімнің терезесін қымтаймын,

Бәлкім, қазір күлер ме екен Күн шығып?!

Неге маза бермей қойды бұл шағым,

(Әңгімеден, әуеннен де шаршадым)

Ән тыңдасам, әннің бәрі сен жайлы,

Сабырсызға салмақ болар мұнша мұң.

Аппақ қарды, қолда барды мадақтап,

Жымиюға құлықсыздау таң атпақ.

Өтіріксіз өмір дәмді болар ма,

Шындығымда өлең қалсын тұрақтап!


                          ***


Қабағы ашылмай аспанның,

Күні жоқ көктемдей бос қалдым.

Көп нүкте күбірлеп ішімде,

Жап-жаңа сөйлем боп басталдым.

Жая алмай ізгі өмір қанатын,

Түнекке тығылып алатын.

Уақыттар жетелер ажалға,

Аңсарға күн бар ма қонатын?!

Бір от бар жанымда сөнбеген,

Сол шығар кеудемді тербеген.

Көрмеген ғасырды сағынам,

Кезімді өмірге келмеген.

Әйтеуір сағыныш меңдеген,

Дауысын аңсадым "кел" деген.

Алысқа кетсем де аттанып,

Алыстап кетпейді Жер-менен.

Өкініш іздемей тағдырдан,

(Жаратқан жырыма жар қылған...)

Мезгілдер мені еске аларсың,

Күлкісін көктемге қалдырған...

***

Көгершін-ау, бүлкілдеген тамағы,

Мынау тағдыр қайда ұзап барады...

Жем іздеген тіршілікпін менде бір,

Болмайды ма жүректердің қалауы...


Есеюге Өлең бе екен асыққан,

Есеюге Өмір ме екен жасытқан.

Сөмкемдегі түйір дəнім таусылып,

Мен өзіңді бақылаймын алыстан...


Түймедейін көздеріңе түйреліп,

Түрлі өмір жатқан шығар иленіп.

Бейбіт Əлем нұрын төге салса ғой,

Жердің үсті бір ғажайып күйге еніп.


Күн сəулесін көпсініп те аласың,

Қанатыңды əлсін-əлсін қағасың.

Секем алып селт еттің ғой сеземін,

Сен де бəлкім бір "сәбиге" анасың.


Өзімде үйде, қос көгершін қонақтап,

Отырады ошағымда алақтап.

Жел тигізбей жүздеріне жүрсем ғой,

Тонар болсаң, дүние мені тонап бақ.


Аңсағаны болар бір күн құлдың да,

Шөлім қанып жүре бермес бұл-мұңға.

Жылап жүрмей, жырлап өтсем деп едім,

Құлап кетпей тұрған кезде құрдымға!


***

Тірлік сені қайтер екем қас-қылған,

Баяны жоқ лəззəтіңмен дос қылған.

Əр тамшыға алақанды жаямын,

Шабыт жауып тұр ма екен деп аспаннан...

Əр бұтақтың басып қалып пернесін,

Жаңбыр...жаңбыр...қай мұңымды шертесің? ...

Таңнан бұрын жетіп келіп сол бір жан,

Сөйлетпей-ақ, үйретпей-ақ өртесін!

Бірге тыңдап бұл жаңбырдың əуенін,

Айдан жарық ашылса ғой əлемім.

Соған ғана тəуелді боп тұл-басым,

Сезінбесем ешбір жанның керегін.

Дүниенің адыра қалып жарқылы,

Табанымда жатса деп ем бар-құны.

нөсер болып тынар едім төгіліп,

Ести алсаң сол сəттің де бар тілі!

Сеземісің нені аңсайды бұл-жаным,

Есінде ме қашан қай кез тоңғаным?...

Мен өмірді сүйгенім жоқ...сүйгенім-

Құстай ұшып, құшағыңа қонғаным!


***

Не деймін жаным саған?…

…Сағынып қалдым десем,

Күйімді көресің бе?

Көктемде тоңдым десем,

Мейірім төгесің бе?

Оңаша жүрмін десем,

Іздеп кеп табасың ба?

