"Мәңгілік ел" ұстанымының ұстыны - біртұтас Алаш идеясы

Сайт Әкімшілігі - 21.05.2020534


(Басы өткен санда) 

"БІР ТОБЫЛҒЫ ЖҮЗ, ЖҮЗ ТОБЫЛҒЫ МЫҢ БОЛА АЛА МА?"

Көне түркі қағанаты тұсында мәйегі ұйыған «Мәңгілік ел» идеясы мен біртұтас Алаш идеясының күретамырлана ұстасатын да, ұштасатын екінші тамыры – «мәңгілік Өтүкендегі» «мәңгілік елдің» құзырындағы  «жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы қазынаға» мәңгілік иелік туралы аманат. Ел абыздарының өсиеттерi де мәңгiлiк. Бiлге қаған да, Күлтегiн де, Тоныкөк те, Құлашор да, Мойыншор да «барлық айтар сөзiн мәңгi тасқа басты». (Балбал тастарды қариялар қасиеттi санап, «мәңгi тастың киесi атады» деп, балаларды оған жолатпаушы едi. Сонда бiзге «мәңгi тас» – «мәңгүрт тас», «мәңгiртас» деген ұғым беретiн сияқты көрiнетiн. Сөйтсек, бұл үлкендердiң «мәңгi тасты» мәңгi сақтау үшiн жүгермектерден қорғаудың амалы екен-ау!)

Жыл қайыруымыздан жетi ғасыр бұрын өмiр сүрген Анақарыс данышпанның кiсiмсiнген элладалыққа: «Мен үшiн елiм қайғы, ал сен – елiңнiң қайғысысың», – деп жауап беруiнде сондай тәңiрлiк сыпат жатыр. VIII ғасырда қағаз бетiне түскен ең көне түрiк жазуы «Ырық бiтiктегi»: «Хан таққа отырып, сарай тұрғызды. Оның елi мықты болды. Айналадан жақсылары жиналып келiп сүйiншi сұрады, қуанды... Соны бiл. Бiр тобылғы жүз болды, жүз тобылғы мың болды, мың тобылғы түмен болды, соны бiл. Пайдасы бар игi iс ол», – деген  өсиет те мәңгiлiк елдiң ұрпаққа аманаты. Мұндағы «Бiр тобылғы жүз болды, жүз тобылғы мың болды, мың тобылғы түмен болды, соны бiл. Пайдасы бар игi iс ол» деп отырғаны – өзге емес, тура жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық шикізат.

Сол «мәңгiлiк ел» мен жер, қазынасын игеру үшiн қағандар мен бектер, оғландар «Бiресе iлгерi шапты, бiресе керi шапты. Қаны судай құйылды, сүйегi таудай үйiлдi. Әкемiз, ағамыз құрған халықтың аты, даңқы өшпесiн деп, түркi халқы үшiн түн ұйықтамады, күндiз отырмады», «төрт бұрыштағы  иесiз көк түрiк халқының жаңылғандарын, көшкендерiн жиып, Өтүкен қойнауына қоныстандырып ел еттi, ілгерi – күн шығысында, оң жақта – күн ортасында, кейiн – күн батысында, сол жақта – түн ортасында ел ұстап, төрелiк еттi», көркейттi, көтердi, «мәңгiлiк ел» орнатты.

Қаған қағанатты (елін, жерін), сол арқылы қағанат жерінің астындағы, үстіндегі, аспанындағы қазынаны қорғайды. Қаған – қағанаттың азаттығы мен амандығының, ырысының кепілі.

Міне, бұл – «Мәңгілік ел» ұстынының да ұстанымы. Біртұтас Алаш идеясының екінші ұстанымы да осы «мәңгілік ел» аңсарымен тікелей ұштасып жатыр. Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық шикізаттық игілікті игеруде қазақ мемлекетінің үлес салмағы үстем түсуі керек, яғни Ә.Бөкейханов айтқандай, «оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы» тиіс.  Жер байлығы әуелі қазақ мемлекетінің игілігіне жұмсалуы қажет. Яғни бұл өз жеріміздің игілігін әуелі өз еліміздің игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат. Одан асса, шетелге инвестицияға шығаруға болады» деген емеурін. 

