Тұйық төңірегіндегі былық

Сайт Әкімшілігі - 21.05.2020605

Жоғарғы сот назарына!


 «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты Түлкібас станциясындағы №52 жол дистанциясының бастығы  З.Сейітбеков 2000 жылдың  2 тамызы күні Бурное станциясындағы ұзындығы 220 метрлік №13 теміржол тұйығын   жалпы құны  47 077 теңгеге  «Жібек жолы» шаруа қожалығының меншігіне беру жөнінде бұйрық шығарады. Қолданыстағы Азаматтық кодекстің  200-бабының 1-бөлігіндегі көрсетілген талапқа сәйкес, көлік және коммуникация министрлігіне қарасты «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының меншігіндегі мүлікті оның заңды иесі – Республикалық мемлекеттік уәкілетті органның  жазбаша  рұқсатынсыз  басқаларға беруге болмайтын еді. Оның үстіне №52 жол дистанциясының бастығы,  марқұм З.Сейітбековтің 2000 жылғы 3 тамыздағы «Жібек жолы» шаруа қожалығымен  жасасқан  сатып алу-сату  келісімшарты да №13 теміржол тұйығы «Жібек жолы» шаруа қожалығына беріліп кеткеннен кейін жасалынған. Бәлкім, жуалылық ұлықтарға қолдарында бұйрық болғаннан кейін  сатып алу-сату келісімшартының  қай мезгілде жасалынып,  қай уақытта жүзеге асырылатыны  аса  маңызды болмаған да шығар. Ал  Азаматтық кодекстің  «Меншік құқығына ие болу негіздері» деп аталатын 235-бабы 2-бөлігінің талаптарына сүйенсек, мүлікке, меншік құқығына  басқа адам  сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлікті иеліктен айыру туралы өзге мәміленің негізінде ғана ие болуы мүмкін. Бұл айтқанымыз заңсыз шығарылған бұйрықтың негізінде өзгеге тиесілі мүліктің «Жібек жолы» шаруа қожалығына  бармақ басты, көз қысты әрекетпен сатылып кеткенін дәлелдейтін  көп деректің шеті ғана.

Белгіленген тәртіпке сәйкес, З.Сейітбековтің  бұйрығымен  «Жібек жолы» шаруа қожалығына заңсыз  беріліп кеткен теміржол тұйығы енді Жамбыл облысының Жуалы ауданы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы филиалына тіркеліп, заңдастырылуы қажет еді. Дәл осы жерде жылжымайтын мүлік орталығының филиалы «Жібек жолы» шаруа қожалығы мен №13 теміржол тұйығы төңірегінде  жасалынған  мәмілелердің шикілігін біліп, оны тіркеуден бас тартады. Содан кейін «Жібек жолы» шаруа қожалығының басшысы О.Нұралы Жуалы аудандық сотына    жүгінеді. 2001 жылғы 9 ақпанда судья Г.Нұрлықұловтың (О.Нұралының жақын құдасы)  төрағалық жасауымен өткен сот мәжілісі  «Қазақстан темір жолына» қарасты  №52 жол дистанциясы  бастығы З.Сейітбековтің  ұзындығы  220 метрлік  №13 тұйықтың   «Жібек жолы» шаруа қожалығымен арадағы жасалынған сатып алу-сату келісімшарты мен нысанды жекеменшікке қабылдап алу актісіне сәйкес, №13 теміржол тұйығы қожалықтың меншігіне заңды  берілген деген қорытынды жасайды. Сөйтіп, №52 жол дистанциясы  бастығының «Қазақстан темір жолы» кәсіпорнының меншігіндегі  теміржол тұйығын  оның иесінің келісімінсіз өзгеге  сатуға  қаншалықты құзыреті бар деген сауалға құқықтық тұрғыдан жауап  берместен, Жамбыл облыстық жылжымайтын мүлік орталығы Жуалы аудандық филиалының басшысына нысанды «Жібек жолы» шаруа қожалығының меншігі ретінде тіркеуді міндеттейді. Судьяның өз шешімінде  даулы нысанды сатып алу-сату мәмілелерінің дұрыстығын тек  сот тәртібімен ғана  анықтау мүмкін  деп отырып, оған не себепті құқықтық тұрғыдан баға бермегені еріксіз ойландырады.