Сенсіз-ақ күлдім десем,

Қызғанып қаласың ба?

Ұмытып бар кінәңді,

«Сүйем» деп сыбырлаймын.

Сен тыңдар сол бір әнді,

Мен айтып ыңылдаймын.

Ертең-ақ, келер деймін,

Еңсемді түсіре алмай…

Жүрек боп елеңдеймін,

Өзімді түсіне алмай…


***

Мен де бір кез бақыт болып ерігем,

Уақыт мені жұтып алды демімен.

Көңіліме көлеңкелер көп түсіп,

Жылай алмай егілем...

Сосын бір кез еркеледім, еліктім,

Жетегіне ертіп алды желік-күн.

Мен далаға ұқсағым кеп бір сәтте,

Дархан болып кетіппін.

Ал, сырымды аппақ бұлтқа төгіппін,

Ақ жауыннан көз-жасымды көріппін.

Өлең менен адалдықты аңсар деп,

Жырға айналып жүріппін!

Көкірегіме Көктің нұры енгесін,

Досқа сендім, досым маған сенгесін.

Тағдыр-анам, аялар деп ойладым,

Қонағы боп келгесін!

...Адамдарды сақтар ардың күші екен,

Қалған ғұмыр бір ғажайып түс екен.

Ұшу үшін жаралмаған жердегі,

Қанаты бар құс екем...

* * *

…Мұңайып жүрмін білдірмей,

Үмміттің отын сөндірмей.

Өзіңмен болған бал-шақтар,

Өтіп бір кетті бір күндей.

Жымиып жүрмін қуанбай,

Бақыттың күні туардай.

Айта алмай жүрмін ардақтым,

Айтқызбай келіп ұғардай!

Сездірмей жұмбақ сырыңды,

Жүрегің кімге жылынды.

Өзіңсіз қалай өткізем,

Ұп-ұзақ мынау ғұмырды…

Күлімдеп жүрмін күйзеліп,

«Сүйемін» деші, сөз беріп!

Көктем боп жүрген көркіме,

Қонақтап алды күз келіп…

***

Енді мүлде ойламаймын сен жайлы,

Енді өзімді аямасам болмайды!

Сезім сөйлеп тұр ғой шашым, тәнім де,

Аз ғана күн ақыл неге қонбайды?!...

Аз ғана күн тағдыр жайлы толғанып,

Сосын...сосын табар ма екем жолды-анық.

Ешбір маңда сен жайлы сыр шертілмей,

Саған өлең өрілмесе арналып.

Аз ғана күн сабыр қонып сертіме,

Жібермесін, сосын мейлі еркіме.

Тым байсалды, тым байыпты қалыппен,

Өзім жанып кете берем өртіме!

Естеліктер есі кетіп , күледі...

Ұмытудың жоқ дейді ме, бір емі.

Нөміріңді өшірдім ғой, өмір-ай...

Саусақтарым неге жатқа біледі?. .

Ай ішінен бақ көрем де мүлгіген,

Сезімімді сонда өмір сүрдірем.

Ақырғы рет қол ұстасып жүрем де,

Алғашқыдай құшақтасып үлгірем…


***

Жапырақтан сырғанап мөлдір-өлең,

Үзіле алмай, ұшында үлбіреген,

Сезім бе екен, күзбенен аласұрған,

Өзім бе екен, үмітті өлді деген?!

Жүрегім құс-әнінен жараланған,

(Құстар да жаңылмапты сара-жолдан)

Гүлдер де ұшып кетсе жылы жаққа,

Сары күз, сағынам деп тонап алған.

Талдар да тәкәппар-ау бұрылмайды,

(Жапырақтар сезді ме, бұрын-қайғы).

Бір ғана түн...қурауға жетеді екен,

Жерсіз сосын...жаның да жылынбайды...

Бұлттардың әжім торлап ақ жанарын,

Жанға батты-ау, бір өкси алмағаның.

Ақ нөсер төгілсең ғой сезер едің,

Жүректерде тыныштық орнағанын.