Мен үнемі статистикалық мәліметтерді жиып жүремін. Мысалы, Ресейге барып, компьютерді қосып қалсаң, Қазақстанның экономикасы туралы ақпараттар самсап шыға келеді. Түркияға, Моңғолияға, Қытайға, Америкаға барсаң да, сайттардан барлық статистикалық цифрларды ашық оқи аласың. Ал біздің сайттарымызда ондай ақпараттар неге жоқ? Бары бар-ау, бірақ ол   ақпараттар бір-бірімен неге сәйкес келмейді? Басымызға ұрып тұрып өткізген халық санағының нақты есебінің анық-танығын  шығару үшін алты ай жұмсап, нәтижесін екі рет өзгертіп барып, бір жылдан соң  ресми жария еттік қой.  Ал  өнеркәсіптің нақты өнімі мен ресми көрсеткіші сай келмейтін, ресми көрсеткіші мен көлеңкелі жасырын көрсеткіші сай келмейтін, үш түрлі қиқыматқа құрылған статистика арқылы қазақ жерінен   өндірілген қазынаның көлемі қанша, оның қаншасы кімге тиесілі, түсімі қайда жұмсалып отыр –  мұның барлығы «мәңгілік елдің» тұрғындары үшін «мәңгілік құпия» мәліметтер. Менің аннан-мұннан шым-шымдап жиған там-тұм мағлұматыма қарағанда, жеріміздің асты мен үстіне, оның қазынасына иелік ететіндердің қатарынан «мәңгілік елдің» мұрагерлері некен-саяқ қана.

Аманкелді Айталы ағам жоғарыдағы «Алаш аманаты» атты пікір алысуда:  «Жерасты байлығымыздың қолды болып кетуі мұнай, газ, металл шығатын жерлерде... Бірақ мынадай бір ақиқат бар екен. Ақтөбедегі Дөң кен байыту комбинатының еншілестері тек шетелдіктер ғана емес. Өзіміздікі де бар екен. Жергілікті ұлттық буржуазия шетелдіктермен бірігіп жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бірақ бұл құпия. Десек те, қанша құпия болса да, шығып қалады», – дегені ғана медеу.  Аспанды айтпай-ақ қояйын, өйткені «Қазсаттың» қайда қаңғып жүргенін білмеймін. Қара металлургия Машкевич пен Ибрагимовтің, Шодиев үшеуінің, түсті металлургия мен мыс Ким, Нилердің, мұнай мен газдың 40 пайызға жуығы қытай компанияларының қолында, ал қанша жүрек жұтқан болсам да, уранның иесін тәуекел етіп ашық айта алмаймын. «Екібастұздың» көмірі Ресейдің ауыр стратегиялық өнеркәсібінің қазандығын тегінге жуық жылытып жатқаны анық. Қай өндірісті алсаң да, қожайынының жүнді қолы шекараның ар жағынан сұғынып тұр. Әйтеуір, қазақ ұлтының өкілі емес. Сонда бабаларымыз «Бiр тобылғы жүз болды, жүз тобылғы мың болды, мың тобылғы түмен болды, соны бiл. Пайдасы бар игi iс ол» дегендегі «игілігімізді» таландатып жібергеннен саумыз ба? Әлгі Еуразиялық одақ, Еуразиялық экономикалық одақ, «ақылға бірлік», «малға бірлік»», «антұрған бірлік» деп таңдайымыз тақылдап жүрген «бірлігіміздің» мына «жүз тобылғы мен түмен тобылғыға» қатысы қандай? Әй, қайдам, менің бұған да күдігім мен кәдігім бар.

Бізге нақты статистикалық ақпараттар мен талдаулар керек. Халық Қазақстанның нақты экономикалық көрсеткішін білсін. Бюджеттегі ашық қаржыдан «қарабауыр қаржының» көлемі 1-1,5 есе көп деген мәліметті айтып жүрген  бұрынғы министрлердің сөз рас па, жоқ па? Мұны бейресми үкімет құруға шақыру деп те түсінулеріңізге болады. Сол «қарабауыр қаржы» да Еуразиялық экономикалық одақтың қоржынын толтыра ма, жоқ, Қайрат Келімбетов айтқандай, «Мәңгілік елдің» бүйірін бұлтита ма? Бұған  күдігім мен кәдігім тіпті көп.



                      «САУДАМЫЗ – АР МЕН ИМАН БА?»


     «Мәңгілік елді» мәңгілік ел ететін үшінші ділгір мәселе – экономикалық тәуелсіздік. Кезінде айбынды көк түрік қағанаты экономикалық тәуелділікке ұшырап, «алтынды, күмiстi, дақылды, жiбектi соншама шексiз берiп жатқан табғаш халқының сөзі – тәттi, бұйымы асыл табғаштарға (қытайларға) алданып, бектерiнiң, халқының ымырасыздығынан, табғаш халқының тепкiсiне көнгендiгiнен, арбауына көнгендiгiнен, iнiлi-ағалының дауласқандығынан, бектi халқының жауласқандығынан түрiк халқы елдiгiн жойды, қағандығынан айырылды, табғаш халқына бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды. Түрiк бектерi атын жоғалтып, табғаш бектерiнiң табғаш атын тұтынып, табғаш қағанына бағынды, елу жыл iсiн-күшiн бердi».