Қазының айтып отырғанындай,  З.Сейітбековпен арадағы   сатып алу-сату келісімшартының  заңға сәйкес жасалынғаны  сот тәртібімен ғана  анықталатын болса,   онда  «Жібек жолы»  шаруа қожалығының ұзындығы 220 метрлік №13 теміржол тұйығын  алты ай бойына заңсыз иемденіп келгені  қалай? Тағы да Г.Нұрлықұловтың шешіміндегі негізге сүйенсек, Түлкібас  станциясына қарасты №52 жол дистанциясы Оңтүстік Қазақстан облыстық әділет басқармасының 2000 жылғы 18 қазандағы  бұйрығымен  таратылып кетіпті-мыс. «Дұрысы осы-ау» деп, қазының сөзіне сенейін десең, Түлкібас станциясы №52 жол дистанциясының  бастығы В.Сергенов  «Көліктік сервисі орталығы»  акционерлік қоғамының  өкілі  Е.Ахметовке 2020 жылғы 19 наурызда (№99) жолдаған хатынан №52 жол дистанциясының таратылмағанын анық жазады. Сонда кімдікі дұрыс?  Екі адамның қайсысы жалған мәлімет беріп отыр? 

Әрине, Түлкібас станциясына қарасты №52 жол дистанциясының таратылмағанын  хабарлап отырған В.Сергеновке  мұндай деректің  маңызы болмауы да  мүмкін,  ал оның  Г.Нұрлықұлов үшін  «Жібек жолы» шаруа қожалығының пайдасына  шешім шығарып беру барысында  табан тірейтін дәлелдің бірі ретінде  қызмет атқарғаны  дау тудырмайды.  Сірә, бұл судьяның №13 тұйықтың жібін шыжымдап  қалай тартса да, оның   түпкі ұшының Азаматтық кодекстің  200-бабының 1-бөлігіндегі  шектеуге келіп  тірелетінін  алдын ала аңғарып,   сақтанған кезекті  амалы   тәрізді  әсер қалдырады.  Жоғарғы соттың  2003 жылғы  11 шілдедегі  «Сот шешімі туралы» №5 нормативтік қаулысының  5-бөлігіндегі   іс бойынша жинақталған дәлелдемелер дауды шешу үшін жеткілікті болса ғана ондай шешім негізді болып саналады  деген қағидасына сүйенсек, сот шешімінде болжамды тұжырымдар болмауға тиіс.  Сол себептен де болар,  Жуалы аудандық  жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығы  соттың шешімі шықты екен деп елп ете қалмай,  шаруа қожалығы басшысының қолында меншік құқығын беретін құжаттардың жоқтығын және сатып алу-сату келісімшартының  нотариалды куәландырылмағанын көлденең тартып,   Нұралы Орынбасардың мүлкін тіркеуден бас тартады. Шаруа қожалығының иесі,   амал жоқ,   сатып алу-сату жөніндегі келісімшартты заңды деп тану үшін   тағы да сол баяғы   Жуалы аудандық сотына шағымданады. Бұл жолы  істі қараған Жуалы аудандық сотының судьясы  А.Кульчикова да әріптесі  Г.Нұрлықұловтың ізімен кетіп, №13 теміржол тұйығының  №52 жол дистанциясы бастығы З.Сейітбековтің бұйрығымен шаруа қожалығына заңды түрде берілгенін растап, мұндай қорытындыға  47 077 теңгеге  сатылған нысанның  баланста  жоқ  екені туралы Түлкібас станциясы №52 жол дистанциясының 2002 жылғы 25 наурыздағы №35 анықтамасына (бұл Г.Нұрлықұлов қараған істе 2000 жылғы 18 қазанда таратылып кеткен мекеме болса, онда қалай анықтама береді? – Е.М.) және Жамбыл облыстық аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аталған нысан белгіленген заңмен арнайы режиммен жекешелендіру тізіміне енбегені жайындағы жете зерттеліп, құқықтық бағасын  алмаған хабарламасына сүйенеді.   Бір қызығы,  А.Кульчикованың 2002 жылғы 10 маусымда шығарған осы шешімінің  судьяның қолы қойылмаған көшірмесі аудандық соттың төрағасы  Г.Нұрлықұловтың куәландыруымен  мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін пайдаланылған. Маңызды құжаттармен жұмыс істейтін  жауапты орындарға  шешімнің  көшірмесі емес,  істі қараған судьяның қолы қойылып, мөрі басылған  түпнұсқасының берілетінін сот төрағасы мен оны тіркеуден өткізген құзырлы  мекеме басшысының қаперге алмағаны қалай? Әлде судья  А.Кульчикова    «Қазақстан темір жолы» кәсіпорнына  тиесілі мүлікті  өзге біреудің  қанжығасына  қарадай  байлап берген  әрекетінің  жауапкершілігі  күндердің күнінде алдынан сопаң етіп шыға келетінінен сескеніп,   қол қоюдан қасақана  бас тартты ма екен?  