Жазмышым жазылған соң маңдайыма,

Арманның сенер ме екем айғағына!

Жалғыз түйір тамшы боп қона қалдым,

Шөлдеп тұрған жалғанның таңдайына...

***

Аппақ қар ериді ернімде,

Сен құсап сүйісе алмайды...

Бақытқа келмейді сенгім де,

Білем ғой баяны болмайды...

Аппақ қар құлайды кеудеме,

көгершін-көңілді алдайды...

Дірілдеп тоңады гүл-дене,

Сен болып жылыта алмайды...

Аппақ қар арманым үзілген,

Дем болып жер бетін еріткен.

Сен еріп келердей ізімнен...

Қарайлай беремін неліктен?!

Тұншықты тағдырым жанарда,

...Ол мені аңсайды түбінде!

Сол кезде мен сөйлей алам ба,

Ол білген махаббат тілінде..

***

. ...Кетем деп ең, әлі кеткің келе ме,

Аңсарыңды ұмытып...

Кетер болсаң ләззатыңа бөлеме...

Сөнер мейлі бір үміт!

Бұл үміттің өмір сүрген кезі жоқ,

Өз сәулесін таппаса.

Әйелдердің арманынан сөзі көп,

Мен де бәрі басқаша!

Кетем десең, жыламайтын шығармын,

"Дұрыс" дермін өтірік!

Үнсіз ғана құшағыңа құлармын,

Ұмытуға бекініп...


***

Қиялым қай жаққа шақырдың,

Жүрекке мұң дәмін татырдым.

Жырың боп төгіліп тынсам ғой,

Кімің боп сағынып отырмын...

Бал ернін сүйгізсе шекер-күн,

Өзіңдей жаныма жетер кім?

Бақыттың бәрін де жатсынып,

Кімің боп кездесер екенмін?

Желдің де лебінен мұздамақ,

Өмірде қонар ма қызға бақ?

Өз дертін өзіне өрт санар,

Жұп-жұмсақ жүрегін жұлмалап...

Көңілдің көйлегін шеш, келіп,

Өлеңде қалдырып естелік...

Ақылды болып та адастық,

көрейік сабырдан сескеніп!


***

"Cүйем" деп, "күтем" деп жүргенде,

Сағынбай қалсаң ше бір күнде?

Шын айтып, сыр айтып тұрмасаң,

Солатын кезі бар гүлдің де…

Ал, кейін суынып кетсең ше,

Алыстан асығып жеткенше.

Қызғаншақ көзімді жылатып,

Дәл мендей өзгені өпсең ше?..

Қайтер ем өзгерсе ниетің,

Жолың бар бағытын білетін.

Көңіл деп, өзім деп ақталып,

«Жарым» бар, десең ше, сүйетін?

«Сүймеген екем» деп шегінсең,

Тұрақсыз талғамға берілсең.

Жарымжан жүректі сүйретіп,

Кім ұғар еске алып егілсем…

Болса ғой сүймеуім еркімде,

Сезімім көктемнің көркінде.

Сен жайлы бейкүнә арман бар,

…Дәл солай болуы мүмкін бе?

***

Бұл аяулы азабымды сөкпегін,

Жермен туыс, жанға жылы Көктемін.

Маған аян, қара түннен қаша алмай,

Табанында сағыныш боп шөккенің.

Сен кеткен күн басылмады бұл нөсер,

Саған қарай салмағы ауыр мұң көшер...

... Ас үйімде ең ғажайып армандар,

Оңашада өзің болып тілдесер.

Өлең жазып жүр екенмін ауаға,

Сен жүретін жолдар менен қалада.

Күрмелемін терезеге жаутаңдап,

Сен де шара, мен де амал қалмады, ә?

Әрбір сәттен өмір аулап келеміз,

Сол шақтарды шаң жуытпай өбеміз.

Бәрін -бәрін түсінеміз деп алып,

Өзімізге жетпей қойды-ау өреміз.

Ақыл табар тапса мұның бір-емін,

Моп -момақан күй кешер ме жүрегім?