Ал біз 50 жыл емес, 250 жыл (!) iсiміз бен күшiмізді бердiк және дәл сондай күйдi бiз қазiр де басымыздан кешiп отырмыз. Жайма мен қара базар толған табғаштардың заты. Сөзi жылы, iшi суық. Қағанатымызды ежелгi Кунзының тұсындағы тақыс саясатына салып, «жапырақты бiлдiрмей жеген жiбек құртынша»  кемiре кеулеп барады. Ақыл-санамыз да, жүрiсiмiз бен тұрысымыз да, бөзiмiз де, сөзiмiз де жаттың үлгiсiне ауысты.  Енді «қайыс ноқтаны» басымызға киіп тұрып, енді оған «темір ноқтаны» еуразиялық еркін одақ арқылы (Анна Иоановнаға өз еркімізбен қосылмап па едік) қайтадан кисек, «мәңгілік еркін еліміз» қайда қалады?  «Жигули» мен «Газельді»,  «Ниваны» қайтадан ауыздықтармыз-ау, бірақ енді соған тақымымыз үйрене қояр ма екен? Енді қазақ теледидары көрсеткеніндей, әуелі өздері шомылып барып, денесінің кірін қосып, бізге жіберген орман жұртының сүтін шайға қатып ішу қалды ма? Сүт екеш сүтті өндіре алмаған елдің «Мәңгілік ел» атануға қақысы бар ма, өзі? «Мәңгілік ел» ұстанымында бұл мүттәйімдікті жоюдың жолы қарастырылған ба?

Алаш идеясының үшінші ұстанымы сол «саудасы – ар мен иманы» (Абай) болған  «антұрғандықты» жоюға бағытталған. Яғни, Әлихан айтқандай, «қойдың үстінен қырқылған бір уыс жүн қазақ халқының үстіне тоқыма болып тоқылуы керек» еді. Мұның себебін Алаш көсемдері «Отарлық жүйеде басқаға қарайлаумен күніміз өтті. Тәуелсіз экономика жасамасақ, емінсек ел боламыз. Ол біздің алған тәуелсіздігімізді он бес жылда екінші бір тәуелді мемлекетке айналдырады» деп түсіндірмеп пе еді?!

Ал біздің тәуелсіздігіміз ширек ғасырға жуықтады. Біздің бүгінгі күйіміз – шарасыз мүттәйімнің күні.  Қашаған сияқты алып заводымыз бен үй құбырындағы нәзік бұранда сынып қалса, қолымызды қусырып, иығымызды қағып мүттәйім бола қаламыз.  Өйткені әлгі бұранда елімізде шықпайды. Демек, шәйек пен шәугімге де тәуелдіміз бе? Тәуелдіміз. «Тым болмаса кеттің ғой мал баға алмай», – деп Абай айтқандай, ХХІ ғасырдың өзінде мал баға алмай отырмыз.  Ауылда мал жоқ. Ең болмаса малды да баға алмай отырмыз. Ресейге жыл сайын өткізетін 60 мың тонна етті доңыздың етімен өтеп отырғанымыз туралы «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақала біразымыздың шымбайымызға батты, ал ресми мекемелер үнсіз дымын ішіне тартумен тыйылыпты.

Өз көзіммен көргенімді айтайын. Менің ауылым Шыңғыстау мен Абыралының түйіскен тұсындағы Көксеңгір деген бұрынғы егіндік пен шабындықтың, жайлаудың етегінде. Ондағы ел малына қыстық азыққа шөп таба алмай қиналады. Екі-үш жыл бұрынғы қалың қарда біразының малы жұтап қалды. Ал әлгі Көксеңгірде қаншама жердің шөбі шабылмай бос жатыр. «Әй, мына шөпті неге шаппайсың?» деп ағайыныма ұрыссам, ол «болмайды»  дейді. Неге? Өйткені біреудің жері. Ойбай-ау, қазақ өзінің жеріне шыққан шөпке өзі ие болып, өз малын өсіріп, өзінің үстіне киетін тоқыманы өз қойының жүнінен есе алмаса, күні не болмақ? Жұмыссыздық деген осы емес пе?!. Тағы да сол Абай дегдардың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» дегенінің кебін құшып тынбаймыз ба?

«Мәңгілік елдің» ұйытқысын ұйытқан көне түркі жазуындағы бас ерiктерiнен айырылған түркі бектерiне: «Тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты (өзіне) сонша жақындатты. Жақын қонып, сосын (олардан) әдепсіз қылықтарды үйрендің... Тәтті сөз, асыл дүниесіне көп алданып, түркі халқы қырылдың, түркі халқы жойылдың» («Күлтегін» жазуы), «Хан бердiм. Ханыңды тастап, бағындың. Бағынғаның үшiн Тәңiрi сенi өлiмшi еттi. Түркi халқы қырылдың, әлсiредiң, жойылдың. Түрiк сiр халқы жерiнде тiршiлiк қалмады» («Тоныкөк» жазуы ), – деп  ескертпеп пе еді?! Қаһарланып барып, қайтадан елдi ел етуге ант берісіп: бiрлiктiң, қағанын сыйлағандықтың, бауырын бауырына басқандықтың нәтижесiнде ғана «Елсiреген, қағансыраған халықты, түрiк иелiгiнен айырылған халықты ата-баба мекенiне қайта оралтты. Төлiс, тардүш (тарға), жабғы,  шад сайлады», яғни көк түрiк қағанаты тұсындағы  28 дәрежелi мемлекеттiк билiктi  қалпына келтiрдi.