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы Жамбыл облысы филиалының   мәліметтеріне жүгінсек, «Жібек жолы» шаруа қожалығына берілген  ұзындығы 220 метрлік №13 теміржол тұйығы  Жуалы аудандық сотының 2002 жылғы 10 маусымындағы шешімінен кейін, яғни 11 айдан соң,  2003 жылдың 8 мамырында ғана мемлекеттік тіркеуге алынған.  Ал  Б.Момышұлы ауылының әкімі болса 2002 жылғы 26 қарашадағы №245 шешімімен судья  А.Кульчикованың  2002 жылғы 10 маусымдғы шешімімен заңдастырылған ұзындығы 220 метрлік  теміржол тұйығын орналастыру үшін жалпы көлемі 1,1240 га жер учаскесін  О.Нұралының жекеменшігіне заңдастырып  берген.  Дәл осы арада  жуалылық ұлықтар жер учаскесінің бұрын Б.Момышұлы ауылы әкімінің 2000 жылғы 1 қарашадағы  №79 шешімімен және 2001 жылғы 1 қаңтардағы №0026757 жер актісіне сәйкес, «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік кәсіпорнына тұрақты пайдалануға беріліп кеткенін естерінен шығарып алған.  Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 24 қарашадағы №152 «Жер туралы» заңының 26-бабы 14-тармағының талаптарына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік кәсіпорнын тұрақты жер пайдалану құқығынан айыру азаматтық-құқықтық мәмілелер (сатып алу-сату, айырбастау т.б.) негізінде ғана жүргізілуі тиіс еді. Өкінішке қарай, Б.Момышұлы ауылының әкімі  бұрын бұл жер учаскесінің  өзге мекеменің тұрақты пайдалануына беріліп кеткенін біле тұра, «Жер туралы»  заңының жоғарыдағы аталған талаптарына қарама-қайшы шешім қабылдап, «Қазақстан  темір жолы» мемлекеттік кәсіпорнының тұрақты жер пайдалану құқын бұзған. Тұйық төңірегіндегі былық пен шылық мұнымен бітпеген,  енді   жер кадастрын және жылжымайтын мүлік бойынша Жуалы аудандық жер ресурстарын басқару комитетінің төрғасы А.Айтқұлов шаруа қожалығының басшысы О.Нұралыға  Б.Момышұлы ауылы әкімінің 2002 жылғы 26 қарашадағы №245 шешімінің негізінде жасаған №0033893 мемлекеттік актісінде Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы №266 «Теміржол көлігі туралы» заңының 19-бабы 2-тармағының талаптары бойынша  теміржол тұйығы орналасатын жер учаскесінің ұзындығын келісімшарттағы 220 метр деп көрсетудің орнына оны  негізсіз 840 метрге дейін  асырып  көрсетіп жіберген. Соның салдарынан шаруа қожалығына бөлінген жер учаскесі көршілес   Р.Аманбековтің жекеменшігіндегі ұзындығы 88 метрлік  теміржол тұйығы орналасқан көлемі 0,0337 га жер учаскесімен және «Көліктік сервис орталығы» акционерлік қоғамына тиесілі 160 метр теміржол тұйығы орналасқан жер телімімен қабаттасып кеткен.  Жуалы ауданының жер қатынастары  бөлімінің бастығы  М.Пешенов болса  «Жібек жолы» шаруа қожалығына жер бөліп беру кезінде жіберілген  әлгіндей заңбұзушылықты  жоюдың орнына, керісінше, 2018 жылғы 24 тамыздағы бұйрығымен  «Жібек жолы»  шаруа қожалығына тиесілі жер учаскесінің шекарасы мен орналасқан жерін көрші жер учаскелері иелерінің келісімінсіз өзгертіп, жерге орналастыру жобасын қайта бекіткен. Сөйтіп, жер кадастры мен жылжымайтын мүлік бойынша Жуалы аудандық бөлімінің бастығы  А.Егеубаев 2018 жылдың 21 қыркүйегінде  О.Нұралыға шекарасы мен орналасқан жері негізсіз өзгертілген көлемі 1,1240 га жер учаскесіне  №311091 жаңа мемлекеттік актісін жасаған.  Осылайша мемлекеттік уәкілетті органдар  Р.Аманбековтің жекеменшігіндегі көлемі 0,0337 га жерді «Жібек жолы» шаруа қожалығының басшысы О.Нұралының қанжығасына заңсыз байлап бере салған. Осыған байланысты Жуалы ауданының жер комиссиясы 2019 жылдың 5 маусымында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облысы бойынша филиалының жер бөлу кезінде жол берген заңсыздықтарын  жою туралы Н.Байдалиевтің  арызында көрсетілген   мәселелерді  анықтап,  заңды түрде   тіркелген жер құжаттарының негізінде және Жер кодексінің 52-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес, даулы жер учаскесі Р.Аманбековке тиесілі  деген  қорытынды шығарады. Соның негізінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облысы бойынша филиалы Жуалы ауданы жер комиссиясының қорытындысын негізге алып, шаруа қожалығы жерінің Р.Аманбековке тиесілі жер учаскесімен қабаттасуын жойған.