Таңмен бірге тап-таза боп жет ұшып,

... Сен де қазір сағындың ғой білемін...

***

Қателестім... Өкінгенім жоқ бірақ...

Кездесті ме, есімде жоқ көп сынақ.

Қиялдағы тағдырымнан қайғысыз,

Осы күнім әлдеқайда жақсырақ.

Сабақ алу "абақтыға" қамалу,

өтірігіңе қайта келіп оралу.

Ішімдегі бұл бейбаққа шынымен,

керек шығар бір емшіге қаралу.

Осы дерті ұнайтындай өзіме,

естимін де түсіп алам ізіне.

Балдай тәтті ете салар бір демде,

Ащы жасым үйірілсе көзіме.

Алақанын жайып сары жапырақ,

Күзбін ғой деп қайыр сұрап отырад.(ы)

Көрмегендей таптап бара жатамыз,

Біз екеуміз мұңын-сырын оқып-ап.

Кешегі күн келмесімдей көрініп,

бүгінгі күн босағамнан бөлініп.

Бара жатам қара жолда күбірлеп,

жанарымнан жапырақтар төгіліп...

***

Мына жылдар, мына күндер,

Бір нүктеге айналған.

Көңілсіздік сынай күлген,

Түн көзіне байланған.

Алыс...алыс арман қайда?

Жымиып ап ертетін.

Енді өмір жалғанбай ма?

Сөйлемей ме келте күн?

Дəл осылай болды неге?

Əділсің бе, тағдырым?

Жалғыздықтан тоңды деме,

Кешірдім ғой барлығын.

Бұйығылау жарым үнсіз,

Нелер түсті есіне...

Болмаса деп жырым нұрсыз...

Қалдым ба екен кешіге...

Өз-өзіммен назданамын,

Келіп мені ұғардай.

Көлеңкеммен қозғаламын...

Көңілімді сұрардай....

Ақылдылау кейіпте жоқ,

Ақымақпын əдемі.

Жүргім келді сүйікті боп,

Мейірімге дəмелі....

Ұп-ұзааақ Түн күлімдейді,

Əлде жылап тұр ма екен.

Солқылы да білінбейді...

Сырласты ма гүлменен.

Қызғанышым дір етеді...

Түнді қалдыр түнімді.

Жалған рас па шын екені,

Сатқындығы білінді...

Еее, Тəйірі өмір көшер,

Уақыт та ғой лазатым.

Аялда аз... сезім де өшер...

Жырым бар ғой жазатын!

* **

Көктем кеп, көк майсасын төсеген бе,

Гүлдер өлең оқып тұр көшелерде!

Мезгіл сайын жүрегім жайқалады,

Қанша көктем қалды екен пешенемде?!

 Көктем кеп, көгерткен бе айналаны,

Қыз-ғұмыр қыр басында ойланады.

Көбелек-көңіл құрғыр алып-ұшып,

Көктемнің бұрымына байланады.

 Гүл-әлем, шымылдығын ашқаны ма,

Көркемдік, қонап алды аспаныма.

Түннің ғана исі шығушы еді-ау,

Күннің исі сіңіпті шаштарыма!

 Шынымен, қанат бітіп ұшқаным ба?

Ғашық боп қалсам қайтем, қас-қағымда?

Әр сәулесін кеудеме құйып тұрмын,

Айырбастап ала алмай басқа мұңға.

Көктем кеп көк майсасын төсеген бе,

Гүлдер өлең оқып тұр көшелерде!

 ***

Туған жердің салқын тартқан құшағы. ..

Жат көре ме баласын.

Таныс аула табанымнан құшады,

Жасыра алмай наласын.

Ауыл -сырқат, түксиеді түнеріп,

Шұрқ тесік шапанына оранып.

Сəби-жүрек əлди-əуен тіленіп,

Қайтып барам тоналып...

Құрты қайнап, пісілетін күбісі,

Берекесі безгені ме үйімнен.

Əжемнің де баяулапты жүрісі,

Демін əзер алады екі иінінен. ..