Осыдан 1500 жыл бұрын бабаларымыз тасқа жазып тұрып ескерткен, «Өтүкен қойнауында отырсаң ғана сен мәңгілік елдігіңді сақтайсың. Онда түркі халқы тоқ. Сен ашсың ғой (кедейсің), Аштықта тоқтықты түсінбейсің, бір тойсаң аштықты түсінбейсің. Соның үшін алдандың... Түркі, оғыз бектері, халқы, тыңдаңдар! Төбеңнен тәңірі баспаса, астыңнан жер айырылмаса, түркі халқы, ел-жұртыңды кім қорлайды? Түркі халқы, өкін! Бағынғаның үшін!» («Күлтегін» жазуы) – деген, «жер, су иесіз қалмасын» деген аманатты неге жадымызда ұстамаймыз? Неге ұмытамыз? «Күлтегiннiң» кiшi құлпытасындағы жазуда: «Ақылды кiсiлердi, батыл кiсiлердi табғаштар қозғай алған жоқ... (Егер) бір кісі алданса (онда) руы, халқы тұқымына дейін қалмас еді», – деген жолдар бар. Иоллық тегiн жыраудың  «Мәңгiлiк ел»   ұстанымы  қазір де сондай бір «ақылды, батыл кісінің» шешім қабылдауына мұқтаж.  

Аманкелді Айталы қайраткер  бұл тұрғыда «Тәуелсіз экономика дегенге келсек, бүгін біз өзімізді өзіміз асырай алмай отырмыз. Басқаны айтпағанда, «30 корпоративтік көшбасшы» деген бағдарламада ауыл өндірісіне арналған жоба жоққа тән. Бір кездері ағылшынның бір премьері Үндістанға қатысты былай депті: «Тәуелсіздікті алу бар да, оған қол жеткізу бар. Үндістан әлі біраз уақыт бізден кетпейді». Біз де сол тәуелсіздікті алдық, бірақ шынайы тәуелсіздікке қолымыз жетпей жатыр», – деген еді. «Мәңгілік ел» ұстанымында сол «қолымыз жетпей жатқан шынайы тәуелсіздікке» қол жеткізетін кепілдік қарастырылуы тиіс.

 Қош, сонымен, елдiң елдiгiн сақтап қалу үшiн  «Тәңiрi, Ұмай, жер, су   түрiк жұртына мәңгiлiк жеңiс» пен жер, яғни шикізат, қазына  берді». Сол «пайдасы бар игiлікті («Тоныкөк» жазуы),  шикізатты, жер қойнындағы қазынаны  қорғап, ол игіліктің қызығын жатжұрттықтар көрмес үшін   «ақылды кiсiлер, батыл кiсiлер» «Iнжу өзенiн кешiп, Тiнесi ұлының мекенiндегi Мәңгiкөк тауынан мәңгi асыра қуады». Сол үшін  «түрiк халқы үшiн түн ұйықтамаған, күндiз отырмаған, қызыл қанын төккен, қара терiн ағызған, күш-қуатын аямай жорыққа шыққан» Тоныкөк пен Күлтегiндi  «Тәңiр жарылқады, бақ бердi, сәтiн түсiрдi», сөйтiп, «өлiмшi халықты тiрiлттi, жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылды. Аз халықты көп қылды, тату елге жақсылық қылды». 

«Бәрi бейбiт, бәрi тату, бәрi қағанды»  («Күлтегiн» жазуы)  болса деп тiледi. Соны тiлей отырып түрiк елiн де сыйлауды, онымен санасуды талап еттi. Елiнiң «...басын идiрiп, тiзесiн бүктiрмедi. Көп екен деп қашпады, аз екенбiз деп қорықпады. Неге басындырады? Шапты! Қуды! Кiнәлi жауды алдына келтiрдi. Бүкiл түрiк халқына қарулы жау келтiрмедi. Атты әскер жолатпады. Елтерiс қаған жауламаса, оған ерiп Тоныкөк пен Күлтегiн жауламаса; елi, халқы жойылар едi.. Сол әрекеттiң нәтижесiнде: елi қайта ел болды, халқы қайта халық болды. Өзi қартайды, халқына көсем болды» («Тоныкөк» жазуы). Ақыры «құл – құлды болды, күң – күңдi болды». Құл мен күң ұстау «мәңгiлiк ел» нысанасының мүддесi емес, сол замандағы ұлт пен ұлыстың бәрiне ортақ соғыс заңдылығы болатын.