 Жер  төңірегіндегі тартыстың соңына осымен де нүкте қоюға болар еді,  алайда «Жібек жолы» шаруа қожалығының басшысы О.Нұралы жер комиссиясының қорытындысымен келіспей, Б.Момышұлы әкімінің 2001 жылғы 11 желтоқсандағы №119 шешімімен «Транзит көмір» ЖШС-не көлемі  0,0337 га жер беру туралы бөлігін заңсыз және «Транзит көмір» ЖШС-мен Р.Аманбековтің арасындағы 2001 жылғы 25 желтоқсандағы жасалынған сатып алу-сату шартының 0,0337 га жер сату туралы бөлігін жарамсыз деп тану туралы Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шағымданады. Істі қараған экономикалық сот ақиқаттан айналып өте алмай,  үстінен шағым түсіп отырған Р.Аманбековтің  бұл жерді жылжымалы мүлік орталығында тіркетіп, заңдастырып алғанын анықтайды. Сот талапкердің шағымын әрі қарап, бері қарап, соңында  О.Нұралының  арыз беру тәртібінің  мерзімін  өткізіп алғанын,  сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Теміржол көлігі туралы» заңына сәйкес, теміржол тұйығы жылжымайтын мүлікке жататындықтан, ол   орналасқан жер телімін  бір-бірінен ажыратуға болмайтынын көрсетіп, талапты қанағаттандырудан бас тартады.  Кезекті текетірестен  жеңіліс тапқан «Жібек жолы» шаруа қожалығының басшысы О.Нұралы енді  Жамбыл облыстық сотына  шағымданады. Дауды қараған Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының талапкер шағым беру мүмкіндігінің мерзімін өткізіп алған  және  теміржол тұйығы мен жер учаскесіне берілген құқықтарды бір-бірінен ажыратуға болмайды деген уәжін жоққа шығарады.

Судья Ж.Рүстембековтің  төрағалық жасауымен  қазылар  Г.Күлекеев және А.Акетаевтың қатысумен өткен сот мәжілісі  «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Жібек жолы» шаруа қожалығына  берген жерін тіркеу  2000 жылдың 1 қарашасынан  басталғанын, ал  «Транзит көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне  жер берудің  2001 жылдың 1 қарашасынан  қолға алынып, сол жылдың 3 желтоқсаны күні тіркелгеніне  сілтеме жасап, талап беруші  О.Нұралының  шағымын қанағаттандыруға басымдық берген. Егер Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және сонымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» заңының талаптарына сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықтар олар тіркелген сәттен бастап туындайды деген талапты    негізге алсақ,  облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының «Жібек жолы» шаруа қожалығына тиесілі жерді тіркеу 2000 жылдың 1 қарашасынан басталған деген тұжырымы дәйексіз болып шығады және ол жоғарыдағы  заң талаптарына  мүлде   қарама-қайшы, қисыны келмейді. 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облысы бойынша филиалының мәліметтеріне сілтеме жасасақ,  «Транзит көмір» ЖШС-нің көлемі 1,4287 га жер учаскесіне меншік құқығы мемлекеттік тіркеуге 2001 жылдың 25 желтоқсанында алынса,  «Жібек жолы» шаруа қожалығының көлемі 1,1240 га жер учаскесіне меншік құқығы мемлекеттік тіркеуге тек 2003 жылғы 8 мамырда ғана  алынған.  Мемлекеттік уәкілетті органның мәліметі бойынша, көлемі  0,0337 га даулы жер учаскесі 2001 жылдың  25 желтоқсанында «Транзит көмір» ЖШС-нің атына тіркелген кезде  О.Нұралының атында  көршілес орналасқан  жер учаскесі болмаған, сол себепті де оның талап арыз беруге  ешқандай  құқығы жоқ еді. Сондықтан қолында заңды құжаттары бар  Р.Аманбеков облыстық соттың мемлекеттік уәкілетті органдардың ресми мәліметтеріне сүйенудің орнына жете тексерілмеген деректерді басшылыққа  алып  шығарған біржақты  шешімімен келіспейді. Енді ол  жоғарғы соттың  кассациялық алқасына шағым беруге мәжбүр болып отыр. Біз де тараптар арасындағы  тартысқа  жоғарғы  соттың  кассациялық алқасы  әділ  нүктесін қояды деп үміттенеміз.

Елеусіз МҰРАТ    

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

Сайт Әкімшілігі

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?