Көркем келін жүретін-ді күлімдеп,

Қала дейтін достасыпты дүрмекпен.

"Кір-қоңымды көрші жуды бүгін кеп,

Тірі ме деп бас сұғыпты көрмекке.

Ұйықтағанда алса Алла қинамай" -

дейді әжем көз жасынсыз күрсініп.

Атам сиған шаңыраққа симады-ай,

Бұл үйдегі қайнап жатқан тіршілік.

Арқаңа сап өсірдің ғой біздерді,

Көз-көргеннің көңілінде жүр әлі.

Жылап алып, жүрміз қазір түзде енді,

Қайтейін, әже, кеудем өксіп тынады.

Қос жанарын көлегейлеп қолымен,

Көп қарайды іздегенін табардай.

Қара күздің сүрең шексіз жолымен,

Кездесуге шалы келіп қалардай...

Диалог

- Қара жер алшы мені құшағыңа,

Пенде ғана пендені құшады ма!

Күлкімді көз жасыма құйып алдым,

Күбірлер аяғымды тұсады да.

Қара жер саған ғана сыңар едім,

Адамдарға аярлы сұрақ едім.

Өзің ғана көтеріп бар күнәмді,

Өзің ғана табасың бір-ақ емін!

Жер-Ана тапшы менің қалауымды,

Қара түн жасырады қаламымды.

Ақ қағаз менде сендей аппақ едім,

Бақытым қайда қалды бала күнгі?

Әлдименен тербетпес бесігіңді,

Өмірдің сүйрейді екен көші кімді?

Сенен ғана көре алам кеңшілікті,

Сенен ғана сұраймын кешірімді.

Қара жер қабағыңнан айналайын,

Топырақ боп төсіңде ойланайын.

Жұлдыздар жыр түсінсе жетер маған,

Жібектей сәулесіне жалғанайын!

Қара жер бұршы маған назарыңды,

Сенде жатып естиін ғажап үнді.

Құшағыңнан тарыдай орын сыйла,

Тастап кетем тіршілік тозағымды!

- Тамшы боп жанарыма түнегесін,

Жан едің ғой қарағым білер есін.

Құрсағына сиғансың тар өмірдің,

Анаң байғұс арыңды тілегісін.

Алла білер ақсың ба қарамысың,

Сен де бір Ақжауынның жанарысың.

Тамшыны жел әкетер бағытымен,

Өмірің қайда ұзап барады шын?

Өмір саған келмеген күйік үшін,

Сенде бір топырақтың түйірісің.

Мен үшін көп күнәнің біреуісің,

Аспан үшін арманның биігісің!

Қанша рет қан кұйылды жүрегіме,

Пенде біткен күйімді тіледі ме?

Жапырақтар құлайды мезгілімен,

Қара жердің қадірін біледі де…

Ием маған сыйлаған кеңшілігін,

Адам маған қимайды бір шыбынын.

Жүрегіме сәжделер жайылады,

Аллаға аманаттап құлшылығын.

Мен солай бар күнәмен қоштасамын,

Таңертең таңмен бірге басқашамын.

Кең болу сүю екен – Жаратқанды,

Аппақ аппақ тілекпен астасамын.

Кеше емес пе үмітпен түлегенің?

Бұл қалай күдікпенен жүдегенің?

Сендегі сағынышты басу үшін-

Мендегі сабырлықты тілер едім.

Түнерсең мен де бірге түнеремін,

Тыныштыққа қонатын тілек едім.

Сендегі өкінішті өртеу үшін -

Мендегі мейірімді тілер едім.

Бақытқа бастар жолды өткел етіп,

Өмір сені жүр ме екен өкпелетіп?!

Жанарымнан бір тал гүл үзіп ал да,

Шашыңа тағып алшы көктем етіп!

P.S.

Жер-Ана сөйлеп тұрды сағынышпен,

Көкпенен Жерге ғана бағынышты ем.

Жасымды жұтып алдым, күліп тұрып,

…Өртеніп кетер ме екем жанып іштен…












Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

Сайт Әкімшілігі

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?