«Мәңгiлiк ел» нысанасының рухани мәйегi – елдiк қасиет, яғни ел бiрлiгi идеясы. Ықылым заманнан берi әлемдiк өркениеттiң ажырамас бiр бөлшегi ретiнде қанаттаса өмiр сүрiп келе жатқан көшпелi түрiк дүниесiнiң барлық рухани мұраларының негiзгi түйiнi – «Ел», басты құлақ  күйi мен мазмұны – «елдiк, бiрлiк» деген ұғым. Ал соны түрiк қауымы сияқты ұлттық аңсарына айналдырып, заманалар бойы әпсаналарына арқау еткен.   Жоғарыда аталған жазбалардың бәрi де «бiрлiк» мәселесiн «мәңгiлiк елдiң» түрiктiк кепiлi ретiнде бағалайды. Сол береке-бiрлiк, ынтымақ, елдiк қасиет үшiн дұшпанына да бейбiт өмiр тiлейдi. «Бектерi жау болды. Тиiспейiн деп ойладым. Тиiскенi үшiн жандым, соғыс жүргiзе үйге қарай беттедiм. Жауға тиiп, iнiме, ұлыма өсиет қалдырып: Елтерiс қағаннан айырылма, Тәңiр тектi Бiлге қағаннан айырылмайық, азбайық дедiм. Солай оқыттым. Керi кеттi. Бiлге қағанның халқы (берекесiз боп) кеттi. Өз бақытын, күш-жiгерiн өз қағанына жұмсады» («Құтлық қаған» жазуы).


                                  «ЕЛІҢДІ  СЫЙЛАУДЫ ТАЛАП ЕТ!..»


Мұндағы бірлік  – «малға бірлік емес» (Абай), рухани бірлік. Ал рухани бірліктің ұйытқысы – төртінші және киелі идея – тіл, дін, діл тәуелсіздігі. Осы үштік тоғыстың тұтастығы үшін «Мәңгілік ел» ұстынында   «түрк елін сыйлауды талап етті», сол үшін түрк жұртының «басын идiрiп, тiзесiн бүктiрмедi...» Өйткені  «Тәңiр жарылқады». Елдіктің – елдік кепілі – рухани азаттық.   Бұл кесірге ұшыратқандар «түрк бектері атын жоғалтып, табғаш бектерінің атын, табғаш атын тұтынғандар», солардың сатымсақтығының, Абай айтқандай, «Қолына алып, Пәле салып, Аңдығаны өз елi» болған «төрден үрген итке ұқсағандардың» салдарынан тағы да «түркі халқы елдігін жойды», «бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды».

Рухани азаттыққа   қарсы тұру – өз бақытына, өз елiне, өзiңнің рухыңа қол салу. Бұл үш тоғыс – «Мәңгiлiк ел» нысанасының ең басты киелі қасиеті. Сондықтан да оған ешкімнің сұғын қадауға, сұғына килігуіне, сұқ саусағын сұғуға қақысы жоқ. Біртұтас Алаш идеясында да тәуелсіз  мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі анық салтанат құруы тиіс. Х.Досмұхамедов айтқан «ұлттық мәдениет үстемдігі» дегеніміздің мағынасы да осы мәңгі тасқа қашалған «түркі елін (Алаш жұртын) сыйлауды талап ету», сол үшін түркі жұртының «басын идiрмеу, тiзесiн бүктiрмеу...» (рухани тәуелді етпеу), «Тәңiрі жарылқау» (дінін сақтау) деген ұстаным. Осы үстемдік «Мәңгілік ел» ұстанымында сақтала ма, жоқ па?

Біз тіл мәселесін әу баста  «түркі елін (Алаш жұртын, қазақ тілін) сыйлауды талап етудің» құралына айналдырмай,  саясаттандырып алдық.  Бүгінгі ұлтшыл деп жүрген адамдарымыз ол кезде өзінің ұзақты ойлай алмайтынын байқатты. Яғни «белсенді коммунистен» белсенді ұлтшыл шықпады. Мен бір-ақ нәрсе айтайын. 1992 жылы бірінші Конституция қабылданған кезде қазақ тіліне бүгіннен бастап кірісу керек деді. Кірісіп кетуге болатын еді. Үлкен қайшылықтар да туындауы мүмкін еді. Бірақ қиналып барып жеңетін едік. Сол кезде Олжас Сүлейменов айтты: «Жоқ, бұл нәрсені ойланайық. 1949 жылы қабылданған халықаралық келісім бар. «Отарлаудан босанған елдерге өз тілін игеру үшін 10 жыл мүмкіндік берілсін» деген. 1949 жылы Израильға 10 жыл берілді. Иврит деген тіл – өлі тіл болатын. Олар бір жылдың ішінде мемлекеттік тілде сөйлеп шыға келді. Біз де он жыл уақыт берейік. Он жылдан кейін қазақ тіліне бәленбай күні, бәленбай сағатта көшеміз. Ол күні бүгінгі бірінші сыныпқа барған бала оныншы сыныпты бітіреді. Ертең ол қазақ тілінсіз күн көре алмайтынын біледі. Бүгінгі отыз жастағы адам қырыққа келеді, мемлекет ісіне араласады. Елу жастағы адам зейнетке шығады. Оған мемлекеттік тілдің онша керегі жоқ. Біз осылай шешейік», – деген еді. Ойпырмай, «Олжас дегенің орысшыл, сатып кетті» деп «қағаз жолбарыстың» бәрі жамырады. Мен Олжас ағаға барып: «Мұныңыз не?» – деп сұрап едім. «Бұл нәрсе осы бетімен кетсе, енді жиырма жылдан кейін де Қазақстанда қазақ тілі жалпыға ортақ мемлекеттік тіл болмайды. Өйткені онда тіл саясатқа айналып кетеді. Ал саясатта ешқандай нақты шешім болмайды. Бүгінгі айтып жатқандар айта берсін, негізі, солай болғаны тиімді. Мен дүниежүзін аралап жүрмін, білемін ғой. Әлемдік саясатты пайдалануымыз керек», – деді. Құрып кеткенде, соған ие бола алмай қалдық. Саясат өзінің  түпкі шешіміне сендіру керек. Онсыз саясат «қу тілмен қулық сауғанның» (Абай) кәсібі ғана болып қалады. Ал біз, міне, ширек ғасыр болды, тіл саясатын жылдан-жылға суалған сиырдың желіні сияқты «қу сөзбен сауып келеміз». Осыдан кейін саясатқа қандай сенім болмақ? 

Ал ертеңгі күні не күтіп тұр, бір Аллаға ғана аян.  Қырым оқиғасынан кейін бойымыз түршігіп қалды. Мемлекетаралық  ұлттық саясат  тұрақты, өтімді, пайымды болса керек еді. Ал империялық өктем де озбыр пиғыл арандатумен аранын аралап отыр. Ал енді  біздегі казактар Қазақстанда «өз армиямызды құрамыз», орыстар «орыстардың партиясын құрамыз» деп шапқылап жүр. Осы ретте қазақ ойының қормалы Айталы оқымыстының мына пікірін назарға іліктіре кетейін: «Мәселе Австралия одағы туралы болып отыр. Австралия мен Қазақстанның тарихы әртүрлі болғанымен, оларды көпұлттылығы жақындатады. Австралияның негізгі халқы Еуропадан, Америкадан қоныс аударған ағылшынтілділер, оларды австралиялықтар деп толық айтуға болады, өздеріне тән құндылықтары, өмір салты, мінез-құлқы, мәдениеті қалыптасқан. Бертін келе, ХХ ғасырдың 70-жылдары демографиялық дағдарыс және экономиканың дамуы шетелдің жұмыс күшін пайдалануды талап етті. Австралияға ағылып арабтар, вьетнамдықтар, қытайлықтар, басқалар қоныс аудара бастады. Оларға қойылатын басты талап – Конституцияны мойындау, ағылшын тілінде сөйлеу. Қоныс аударушылардың мәселелеріне байланысты мемлекет қыруар қаржы бөлді: ұлттық тілдерде кітапхана, мектеп, БАҚ жұмыс істеді. Бүгін Австралияда радио 68 тілде, теледидар 60 тілде хабар таратады. Бұл аздық етіп, диаспораларға парламентте, үкіметте, оқу орындарында квота бөлінді, диаспора кәсіпкерлеріне салықтардан жеңілдік берілді. Австралияға қоныс аударушылардың саны одан сайын көбейді. Енді бюджет оларға деген шығынды көтере алмайтын жағдайға жетті. Елде қылмыс көбейді және ол этностық сипат алды: вьетнамдықтар героин сатумен, арабтар әйелдерді сатумен айналысса, қытайлықтар мемлекеттегі лауазымды қызметтегілермен ауыз жаласып, қылмыстық топтар құрды. Сонымен, бұл ұлттық саясатқа елдің басым көпшілігі қарсы болды, себебі бірте-бірте байырғы еуропалықтар шеттетіле бастады, елді сенімсіздік пен күдік жайлады, ал диаспоралар Австралия мемлекетінің тұтастығын ұмытып, өзара бәсекелестікке түсті» («Егемен Қазақстан», 19 сәуір 2008 жыл).

«Мәңгілік ел» ұстанымын жүзеге асырамыз және соның ұйытқысы –  Алаштың аманатын адал жүзеге асырамыз десек, Айталы дегдарды алаңдатып отырған қос өкіметтік саяси құрылым, Қазақстан халқы ассамблеясын өзінің мәдени орталық деңгейіндегі орнына қоймай, қазақ қоғамында тыныштық болмайды. Халық ассамблеясы жалған ғылым, жалған идеология, жалған насихатты дамытып отыр. Қазіргі кезде қоғамдық пікірді мысымен емес, пысымен басып, наразылық пен кірбің қабақ етіп, алаңдаушылық тудырып отырған осы ассамблея «толеранттық» дегенді бетіне бүркеу емес, шіркеу етіп, әртүрлі деңгейдегі саяси науқандарды белсене ұйымдастырып, мемлекет құрушы ұлттың төзімін (толерантность) егеп келеді. «Ел бірлігі» доктринасындағы қазақты этностың қатарында болса да, атап өтпей, «қазақстандық ұлт жасаймыз» дегені не масқара? Америкалық үлгідегі ұлт жасау үшін байырғы үндістердің кебін құштырып,   бүгінде Қазақстан халқының 77 пайызын құрап отырған қазақты қырып тастау керек пе?! Осыдан біраз бұрын Аманкелді Айталы ағамыз айтқандай, халық ассамблеясы 5-6 жылда емес, парламентке дербес депутат сайлау арқылы билік басына бүгін шығып алды. Неге мемлекет оларды басқару аппаратымен бірге бюджеттен қаржыландырып отыр? Неге ол қоғамдық бірлестік бола тұра, мемлекеттік идеологияға  араласып, Қазақстанның болашағын анықтайды? Неге ұлттық мүддені қозғайтын  доктриналар немесе әлдебір үлкен саяси науқан «Нұр Отаннан» бұрын, әуелі халық конгресінде талқыланады? Сонда мемлекет құрушы ұлт  өкілдерінің  дауыс беру құқын қамтамасыз ететін баламалы саяси ұйым қайда, партия құру керек пе? Мұның басты себебі не және қайдан басталды дейсіз бе? Ашық айтайын, ол ұлттық-азаттық бағытты ұстанған алғашқы мәжіліс депутаттарын таратып, соның орнына келген «Ли көкем»: «Сенің жауың – өз ұлтың, сенің досың – біз» деген ұранды ұстанған және оны санаға сіңірген, сөйтіп, бүгінгі күнде  билік жүргізіп отырған халық ассамблеясының құрылуынан басталды. «Халық ассамблеясы өмір сүріп отырғанда қазақ ұлты толық рухани бостандыққа жетпейді» деп, осыдан бес жыл бұрынғы халықтық доктрина мен дін туралы заңның алғашқы жобасы дайындалған тұста айтқан едім. Сонда менің бір сенатор және екі депутат досым маған «Тұрсын Асанқайғы» деп атақ тағып еді.

Міне, барлық күдік пен кәдік осыдан туып отыр. Олар өзімен-өзі тегін кетпейді, солардың шылауына ерген, Шәмшіге емес, «Битлзге» Көктөбеден ескерткіш қойған, Алматыны – Алма-Атаға өзгертуге өзеуреген, Қазақстанда  мұсылман дінін насихаттамау туралы баспасөз құралдарына нұсқау берген «рухы шоқынғандар», «төрден үрген ит» құсап «федеральдатып»,  «конгрестетіп»   шыға келмей ме?! «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім», – деп Сара ақын айтқандай, бұған келгенде менің де үнім шықпай қалады.

Осындай ырықсыз ықпалдың кесірінен қазір біздің діліміз: қала мен дала қазақтары, дәулеттілер мен дәулетсіздер және шала қазақтар боп үшке бөлініп кетті. Дәстүрсіз ұрпақ қалыптасты. Сағыз шайнап отырып емтихан тапсырады. Ал бұрыш-бұрышта емес, тура дәлізде: екі бұтын ашып жіберіп, жақтауға шалқая қалатын қыздар мен оның екі бұтының арасына аяғын тығып жіберіп, күйлеп жатқан ұлдардың бес-алтауын өзім ажыратқаным үшін, бұл әңгіменің ақыры әке-шешесінің араласуымен аяқталған еді. Сонда шешесі қызының көзінше: «Ну, что же...» – дегені бар. Ақырында мұны әкесі түсініп, қызына да, әйеліне де тыйым салып, тындым етті. Иә, ұсақ мәселе. Бірақ көргенсіз мәселе. Қазіргі ұрпақтың санасын жаулап бара жатқан рухани індеттің, «Күлтегін» жазуындағы: «Тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты (өзіне) сонша жақындатты. Жақын қонып, сосын (олардан) әдепсіз қылықтарды үйрендің...» – деген салындылықтың нақ өзі. Ол – ар-ұятқа, дәстүрге қарсы «індет» емес, «қазақ» деген сөзге жиіркенте қарататын мерез.

Мемлекеттік тіл мемлекеттік мекемелердің қолданымынан шеттетіліп отыр. Қазақ мектептерінің оқушылары орыс тілінде қабырға газетін шығарады. Орыс тілін үйрену үшін немеремізді қазақ балабақшасына беретін болдық. Демек, қазақ мектептерінде, бастауыш қазақ сыныптарында ұлттың мәйегі ұйымаған. Кезінде, осыдан жиырма бес жыл бұрын Ә.Әлімжанов: «Ей, Тұрсын! Сен қазақты рушылдығы құртады дейсің. Ал мен осы «орыстілді қазақ, қазақтілді қазақ» боп бөліне ме деп қорқамын. Қала даланы жұтып қояды. Сонда ұлтсыздықтың көкесі басталады», – деп еді. Дегдарым-ай, сол күдігің күдік күйінше қалмай, шындыққа айналып бара жатыр ма, мен соның куәсі болып отырған жоқпын ба? Мәдени тексіздікке ұшырап кеткен жоқпыз ба деп қамығамын. Шағынып отырғаным жоқ, қорланып отырмын.

Мысалы, Астанадағы мен тұратын орамда мың жанұя тұратын болсақ, соның 999-ы қазақ. Бірақ ауладағы ойын алаңында екі-үш үйдің балаларынан  басқалары қазақша сөйлемейді. Немересімен бірге мыж-мыж болған кемпір мен шалдар қоса шүлдірлесіп жүреді. Тым болмаса не «кәлимаға», не «спаси наш отчьимға» тілі толық келсеші.  «Түркі жұрты, аздың, тоздың, бір тойсаң аштықтың қадірін білмейсің, ұмытшақсың ғой сен» деген Иоллық тегіннің назасы да сондай күйініштен туғаны анық. Әнуар Әлімжанов ағамыз айтқандай, дала мен қаланың баласы  тіл табыса алмайтын күйге жетті. 

Жерге, тілге, дінге  ие болмаған соң, діліміз бұзылды. «Саудасы – ар мен иманы», – деп Абай айтқандай, дін саясат пен бизнестің құралына айналды. Ұлттың өз дінін өзіне жиіркенішті көрсету ұстанымы жүргізіліп отыр (жаңа заң жобасы солай деуге негіз қалайды). Мұсылман дінін насихаттамау туралы нұсқау шығыпты. Әй, мұндай нұсқауды кім берді? Ондай идеологияны басқарып отырған кім? Әрине... Біздің ислами фундаментализмге қарсы күресіміз, жігіттің бес тал сақалымен, жіліншігіне көтерілген шалбардың балағымен, қыздардың шәші мен балтырын  жапқан қапамен шектеледі. «Көргенсіз ұл әкесінің сақалымен, шешесінің етегімен алысады» дегенді мемлекеттік тыйым саясатына айналдырды деген осы емес пе? Әдепті сақтауға мәжбүр еткіміз келсе, онда шалқайса – кіндігі, еңкейсе – таңы көрінетін, қарауға көз ұялатын әдепсіздікке неге заң арқылы тыйым салмаймыз?!. 

Осындай жөнсіз жосық көрсетуімен мемлекет өз ұлтынан ажырай бастады. Халық пен мемлекет екеуінің ойы да, жолы да екі басқа. Енді ол екі жолдың басы қайта біріге ме, жоқ па? Әй, қайдам.  «Кітап шығарудың қажеті қанша? Оны кім оқиды? Электрондық нұсқа бар» дейтін ақпарат министрі мен ректорлар пайда болып, кітаптың өзінен жерінген «ағартушылар» оқу-ағарту саласына вирус боп кіріп кеткен заманда үміттенудің өзі күпірлік сияқты. Егер қоғамның дамуы осы бетімен кете берсе, күні ертең біз алыс-жақынымызға арналған  құранды да орыс тілінде оқыттыратын шығармыз. Онда сол тілмен, ділмен, дінмен бірге «Мәңгілік ел» ұстанымы да әдіра қалады. 

(Жалғасы бар) 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

Сайт Әкімшілігі

Блок-бекеттегі полицейлер қаза болған әріптестерін еске алып, аза тұтты

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Сайт Әкімшілігі

«Қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз» – Бас санитар

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматыда блок-бекеттегі апаттан екінші полицей де қайтыс болды

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок-бекетте полиция қызметкері қайтыс болды

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар пандемияның шамамен қашан аяқталатынын айтты

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Сардоба ісі: алғашқы күдіктілер ұсталды (видео)

Қадір түні мешіттер жабық болады

Сайт Әкімшілігі

Қадір түні мешіттер жабық болады

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Сайт Әкімшілігі

Алматы: су басқан аймақтарға құтқару қызметі жұмылдырылды (видео)

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Сайт Әкімшілігі

Арыстағы жарылыс: әскери шенділер сотталуда

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Сайт Әкімшілігі

Карантиндегі Рамазан айы қалай өтпек?!

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Сайт Әкімшілігі

Жерді тауарға айналдырып, сатуға ешкім құқылы емес!

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Сайт Әкімшілігі

Алматы облысында блок бекетте жеті баланың анасы жоғалды

Доллар арзандай бастады

Сайт Әкімшілігі

Доллар арзандай бастады

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Сайт Әкімшілігі

Карантин кезінде қаржы алаяқтары пайда болды

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Сайт Әкімшілігі

Коронавирустан "Абди Ибрахим Глобал Фарм" бас директоры көз жұмды

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

Сайт Әкімшілігі

Індеттен қайтыс болған науқас 18 наурыздан бері жансақтау бөлімінде жатқан

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені алуға берілген өтініштерді қарау кешіктіріледі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Сайт Әкімшілігі

Тікұшақ тізгіндеген қыз

Отанды емес, олжасын ойлапты

Сайт Әкімшілігі

Отанды емес, олжасын ойлапты

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?

Сайт Әкімшілігі

Билік неге қазақ деп аталуымызға қиянат жасайды?